» » Ерінің тегіне өту дұрыс па?

Ерінің тегіне өту дұрыс па?

Бұл мәселе туралы бұрындары жай ойлап қана қоятынмын. Жұрттан естігенде олай да бола ма деп таңданғаным да рас. Кейін тойларда неке қияр сәтте осы жайтқа бірнеше рет куә болдық. Күйеуінің шаңырағына келін болып бара жатқан қыздың әлгі шешімі сол әулетті қуандырса, қалған жандардың көңілінен шықпауда. Ал енді ерінің тегін еншілеу дұрыс па, бұрыс па деген сауал тағы тұр.
Жоғарыда айтқанның ізімен бір болғанды баяндайын. Осыдан екі-үш жыл бұрын жастар тойына шақыру алып, қонақ болып бардық. Салтанаты жарасқан той барынша қызықты өтіп жатыр. Көп ұзамай көпшіліктің алдында неке қию рәсіміне кезек беріліп, жас жұбайлар ортаға шақырылды. Некенің ережесімен екі жасқа сауал қойылып, қыздан ерінің тегіне өту, өтпеуі сұралды. Келін болғалы тұрған қыз қызарақтап, сәл ойланып ата-анасы отырған үстелге басын бұрып одан кейін төмен қарады. Қасындағы ері біз қалай келістік дегендей жарын түртіп қойды. Көп ұзамай шешімін айтқан қыз жолдасымның тегіне өтемін деді. Дәл осы кезде жігіттің туысқандары қуаныштан айқайлап, залды көтеріп жіберді. «Жарайсың, еркек» деп жігітті қолдаған оның достары мына бастан өздерінше шулап жатыр. Қыздың жақындарында сәл көңіл күй түскені байқалды. Бірақ күлімдей қарап, іштей бақытты болыңдар дегендей жүздері жылынды.
Осы сәттегі көрініс маған ауырлау сезілді. Себебі – дейтінге жауап көп. Айтайын. Біріншіден – қыз бала өмір есігін ашқаннан кейін атасының не әкесінің есімімен тегі жазылды. Мәселен, неше жыл бойы Ермағамбетова немесе Ермағамбетқызы болып келді делік. Сол тегімен елге танылып, жұрттың есінде сақталды. Әкесінің абыройын көтерді. Кейін үйленіп күйеуінің тегіне өтуі адамның өзі шыққан тегінен бас тарту болып табылмай ма? Қазір бұл үрдіс әлі де тоқтаған жоқ. Болашақ жары, яғни ері шаңырақ көтерер сәтте әйеліне өзінің тегіне өтуді үгіттейді. Жат жұрттық болған қыздар әрқилы шешім қабылдап, бірқатары өз еркімен тегінен бас тартып жатады. Мұны кейде қоғам некелі әйелдің өз тегінде қалуы немесе өзгертуі өз еркінде деп қабылдайды. Алайда бұған шариғаттың қайшы тұстары көп. Негізінде әр адам өз тегімен аталуы керегін алға тартады.
Құранның өзінде «Асырап алған балаларыңды өз әкелерінің атымен атаңдар. Жаратқанның құзырында ең дұрысы сол» деп бұйырады. Тіпті Құдайдың және адамдардың алдында мәртебелері жоғары болуына қарамастан, Пайғамбарымыздың жұбайы өз әкелерінің есімімен аталған.
Қазір діннен хабары бар кей қыздар осыны түсініп, тұрмысқа шыққан уақытта неке куәлігіне өз тегін жаздыруда. Тіпті бұл туралы «Неке және отбасы туралы» Заңда ерлі-зайыптылардың тектері таңдау құқығы анық көрсетілген. Заңды түсінгенге жігіттердің болашақ келіншектерін өз тегіне өткізу үшін үгіттеуі дұрыс еместігі айтылады, яғни қалыңдық Қазақстан азаматы ретінде құқығы, таңдауы барын ескертеді.
Осығай сай жақында бір әйел кісінің әңгімесі дәлел болды. Ол өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығып, сол елде қалады. Некеге тұрып, күйеуінің тегін алады. Кейін тағдырдың жазуымен жолдасы өмірден өтеді. Әлгі әйел жат елде туыстары болмағандықтан елге оралуға мәжбүр болады. Балалары болғасын жұмыс істеп асырау керек. Алайда дәрігер мамандықты дәлелдейтін қос бірдей қызыл дипломы ерінің тегіне өткендіктен жарамсыз болып, қарапайым қара жұмыс істеген екен.
Жалпы қазақта босағаға келін болып түскен әйел заты сол отбасы мүшелерінің ешқайсысын өз атымен атамаған. Қайын аға, қайын апа, қайын сіңлі, қайын інісіне де өзінше есім қойған. Ал атасының тегіне көшкенде оның не арғы атасын бажырайтып айтып, дәстүрден аттау әдепсіздік әрі әбестік болмай ма? Сол үшін кеңестен қалған дәстүрдің жұрнағына жегілмей, ата-баба салған өнегені сақтағанымыз қалай болар екен?
Ерсін СӘДУҰЛЫ
07 қаңтар 2024 ж. 417 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№93 (10358)

23 қараша 2024 ж.

№92 (10357)

19 қараша 2024 ж.

№91 (10356)

16 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 252

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 352

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930