» » Балаға бақыт сыйлаған бірлестік

Балаға бақыт сыйлаған бірлестік

Үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер баршылық. Бірақ біз білетін, қандай қиындық болса да жұмысын тоқтатпаған, жетістігі мен жемісі мол, халықтың алғысын арқалаған бір ұйым бар. Ол заңды түрде құрылғанына 10 жыл болған «Аңсаған» мүмкіндігі шектеулі балалар қоғамдық бірлестігі. Жетекшісі Бақыткүл Райымбаеваның қасынан қай кезде көрсең де бала арылған күн жоқ. Әсіресе бойжеткендерді жанына жинап әжелік ақылын, өнегесін көрсетіп келеді.

Киіз басу, ши тоқу сынды өнер кенжелеп кеткенін жасырмаймыз. Он саусағынан өнер тамған жанның кілем тоқуы бір бөлек. Жалпы іс тігу қыз баланы сабырлыққа, төзімділікке, шыдамдылыққа тәрбиелейді. Сол игі дәстүрді өзінің ғана емес, елдің балаларына үйретуден жалықпаған апайымызбен әңгімелессек мейірім деген құндылықтың лебі сезіледі.
Бірлестік жетекшісі Бақыткүл Сейіткәрімқызының Аңсаған есімді қызы табанын басып жүре алмайтын науқас еді. Мектепке өздігінен бара алмайтын болған соң 2007 жылдары үйден оқитын. Кішкентайынан шығармашылық жұмыспен айналысқан ол бірде қағаз бен қалам алып өлең жазса, бірде кесте тоқиды. Бірде көйлек тігеді. Ата-анасы, аға-жеңгесі жұмыста. Үйде жалғыз отырып зеріккен бала анасына:
– Өзім секілді 2-3 қыз тауып беріңізші. Мен қыздарға өзім білетін бисер, кесте тоқуды үйреткім келеді, – деп өтініпті. Бала тілегін орындамайтын ана бар ма? Дереу кент ішінен ерекше балалар іздеп, мән-жайды баяндайды. Үйде төрт қабырғаға телміріп отырған бала ауруынан ешқашан айықпайды. Олардың басын қосатын орта керек. Осылай шырылдап жүріп 2-3 қыз табады. Олардың аналарымен ақылдасып, үйіне шақырады.
– Меруерт пен Айгерім есімді қыздарды аналары үйге алып келді. Біз өзімізше отырып әңгімелестік, шай іштік. Үш қыз күні бойы алаңсыз ойнады. Бұрыннан таныстардай бір-бірін жібергісі келмей, бір жасап қалды. Мұны көрген мен қуаныштан жарыла жаздай боп үйге шақыра бердім, шақыра бердім. Үш қыз үйде отырып қолөнер шеберханасын ашты. Түрлі бұйымдарға тапсырыс қабылдай бастады. Екі бөлмелі аядай үйімізге 1 жылдың ішінде бала сыймай кетті. Үлкені, кішісі, құндақтаулысы бар көптеген бала келетін болды. Мектепте аспазшы болып жұмыс істейтінмін. Тәуекел етіп, қызымның денсаулығы үшін жұмыстан шығуыма тура келді. Аудан әкіміне барып, жағдайды айтып, көмек сұрадым. №27 орта мектептен бос тұрған бір сынып берді. Біраз жыл сонда отырып, кейін қайтадан үйге көштік. Аудан кәсіпкерлерінен демеуші тартып, түрлі оқу құралын, кесте тігетін саймандар сатып алатынмын. Сол жылдары «Бота» қорының еріктісі болып жұмыс істедім. Көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларға ай сайын қор ақша беретін. Көшеде көрген адамдарға тоқтатып қойып осы жеңілдіктің барын айтып жүретінмін. Содан көпбалалы аналардың біразы мені танып қалған. Солай 2011 жылы заңды түрде кәсіпкерлік ашып, «Аңсаған» мүміндігі шектеулі қоғамдық бірлестігін құрдым, – дейді бірлестіктің қалай пайда болғанын айтқан апайымыз.
Осындай игі іс басталысымен Аңсағанның денсаулығы түзеліп, аяғынан тік тұрып кеткен. 2010-2011 жылдары сабақты мектепте оқиды. Университетке түсіп, оны қызыл дипломмен бітірген. Қазір тұрмыста. 2 баланың анасы. Бірлестіктің жұмысын өзі қолға алмаса да қолдауын көрсетеді. Жарысқа баратын жастарға демеуші болып, жаңа идеяларын бөлісіп отырады.
Ал Бақыткүл апай тәрбиелеген Айгерім есімді ару жоғары оқу орнының, Айбек атты шәкірті медициналық университет студенті. Бірлестікте тәрбиеленушілерден ақы сұрамайды. Өткен жылы бастамаларды қолдау орталығымен 500 мың теңге грант ұтып алған.
– Іс-шараларды өткізуге жұмсалатын қаржыдан ауысқанына жіп, мата, бисер, тастар алуға тырысамын. Жасаған қолөнерді сатамыз. Бір бұйым жасау үшін бірнеше құрал керек. Өзімнің зейнетақымды осында жұмсаймын. Өзім білгенді қыздарға үйретсем деген арманым орындалып жатқанына қуанамын. «Дәстүр» қолөнер орталығының мүшесімін. Альбина Әбдірахманова, Іңкәр Боранбай, Айжан Жақсыбайлар қазір кілемді жақсы тоқиды. Азаннан кешке дейін үзіліссіз, демалыссыз жұмыс істейміз. Балаларға тәттісін, суын алып беріп қуантып қоямын. Ерекше балалармен жұмыс істеу өте күрделі әрі қызық. Сауабы да мол. Бастысы – ерекше балалар қайда барам деп қарап отырмаса екен, – дейді ағынан жарылған бірлестік жетекшісі.
«Аңсаған» мүмкіндігі шектеулі қоғамдық бірлестігіне 2019 жылы Абай көшесінің бойында орналасқан бұрынғы кітапхананың ғимараты берілді. Қазір мұнда 25 оқушы тәрбиеленуде. Жазғы демалыста бала саны тіпті көбейеді. Себебі келгеннің бәріне құшақ жаятын апамыз ешкімді жат санамайды. Бисер, кес­те, кілем тоқытады, ойнатады, билетеді. Уақыттарын тиімді әрі қызықты өткізеді.
Аудан ардагерлерінің, кент әкімі Шыңғыс Сыдықовтың бастамасымен жуырда аталған бірлестіктің 10 жылдығы аталып өтті. Кент әкімі өнерлі балаларды жүлделі орындармен марапаттаса, ауданға белгілі кәсіпкерлер Рабиға Балғабаева, Балахан Балмаханов, Алмат Сүлейменов, Ибрагим Бертілеуовтер демеушілік жасап, сый-сияпат ұсыныпты. «Өнер, өмір өрілген жүрегімнен» деген іс-шарада ерекше балалардың өнеріне жұрт сүйсіне де таңдана қарады.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (суреттер)

31 шілде 2021 ж. 602 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 026

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031