Механизатор Миуакүл
Сонау жетпісінші жылдары ауыл шаруашылығы өркендеген тұста дала майданында еңбек қарқынды қызып, қол күшіне салмақ көп түссе керек. Уақыт өте кеңшарларға жаңадан ауыр техникалар келіп, қол жұмыстары біршама жеңілдейді. Алайда техника келгенімен оны жүргізетін мамандар жетіспей, мектеп бітірген жас тарды арнайы курстардан өткізіп, қолдарына жүргізуші куәліктерін беріп жұмысқа тартыпты. Солардың ішінде қыздар бригадасы жасақталып, ер азамат тізгіндейтін тракторларға нәзік жандылардың бірінен кейін бірі отырып, ел әлеуетін көтеруде ерлермен иін тіресе дала төсінде еңбек етеді. Ел ырысын арттыруға үлес қосқан механизатор арулар бүгінде ардақты ана, дана әжеге айналған. Солардың бірі – механизатор Миуакүл Байзақова.
Тағдыр жолы сан тарау деген. Ауыл 1977 жылы «Чапаев» ұжшары атанған тұста бір топ бітіруші түлектер аудандағы кәсіптік-техникалық
оқу орнына келеді. Ол уақытта туған жеріңе екі жыл қызмет ету керек деген Кеңестің қатаң тәртібі жастарды жігерлендірсе керек. Сол жылы мектеп бітірушілердің слеті болып, онда №26 мектептің түлектері жастарға «Кел, қыздар, механизмді меңгерейік» деген үндеу тастайды. Оны аудандық партия комитетінің бюросы қолдап, партияның бірінші хатшысы Е.Көшербаев «қазақтың Маресьеві» атанған Қасымтай Ізтілеуовтің еңбек жолынан сыр шертіп, түлектерге сәт сапар тілейді. Сол үндеуден шабыт алған Миуакүл Кәрібайқызы алғашқылардың бірі болып трактор руліне отырады. Бірінші бригаданың бригадирі Асан Жаханбаевтың қарамағына алынған 18 жасар қыз «ДТ-75» тракторын тізгіндеп, жер жыртудан бастайды. Таланттың арқасында ауыр техниканы тез меңгерген ол шаруашылықтың жұмысын шыр айналдырып көптің көзіне түседі. Кейін 1979 жылы үшінші бригадаға ауысып, бригадир Садық Ермахановтың қарамағына өтеді. Көктем шыға астына жаңа «Беларусь-150» беріліп, тұқым себуге жіберіледі. Жаңа бригадирдің тастай талабы мен тәртібіне көнген жас қыз елден бұрын тракторын оталдырып, егіс басында жұмыстың алдын бермепті. Кейіпкеріміз әңгіме барысында қызық оқиғаларын былай жеткізді.

– Садық ағайдың мінезі қатты болатын. Тәртібі тым күшті. Айтқан уақытында келмесең қатаң сөгіс аласың. Біз жұмыс істеген бригада ауылдан 20-30 шықырым қашықтықта болды. Содан кешке қарай жұмыс аяқталысымен ауылға жаяу қатынап жүрдім. Ал қалған жұмысшылар егіс басында қалатын. Ағайдың талабы санамда қалғаны соншалық, азанмен ерте келіп, жұрттан бұрын тракторымды оталдырып жұмысқа кірісетінмін. Бір күні осы әдетпен көлігіме мініп жұмысқа бара жатсам, мені көрген ер жігіттер техникаларына жүгіре бастады. Содан бұларға не болған деп ағайдан сұрасам, менің ерте келгеніме ерлер ұялып, тракторларын оталдыруға асығады екен. Сөйтіп көпке үлгі болған кездерім де болды, – деді Миуакүл апа күліп.
Кейіпкеріміз трактор техникасынан бөлек комбайн, жүк машиналарын да тізгіндепті. Кейде олардың тілін түсінбей қолы үйренбей жатса ашық алаңға шығып, қолдан жол сызып алға-артқа, сонымен қатар қиын жерлерден өтіп жаттығады екен. «Көз қорқақ, қол батыр» демекші жұрт техникамен өте алмаған каналдың үстіндегі ағаш көпірден еркін өтіп те кеткен. «Кейде ер жігіттер тракторларын оталдыруға жүрексініп тұрса, мен барып орнынан қозғап беремін» дейді әңгімесінде. Техника болғаннан кейін қиындығы қатар жүретіні белгілі. Ол осындай қиын жағдайда қалған оқиғасын да айтып берді.
– Қырманға астықты төгіп егіс басына қайта жол тарттым. Кенет ойлы-қырлы жолда артымдағы тіркемем ағытылып қалыпты. Содан жалғыз өзіме қимылдауға тура келді. Тіркемені көтеріп тракторға жегу де оңай емес. Ілмегіне дәлдеп келтіруің керек. Көлігіме отырып артқы тереземе қарасам біреу тіркемені көтеріп тұр екен, аяғы көрінді. Бетіне қарағаным жоқ дереу оған да күш түспесін деп жылжып ілгіздім. Жерге түсіп «кім екен?» деп қарасам Елеу Көшербаев ағамыз екен. Сол кезде Елеу ағамның ер мінезді қасиетіме бір тәнті болғаны бар, – деді ол өткенді ойға алып.
Механизатор Миуакүл осылайша еңбегінің арқасында талай биіктерден көрінген. Омырауына медалі тағылып, түрлі төсбелгілермен марапатталған. Тіпті тегін жолдамамен Германия, Болгарияға да барған. Техникаға отырып, еңбекке қатты берілгені сол жеке басының өміріне де мән бермеген. Өзге қыздардан кеш отау құрады. Кейіпкеріміздің сол жылдарды сағынғанын жанарынан байқадық. Бізбен сұқбат барысында жанашыр болған ағалары мен қатарлас құрбы, сіңлілерін еске алып, көз жасына ерік берді. Тіпті "өзім айдаған тракторды да шаруашылыққа қимай тапсырдым" деді ол сөзін түйіндеп.
Ерсін СӘДУҰЛЫ