» » » ТӨРЕЛІК АЙТУ – АҒАЙЫНҒА ОЙЫСУ ЕМЕС

ТӨРЕЛІК АЙТУ – АҒАЙЫНҒА ОЙЫСУ ЕМЕС

Дархан Кентбаев, аудандық сот төрағасы:
Бәзбіреуден қары­зын ала алмай жүрген­дер, жазық­сыз жапа шеккендер, одан қал­ды алаяқтар арбауына тү­сіп қалғандар пана іздеп, көмек сұрап сот алдына арызданып барады. Адам тағдырына жауапты ма­­­­ман­дардың бүгінгі болмыс-бітімі хақында аудандық сот төрағасы Дархан Кентбаевты әңгі­меге тартқан едік...
– Қай, қызметтің болмасын өз жауапкершілігі бар. Ал, сот саласындағылар адам тағдырына жауапты. Мойынға әділеттің қамытын киген саланың бүгінгі көрінісі қандай? Ел сенімі қаншалықты?
– Сот – туралықтың, төреліктің кепілі. Әйгілі билердің «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген сөзі әрбір судьяның кеудесінде ұстаным боп қалыптасу шарт. Жеке мүдде деген ұғымға жақындамай, әркез мемлекет мүдде­сін ойлап, жеке мәселеден биік қоя білсең ғана салада алған асуың да молаяды, өз біліктілігің де артады. Ал, сот саласы жеңілдің астымен, ауырдың үстімен сырғып өтетін сала емес. Сотқа сенім, судьяға құрмет қалыптастыру жолында қазір біршама шара атқарылуда. Ел Президенті республика судьяларының съезінде: «Сот жүйесін реформалаудың негізгі мақсаты – тәуелсіз және сатылмайтын сот билігін қалыптастыру. Бұл жерде судьялардың адалдығы мен біліктілігі, сот төрелігінің әділеттігі мен қолжетімділігі маңызды. Реформаның басты буыны – сот билігі. Біз оны жаңғыртпасақ, басқа шараларымыздың пайдасы болмай қалады», – дегені есімізде. Төрелік айту – ағайынға ойысу емес, ағайынның өтінішін орындайтын судья – судья емес, судья болуға лайықты да емес. Қазақстандық сот көрсеткіштері, рейтингі өзгелерден көш ілгері.
– Елде сот құрылымы жиі сынға ұшырап жатыр. Жақып Асановтың көтерген мәселесі тағы бар. Сыннан нәтиже шығып жүр ме?
– Сын айтылған дұрыс. Ол – шыңдаудың жолы. Әйтпесе, қазақ неге «біреуді құздан құлатқың келсе, өшіргің келсе, жер-көкке сыйғызбай мақта» деді. Мақтау адамды бір деңгейде қалдырып, тұралатады. Біз халықпен жұмыс істейміз, елге қызмет көрсетеміз. Сондықтан көзге көп түсетініміз анық. Процеске келетін тараптар табалдырықтан аттағаннан  бастап шешім қолына тигенге дейінгі кезеңдерді ойша таразылап, көңіліне жақпағанын жұртшылық талқысына салуға үйренген. Төрелік алаңында кішкентай кемшілік кетсе де жасырып, жабу мүмкін емес. Сондықтан, үшінші билік туралы теріс пікір қалыптаспас үшін кемшіліктерді дер кезінде түзеп, жұмысты заман талабына сай үйлестіруге барымызды салып келеміз. Электрондық технологиялардың енгізілуі қызметімізді бұрынғыдан сапалы, жылдам, ашық еткенін айта кеткеніміз жөн. Халықпен байланысты нығайтып, ашық диалог орнатқан жағдайда сырттай сын айтып, жала жабу деректері де азаяды. Осы тұрғыдан алғанда, тұрғындармен жиі жүздесіп, қоғамдық қабылдаулар ұйымдастыру жұмыстағы кем¬-кетікті тереңдетпей шешуге жол ашады.
– Медиация қаншалықты қолданыста? Сотқа дейін жеткізбей шешу жолдарын насихаттауда нәтиже қандай?
– «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген екен қазақ атам. Ынтымақтаса жасаған жұмысымыздың көрсеткіші көңіл қуантады. Медиацияны дамытудағы алғашқы қадамды аудан әкімшілігінен медиция кабинетін ашудан бастадық. Арнайы кабинеттің ашылуы халыққа дауды соттан тыс жағдайда шешудің артықшылықтарын білуге мүмкіндік береді. Кабинет қажетті техникамен, анықтамалық материалдармен және буклеттермен жабдықталған. Медиацияны қолдану аясы және оны жүргізу қағидаттары туралы ақпараттар жазылып, жұртшылық танысуы үшін көрнекі жерге ілінген. Сонымен қатар, медиаторлардың ісін ілгерілетуге барынша қамқорлық танытып, қолдау көрсетіп жатқан жайымыз бар. Бұқаралық ақпарат құралдарымен біріге отырып, үнемі медиацияның қыр--сырын, пайдасын түсіндіретін дөңгелек үстел, жиындар өткізу де дәстүрге айналған. Мұның барлығы қазір өз жемісін беріп жатыр. Мәселен, Қармақшы аудандық сотында 2016 жылы 12 азаматтық іс, 18 қылмыстық іс, 1 әкімшілік іс бітімгершілікпен аяқталса, 2017 жылы 60 азаматтық іс, 27 қылмыстық іс, 30 әкімшілік іс медиацияның көмегімен шешімін тапқан.
– Сенім жұмыста ынтаны арттырады. Әлі де ел сенімін нығайту бағытында шаралар атқарылатын шығар...
– Сот табалдырығын аттаған әр адамда «осы жерден әділдік табамын» деген сенім болуы керек. Сенім қалыптасу үшін не істеу керек? Ең алдымен сол істі қарайтын судьялардың кәсіптік деңгейін көтерген маңызды. Олар әділ ғана емес, білімді, білікті, қолы таза болуы шарт. Заңгерлік білімді меңгерумен мәселе шешілмейді. Өзінің әдебімен, парасатымен, әділ шешімімен тараптарды мойындата білген қазы ғана сотқа деген сенімді бекіте түседі.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұқбаттасқан: Дәулет ҚЫРДАН,
«Қармақшы таңы».
19 маусым 2018 ж. 3 266 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (10362)

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 737

Сұхбат

Мәдениет

Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.
БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

08 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 790

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031