» » » «АСАТПАЙ ЖАТЫП ҚҰЛДЫҚ ЖОҚ», ТЕР ТӨГЕМІЗ

«АСАТПАЙ ЖАТЫП ҚҰЛДЫҚ ЖОҚ», ТЕР ТӨГЕМІЗ

Арнұр Көшеней,
аудандық мәдениет үйінің директоры:

Жыраулық өнер – ұлттық мәдениеттің алтын діңгегі. Қармақшы өңірі бұл салаға келгенде қара жаяу емес. Осындай жыр жампоздарының арасында Арнұр Көшеней де бар. Ол бүгінде жыршы-термеші әулетінің сынығындай боп алдыңғы буынның жолын жалғастыруда. Жыраулық өнерді әке аманаты деп өміріне серік еткен Арнұр Көшенеймен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.

– Көмейіне ғасырдың үні қонған белгілі жырау Көшеней Рүстембековтің ұлысыз. Қазақта ұрпақ сабақтастығы, дәстүр жалғастығы деген бар. Дәстүрлі өнерде өскен ортаның әсері қандай болады?
– Мен бала күнімнен өлең айтуды бастадым. Әкемнен 10 айымда қалдым. Ол 1973 жылдың 8 наурызында қайтыс болды. Мен 1972 жылдың 1 мамырында дүниеге келдім. Бала күнімізден әкеміздің жырын үнтаспадан тыңдайтынбыз. Үнсіз суретіне қарап өскен адамбыз. Беріден соң мектеп оқып жүргенде өлең айтпасымызға қоймады. Тектінің тұяғы, алтынның сынығы деп 1-2 сынып оқып жүргенімізден-ақ домбыра үйретті. Одан Қармақшыға келіп Бидас ағамнан үйрендім. Мектепаралық сол кездегі конкурстарға қатыса бастадық. Ол кезде фестиваль дегендер жоқ. Қазақта: «алтынның ұшып түскен ұшқыны да алтын» деген сөз бар ғой. Сол бізді әр жерде шақырып жүреді.
1989 жылы мектеп бітірген соң «Ленин жолы» газетінде Қызылорда облыстық оқуға түсушілер арасында талапкерлерге конкурс болып жатыр дегенді есіттік. Бұл жаңалықты естіп біз де бардық. Бірақ кештеу қалып қойсақ керек. Ең соңынан адам бар ма деп, бәрі жабылғалы жатыр екен. Жанымда жеңгем болды. Мені ертіп апарған ғой. Ауылдан шыққан ынжық бала кезіміз болатын. Содан:
– Бір бала қалды, менің қайным бар, – деді.
– Қайның кім?
–Арнұр.
– Фамилиясы кім?
– Көшенеев.
– Әй, сен, Көшенейдің баласы емеспісің? – деді.
– Басты изеп, сол жерде өлеңімді айтып бердім. Содан не керек, Алматыға жолдама алдым. Оған дейін аудан көлемінде ғана жүрген едік. Ол кезде облыста сабантойлар болады. Сонда ауданнан Шәмшат апамыз, Қали Шыңғысов, Орақ Дәнекеров, Несібелі Нұрәлиева сынды өнерпаздар шығады. Олар автобуспен Ленин совхозына өтіп кетеді. Сүйінбай Ақбаев, Жаппар Тұңғышбаев, Қуандық Бүрлібаев, Зәуре Кәрібаева сынды жыраулар шығып Ақжарға келіп, «Көшенейдің шаңырағы» деп біздің үйге сәлем береді. Маған домбыра тартқызады, үйретеді. Әлі есімде домбыраның құлағын дұрыс келтіре алмаймын. Өлең айтып бер дегенге айтып отқанмын. Сол кезде бір-біріне сыбырлап отыр екен ақсақалдар. «Әй, әкесі болғанда домбырасының құлағын келтіріп беретін еді-ау» дейтін көрінеді. Шешем кісілер кеткеннен кейін жылап «әкең болғанда расымен құлағын келтіріп берер еді» деп егілді. Солай әр ауылдан жиналып ол кездегі мәдениет үйінің «Кубань» деген автобусымен қалаға баратынбыз. Ол кісілер мені қасынан тастамай алып жүретін еді. Жалпы адамды орта қалыптастырады. Сол ортаға қалыптаса берсін дегені ғой. Сонымен Алматыдағы Құрманғазы консерваториясына жолдама алдым. Жасыратыны жоқ, атынан ат үркетін консерватория ғой, жүрексіндім. «Құдықтың түбіндегі құрбақаға жердің беті түйменің көзіндей көрінеді» дейді. Осылайша Алматыға арман қуып кеттім. Алматыға барғаннан кейін емтиханға бір күн қалғанда Алмас аға Алматов тауып алды. Ол кісі Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерватория жанынан ашылған «халық әні» кафедрасының меңгерушісі қызметінде еді. Мені емтиханға дайындап, сонымен не керек 2 жылдық дайындық курсы деген болды, соған түстім. Шешемнің де, менің де қуанышым да шек жоқ. Ауылға келіп оқуға түскеніме құдайыжолы бердік. 1 жылдан кейін негізгі курсқа түстік. Содан 1992 жылы денсаулық жағдайыма байланысты Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне ауыстым. Содан бері күні бүгінге дейін өнер жолында келемін.
– Жыраулық өнерді бүгінде сізден басқа отбасыңыздан кімдер жалғастырып жүр?
– Көшенейден тараған 4 баламыз. Бәріміз де өлең айтамыз. Шынын айту керек, бәрі бір-бірінен асырып, мақамды бұзбай айтады, тұқым ғой. Бірақ ортаға шығып көрініп жүрген мен ғана. Барлығында музыкалық білім бар, дегенмен әркім өз қалауымен түрлі салада жүр. «Өлең айт» деген жерде қайсыбірі болмасын, тартынбайды. Ортаншы ағам Нұрболдың ұл-қыздары өлең айтады. Байбол Көшеней деген інім «музыкальныйды» бітірді. Бірақ ол классикалық әндер шырқайды. Терме де айтып жүр. Бала күнінде ұлым да, қызым да өлең айтатын. Қазір олар да басқа салада. Жырға қызығушылықтары болмады. Біз атадан жыр айтып келе жатқан төртінші ұрпақпыз, бізден кейінгі ұрпақ та айтса екен дейміз...
– Аға, жаңа қызметіңіз құтты болсын! Мәдениет – әр ұлттың рухани болмысы, ақыл-ой парасаты, бет-бейнесі. Сала жұмысына қатысты қандай жаңалық күтеміз?
– Рақмет! Өзің айтып отырғандай, мәдениет – қоғамның айнасы. Ұжыммен танысып, пікір алмасудамыз. Мәдениет үйі болғаннан соң жан-жақты мамандар болғанын қалаймыз. Осы орайда вокальды инструментальды ансамбль (ВИА) құру ойда бар. Бұл жерде ізі бар, бірақ мамандар жоқ екен. Байқоңыр қаласына концерт беруді ойластырып жатырмыз. Сосын өзге аудандарға шығып концерт берсек дейміз. Біраз дүниені жос­парлап отырмыз. «Асатпай жатып құлдық деме» дегендей мынаны жасаймыз деп айтпай-ақ қоялық. Бәрі уақыт еншісінде.
– Мәдениет үйіне жас мамандар тарту ойда бар ма?
– Биыл «Жастар жылы» деп жатырмыз. Жас мамандар тарту ойда бар, әрине. Аудан әкімі Сұлтан Ысқақұлы өнерді құрметтейтін кісі. Қай жағынан болмасын жастарға байланыс­ты қолдау көрсететінін айтты. Сондықтан алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істейтін боламыз.
– Жақсының жалғасы болсам деп жыраулық жолда жүргендердің арасында өзіңізден кейінгі буыннан кімдерді айта аласыз?
– Қазіргі уақытта жыраулардың деңгейі жоғары. Осы уақытта ауданымызда тірі жәдігерлерден үлкеніміз – Бидас жырау. Зейнетке шықса әлі күнге дейін осы жыраулық өнердің ізін жалғап шәкірт тәрбиелеп келеді. Мақам сазды Бидастай таза салатын адам жоқ. Жас буыннан Күнсұлу Түрікпен, Нұршат Ақбаева, Ғазиза Шаймаханова, Марат Бедебаев, Фариза Бедебаева, Меруерт Ұзақбай, Арай Оңғарқызын айтуға болады.
– Қалай ойлайсыз, қазіргі таңда өтірік өрге жүзе ме?
– Өтірікті «ешіп» айта беруге болады. «Өтіріктің арты бір тұтам» дейді дана халқымыз. Өзім өтірік айтпайтын адаммын, сосын біреудің де өтірік айтқанын жақтырмаймын. Тұрмағанбет айтады: «Керіспеймін деп мақтанба, кек сақтамаймын деп мақтан» деп. Сол өтірік айтқаннан ертеңіне кек сақтап жүргенді ұнатпаймын. Қалған көңіл шыққан жанмен бірдей деген. Мен ешкімнің кеуілін қалдырғым келмейді.
– «Маған талайлар ерді, талайлар тастар кетті. Ал сен маған өмірлік серік болдың әдемі ән» дейтін Нартайдың сөзі бар. Жыр да солай сіздің серігіңіз емес пе? Осы өнер жолында жеткен ең үлкен жетістігіңіз қандай?
– 2007 жылы «Тау тұлға Тұрмағамбет» атты ақынның 125 жылдығына республикалық жыраулар байқауы өтті. Сол байқаудан бас жүлде джипп, автокөлігін иемденген болатынмын.
– Ер жігіттің басына нелер кетіп, не кетпейді. Қатты сүрінген кезіңіз болды ма?
– 1997 жылы әке орнына әке, шеше орнына шеше, өзіме ұстаз да болған анам өмірден озғанда қатты қиналдым. Ол кезде 25-тегі баламын. Сол жылдары бір қиын-қыстау кез болды ғой.
– Қоғам – әлемнің бір бөлігі дейміз. Бүгінгі қоғамға сіздің көзқарас қандай?
– Кейбір адамның пейілінің тарылғаны болмаса қоғам жақсы ғой. Оны қоғамнан, заманнан көреміз. Адамның мінезі өзгеріп барады...
– Сынды қалай қабылдайсыз?
– Сынды қабылдаймын. Алдыңғы аға буын ақыл-кеңестерін айтып жатады, құлақ асам, әрине. Кейде орынсыз сын да болып жатады, оны көтере алмай қалам. Мен өзімнің шамамды білемін. Сондықтан біреудің артық сөзін көтеретіндердің қатарынан емеспін.

Сұхбаттасқан Ақнұр Сағынтай.
22 ақпан 2019 ж. 2 345 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031