» » » «ИТАЛИЯДА ОҚУ АРМАНЫМ БОЛҒАН»

«ИТАЛИЯДА ОҚУ АРМАНЫМ БОЛҒАН»

Қасиетті өлкемізде білімді жастар аз емес. Олардың бірқатары республикамыздың түкпір-түкпірінде білім алса, бірқатары шетелдерде білім алып жүр. Жастарымыздың білім өріне шығып, көкжиегін әлем кеңістігімен әдіптеуі – озықтық пен қазіргі тілмен айқанда заманауилықты білдірсе керек. Асқақ арманмен шетелде білім алуды қалаған жастың бірі, жерлесіміз – Айгерім Әбдіқадырқызы Лаубаева Италияның Тор Вергата Рим университетінде оқиды. Төменде жас ізденушімен болған сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.
– Айгерім, талабыңа нұр жаусын. Оқырманымызға түсінікті болу үшін әуелі өзіңді таныстырып өтсең?
– Мен 2007 жылы дүниеге келгем. 2025 жылы Жосалы кентіндегі Т.Көмекбаев атындағы №250 мектеп-лицейін тәмамдадым. Мектепте белсендінің бірі болдым. Іс-шараларды ұйымдастыруға атсалысатынмын. Көбіне спикерлікке шақыратын. Қонақтарды қарсы алу, жиынның тартымды өтуі тапсырылатын. Жыл сайын пәндік олимпиадаларға қатысып, оның ішінде орыс тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы, ағылшын тілі пәндерінен жүлделі орындар алғаным бар.
Мектепте ортаңғы сыныптарда спорт жағынан да жақсы болдым. Бокстан жаттығуға қатысқанмын. Одан Жандос деген ағайым болды. Сол кісінің арқасында жарыстарға барып жүрдім. Дәл сол кездерде өнер мектебіне де баратынмын. Онда фортепиано аспабында ойнауды үйренсем, бір жағынан хор мен ән айтуға бейімім болды. Ардақ деген апайым болған. Сол кісінің жетекшілігімен концерттерде өнер көрсететін едік. Түрлі жарыстарды көрдік. Оқушылар үйіндегі Жадыра апайдан бес жыл тәлім алдым. Ортаншы сыныптарда осындай біраз нәрсені алып, секция, үйірмелерге қатысып жүрдім. Десе де, үздік оқушы қатарында болғасын оқу деңгейімнен айырылғым келмеді. Сол үшін спорт, би секцияларын қойып, сабаққа баса ден қойдым. Бітіргенше үздікке оқыдым.
– Менталитеті таныс емес, бөтен ел, бөтен жерде жүру үшін жүректе түк болу керек шығар. Шетелде оқу идеясы қалай келді?
– Шетелде оқуым керек деген шешімді 9-сыныпта қабылдадым. Жалпы бала кезімнен қиялымда өзімді шетелден көретінмін. Ел-жер көрсем, білім алсам деген арманым болатын. Сол 9-сыныптың орта шенінде өзім үшін шешім жасап, қалай да шетелге оқуға түсуім және оған дайындықты қазірден бастауым керек деген нақты мақсат қойдым. Анам екеуміз ақылдасып, курс сатып алдым. Ол уақытта ағылшын деңгейім төмендеу еді. Сол 9-сыныптан бастап біліміме бұрынғыдан да қатты мән бере бастадым. Сөйтіп, 11-сыныпқа дейін ағылшын тілінен деңгейімді көтеруге барынша тырысып, жетілдіре түстім. Қосымша көп іздендім. Өйткені мен тапсыратын емтихан IELTS деген халықаралық деңгейдегі бағдарлама болғасын оған қойылатын талап та, жауапкершілік те жоғары болатын. Емтиханнан өтуге деңгей керек болды. Ағылшын тілін шеберлік деңгейінде игеруім керек екен. Сол себепті күш-жігерімді салып ізденіп, мектеп бітірердің орта шенінде сол IELTS емтиханын тапсырып, жақсы нәтиже көрсеттім. Әрі қарай мектепті де тәмамдадық. Негізі мен мектеп бітіргенде шетелге түсе алмай жатсам, ҰБТ тапсырамын деп ойлағанмын. Оны екінші жоспар секілді көрдім. Оған да дайындықты тыңғылықты жасадым. Дүниежүзі тарихы, ағылшын бағытын таңдадым. ҰБТ-да 90-100 балл төңірегінде жинап жүрдім. Орташа деңгейде, көп те, аз да емес. Осылайша, қазан-қараша айларында шетелге таңдау жасағанымда тек Италия мемлекеті ғана емес, басқа да елдерге грантқа түскенмін. Өзім сол кезде АҚШ, Қытай, Дубай, Ұлыбритания, тағы басқа елдерге ұсыныс тастағам. Осы шет мемлекеттердің арасынан 5-6 елге оқуға түстім. Олардың ішінен таңдағаным – университетке байланысты болды. Италияда фаундейшн бағдарламасына таңдауым түсті. Шетелдік білім ордаларына құжат тапсырғаныммен, ҰБТ-ға да дайындығымды жүйелі түрде жүргізіп отырдым. Онда да ағылшын тіліне дайындығымды күшейттім. Тіл білуді маңызды санадым. IELTS-тан максимальді балл – елуден елу жинағасын, Дүниежүзі тарихына дайындығымды пысықтадым. Шетелге оқуға түстім деген жаңалықты естігенімше, грантқа түсуге Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына дайындалдым.
– Бұйырса, биыл да ауданымыздан жүздеген түлек алтын ұя – мектептен ұшқалы тұр. Арасында талай қаракөзіміз шетелде білім алуды аңсап жүрген болар. Оларға да бір тәжірибе болсын, өзің сынақтарға қалай дайындалдың, сол жөнінде де айтып өтсең.
– Үлкеннің де, жастың да білім әлеміне терең бойлай алатын орны – кітапхана. Менің де дайындығымда кітапхананың орны бөлек. Аудандағы «Руханият орталығына» барып, құрбыларыммен кітаптар оқып, білім көкжиегімізді кеңейте түстік. Орталық қызметкерлеріне өте ризамын. Ол жердің атмосферасына, апайларға алғысымды білдіремін. Кітапхана болғасын, тып-тыныш, оқуға, білім алуға барлық жағдай жасалған. Далаға шығып ауа жұтсаңыз да керемет. Кітапханашы апайлар да жайлы. Келгенімізге қуанады, сұрағымызға жауап береді, іздеген кітабымыз да көп күтпей табылады. Сабақ оқығыңыз келсе, сабақ оқисыз, сергігіңіз келсе, ол да осында. Таңертеңгі сағат 9-да келгеннен түн мезгіліне дейін, кітапхана жабылғанша сол «Руханияттың» ішінен табылатынбыз. Тестілеу сынағы 14 маусымда өтетін болса, соған дейін ізденісімізді тоқтатқанымыз жоқ. Қасымда 2-3 қыз бар, басқа да мектептерден бітіруші сынып оқушылары бәріміз қанаттасып кітапханада дайындалатынбыз. Интернет бар, қандай мәлімет болсын, табылатын. Орталықта адамның білім іздеп, оқуына, өзін рухани тұрғыда жетілдіруіне жақсы жағдай жасалған деп айта аламын. Осындай мүмкіндік берген мемлекетіме алғысым шексіз.
– Енді сұхбатымыздың шешуші жеріне келгендейміз. Қазір қандай мамандыққа оқудасың. Қалай түстің, ол үшін не істеу керек?
– Бірде орталықта дайындық үстінде отырғанымда кураторымнан оқуға түскенім жөнінде хабарлама келіп түсті. Сол кездегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Айлар, жылдар бойғы дайындығымның босқа кетпей, нәтиже бергеніне көңілім марқайды. Жалпы басқа да шетелдік университеттерге түсіп отырғанмын. Бірақ Италияға ерекше ықыласым кеткен-ді. Қалай болар екен деген ішкі толқуым мына хабарды естігенде керемет қуанышқа кенелдім.
Қазіргі университетке фаундейшн бағдарламасымен оқып жүрмін. Әлемдік көзбен қарайтын болсақ, Еуропада орта білім 12 жылдық болып саналады. Қазақстанда НИШ-та балалар 12 жыл оқиды. Бізде жалпы білім беру 11 жылдық. Сол еуропа 12 жылдық білім жүйесін талап етеді. Сол үшін 11-сынып бітіргесін әрі қарай оқу керек болды. Жас түлектерге айтарым, әсіресе шетелге оқуға түскісі келіп отырған талапкерлер, 12 жылдық білім жүйесін толтыруға 3 тәсіл бар. Атап айтқанда, біріншісі 9-сыныптан кейін кетіп қалып 3 жыл оқу, екіншісі 11-сыныпты бітіріп, 1 жыл Қазақстандағы универде білім алу, үшінші тәсіл – мен таңдау жасаған фаундейшн тіл үйрену бағдарламасы. Бір жағынан жоғары оқу орнына дайындайтын жол десек болады. Иә, осы бағдарлама бойынша білім алудамын. Қазіргі таңда итальян тілін жақсы меңгеріп алдым. Бірінші семестрде итальян тілінен емтиханды сәтті тапсырсам, екіншісіне рұқсат алып,таңдаған бағытым бойынша оқулықтар оқи бастадық.
Менің білім алып жатқан ортам – Италияның Тор Вергата Рим университеті деп аталады. Бұл елдегі құрылу кезеңі бойынша екінші беделді жоғары оқу орны болып табылады. Ол Рим қаласында орналасқан. Бұл жақта екі бағыт бар. Бірі – әлеуметтік ғылымдар бағыты болса, бірі – жаратылыстану ғылымдары бойынша. Одан басқа, экономикалық, заңгерлік, инженерлік, медициналық мамандықтарына оқытады. Мен соның әлеуметтану ғылымдар саласы бойынша білім алып жатырмын. Одан өзге математика, география, италиян мәдениеті мен әдебиеті оқытылады. Сабақтар ағылшын тілінде өтеді. Бакалавриатқа бірнеше университетке құжаттарымды тапсырып қойдым. Алда тағы таңдап отырған оқу орындарым бар. Қазірдің өзінде екі универге «Халықаралық қатынастар, экономика және бизнес» факультетіне түсіп отырмын.
– Мектеп шәкірт жүрегінде алтын әріппен жазылатын ыстық ұя. Ұстаздарың туралы не айтар едің?
– Ұстаз дегенде ұлағат иелері еске түседі. Барша мектебімнің педагогикалық қауымына ризашылығымды жеткіземін. Сынып жетекшім болған Гүлдана Қарақұлова ұстазыма алғысым ерек. Ол кісінің алдында шәкірттік лебізбен басымды иемін. Мені әлпештеп бауырына басып, түсінбей жатқан нәрсемді түсіндіріп, қорған болған екінші анам десем артық емес. Сондай-ақ мамандық таңдауыма үлесін қосқан тарих, география пәнінің мұғалімі Асылхан Күшікбайұлына да риясыз алғысымды білдіргім келеді. Ағайдың ерекшелігі – білім-тәрбиемен шектелмей, өмірлік кеңесін беретін. Өмірге де бейімдейтін. Осы оқу орнын таңдауыма себеп болған жанның бірі ағайым деп ойлаймын. Баланың сабаққа деген құштарлығы мұғалімнің білім-білігіне, парасатына тікелей байланысты. Мұғалімім осындай ұлағатты болғасын осы деңгейге жеттім деген ойдамын. Одан бөлек, өзімнің анама да алғыс айтамын.
– Айгерім, ана демекші, анаңыз, ауданымыздың білім саласына ұзақ жылдар еңбегі сіңген, басшылық қызметтер атқарып келе жатқан бүгінгі таңда кент орталығындағы №27 орта мектепке басшылық ететін Құндызай Жұматайқызы екенін білеміз...
– Иә, анам педагогика саласының білікті маманы. Басқа елде білім қуып жүргенімнің өзі анамның арқасы деп білемін. «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» дегендей, шетелге жіберу ата-ана үшін оңай шаруа емес. Қанша дегенмен бөтен ел, бөтен жер қорқады. Бірақ маған дем берген де, қанат бітірген де анамның сенімі болды. «Саған сенемін, қолыңнан келеді» дегенді үнемі айтады. Анам ана ретінде ғана емес, досым да бола алды. Екеуміздің ара-қатынасымыз өте жақын. Одан ештеңені жасырмаймын. Ашық айта аламын. Анам мен нағашы әжемнің тәрбиесін алғаныма қуанамын. Сол кісілердің арқасы осылай жарқырап жүргенім. Анам бетімнен қаққан емес. Сенімі мен қолдауының нәтижесінде көптеген өнерді меңгеріп, игердім.
– Шетелде оқып жүрген жас ретінде басқа да қосарың бар ма?
– Шетелге оқуға түсу жеңіл істен емес. Кім түсем деп жатса да, бастапқы капиталы болу керек. Анам ғана жалғыз қамқоршым екенін білген соң 16 жасымнан жұмыс істей бастадым. Осы жасымда жазғы каникулда қалаға барып, 3 ай жұмыс істедім. Ақша жинадым, анама көмектестім. Сабақты да, жұмысты да қоса алып жүретінмін. 11-сыныпты бітіргенде Астанада жұмыс істедім. Орыс тілінде дубляж дыбысын жасайтын кастингтен өткенмін. Осы салада жарнамалар жасауға, телесераилдардың дыбысын жазуға қатыстым. Виза алуға өзім жұмыс істеп, қаражат жинадым. Жастарға айтарым, біліммен бірге, үйдегі ата-анаға да қолғабыс етсеңдер, нұр үстіне нұр болар еді.
– Біраз жайттан хабардар болдық, әңгімеңе көп рақмет, арман-мақсаттарыңның орындалуына тілекшіміз.
Сұхбаттасқан Сәрсенкүл АҚКІСІ
26 сәуір 2026 ж. 82 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№30 (10498)

25 сәуір 2026 ж.

№29 (10497)

21 сәуір 2026 ж.

№28 (10496)

18 сәуір 2026 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 963
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

ҚЫС КӨРІНІСІ
10 қаңтар 2026 ж. 599

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
27282930