Аудан әкімі кәсіпкерлермен кездесті
qarmaqshy-tany.kz Бейсенбіде кәсіпкерлік саласын дамыту, олардың құқықтарын қорғау мәселелерін талқылау мақсатында аудандық Жыраулар үйінде кездесу өтті. Оған аудан әкімі Жандос Еркінбек, аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов және бірқатар мекеме басшылары мен кәсіпкерлер қатысты.
Жиында сөз алған аудан басшысы Жандос Еркінбекұлы кәсіпкерлік саласында жақсы нәтижелер бар екендігін айта келе, алдағы уақытта жүзеге асырылатын ауқымды жобалардың жайына тоқталды.
Сонымен қатар, кездесуде аудан прокуроры Мейрамбек Маханбетжанов кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, мемлекеттік құзырлы органдар тарапынан кәсіпкерлікке келтірілетін кедергілердің алдын алу мәселелері жөнінде түсіндірме берсе, сала бойынша өткен жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер туралы аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Біржан Өмірзақов баяндады.
Жиын соңында жеке кәсіпкерлер кәсіптерін әрі қарай кеңейту үшін мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде несиелер алудағы кедергілер, кәсіпкерлік нысандарға тартылатын инфрақұрылымдар, жастарға арналған 2,5 пайыздық несие, жұмыссыз азаматтарға арналған грант және басқа да мәселелер бойынша қойған сұрақтарына толыққанды жауап алды.
Кездесуді аудан басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың тұрмыс деңгейінің жақсаруында кәсіпкерлік саласының орны айрықша екендігін атап айтты. Кәсіпкерлерге заңдылыққа сәйкес, тұрақты түрде қолдау көрсетілетінін және мәселелерімен оларды қабылдауға дайын екендігін жеткізді. Сондай-ақ, кәсіпкерлікті дамытуға, жаңадан кәсіп ашып, жұмыспен қамтуға байланысты тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, оны бақылауда ұстайтынын айтты.
"Қт" ақпарат