» Ынтымақ ырысы

Ынтымақ ырысы

Бір шаңырақ астында өмір сүріп, күміс, алтын, гауһар тойға қол ұстасып жеткен жанда арман болмас, сірә? Алпыс көктемді артқа тастап, бала-шағасы мен немерелерінің ортасында бақытқа кенеліп, елдің амандығын тілеп отыру екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін бақыт. Олай болса қылшылдаған жігіт пен қызғалдақ ғұмыр кезінде қол ұстасқан екі жүректің әлі күнге дейін дамылсыз соғуының себебін білгіңіз келсе, мақалаға көз жүгіртіңіз.
Дүр Оңғар ауылында жүріп өнегелі отбасылардың бірі Бекмырзаевтардың шаңырағына табан тіредік.
Оңғарбек Бекмырзаев – 1943 жылы қарапайым отбасында дүниеге келген. 7 сыныпты бітіре салып колхоз жұмысына кіріскен. Алғашында қой баққан шопан кейін төрт түліктің бәріне бақташы болған. Зайыбы сауыншы болып бірге еңбек етеді. Кейін фермада зоотехник, ферма меңгерушісі қызметтер атқарып, «Жаңажол» ЖШС директорының орынбасары қызметімен зейнеттік демалысқа шыққан. Осылайша қос ардагер ауылдың өркендеуіне өз үлестерін қосқан.
Бақытын баладан іздеген жанұяда алты ұл, алты қыз тәрбиеленген. Перзенттері жастайынан еңбекке, білімге ден қойып, белгілі мамандықтың иелері атанған. 
– Біз соғыс жылдарында дүниеге келдік. Еңбекпен есейдік. Жасымыздан бақша ектік, мал бақтық. Байқап қарасаңыздар біздің Жаңажол ауылы өзгелердей емес бөлінген жоқ. Соған қарап-ақ ынтымағы жарасқанын аңғаруға болады. Сол бірлікті әлі күнге сақтап келе жатырмыз. Жастарға да өсиетімізді, ақылымызды айтудан жалықпаймыз, – дейді Оңғарбек ақсақал.
Жұбайының бабын жасап, үнемі жанынан табылған Аманкүл Бекмырзаева – ауыл қызы. Батыр ана, «Алтын алқа» иегері.
– 12 бала өсірсек те көпбалалымыз деп ешкімнен көмек сұрамадық. Ұл-қызды барлығын жасынан еңбекке баулыдық. Бәрі де өз күштерімен оқуға түсіп, жұмысқа тұрды. Бізге салмақ салмады. Балаларымыз Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұрады. Қыдыратын болсақ Алматы-Жезқазған-Шымкент-Қызылорда деп аралап кетеміз. Жазғы демалысқа шыққанда міндетті түрде немере, шөберелеріміз келеді. Бәрі жиналғанда көбейіп қаламыз. Жақында ғана келіп, мәре-сәре қып кетті дейді, – әр күніне шүкірлік айтатын ана таба наны мен сары майын, салқын қымызын қонаққа ұсына отырып.
Қос қарияның сабырлы қалпына тамсана қарадық. Облыстық, аудандық газеттерді үзбей көретін ата кешеге дейін жастап жатып кітап оқыпты. Біраз жыл ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін де абыройлы атқарған.
Оңғарбек ата мен Аманкүл әже үлкен үйде, жайылған ақ дастарқан басына жиналған ұрпағымен жүз жасары анық. Әкесін құшағына қысып, анасын сүйіп, бала-шағасымен күліп-ойнап келген балаларына қараған қос қария өздерін бақытты сезінеді.
«Ананың ақ сүтін, әкенің алақаны жылуын не жасасақ та өтей алмаймыз, бірақ енді қалған ғұмырларында қиындық көрмей, ауырмай-сырқамай жүргендерін қалаймыз» дейді алпыс жылға жуық жарасты ғұмыр кешіп келе жатқан ата-ананың перзенттері.
Олар өткен күндеріне салауат айтып, ұрпағының амандығын тілеп, бірін-бірі жетектеп, шақырған жерге барып, сыйлы қонақ ретінде төрден орын алып, ізін жалғайтындарға ақылын айтып отырады.
Ұзақ жыл бір жастықта қартаю бақыты бәріне жұғысты болсын деп тілегің келеді екен ынтымағы жарасқан осындай жандарды көргенде.

Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Ерсін ӘБЛӘКИЕВ (сурет)
---
10 тамыз 2021 ж. 481 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 025

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031