» » Қыз алып қашу ескілік пе?

Қыз алып қашу ескілік пе?

Бұл оқиға осыдан отыз алты жыл бұрын болса керек. Марқұм әжеміз осы әңгімесін айтқан сайын бір күліп алатын. Бізде сол әңгімесін жаңа тыңдағандай күй кешіп еске түскенде қайталап айтқызатынбыз. Бірде көше беттен бір бейтаныс әйел келіп, есік алдында күйбің тіршілікпен жүрген әжемізбен сәлемдесіп жөн сұрапты. Ол кісі өзін әжеміздің үлкен қызы Жанардың бірге оқыған курстас құрбысымын деп таныстырып, оның қайда екенін сұрайды. Ойында ештеңе жоқ кейуана, қызының көрші ауылда жұмыс істейтінін айтып жол сілтейді. Уақыт өте көрші ауылдағы ағайын-туыстан Жанарды алып қашып кеткені жөнінде хабар келіпті. Сонда абдырап қалған әжеміз артынан түсінгенін айтып «мен сөйтіп өз қызымды өзім ұстап бергенмін», – деп күліп отыратын. Ол кездің алып қашуына кешіріммен қарап, екі жақ бір-бірінің жағдайына түсіністік танытып, ымыраға келетін болған. Ал бүгінгінің қыз алып қашуы қалай?
Бүгінде «қыз алып қашудың» өзгеріске ұшыраған тұсы жетерлік. Салт-дәстүрді дұрыс түсінбеу оның парқына бармау себепті бір көрген қызды алып қашу жиі кездеседі. Бұл жағдайда қыздар қауымының көпшілігі не істеу керегін білмей, абдырап қалатыны анық. Қаншама көз жасы төгіліп, қарсылық білдіргенімен, үлкен қарияның сөзінен асып кете алмайды. Сол себептен болар, бұл жайтты маңдайына жазғанына балап көніп қалып қояды. Қазақ қоғамында жөн-жоралғы жасап, қалың мал беруге шамасы келмеген жігіт ұнатқан қызын өзара келісіммен алып қашқан. Яки қыз алып қашу, өз заманында қоғамның қажеттілігіне орай пайда болған үрдіс. Бірақ, қыздың келісімінсіз басып алып қашатындар қатары да жетіп артылады. Себебі қазіргі жігіттердің қызға сөз айта алмауы немесе сүр бойдақтықтың белең алуы­нан осындай әрекетке барады. Бүгінде ол үшін арнайы заң жобасы қабылданып та үлгерді. Келісімсіз қыз алып қашу көпшіліктің наразылығын тудырғандықтан «адам ұрлау» – деп танылып, бұл үшін заң жүзінде арнайы бап қабылданды. Ұнаттым екен деп қыз алып қашу енді бас бостандығын бес жылдан сегіз жылға дейін шектей алады. Әрине, егер қыз немесе ата-анасы тарапынан шағым түскен жағдайда бұл заң іске асырылады.
Жалпы адамның бостандығы мен құқығына қол сұғуға шариғат та қатаң ты­йым салынған. Мейлі қызды алып қашсын, бірақ неке мәселесіне келгенде әуелі қыздан сұралатынын айтады. Ал егер қыз «тұрмысқа шықпаймын» десе онда неке қиылмайды, қызды босатуын талап етеді. Тіпті әкесі де еріксіз тұрмысқа бере алмайды. Бұл – адамның ар-намысын аяқасты ету, яғни күнә іс делінген. Дінде некенің келісімімен болуы керегін айтқан. Екі жастың келісімімен болған қыз алып қашу дінге сай келеді деген сөз. Кез келген қыз келін атанып орамал таққысы келеді. Бірақ зорлықпен емес.
Көптеген бойжеткен алып қашудың арқасында отбасылы болып отырған шығар, бірақ үйінен ұзатылып, ата-анасының риза­шылығын алса, нұр үстіне нұр болар еді. Ал сіздің ойыңыз қалай?
Ерсін СӘДУҰЛЫ
«Қармақшы таңы».
27 наурыз 2019 ж. 1 125 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031