» » » Жарқынбек ТҰРЫМБЕТОВ, Т.Салқынбайұлы атындағы әуез мектебінің мұғалімі: Сазгер БОЛМАҒАНЫМДА ҰСТА БОЛАР ЕДІМ

Жарқынбек ТҰРЫМБЕТОВ, Т.Салқынбайұлы атындағы әуез мектебінің мұғалімі: Сазгер БОЛМАҒАНЫМДА ҰСТА БОЛАР ЕДІМ


Өмірін өнерге арнаған, арнап қана қоймай, өнердің нақ өзіне айналдырған тұлға көрсеңіз табаныңыз жерден бір екі елі жоғары көтеріліп, онымен бірге биіктеп, қанаттана түсесіз. Нағыз дарын иесінің осынау құдіреті айтылмаған ақиқат, жазылмаған жыр мен аңыз. Мен сөз еткелі отырған кейіпкер де «Атасы топқа түспеген, анасы жібек кимеген» әлдебіреу емес. Ол әу баста Алла кие дарытқан,  аз жазса да саз жазатын, әндерін жүректен өткізе орындап, жүрекке жеткізіп жүрген сыршыл сазгер – Жарқынбек Тұрымбетов. Жарқынбектің республикаға белгілі өнер қайраткерлері орындап жүрген бір ғана «Сүйіктім» әні кімнің көңілінен шықпады, кімнің жүрегін елжіретпеді дейсіз. Көгілдір көктем жеткелі көңілге де бір серпіліс келгендей. Әсіресе өнер иесі осындай бір уақытта ерекше шабыттанады емес пе? Олай болса ақын, сазгер, термеші, орындаушы, Т.Салқынбайұлы атындағы әуез мектебінің оқытушысы Жарқынбек ағамыздың қазіргі шығармашылыққа деген бет алысы мен жаңалығын білмек ниетте әңгімеге тартқан едік.
– Аға, бір танымал ақынның өлең жолында «Кемеңгерлер көтермейді көкірегін, таза бұлақ ағады үнсіз ғана» деген салмақты жолдар бар-тын. Кеудеңіз жырға тұнып тұрса да бойыңыздан барынша қарапайымдылық бай­қалады. Мұның сыры неде?
– Қарапайымдылық ата-анамның тәрбие­сінен келген болар. Оның үстіне өнер жолын­дағы ұстаздарым да қарапайым жандар болды. Жалпы қарапайымдылық табиғат берген болмысым.
– Атадан тараған тектіліктің табы бар сізде. Өнерге қалай келдіңіз?
– Өнер – атадан жалғасып келген дәстүр. Әкемнің жыраулығы бар кісі еді. Анамыз "Молдахмет жыраудың ауылынанмын" деп отыратын. Отбасымызда аға-апаларым түрлі аспаптарда ойнап, ән айтып, өнерге жақын болды. Осындай ортадан шыққан бізге де Алла сыйы құр кетпей жұғысты болып, өнер жолына түсуге сеп болды. 1974 жылы шілде айында дүниеге келгенмін. Әкем – жүргізуші, анам – тігінші болған. Домбыраны 10 жасымнан тарта бастаппын. №105 қазақ орта мектебін бітіргенмін. Әуез мектебінде домбыра, Шәмшат ападан жыр-терме класы бойынша сабақ алдым. Осы жылдары мектеп оқушыларынан "Көшеней" ансамблі құрылып, бас домбырада ойнадым. Б.Маханов, Т.Құнанбаев секілді ұстаздарыма еліктеп баян тартуды да үйрендім. 1991 жылы жоғары оқу орнына түсе алмай, "Жұлдыз" балабақшасында музыка жетекшісі болып еңбек жолым басталды. 1996 жылы Қызылорда педагогикалық институты музыка факультетінің "Халық әні" кафедрасынан жырау А.Алматовтың алғашқы түлектерінің бірі болып бітіріп шықтық. 2000 жылдан бері аудандық балалар әуез мектебінде мұғаліммін.
– Терме айтуды неше жастан баста­дыңыз?
– Әкемізден 14 жасымызда жетім қалдық. Көз алдымда жүрек талмасынан қайтыс болды. Отбасымызға ауыр тиді. Әсіресе анам көпке дейін жоқтап жүрді. Үйде анам, мен, інім үшеуіміз ғана болдық. Қалған бауырларым үйлі болып кеткен. Тете ағамды сол жылы әскерге алып кетті. Сол кезде менде бір ғана ой болды. Анамның көңілін қалай көтерсем деген. Өйткені сабақтан келіп есікті ашып жатқанымда анам жоқтауын тоқтата қойып, көз жасын сүртіп маған білдірмеген болып отыратын. Сол оймен жүріп анама арнап өлең жазғым келді. Оның үстіне 8-наурыз да жақындап қалған. Жаздым өлең. Анама оқып бердім. Қуанған кейіп танытқанмен әлі мұңның табы бар жүзінде. Содан, газетке берсем деген ой келді. Газет қызметкері Сәнтөре Пірмановқа көрсеттім. Қуанып, арқамнан қағып, батасын беріп газетке беретін болды. Сол өлеңге қаламақы беріліп, ол ақшаға құдыққа су құйдырып келгенімде барып анам жіби бастады. Сонда анашым қалған балаларды қалай жеткіземін деп қайғырған екен. Еңбекке жастай араластық. Қара терге түсіп жұмыс жасағанды жақсы көремін. 2-3  сыныптан кітап оқуға құштар болдым. 11-сыныпқа дейін ертегі оқыдым. Талғамай оқитынмын. Өлең болсын, әңгіме болсын. Кітапты талғап оқуды Лена Әбдіхалықовадан үйрендік. Сол кісі "Махаббат қызық мол жылдарды", т.б ақын жазушылардың кітаптарынан тізім жасап береді. Бір жыл жеке шығармашылық деген сабақтан дәріс берген институтта. Ақындық жағынан Қ.Шыңғысов, С.Пірманов, А.Үсенов ағаларымызға еліктеп өссек ән шығару жағынан Б.Ахметов ағаны ұстаз тұттым. Ол кісі мені танымайды. Әндері жүрекке жетеді. Әкем тірі кезінде "Бес ғасыр жырлайды" деген үш томдық кітапты алдыртқан. Бір күні сол кітапты ашып оқып отырсам, бір терменің тұсына "Жарқынбек мына термені жаттап ал" деп жазып кетіпті. Содан әрмен қарай парақтап қарасам біраз жерге белгі салып қойыпты. Содан бастап терме айтуға бет бұрдым. Әкем аманаттап кеткен екен ғой.
– «Сүйіктім» әнінің тарихын өзіңізден естісек? 
– Әннің негізгі аты "Махаббат мұңы" болатын. Халық "Қимаймын", "Сүйіктім" деп атап кетті. 1993 жылы шыққан. Мектепте де, әуез    мектебінде де, институтта да бірге оқыған құрбы қызға арналған.
– Тәңірі тарту еткен талантыңызбен тағы қандай әнмен тыңдармандарын тәнті еткіңіз келеді?
– Әкеме, анама, өмірлік жарыма арнап шығарған т.б әндерімді жарыққа шығару ойда бар. Туған жер тақырыбында ән жазу арман болып жүр.
– «Әннің де естісі бар есері бар, Тыңдағанда көңілдің өсері бар».  Ән жазарда шабытты қайдан аласыз?
–  Шабыт әркезде әрқалай. Кейде толғанып-толғатып келсе, кейде түйдектеліп келіп әуенді ұстай алмай қалатын да кез болады. Шырт ұйқыңнан оятып келетін шабыттар да жиі кездеседі. Көбінесе көңіл құлазып, жабырқап жүрген кездерде әуен мазалап тұрады. Соның жетегіне еріп қайта сергіп шығасың.
– Жігітке жеті өнер де аз дейміз. Жұрт біле бермейтін қандай қырыңыз бар?
–  Жігітке жеті өнер де аз деген мәтелді бетке ұстап өсіппіз. Дойбы, шахмат ойнағанды жақсы көремін. Бокс үйірмесіне қатысқанмын. Баскетболды да бір кісідей ойнадық. Анам тігінші болды. Нағашыларымнан келген болу керек, ағаш жонып, темір иіп аса қажет болмаса ұсталарға жүгінбей-ақ өзіме керектіні қолдан жасаймын. Сазгер болмағанымда ұста немесе құрылысшы болып кетуім мүмкін еді. Жалпы қара жұмысты жақсы көремін. Төрт-түлік ұстаймын. Бау-бақша баптап, құс асыраумен айналысуды жаным сүйеді.
– Жеткен жетістіктеріңіз бен жоспарыңыз жайында да айта өтсеңіз?
–  Шығармашылықта күй шығарумен де айналысып жүрмін. "Тұрымбеттің жыр-күйі", "Желтоқсан", "Дөйт-Тойбастар" деген күйлерім бар. Әндерім республика көлемінде танымал. Халық біледі. Сүйіп тыңдайды. Маған одан артық жетістіктің де, жеңістің де керегі шамалы. Еңбек ескерусіз қалып жатқан жоқ. Түрлі фестивальдердің лауреатымын. Республикалық «Текті сөздің төресі – терме» атты байқаудың «Үздік мақам» номинациясы иесімін. Біршама өлеңдерім «Қасиетті Қармақшы», «Тұрымбет жырау» жинақтарына енді.
– Балаларыңыз өнерге жақын ба?
– Жарымның есімі Жанар. Осы ауылдан. Үш ұл, бір қызымыз бар. Тұңғышым – Ердана. Фортепиано, жыр-терме сыныбын бітірді. Ептеп өлең жазған болады. Шығармашылықтан хабары бар. Химиядан үздік болған соң сол саланы таңдап отыр. Қазір 11-сыныпта оқиды. Екінші ұлым – Нұрдана. Музыкалық қабілеті орташа. Баян оқып еді оңдырмады. Бала әкеден ширек кем туады дегендей болып тұр (күлді). Үшінші Қаламқас деген сұлу. 5-сыныпта оқиды. Терме сыныбына қатысады. Кенжем – Елдана.
–  Әсерлі, әдемі әңгімеңіз үшін рахмет.

Сұқбаттасқан Гүлжанат ӘМІРҚЫЗЫ.
08 мамыр 2019 ж. 3 544 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031