» » » Келіспеушіліктің кесірі кісіні кері кетіреді

Келіспеушіліктің кесірі кісіні кері кетіреді


«Дау мұраты – біту» демекші ертедегі билер сотының түпкі мақсаты – екі жақты татуластыру болған. Ал, бүгінде дауды тек сот шешеді деп біріміздің үстімізге біріміз арыз жазатын күйге жеттік. Ашу басылған соң бармақ тістеп қалатынымыз тағы бар. Сол үшін сот – әділ, әрі бейбіт жолды көрсететін алтын көпір болуы керек. Адам тағдырына жауапты мамандардың бүгінгі болмыс-бітімі хақында аудандық сот төрағасы Дархан Кентбаевты әңгімеге тартқан едік...
– «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 20 қадамына сәйкес барлық сот процесінде аудио және бейнежазба жүйесіне жазу шараларын міндетті түрде енгізу тапсырылды. Айтылған мәселелер өзіңіз басқарып отырған аудандық сотта қаншалықты шешімін тапқан?
–Аудандық сот залдары аталған құрылғылармен толықтай жабдықталған. Бұл – сот жүйесінің алға қойған негізгі міндетінің бірі. Әрине, сот төрелігінің барынша ашықтығын қамтамасыз ету үшін аудио және бейнежазбаға түсіру құрылғыларымен қамтамасыз етілген. Мақсат – сот талқылауы барысын дәл тіркеу үшін, азаматтық, қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша іс жүргізуде, не тәртіптік іс бойынша іс жүргізу шеңберінде нақты деректерді белгілеу. Ең алдымен ҚР Азаматтық процесуалдық кодексіне сәйкес, төрағалық етуші сот отырысын ашады. Қаралатын істі айтқан соң сот отырысында аудио және бейнежазба құралы пайдаланатыны жайында хабарлайды. Мұның мүмкіндігі көп. Мәселен, сот отырысы барысында шешілмеген, даулы жағдай туындағанда, сот процессіне қатысушылардың өз пікірінің дұрыстығына немесе қателігіне көз жеткізу үшін электронды жазбаға жүгіне алады. Бұл ең алдымен халықтың сотқа деген сенімінің артуына себепші. Сондай-ақ, сот отырыстарында мұны қолданудың артықшылығы көп. Сот төрелігінің уақыт сынына жауап беретін көрнекті нәтижесі десек, артық болмас. Әрі сот процесін жылдамдатып, автоматтандырады, оны тиімді ете түседі. Сот процесі аяқталысымен қатысушыларға бейне және дыбыс жазбаны көшіріп беруге рұқсат етілген.
– Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы мен Әз Тәукенің Жеті жарғысын үлгі еткен бүгінгі Ата Заңнын аясында цифрлы Қазақстанға бағыт алдық па? Жаңа техналогияларды меңгеріп жатырмыз ба, әлде сол баяғы қағазбастылық па?
– Тәуелсіз елде ақпараттық технологиялардың қолданылуы ілгерілеуде. Бүгінде еліміздегі көптеген мемлекеттік орган іс жүргізудің озық технологиясын, электронды құжат айналымын пайдаланады. Бұл игі үрдістен сот та тыс қалмай, іс жүргізуде заман ағымына сай жаңа жүйені меңгеруде. Соттармен арадағы құжат айналымы мәселесі бірте-бірте қағаздан электрондық форматқа ауыстырылды. Бүгінгі таңда құжат айналым жүйесі жетілдірілді. Соттарға «Төрелік» құжат айналым ақпараттық жүйесі енгізіліп, күнделікті іс жүргізу аталмыш жүйе арқылы жүзеге асырылуда. Жалпы, «Төрелік» ақпараттық жүйесінің мақсаты – іс жүргізу ақпаратын, шығарылған шешімдермен танысу, қаулылармен, сот ұйғарымдарымен және басқа да қажетті ақпараттарды сот ісін жүргізуге қатысушыларымен шұғыл алу. Азаматтар үйінде ғаламтор арқылы электронды түрде талап-арызын беріп, сол арызының қандай сатыда жүріп жатқанын қадағалай алады. Аталмыш жүйе басқа мемлекеттік органдармен ақпарат алмасуға да қолайлы. Жүйені пайдаланушыларға тіркеу рәсімі жеңілдетілген, ақпарат алу жүйесі жеделдетілген, барлық тіркеу түрі онлайн режимінде көрінеді.
– Бүгінгі қоғамда өзекті мәселелер аттап басқан сайын кезігеді. Әкесі баласымен, келіні енесімен соттасатын деңгейге жеттік. Сіз қалай ойлайсыз, бұған не себеп?
– Қазақтың дәстүрлі отбасында ене мен келін арасындағы қарым-қатынаста ешқандай қиындық болған емес. Ене мен келін институты ықылым заманнан ұрпақ сабақтастығы арқылы ғасырдан-ғасырға жетіп отырған. Оны бұзған кешегі кеңестік кезеңнің кертартпа саясаты. Осы кезден бастау алған «тең құқылық» қазақ отбасында ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан игі дәстүрлерге, оның ішінде осы келін мен ене арасындағы байланысқа да әсер етіп, олардың бір-біріне қарсы келуіне дейін жол ашты. Кеңестік кезең келіндерінің бірқатары қызмет пен мансапты алдыңғы орынға қойып, бала тәрбиесіне жете мән бере қоймады. Сол келіндер бүгінде ақ жаулықты ана, асыл әже атанып отыр. Бірақ олар бүгінде келін тәрбиесіне мән беріп отыр ма? Мәселенің бір ұшығы осыған да келіп тіреледі. Бүгінде салт-дәстүрден хабарсыз, келіннің қателігін сөзбен ұғындырудың орнына жерден алып, жерге салып, зіркілдей жөнелетін, ұл-қызымен, келінімен жарыса ашық-шашық киінетін, бала-шағасымен стақан қағыстыратын «современный» енелер кездеседі. Бұлар келініне дұрыс бағыт көрсетіп, жөн сілтей алмағаннан, яғни тәрбие нәрін дұрыс себе білмегеннен отбасында ұрыс-керіс орын алады.
– Медиацияны құрғандағы негізі нысан – сотқа дейін жеткізбей мәселені шешу. Мұндағы мақсат пен мүдде қатар ұштасады. Жалпы, медиация мақсаттан шығып отыр ма?
– Сот жүйесінің дамуы қазіргі таңда күн санап қарқын алып келеді. «ҚР 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы туралы» Елбасының Жарлығы сот билігінің қызметін толық, объективті және бейтарап етуге мүмкіндік берген болатын. Бұл жөнінде «Медиация» институты «өмірге келді». Медиацияның тарихы тереңде. Адам арасында алғашқы дау қай кезде туындаса, бітімгершілік те сол заманда пайда болған. Сондықтан, бұл әдіс алғашқы қауымдық құрылыс дәуірінде болған.
Медиатор – бітімгер. Бұл – қазақ халқының ұлттық болмысына ең жақын ұғым. Іргесі берік қазақ қоғамында небір даулы мәселелерді екі ауыз сөзбен шешкен, даулы ауыз билер болғанын тарихтан жақсы білеміз. Ендеше, сот жүйесіне бітімгерлік тәсілін енгізу қазақ халқының бүкіл әлемге үлгі етерлік шешендігі мен көсемдігін жаңғыртуға жасалған игі қадам деп түсінемін. Бүгінде судьялардың жүктемесі ауыр. Сондықтан, ең алдымен, кейбір істерді медиаторлардың қарауына беріп, соттардың жүгін әжептеуір жеңілдетуге қол жеткізіледі. Тіпті, бұл – соттың баламасы. Бұл жол тараптардың өздері үшін де тиімді. Оның үстіне қазір адамдар арасындағы кейбір қақтығыстар қантөгіспен аяқталып жатады, мұндай жағдайда араздасқан адамдарды бітімгершілік жолмен татуластыру ең оңтайлы жол. Ауданымызда кент әкімшілігінен медиация кабинеті ашылған, аталмыш кабинет халыққа дауларды соттан тыс жағдайда шешудің артықшылықтарын білуге мүмкіндік беретін маңызды қадам. Кабинет қажетті техникамен жабдықталған. Медиацияны қолдану аясы және оны жүргізу қағидаттары туралы ақпараттар жазылған арнайы стенд орналастырылған. Медиация институтының дамуына Қармақшы ауданында кәсіпқой емес медиаторлар да ат салысуда.
Қармақшы аудандық сотында қаралған істер бойынша салыстырмалы статистикалық мәліметтерге тоқталсақ, 2016 жылы 12 азаматтық іс, 18 қылмыстық іс, 1 әкімшілік іс аяқталса, 2017 жылы 60 азаматтық іс, 27 қылмыстық іс, 30 әкімшілік іс аяқталып отыр. Осы мәліметке қарап-ақ медиация Заңының қолданылуы кеңейгенін көруге болады. «Ұрыс тұрған жерде ырыс тұрмас» дейді халқымыз. Ендеше ұрысты азайтсақ, елге ырыс қонары анық.
– Тарихтағы билер сотының түпкі мақсаты – екі жақты татуластыру, табыстыру болған. Мәселен, ажырасу үшін екі тарап билерден ақыл сұрап, мәселенің түйінін шешкен. Соның жалғасы іспеттес бүгінде пилоттық жоба ретінде «Сотсыз татуластыру» орталығы құрылды. Нәтиже қандай?
– Өздеріңізге белгілі, Елбасы Н.Назарбаев дауларды соттан тыс реттеу институттарын дамытуды жалғастыру, ұсақ-түйек мәселе бойынша дауды шешу соттан тыс тәртіппен жүргізілетіндей тетіктер қарастыру жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Осыған орай, ҚР Жоғарғы Сотымен қоғамдағы даукестік деңгейін төмендету, дауларды сотсыз шешу институтын дамыту, халыққа түсіндіру жұмысын жүргізу үшін «Сотсыз татуласу орталығын» құру жобасы ұсынылып отыр. Әрі оны жүзеге асыру үшін пилоттық аймақ ретінде Қызылорда облысы белгіленді. Мақсат – халықтың санасын өзгертіп, қоғамдағы даукестіктің деңгейін төмендету және дауларды келісім арқылы тиімді шешу.
– Сот қашан да халық қорған сұрап баратын жердің бірі. Мұнда туралықтан тайып, әділдіктің арнасын бұруға ешкімнің де хақысы жоқ. Осы ретте судьялардың әдеп кодексі қалай жүзеге асуда?
– «Елге бай құт емес, би құт», «Тура биде – туған жоқ, туған биде - иман жоқ» деп философиялық ой түйген бабалар сөзінің бүгінгінің билеріне берер тәрбиелік мәні мен тағылымы ерекше. Бүгінде елімізде жүргізіліп жатқан сот-құқықтық реформалар оң нәтижесін беруде. Республика азаматтарының әділ сот төрелігіне деген сенімі уақыт өткен сайын артып келеді.
Сот билігінің бұрынғы бес сатыдан қазіргі үш сатыға ауысуы да қарапайым жұрт үшін сот төрелігінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатындағы оң өзгерістер деп айтуға болады. Өзінің құқығы бұзылды деп ойлаған кез келген азамат алдымен сотқа жүгінетіні заңдылық. Бұл – бүгінгі жүргізіліп отырған мемлекеттік саясаттың оң нәтижесі.
Ал қоғам дамыған сайын судьяның кәсіби біліктілігіне деген талап күшейе түспек. Сонымен қатар, бүгінгі күні судья мәртебесі Елбасының 2000 жылғы 25 желтоқсанда қол қойған «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңымен белгіленгені жұршылыққа аян. Одан бергі жылдары аталған заң үнемі жетілдіріліп, судьяның доғарысқа немесе зейнет жасына толуына байланысты оларды әлеуметтік қорғау мемлекет тарапынан үнемі қолдау тауып келеді.
Ата Заңымызда көрсетілгендей, Қазақстан Республикасында сот төрелігін тек сот қана жүзеге асырады.
Судьялар сот төрелігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз және Конституция мен заңға ғана бағынады. Міне, осының барлығы сот жүйесі мен бүгінгінің билеріне деген үлкен құрмет және жанашырлық деп түсінген абзал.
Сұқбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан
Айнұр ӘЛИ.
15 ақпан 2019 ж. 1 535 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031