» Байламы бөлек БАЙҚОҢЫР

Байламы бөлек БАЙҚОҢЫР

ЖҰЛДЫЗДЫ  ШАҺАР  – ҰЛТ БРЕНДІ
Елбасы Қазақстан халқының әлеуеті мен ел экономикасын нығайтуға арнаған жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында әрбір  қазақстандықтың заман талабына сай еңбек етіп, мәнді өмір сүруіне барлық жағдай жасауда.
Жетпіс жыл коммунистік державаның  бо­дандығынан шыға алмай келген Қазақстан 1991 жылы 15 одақтас республика құрамынан шығып,  өз бетінше өмір сүріп келе жатқан 27 жыл ішінде Мемлекет басшысы, көреген көшбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында адам сенгісіз жұмыстар істеді. Сарыарқа төсінен Қазақ елінің жаңа Елордасы бой көтеріп, бүгінде әлем жұртшылығын тың өзгерістерімен таңқалдыратын жағдайға жетті. Астана қаласынан үлгі алып, еліміздің барлық аймағындағы қалалар заман талабына сай бой түзеуде.
Қазақстан Республикасы ТМД елдерімен байланысын үзбей, қарым-қатынасты  бұрынғыдан  да тығыз байланыстыра түсті. Бұған дейін де бір ананың баласындай өмір сүрген қырғыз, өзбек, тәжік, түркмен ағайындармен,  шығыстағы Қытай елімен  қарым-қатынасты нығайтса, батыста  Ресеймен ынтымақтастықта  өмір сүруде.
Сондай қарым-қатынастың нәтижесінің үлгісі ретінде  қазақ елін әлемге танытқан жұлдызды шаһар – Байқоңыр қаласын мысалға алуға болады.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында КСРО ғарыш мамандары Қызылорда облысына қарасты Қармақшы ауданы, Төретам кенті маңын жер кіндігі деп белгілеп, осы жерден  айлақ салуды ұйғарды. Содан бастап, қазақтың сайын даласынан Байқоңыр ғарышкерлер қалашығы  бой көтерді. Циалковский, Королев, Неделин және басқа да ғарыш саласының ғұламаларының бастауымен іске асырылған аталмыш ұлы жобаны жалғастыру бүгінгі ұрпақтың еншісіне бұйырды. Алғашқы ғарышкер Ю.Гагариннен кейін де жүздеген ғарышкер, оның ішінде, қазақ батырлары Т.Әубәкіров, Т.Мұсабаев, А.Айымбетовтер аспанға ұшып, қазақ елінің мәртебесін әлемге асқақтатты.
Бүгінде Байқоңыр қаласы тек Қазақстандағы ғана емес, әлемдегі стратегиялық маңызы зор нысандардың бірі де бірегейі. Ал, енді осы жұлдызды шаһар тұрғындарының, оның ішінде қазақстандықтардың тұрмыс-тіршілігі мен қала­ның әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуін ны­ғайтуға арналған жұмыстарды саралсақ, қазіргі таңда Байқоңыр қаласында тұрып жатқан 77162 тұрғынның 49056-сы қазақстандық болса, қалғаны Ресей және өзге мемлекеттен келіп, нәпақасын та­уып жүргендер.
Міне, қаланың басым көпшілігі Қазақстан Республикасының азаматы болған соң, олар осы елдің  Конституциялық Заңы аясында өмір сүріп, еңбек етуде. Тіпті, қызмет түрлері де қазақстандық стандартқа сай көрсетіледі.
Осы ретте, айта кетерлік ерекше бір жайт,  Елбасының сара саясатымен елімізде жүр­гізі­ліп жатқан, оның ішінде байқоңырлық қазақ­стан­дықтардың әлеуетін арттыруда соңғы отыз жыл ішінде қаланың бас жоспарына сәйкес, өткен жылы аудан қоржынынан бөлінген қомақты қаржыға қаладан 250 пәтерлік бес қабатты 5 тұрғын үй салынуда. Сонымен қатар, бұған дейін ресейлік білім стандартына сай қызмет етіп келген 5 мектеп пен 1 балабақша қазақстандық білім беру стандартына көшсе, жылу беру және канализация, таза су жүйелерін облыстағы тиісті мекемелер балансына  өткізу, сонымен қатар, қаладағы әлеуметтік нысандарды газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ,  қала тұрғындарына медициналық қызмет көрсету мақсатында ел игілігіне пайдалануға берілген облыстық медициналық орталығының филиалы өз жұмысын бастады. Бүгінгі күні орталыққа 19849 адам тіркелген. Оларға 50 дәрігер, 145 аяжан және 31 техникалық персонал қызмет көрсетеді. Алдағы жылы осы орталықта қала тұрғындары мен Төретам кенті және Ақай ауылы бойынша науқастарға ота жасау және реанимациялық,  жедел жәрдем бөлімшесі бар 30 орындық хирургиялық бөлім ашу жоспарлануда.  Айта кетерлік жайт, 2014 жылы Ресей мен Қазақстан арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағын пайдалану келісім-шартына енгізілген өзгерістер, яғни бұған дейін  қала маңында Ресей тарапына  пайдалануға берілген жер телімінің 11,6 мың гектарын Қазақстанға қайтару жұмысы жүргізілуде. Сонымен бірге, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Атамқұлов пен облыс әкімі Қ.Көшербаев және Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы К.Бусигин арасындағы  Байқоңыр қаласының әлеуетін арттыруға арналған ұзақ жылдарғы бағдарламасын, оның ішінде екі ел арасындағы келісім-шартта көрсетілген, нақтырақ айтқанда  Байқоңыр қаласын газдандыру, кейбір әлеуметтік нысанды Қазақстанға қайтару,  «Байқоңырэнерго» мекемесі қарамағындағы электр жүйелерін облыстық электр тарату компаниясының балансына өткізу, сонымен бірге қаладағы Бармин көшесіне күрделі жөндеу жұмысын жүргізу, салықтық база мен қаладағы  валюталық-қаржылық  жұмыстарды бірқалыпқа келтіру жүзеге асырылмақшы.
ІЛКІМДІЛІК ІЛГЕРІЛЕТЕДІ
Қармақшы аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің Байқоңыр қаласы бойынша секторының  қазақстандық азаматтарға көрсетіп жатқан қызметтеріне тоқталар болсақ,  сектор меңгерушісі Құрманғали Мүсіркегеновтың айтуынша, есепті кезеңде  оңалту бағдарламасы аясында Байқоңыр қаласы мен Төретам кенті және Ақай ауылдық округінде  бөлім бойынша есепте тұратын  І-ІІ және ІІІ топтағы егде жастағы 888 адамға және  16 жасқа дейінгі 279 мүгедек балаға, сонымен бірге аталмыш бағдарламаға сәйкес өзектендірілген 11109 мүгедекке  құрал-жабдық сатып алыныпты. Оның ішінде, 49 адамға шипажайға жолдама берілсе, 68 адамға кресло-арба, 817 адамға судро-техноқұрал, 175 адамға протез-ортопедиялық құрал сатып алынған. Сонымен бірге, ағымдағы жыл көлемінде  АХАТ қызметімен, нақтысын айтқанда  820 сәбиге туу туралы куәлік берілген болса, 348 жас отбасыға неке қию рәсімі жасалған, сондай-ақ неке бұзу, әкелікті анықтау, өзінің аты мен әкесінің атын өзгерту, туу туралы куәлікті қайта қалпына келтіру және басқа да мемлекеттік қызмет түрі бойынша қызмет көрсетілген.
Сонымен қатар, Байқоңыр қаласы бойынша Жұмыспен қамту орталығының басшысы Бақытбек Жанаевтың айтуынша жыл басынан бері жұмыссыз азаматтарды Байқоңыр қаласы мен Төретам кенті және Ақай ауылындағы  мекемелер мен жеке шаруашылық субъектілерінен келіп түскен бос жұмыс орындарына жәрмеңке өткізу арқылы жұмыспен қамту жұмыстары жүргізілген.
Мемлекеттік «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының бірін­ші бағыты бойынша аталмыш бағдарламаға қаты­сушыларды техникалық, кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз етуде 60 азамат білімін жетілдіріп, тиісті дипломын алды.  Сондай-ақ, кәсіпкерлікті дамытудың екінші бағыты бойынша «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында 41 азамат білімін жетілдірсе, үшінші бағыты, яғни халықты жұмыспен қамту жәрдемдесу арқылы еңбек нарығын дамыту және еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру бойынша 188 адам қоғамдық жұмысқа және 128 жас маман дипломнан кейінгі жас­тар практикасына жіберілді. Ал, әлеуметтік жұмыс орындарына 62 адам жолданса, отбасында еңбек күші жетіспейтін өңірлерге қоныс аудару бағдарламасы бойынша  Байқоңыр қаласының бірнеше тұрғыны өз өтінішімен өзге өңірге  қоныс аударған.
КӘСІП ТҮБІ НЕСІБЕ
 «Кәсіпкерлік қоғамның қозғаушы күші», –  деп Елбасы айтқандай, Байқоңыр қаласы мен Төретам кенті және Ақай ауылында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында оң қадам жасалуда. Елбасының қолдауымен ағымдағы жыл кәсіпкерлікті қолдау жылы болып белгіленіп, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулар аясында жұлдызды шаһар кәсіпкерлері ауқымды жұмыстар атқаруда. Байқоңыр қалалық кәсіпкерлік палатасының берген мәліметімен сөйлер болсақ, ағымдағы жылы «Бизнес Кеңесші» оқу курсы бойынша Төретам кенті мен Байқоңыр қаласынан бітірген 11 адамның ішінде жеке кәсіпкер Зульфия Омар «Ауылшаруашылық қолдау қоры» арқылы  «Сән салоны» жобасы аясында 6 млн. теңге несие алып, жұмысын бастап кетті. Сонымен қатар, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының ІІ бағыты «Бастау Бизнес» жобасы мен «Өңірлік-аймақтық инвестициялық орталық» (РИЦ) бағдарламасы арқылы 5 жоба мақұлданса, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылған қайтарымсыз грантты байқоңырлық 3 адам же­ңіп алды, 2 адам несие алып, бүгінде кәсібін дөңгелетіп әкетті. Ал, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы мен Халық банкінің екі жақты келісімі бойынша ұйымдастырылған «Іскер әйелдер» бағдарламасына сәйкес байқоңырлық Айнұр Бермаганбетова «Жолаушы тасымалы» жобасы бойынша құны 10 млн. теңгеге несие алуға құжат тапсырса, өз қаражаты есебінен «Ерімбетова Ырзатай» жеке кәсіпкерлігі «Арсен» сауда орталығын ашты. «Умарова Күланда» жеке кәсіпкерлігі нан өнімдері цехы арқылы 8 түрлі өнім өндіруде. Сондай-ақ, «Есқуатова Жамал» жеке кәсіпкерлігі халыққа қызмет көрсету, «Утебеков Айбек» жеке кәсіпкерлігі балаларға арналған «Тәтті» ойын-сауық орталығын, «Мусаев Аман» жеке кәсіпкерлігі «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізінің бойынан көліктік-әлеуметтік қызмет көрсету кешенін, «Бейсенбаев Бақытжан» жеке кәсіпкерлігі «Анкара» атты тез дайындалатын тағамдар дүңгіршігі мен орталығын, «Болашақ» ЖШС 2 қабатты сауда орталығын ел игілігіне пайдалануға беріп, өңірде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға үлестерін қосуда. Сондай-ақ, байқоңырлық басқа да тұрғындар Төретам кенті мен Ақай ауылдарында  «Бизнестің жол картасы – 2020» және басқа да мемлекеттік бағдараламалар арқылы  несие алып, кәсіптерін дөңгелетуде.
ЖАСЫҢДЫ КӨРСЕТ, КЕЛЕШЕГІҢДІ БАЯНДАЙЫН
«Мен жастарға сенемін», –  деп Алаш ақыны Мағжан Жұмабаев айтқандай, байқоңырлық жастар қала әлеуетін арттыруға белсене араласу арқылы қоғамнан өз орнын табуда тынбай  еңбек етуде.
Болашағы зор айбынды Қазақстанның келешек сенім артар азаматтары – асқақ рухты жастар. Білімді де білікті жастар – еліміздің ертеңгі тірегі екені рас. Осы орайда, Байқоңыр қаласы жастарының қоғамдық-саяси өмірге қатысуы мен оларға патриоттық тәрбие беру, әлеуметтік қолдау көрсету бағытында қазіргі таңда Байқоңыр қаласы бойынша Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері «Жастар ресурстық орталығы» КММ-сі  Байқоңыр қалалық бөлімшесі Байқоңыр қаласы әкімдігінің «Мәдениет, жастар саясаты, туризм және спорт» басқармасымен тығыз байланыста жұмыс істеуде. Сонымен қатар, Байқоңыр қаласының ерекше статусына қарай Ресей  Федерациясының Байқоңыр қаласында қызмет жасап жатқан оқу орындарымен, мемлекеттік мекемелер, кәсіпорындармен  ұлтаралық қатынасты сақтауда. Бүгінде Байқоңыр қаласындағы 14-29 жас саны  – 12097,  жоғарғы және арнаулы оқу орнында білім алып жатқан жастар саны –1839. Шаһарда 1 жоғарғы оқу орны және 4 арнаулы оқу орны жастарға жан-жақты білім беруде. Жоғары оқу орнында оқитындар – 683 болса, арнаулы оқу орнындағы жастар – 1130, ал шетелдерде білім алатыны – 13, оның ішінде Ресейде – 7, Қытайда  – 5 және Қырғызстанда  –1 жас байқоңырлық жоғары білім алуда. Қармақшы ауданы әкімдігінің Байқоңыр қаласы бойынша халықты жұмыспен қамту орталығында ағымдағы жыл бойынша жұмыссыздыққа тіркелген жастар саны  – 384, оның ішінде тұрақты жұмысқа орналасқаны – 142. Ал, мемлекеттік «Жастар тәжі­рибесі» бағдарламасы арқылы жыл басынан бері 123 жас маман түрлі мекемеге өз мамандығы бойынша жұмысқа жолданды, оның ішінде қазіргі уақытта 44 жас тәжірибеден өтуде.
Жастарды қала әлеуетін арттыруға арналған қоғамдық жұмыстарға тарту мақсатында жыл басынан бері 185 адам, оның ішінде 63 жас түрлі ақылы қоғамдық  жұмысқа жолданды. Қазіргі таңда, 31 жас қоғамдық жұмыс аясында түрлі қызмет атқаруда. Ағымдағы жылы тұрақты жұмысқа орналасқандар саны  – 32 болса, оның ішінде РФ мекемесінде 10 жас еңбек етуде,  22 жас маман жеке кәсіпкерлік нысанда қызмет істеуде. Сонымен бірге, әлеуметтік жұмыс орындарында жыл басынан бастап еңбек еткен 63 адамның 19-ы жастардың үлесінде. Қазіргі таңда әлеуметтік жұмыс орындарында 7 жас маман жұмыс істеп жатса, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021» бағдарламасының  1 бағыты, яғни қысқа мерзімді оқу курсы бойынша жыл басынан бері «Тігінші» мамандығы бойынша – 15 адам, «Көлік жөндеу шебері» мамандығы бойынша – 15 адам, «Шаштараз» мамандығы бойынша – 15 адам, «Қаптаушы тасшы» мамандығы бойынша – 15 адам және «Ақпараттық сауаттылық» мамандығы бойынша – 20 адам білімдерін жетілдірді. Оның 30-ы жастар. Сондай-ақ, жұмысқа тұрақты орналасқандар саны – 11 адам болса, 10 жас жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Қазіргі таңда 9 жас өздері қалаған мамандықтары  бойынша білім алуда.
Тағы бір тоқтап өтерлік жайт, мем­лекет­тік «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 бағдарламасының»  2 бағыты бойынша, яғни «Бастау Бизнес» оқу курсын жыл басынан бері бітірген 49 адамның 41-і сертификат алса, оның 8-і жастар. Жыл басынан бері жастар арасында кәсіпкерлікті  дамытуға арналған бағдарламалар аясында мемлекеттік грант бойынша бағын сынаған 35 адам арасынан грант жеңіп алған 19 байқоңырлықтың 4-еуі жастар.
Байқоңыр қаласында  жастар саясатын жүзеге асыру  мақсатында және сол арқылы оларға әлеуметтік қолдау көрсету, тәрбие бе­ру бағытында жыл басынан бері 201 ша­ра өткізілді. Оның ішінде, 67 әлеуметтік, 37 мәдени-көпшілік шаралар, жас­тар мен жасөспірімдер арасында саламатты өмір салтын насихаттау, денешынықтыру мен спортты арттыру мақсатында 25 рет спорттық және 7 рет қайырымдылық  шара, 39 рет түрлі  акция және 26 кеңес беру-түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Жалпы шараларға 6908 жас тартылды.
ДІНІҢ БОЛСЫН ДІН АМАН
 Қала тұрғындарының   дінге деген оң көзқарасын қалыптастыру  мақсатында Дін мәселелерін зерттеу орталығы Байқоңыр қалалық бөлімшесінің ұйымдастыруымен біршама жұмыстар істеліп жатқаны байқалады. Бөлім меңгерушісі  Нұрсұлтан Күнмырзаұлының айтуынша  байқоңырлықтар арасында жат ағымдағы секталарға кірушілер жоқ. Жастар арасында Ислам дініне деген көзқарас өте жоғары және Төретам кентіндегі «Жәрімбет ата» мешітінде аптаның әр жұмасында өткізілетін  жұма намазына қатысушы  қала тұрғындары мен жастар көп екен. Тіпті, мешіт жамағаты арасында  Ислам дінін, оның ішінде қасиетті Құран Кәрімде  барша мұсылман қауымына арналған  салауатын кеңінен түсіндіру жұмыстары жолға қойылған. Сондай-ақ,  мүрдені  жерлеу рәсімі, қазалы үйде ас дайындамау,  дастарқанға қойылатын ас мәзіріне шектеу қою, сонымен қатар бала тәрбиесіне байланысты қарым-қатынасты нығайту мақсатында  қала мектептері  мен  мешіт арасындағы байланыс орнаған.  Қазақы әдеп-ғұрып пен салт-дәстүрді де сақтау, ұрпақ санасына енгізу сияқты шаралар ұдайы өткізіліп тұрады.
БІЛІМДІ ҰРПАҚ – ҰЛТ КЕЛЕШЕГІ
Сапар барысында қаладағы қазақстандық білім стандарты арқылы оқушыларды білім нәрімен сусындатып жатқан білім ошақтарын да аралап көрдік.  Аудандық білім бөлімінің өкілі Анар Сәденованың айтуынша бүгінде  Байқоңыр қаласындағы 13 білім беру мекемесінің 5-еуі Қазақстан Республикасына қарасты қазақ мектептері болса, 8-і Ресей Федерациясының білім стандартымен оқытылады. Жалпы жоғарыда аталған білім беру мекемелерінде  9523 оқушы  екі елдің білім стандарты бойынша білім алуда.  Ағымдағы оқу жылында қазақстандық білім беру мекемелеріндегі 227 сыныптық комплекс және 13 мектепалды даярлық тобы бойынша 5393 оқушы қамтылған, оларға 512 жоғары және арнаулы орта білімді ұстаздар білім беруде. Сонымен бірге, ҚР білім беру стандартының орыс тілінде оқыту мәселесі бойынша 2016 оқу жылында  №275 және №277 орта мектептер базасында 1-сыныптан екі сынып ашылып, оқушылар қабылданды.
Сондай-ақ,  мектеп жасына жетпеген балаларды  балабақшамен қамту мақсатында қалада жұмыс істейтін 13 балабақшаның 1-еуі ғана қазақстандық болса,  алдағы жылы мемлекеттік-жеке серіктестік аясында екі балабақша және  ресейліктер тарапынан жабылып қалған №24 балабақшасын аудандық білім бөлімі меншігіне беру жұмысы жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, Байқоңыр қаласында инновациялық мектептерді дамыту мақсатында  №277 мектепке 2016 жылы аудан әкімдігінің қаулысымен  мектеп-лицей статусы берілді. Бүгінгі күні аталмыш білім беру мекемесі Қы­зылорда қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі мен педагогикалық шеберлік орталығымен тәжірибе алмасуда тығыз байланыста жұмыс істеуде. Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында қалада түрлі бағытта үйірмелер мен спорттық секциялар жұмыс жүргізеді. 2017-2018 оқу жылында  қаладағы қазақ тілді  мектептер бойынша 198 түлек бітірсе, оның 5-еуі «Алтын белгі», ал 7-еуі «Үздік аттестат» иегері атанғанын айтты.    
Сапарды  алдымен аудандық мәслихат депутаты Ғалымжан Ұзақбаев басқаратын, 1991 жылы Байқоңыр қаласы бойынша алғашқы боп ашылған қазақ мектебі, сонымен бірге ұлт данышпаны Абай Құнанбаевтың туғанына 150 жыл толуына орай оның есімі берілген, қазіргі №273 орта мектептен бастадық. Мектеп директорының  бастауымен Абай атындағы мұражайда болып, онда ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптейтін жәдігерлер мен мектеп қолөнер шеберлерінің, суретшілерінің шығармаларын  тамашаладық. Сонымен бірге, қала тумасы, аталмыш мектеп түлегі, Ресей Халық батыры, ұшқыш-космонавт Олег Артемьевтің өмір жолы мен  космонавтика саласына қосқан үлесі жайлы көрмемен таныстық. Заман талабына сай жабдықталған сыныптарды, оның ішінде роботатехника және қолөнер шеберлері үйірмелерінде болдық. Денешынықтыру сабағы өтіп жатқан балғын спортшылармен жүздестік. Содан кейін білікті сала мамандары Мира Оспанова,  Аманжан  Жиенбаев пен Берден Қалмаханов басшылық жасайтын №272, №274 және №275 орта мектептерде аялдап, ұжымның жұмысына қанықтық. Мектеп басшыларының оқушылар мен ұстаздардың қол жеткізген же­тістіктері жайлы жеткізген хабарламасына зейін қойып,  шәкірт тәрбиелеудегі елеулі еңбектеріне сәттілік тіледік. Бала тәрбиесіне байланысты ойларымызды ортаға салып, пікір бөлістік.
Қаладағы білім беру ошақтарында болған сапар соңында халық қалаулысы  Жұмагүл Тілеуғабылова басқаратын  №277 мектеп-лицейге табан тіредік.  Лицей ішіне кіргенде өзімізді  құдды бір қолөнершілер ауылына келгендей сезіндік.  Мектептің бірінші қабаты  мектеп оқушылары жасаған қолөнер туындыларына толып тұр. Расында,  бұл білім ордасын нағыз қолөнершілер ордасы десек те болады. Ағаштан ойып жасалған ыдыстар мен  қазақ халқының ежелгі заманда күнделікті тұрмысқа қолданған және  қазір де қолданатын  бұйымдары,  сыра мен сусын қақпағынан жасалған әйгілі Алтын адам  киімі мен құстар, сондай-ақ жан-жануарлардың мүсіндері, гүлдер мен әшекейлер көздің жауын алады.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ,
«Қармақшы таңы».   
---
11 желтоқсан 2018 ж. 1 062 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

№90 (10355)

12 қараша 2024 ж.

№89 (10354)

09 қараша 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 164

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930