Киелі Қармақшы мекенінде кәсіпкерлермен кездесу өтті
Екі күннен бері Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасы мен мемлекеттік және құзырлы орган өкілдерінен құрылған жұмысшы топ аудан кәсіпкерлерімен кездесуде. Өңіріміздің батыс аймағындағы Арал, Қазалы аудандарынан соң делегация қасиетті Қармақшы еліне табан тіреді.
Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек палата өкілдерін қабылдап, ауданның кәсіпкерлік бағытына жауапты мамандармен таныстырды. Сонан соң, аудан басшысы кәсіпкерлікті қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды айта отырып, бұл салаға әрқашан қолдау бар екендігін жеткізді.
Аудандық бизнес өкілдеріне арналған жиынды аудан әкімі аппаратының басшысы Ернар Бекенов жүргізіп, кәсіпкерлерді шараға белсене атсалысуға шақырды. Сондай-ақ ол кәсіпкерлерге орайы келіп тұрғанда өздерін толғандыратын барлық сауалдарын қоюға болатынын, жиын еркін форматта өтетінін айтты. Аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов өз кезегінде прокуратура өкілдерінің кәсіпкерлермен етене араласып жұмыс жасауға, олардың құқығын қорғауға даярлығын жеткізді.
Кездесу барысында шағын және орта кәсіпкерлік саласының дамуы, салық есептіліктерін тапсыру, кәсіп ашуға берілетін жеңілдетілген несиелер мен мемлекеттік бағдарламалар жөніндегі тақырыптар талқыланды.Жиын қорытындысында аудан кәсіпкерлері өз сауалдарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Сұрақтардың басым бөлігі кәсібін кеңейту жолында алынатын несие мен оған қойылатын кепілдемеге қатысты болды. Осы орайда мамандар барлық тиімді жолдарды түсіндіріп, әр салаға қатысты бағдарламалармен таныстырып өтті.
Көшпелі жұмысшы топтың үш ауданда өткізген кездесулерінің нәтижесінде кәсіпкерлер осы сынды жиындардың аудан орталықтарында, тіпті ауылдарда тұрақты түрде өткізіліп тұруын сұрады. Олардың айтуынша бар жоғы бір-екі сағаттық жиынның берері мол. Оның үстіне барлық тиісті мекемелердің бір жерден табылуы, кәсібін дамыта алмай жүрген азаматтар үшін аса қолайлы. Себебі, кәсіп иелерінің көбі кей несие беруші ұйымдарының бағдарламасы былай тұрсын, тіпті бұндай ұйымның бар екендігін де білмегенін айтуда. Сонымен бірге, олар Кәсіпкерлік палатасының тұрақты түрде өткізіліп тұратын кәсіпкерлермен түрлі мәселелер бойынша кездесулеріне зум арқылы "онлайн" қатысып, үйлерінен шықпай-ақ өзін толғандыратын сұрақтарды жолдай алатындығын білді. Осылайша заманауи цифрлық заман қарапайым халық пен биліктің арасын жақындата түсуде. Ал, Кәсіпкерлер палатасы өңіріміздің бизнес саласының дамуы жолында әрқашан "Алтын көпір" болуға дайын.