» » Сайлау әлем елдерінде қалай өтті?

Сайлау әлем елдерінде қалай өтті?

10 қаңтарда Қазақстанда парламент сайлауы өтті. Аталмыш сайлауға еліміздің 5 партиясы қатысты. Сайлаушылардың жалпы санының 63,25 проценті дауыс берген. Ал өзге елдердегі парламент сайлауы қалай өтті? Былтырғы сайлауға шолу жасап көрелік.
Литвада былтыр парламент сайлауы өткен болатын. Ол екі кезеңнен тұрды. Біріншісі 11 қазанда, екінші кезеңі 25 қазанда өтті. Алғашқы кезеңде барлық сайлау учаскесіндегі дауыстарды санағаннан кейін бес проценттен артық алған алты партия анықталып, екінші турға өтті. Strategy2050.kz сайтының мәліметінше, бірінші орынды «Отан одағы – Литваның христиан-демократтары» (SO-HDL) консервативті партиясы жеңіп, 24,8 процент дауыс жинаған. Екінші орынды 17,5 процент қолдауға ие болған «Литва шаруалары мен «жасылдарының» одағы» партиясы (СКЗЛ) алыпты. Еңбек партиясын сайлаушылардың 9,47 проценті, социалдемократиялық партиясын – 9,26 проценті, бостандық партиясын – 9,02 проценті, либералды қозғалысты – 6,79 проценті қолдаған екен. 25 қазанда өткен екінші кезеңде де Консервативті партия жеңіске жетті. «Шаруалар» 16 орынмен екінші орынға, «Либералды қозғалыс» 7 орынмен үшінші орынға ие болды. Дегенмен, бұл сайлауда бірқатар заң бұзушылық орын алған. Ол туралы сайлауды бақылаушы тәуелсіз ұйымдар хабарлап отырды. Мәселен, тәуелсіз Baltosios ұйымының басшысы Мария Шарайтенің сөзінше, Литвадағы парламенттік сайлауда 170-тен астам заң бұзушылық орын алды деген хабарлама келген. Оның сөзіне сенсек, тіркелген заң бұзушылықтарды үш топқа бөлген. Алдымен саяси жарнаманы таратуда сайлау комиссияларының жұмысында және сайлаушылардан пара алды деген бағытта орын алған. Жемқорлықтың 20-дан астам фактісі бар. Мәселен, дауыс берушілерге бір дауыс үшін 5, 6 немесе 10 евро ұсынылған. Барлық ақпарат тергеу үшін полицияға жіберілген.
Ал 6 желтоқсанда Венесуэлада кезекті парламент сайлауы өтті. Оның қорытындысымен 277 депутат сайланды. Сайлаудың нитижесі бойынша, қазіргі билік партиясы жеңіске жетті. Бұл туралы Венесуэла президенті Николас Мадуро да твиттер парақшасында жазба жариялады. 20-дан астам партия, оның ішінде оппозиция жетекшісі Хуан Гуайдо билікті сайлауға дайындық кезінде заң бұзушылық жасады деп айыптап, сайлауға барып дауыс беруден бас тартқан. Осылайша Венесуэла оппозициясының жетекшісі әрі өзін елдің президенті деп жариялаған Хуан Гуайдо өз кезегінде басқарушы режимді шантаж жасады, партияларды жойды, цензура, сайлау нәтижелеріне манипуляция жасап, қорқытты деп айыптады.
Сайлау күні көзге түскен бұзушылықтар болмағанымен, сайлау учаскелерінде халықтың аз қатысқаны айқын болған. Мәселен, Венесуэланың ОСК мәліметтері бойынша, парламенттік сайлауға қатысқандар саны 31 процентті құраған.
Бұл сайлау нәтижелерін АҚШ, Бразилия, Канада және Колумбия билігі мойындамайтынын мәлімдеді.
Ал Әзербайжанда кезектен тыс парламент сайлауы өткен жылдың 9 ақпанында өтті. Strategy2050.kz жариялаған мәліметтеріне сәйкес, 125 орынның 71-ін президент Ильхам Әлиев бастаған билеуші «Жаңа Әзірбайжан» партиясы алған. Қалған орынның көпшілігі шағын партиялар мен Әлиевтің партиясына адал тәуелсіз кандидаттарға тиесілі болды. Дегенмен, бұл сайлауда да бірқатар заң бұзушылық орын алған. Халықаралық бақылаушылар дауыстарды санау кезіндегі маңызды процедуралық бұзушылықтарды айтып және сайлаудың ашықтығы мен әділдігі жөнінде күмән келтірген. Мәселен, ЕҚЫҰ бақылаушылары Әзірбайжандағы дауыс беру және парламенттік сайлау нәтижелерін санау кезінде көптеген заң бұзушылықтарды атап өткен.
Былтыр 31 қазанда Грузияда парламент сайлауы өтті. Саяси дода жаңа аралас жүйе бойынша ұйымдастырылған. 150 депутаттың 120-сы пропорционалды жүйе бойынша, қалған 30-ы мажоритарлық жүйе бо йынша сайланды. Бірінші тур 31 қазанда өтті. Содан кейін билеуші «Грузия арманы» партиясы пропорционалды жүйеде 48,2 процент дауыс жинады. Ал оның кандидаттары 13 бір мандатты округтерде жеңіске жетті. 17 округ бойынша үміткерлердің ешқайсысы 50 проценттен аспады. Сондықтан сайлаудың екінші кезеңі ұйымдастырылды. Дегенмен сайлау барысында бірқатар заң бұзушылық болған. Осыған байланысты Грузияда бірнеше қылмыстық іс қозғалған. Мәселен, Ішкі істер министрінің орынбасары Нино Цациашвили полиция қылмыстың 6 фактісі бойынша тергеу бастағанын атап өткен. Сайлау учаскелерінде сайлаушылар мен депутаттыққа түскен үміткерлерге зорлық-зомбылықтың ықтимал жағдайлары орын алған. Алғашқы күндері сайлау нәтижесімен келіспеген тұрғындар Тбилисиде бірқатар наразылық шарасын ұйымдастырды, кейін наразылықтар бүкіл ел бойынша өтті.
Ал елімізде ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихатына депуттатар сайлауы биыл 10 қаңтарда өтті. Елдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты саяси науқанда барлық санитарлық талаптар сақталды. Таңдаушылар үшін тест тапсыру қажет болмады, тек сайлау шылардың дене қызуы тексерілді. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров сайлау учаскелеріндегі сайлаушылар тізімдеріне 11 919 241 азамат енгенін хабарлады. Олардың ішінде 7 539 280 адам немесе сайлаушылардың 63,25 проценті сайлау бюллетеньдерін алған. Ал саяси партиялар бойынша «Қазақстан Халық» партиясы – 659019 (9,10 процент), «Nur Otan» партиясы – 5 148 074 (71,09 процент), «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясы – 383 023 (5,29 процент), «Ақ жол» демократиялық партиясы – 792 828 (10,95 процент), «ADAL» саяси партиясы – 258 618 (3,57 процент) дауыс жинады. Сондай-ақ Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлауда үш саяси партия ие болған мандаттар саны жарияланды. «Nur Otan», «Ақ жол» және «Қазақстан Халық» партиясы жеті проценттік межені еңсеріп, Қазақстан Парламентіне жолдама алды. Қорытынды бойынша «Nur Otan» партиясы – 76, «Ақ жол» демократиялық партиясы – 12, «Қазақстан Халық» партиясы – 10 мандатқа ие болды.

Дайындаған Айнұр ӘЛИ

16 қаңтар 2021 ж. 784 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 067

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031