» » » ҚАЛАМ МЕН ДОМБЫРАНЫ ҚАТАР ҰСТАУ ОҢАЙ ЕМЕС...

ҚАЛАМ МЕН ДОМБЫРАНЫ ҚАТАР ҰСТАУ ОҢАЙ ЕМЕС...

Өлке өнерінің шырайын шығарып, рухани байытып жүрген азаматтарымыз шүкір, аз емес. Олардың қатарында Қармақшы ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, мәдениет саласының озық қызметкері, жыраулық өнердің зерттеушісі, ақын Сәнтөре Пірмановтің шығармашылығына биыл елу жыл толса, туған жеріміздің әнұранына айналған «Қармақшым менің осындай» әнінің орындалып келе жатқанына қырық жыл болады екен. Төменде шығармашылық иесімен болған сұхбатымызды оқырман назарына ұсынбақшымыз.
– Сәнтөре аға, кейінгі жас толқын сіз туралы аз білетін шығар. Сондықтан алғашқы шығармашылық жолыңыз туралы қысқаша баяндап өтсеңіз...
– Мен тоғыз жыл Ақжар ауылындағы №28 орта мектепте оқыдым. Ал соңғы оныншы сыныпты жаңадан құрылған Қызылқұм төсіндегі Қуаңдария ауылындағы №186 орта мектепте аяқтадым. 1971-1972 жылдары аудандық «Коммунизм шамшырағы» газетіне «Ақ тон» әзіл әңгімем мен «Егінші жастың жыры» өлеңдерім жарияланып, штаттан тыс тілші атандым. 1972-1973 жылдары Алматыдағы ауылшаруашылығы институтында жеміс-жидек факультетінің дайындық бөлімінде оқыдым. Белгілі ақын-жазушылардың кездесу кештеріне қатынастым. Қадыр, Тұманбай, Фариза, Сағи, Мұқағалиларды көрдім. Қуаңдарияға қайта оралған соң бастауыш комсомол ұйымының хатшысы болып сайландым. 1973-1974 жылдары «Құралай», «Құлыншақ» балладалары мен «Уһ, жүрегім!», «Мен ертең өсемін», «Сексен шақырым», «Ауданға аттанған арыз» сықақ әңгімелерімді жаздым. «Дала қаһарманы» балладам үшін аудандық еңбек озаттары слетінде «Алтын қалам» жүлдесін иелендім. Олар аудандық, облыстық газеттерде жарық көрді. 1977 жылдан малшылар слетінде өткізілген аудандық, 1980 жылдан облыстық, аймақаралық ақындар айтыстарына қатынасып, 1995 жылға дейін аудан мен облыстың намысын қорғадым.
1980 жылы Жаңақорғандағы Манап Көкеновтің айтыскерлік мектебімен танысып, оның мүшелері Есіркеп Қонқабаев, Нұрберген Тастаев, Убайдулла Манапұлы Көкеновпен сайысқа түстім. Олардан басқа Сыр бойының даңқын шығарған Ниятолла Раманқұлов, Бибігүл Жаппасбаева, Серік Өтеуов, Елена Әбдіхалықова, Балтабай Тәжімбетов, Ұлмекен Асанова, Қазына Өзденбаева, Мәлике Нұралиева, Бекұзақ Тәңірбергенов, Серік Ыдырысов, шымкенттік Болат Қалыбеков, тағы басқалармен айтысып, ұлттық сөз өнерінің қайта өрлеп жаңғыруына өз үлесімді қостым.
– Сіздің жиырма бес жасыңызда Сыр бойына танымал болуыңызға аудандық газеттің ықпалы тиді деп есептейсіз бе?
– Мен он жылдай аудандық «Коммунизм шамшырағы» газетінде әдеби қызметкер, еңбекші хаттары және өнер бөлімінің меңгерушісі болдым. Газет мені ауданға кеңінен танымал етті. Ал енді Сыр бойына белгілі болуыма ықпал еткен облыстық ақындар айтысы болды дер едім.
– Дәл осы сәтте бұдан қырық бес жыл бұрынғы алғашқы облыстық ақындар айтысында айтқан сөздеріңізден есіңізде қалғандары бар ма?
– Иә. Өткенді де ұмытпаған жөн. Мен барлық нәрсені қысқа қайырып отырмын. Өйткені, өзім арнаулы тілші болған адаммын ғой, газетте жарияланатын мақалалардың белгілі бір көлемі, кеңістігі, көркемдік дәрежесі болуға тиіс. Айт десең үзінділер келтірейін. 1980 жылы тамыз айында Манап Көкенов мектебінің майталманы Есіркеп Қонқабаевпен сайысқа түстім. Ол кез Кеңестер Одағының құзырында. Айтыстан бір күн бұрын бізді жинап облыстық мәдениет басқармасының өкілдері тек қана социалистік жарыс, бесжылдық белестері, коммунистік еңбектің екпінділері жайлы ғана айтуды, жалған жаңалық, дерексіз, анайы сөздер айтылмауын қатаң түрде ескертті. Қазіргідей еркіндік жоқ. Тәуелсіздік деген түсімізге де кірмейді. Қарсыласым Есіркеп ақын сол кездегі Чапаев атындағы колхоздың көшелері мен ағаштарын сынап қоймады. Мен жаспын, маған ескі айтыс тәсілі емес, жаңа тұрпат, жаңа тыныс, жаңа леп керек. Есіркеп ақын «Не деп жауап бересің, Қармақшының бұлбұлы» деп кезегімді ұсынғанда:
«Жарасар жасы үлкенге тарылмаған,
Үлкенге көп жараспас арындаған.
Ес-аға, неге өтірік жамандайсың,
Чапаев бесжылдығын орындаған» дегенімде зал дүр ете қалды. Қазылар алқасының төрағасы Асқар Тоқмағанбетов, орынбасары филология ғылымдарының докторы Әуелбек Қоңыратбаев еді. Ә.Қоңыратбаев менің айтысқа келуімді айта қаларлық жаңалық деп бағалады. Мен сол тұста айтысқа ұзын арқан, кең тұсау емес, қысқа да нұсқа шумақтар қажет екенін түсіндім. Кейін чапаевтық партия комитетінің хатшысы Мәжит Аралбаев «Бір шумақпен айтыстың нүктесін қойдың» деп балуан қолымен арқамнан қақты. Ал 1982 жылы қызылордалық, облыстық комсомол қызметкері Ниятолла Раманқұловпен айтыстым. Облыстың орталығында олқылық көп еді. Сойып салайын десең «саясаттан» қорқасың. Айтпайын десең алқымға тіреліп тұр. Қалалықтар өздеріне сынды қабылдамауы да мүмкін. Бірақ қашанғы тілімізді жұтып жүре береміз? Байқап көрейін дедім.
«Вокзалдың подвалында арақ сатад,
Бағасы сегіз сомнан түнде қымбат.
Күн батса «Шанхайыңа» такси жүрмей,
Қонағың зәресі ұшып жаяу қашад.
ЦКЗ, Титовыңның суы сасық,
Жел тұрса тұншықтырып иіс атад.
Арқалап иығыңа қазан-ошақ,
Жүр екенсің осында пәтер жалдап.
Түнімен таң атқанша маса қуып,
Таңғалам қалай жүрсің жұмыс жасап?» деп қойып қалдым. Қазылар алқасы біздің айтысымызды үшінші орынға бағалады. Облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Оңалбек Сәпиев іскер азамат екен. «Ертең менің қабылдауыма келіңдер» деді. Маған жалақыны ауылдан емес, аудандық комсомол комитетінен алатын етті. Ниятоллаға көп ұзамай Қызылорда қаласы орталығынан үш бөлмелі пәтер алып берді.
– Сіздерден кейін айтысқа ағыны қатты жастар лек-легімен келе бастады. Олар қалай әсер етті? Көп ұзамай айтыстан кетуіңізге не себеп болды? Сол тұстағы айтыс мәдениеті қандай деңгейде еді?
– Мен облыстағы суырыпсалма айтыскерлер арасынан бірден кеткенім жоқ. 1980-1995 жылдар арасында он бес жыл бойы айтыс төрінде жүрдім. Айтыста Манап Көкенов, Мүтәліп Қыраубаевтардың ақ батасын алдым. Халық ақыны Манап «Жүрегіме жақын інім Сәнтөре, айтыстағы сенің орның бір төбе» десе, Мүтәліп «Артық ет жоқ қойныңда, алтын сыр бар ойыңда. Көзін ашса көл қылар, бір бұлақ бар бойыңда. Бата бердім мен бүгін, облыстың тойында» деді. Ниятолла ақын «Мен өзіңді Сәнтөре, шын асылға балағам. Айтыстарда арғымақ сәйгүліксің жараған, сен боласың бір жүйрік, он ақынды ораған» деп қолтаңба жазған болатын. Ал Мұхтар Шахановтың «Сәнді төре, Сәнтөре! Талаптыға мүмкін емес өмір сүрмеу өртене – рухыңды қанат ғып жай Өлкеңе!» дегені әлі есімде.
1986 жылы облыстық жас ақындар айтысында бас жүлдені иелендім. Осы айтыста 10-сынып оқушысы Елена Әбдіхалықова тұңғыш рет қатынасып, көзге түсті. Иә, өнер жолы жеңіл жол емес. Он бес жыл ішінде айтыстың таяғын да жедім, азабын да тарттым, қиянатын да көрдім, нанын да жедім. Менің айтыс сахнасындағы мәдениеттілігім жайлы облыстық басылымдарда жазылды, «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеттерінде жылы пікірлер айтылды. Қызылорда музыкалық училищесінің директоры, композитор Тәңірберген Қалауов мені оқуға шақырды. Алайда отбасылық жағдайыма байланысты сәті түспеді, батыл шешім қабылдай алмадым. Айтыскер ретінде республикалық деңгейге шыға алмадым. Біріншіден, 1980-1987 жылдары облыс орталығында телерадио комитеті бар болғанымен айтыс телехабарын түсіруге техникалық мүмкіндігі жоқ еді, тек облыстық радио хабары арқылы ғана насихатталдық, жеткілікті танылмадық. Екінші, 1987 жылдың соңында басталған республикалық телеайтысқа қатынасушылардың белгіленген жанрлық тізімі бойынша өнерпаздар саны іріктелетін. Сондықтан мен резервтегі айтыс ақындары қатарында тұрдым. Облыстық айтысқа қатынаса жүріп бірнеше жас жыршы-термеші мен талабы зор айтыскерлердің үлкен сахнаға шығуына атсалыстым. Серік Ыдырысовты Қызылқұм ішіндегі шалғайдағы ауылдан әкеліп, облыстық айтыстың бәйгесіне қостым. Ол облыстық ақындар айтысының бас жүлдесін алу дәрежесіне дейін көтерілді. Облысаралық телеайтыста шымкенттік Әселхан Қалыбековамен сайысқа түсіп, Сыр саңлағы атанды. Серік еңбегімді ақтап, жұртшылық алдында ұстазым деп менің есімімді атады. Ниятолла Раманқұлов та облыстық театрда өткен өзінің шығармашылық өнер кешінде айтыстағы жетістіктеріне тигізген ықпалымды жоғары бағалап, жүрекжарды алғысын білдірді. Назарбек Хасенов, Серік Жапақовтарды да айтысқа тарттым.
Республика көлемінде 1987 жылдан бастап телеайтыстардың тұрақты беріле бастауы – жер-жердегі талапты жастардың сахна төріне ұмтылуына жол ашты. Айтыскерлер М.Көкенов, К.Шәкеев, Ә.Қалыбекова, Қ.Әбілов, Ә.Беркеновалардың халық ақыны атануы аудан, ауылдардағы шәкірттерді де шабыттандырды. Ең негізгісі дәстүрлі айтыс өнері жаңғырып, жаңа бір асуға көтерілді. Халыққа тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы нарықтық қиындықтар мен базарға шұбырған аласапыран ауыртпалықтарды ұмыттырып жіберді. Алайда сахна мәдениетінде түрлі олқылықтар болғаны жасырын емес. Ұйқаспайтын шумақтар, тітіркендіргіш теңеулер отбасы, ошақ қасындағы тұрпайы әзілдерге ұласты. Кеудесін соғу, оңдысолды қол сермеу, лепірме сөз сумаңдату, жер тепкілеу, қарсыласқа кезек бермей өзеуреу, жан-жағына жалақтап, сұқсаусақ шошайтып жұлқынулар орын алды. Айтыс жанкүйерлері арасында сөздің астарына үңілмей, кекету-мұқатуға, салғыласып ұрысуға бейімділерді жақтап қолпаштауға жол берілді. Сөйтіп, «заготовка» кеңінен етек жайды. Алдын ала жазып жаттап келу жасыратыны жоқ бүгінгі күнге дейін жалғасып келеді. Айтыскерлерге жарасымсыз нәрсе, оларды әкімдер мен шенеуніктердің алдынан шығарып, өтірікке толы мақтау-арнау айтқызу. Кезінде мен осыған қарсы болдым, бас тарттым. Бұл билікке ұнамады. Шеттетуге де ұшырадым.
– Айтыс қазіргі жазба поэзиядан кем емес, теңесті дегендей пікірлер әр жерден естіліп қалады. Бірнеше поэзиялық жинақтардың авторы ретінде сіздің осы жайтқа көзқарасыңызды білгіміз келеді...
– Айтыстың көркемдік деңгейі ешуақытта жазба поэзияға жете алмайды. Жазба поэзияның көркемдік орны, тереңдігі мен биіктігі бөлек. Айтыс негізінен табан астында суырыпсалмалықпен орындалуы тиісті дәстүрлі өнер түрі. Бұл жерде табан астында асығыс шикі ұйқастыру, аптығу, шұбыртпалық қарадүрсін қайталаулар орын алады. Бір сөзбен айтқанда, жазба поэзияның айырмашылығы көркемдік деңгейіне, тереңдігіне, тұңғиық ойларына, сұңғыла сұлулығына, парасатты патшалығына байланысты.
– Сіздің аудандық газетте арнаулы тілші болып жүрген сексенінші жылдары «Асыл жырдың құдіреті неде?» деген жыраулық, жыршылық өнерді дамыту жөніндегі мақалаңыз екі нөмірге жарияланыпты. Қорқыт ата ескерткіші ашылғанда, Тұрмағамбет ақынның 100 жылдығы республикалық деңгейде аталып өтілгенде белгілі ғалымдар мен ақын-жазушылардың арасында пікір алысып, сөз сөйлегеніңізді естідік. Өткен жылы жарық көрген жыр жинағыңыз «Ұлы дала ырғақтары» деп аталады екен. «Қорқыт пен қырық қыз» атты аңыз-дастан жазыпсыз. «Ұлы жыраулар әулеттері» толғауыңыз жыршытермешілер мектептеріне арналған оқу құралындай әсер етеді. Ал, «Қырық мақам» жырыңыздың жанрын композиция деп атапсыз. Бұл жыраулық сарындар мен мақам-саздардың бағзыдағы шығу тегіне жетелегендей. Осының бірқатар тұсы мен сырларын ашып айта кетсеңіз...
– Күндей күркіреп, найзағайдай шатырлап өткен ұлы жыраулардың, жампоз жыршылардың өнері, мақам-саздары бүгінгі жас буынның тарихи жадын оятуға қызмет етуі қажет емес пе?! Жаһандану деп аталатын әлемдік тайфун қозғалыстың көктұман шаңының астында ұлттық құндылықтардың жойылып кетуінен сақтану жолдарын жан-жақты қарастыратын уақыт келді. 1966 жылы М.Мағауин қобыз сарынын құдіретке теңеп биікке көтерсе, ақын Т.Медетбек «Көк түріктер сарыны» жыр жинағын жазып ұлттың жетінші ғасырдағы тарихи жадын еске түсірді. Көз жетпес көкжиектегі бүлк-бүлк еткен қоңыр саз, мөлт-мөлт еткен мақамдарды көмей мен көмекейінде сақтап бүгінге жеткізген жыр патшасы – жырауларға қарыздармыз. Далалық бойды даналық ойға жетектеп, мақам-саздың сүтін емген жыраулар дәстүрі технология дамыған ғаламшарлық дәуірде де тамыр жайып көктеуге құқылы. Өйткені, жыраулар мақамы көк пен жердің арасындағы ғаламның ғұмыркеш үні. Жарық пен қараңғының, қанатты мен қанатсыздың, терең мен таяздың, ағыс пен шабыстың, тұма мен күнәнің дауысы, дертке шипа дірілі, іңкәр дүниенің ізгілік жолындағы ілімі.
– Шынында жыраулар мақамдары осыншама құдіретке ие ме?
– Иә. Іштегі тұтанған жалын мәңгілік сарын. Бүгінді күмәннан, ертеңгі тұманнан арашалайтын мәдениет бастауында тұрған бабалар аманаты. Қорқыт ата өскен жер көмейжырдың алтын аймағы, күміс күмбезі. Топырағынан жыр саулап, терме төгіліп, күй күмбірлеп өнер өрілген өлке. Сондықтан «Сыр елі – жыр елі» атанған. Мамыр айының шуағындай бүлкілдеп басталатын бұлақ суындай мақамдардың сәулелі сыры, тоты тылсымы, қырық иірім ырғағы, жүз жұмбағы бар. Мақсат – оларды ғылыми айналымға түсіру. Ол таудан биік бұлт үстіндегі саулаған сағыныш сазы, тамшы үзген көздің жасы. Мақам деген өшуге айналған ұлттық ұлы сананың қайта тірілуіне ықпал ететін шипагерлік шаңырағы. Мақам Сыр бойы ғана емес, тұтас ұлттың музыкалық, моральдық кодексіне, жанды тамыры мен жанрына айналуға тиіс. «Ұлы дала ырғақтары» осы мақсаттар жолында жазылды.
– Сіз өткен ғасырдағы сексенінші жылдардың соңында аудандық сахнаға әке мен баланың айтысын алып шыққаныңызды ел әлі ұмытпаған шығар. Осы жайлы қысқаша баяндап өтсеңіз...
– Әке мен бала айтысына 3 сыныпта оқитын ұлымды дайындап, тұңғыш рет аудандық партия конференциясы делегаттарына арналған үлкен концертке алып шықтым. Артынша Қызылқұм өңіріндегі аудандық малшылар слетінде көрсеттім. Екеуінде де жұртшылық айтысқа қосылған жаңа жанр деп ықылас білдірді. Түркиядан келген қандастарымызда бейнекамера бар екен, түсіріп алып кетті. Олардан көп ұзамай маған үш айға қаражаты төленген шақыру хат пен жолдама келді. Мен жұмысты тастап шетелге шыға алмадым. Айтыскер Ниятолла Раманқұлов Жосалы кентіне арнайы келіп, әке мен бала айтысын тамашалады, кейін өзінің шығармашылық кешінде үлкен ұлы Нұрперзентті сахнаға алып шықты. Бізге еліктеп Серік Ыдырысов қызы Ғазизаны дайындады. Алайда бұл жанрдың тәрбиелік қуатына ешкім мән бермеді, қолдау болмады.
– Сіз «Қармақшым менің осындай» атты Қорқыт топырағының әнұранына айналған белгілі терме-толғаудың авторысыз. Және облыстық радиодан қырық жылдай үзбей шырқалған композитор Бейбіт Ахметовтің «Сыр сазы» әнінің өлеңін жазған шайырсыз. Әр келген сайын «Қорқыт ата» мемориалдық кешені мен Тұрмағамбет кесенесіне соқпай кетпейтін көрінесіз. Туған жердің өнері мен тағдыры туралы қандай ойдасыз?
– Сұхбатымыз созылып бара жатса да бір-екі ұсыныс-пікірімді айтайын. Бірінші, «Шаһнаманы» қазақ тілінде өлеңмен өрнектеп, жыраулар мақамына лайықтап классикалық қара өлеңмен жырлап Мұхтар Әуезовтей қазақ әдебиетінің алыбынан жоғары баға алған Тұрмағамбет ақынның туған ауылындағы шағын күмбез-кесенесі ақын атындағы өнер мұражайына айналса деп тілеймін. Базар жырау жыр күмбезін аманат етіп Тұрмағамбетке тапсырды емес пе?! Екінші, осы Сыр сүлейінің туған күні жыл сайын еске алыну үшін 10 шілде болып нақты белгіленгені дұрыс. Сұлу Сырдың сұңғыла шайыры 1882 жылы шілде айының 10 жұлдызына қараған таңда дүниеге келген. Енді Қорқыт ата кешені туралы. Ауданның рухани даңқын көтеріп тұрған Қорқыт ата. Дешті-Қыпшақ даласының әлем танитын дарынды тұлғасы, көмекейжыр мен қобыз күйдің атасы, VII-IX ғасырдың тоғыз қырлы тұлғасы Қорқыт ата кешенінің қабырғалары мен дуал-қапталдарына Қорқыт кейіпкерлерінің бейнесі айшықталып орналастырылса деймін. «Желмая», «Тарғыл тана», «Аққу», «Жезкиік», «Ұшар тазы», «Қой бастаған көк серке», «Көкке ұлыған көкбөрі», «Сырдың саржолақ жолбарысы», «Таңғажайып кілем», «Алтын құмыралы арулар», «Қобыз-қыз», «Аққу қыз» атты символикалық абстрактылы мүсіндер панорамасын жасауды ұсынамын. Әрине бұл оп-оңай емес. Қаржы қажет. Бірақ «Ізденген жетер мұратқа». Мәңгілік мұра осы емес пе?! Тағы бір пікір қоса кетейін. Тарихтан белгілі 1928-1930 жылдардағы Қарақұм, Қызылқұм ұлт-азаттық көтерілістері біздің ауданның шежіре оқиғасына жатады. Сондықтан Жосалы кентінде арнайы белгітас орнатуды ұмытпаған абзал. Тағылым дегеніміз тарихты танудан басталмайды ма?!
– Бұл пікірлеріңіз шынында да ерекше ойландырады. Сұхбатымыз ұзаққа созылса да сұрап қалғым келіп тұр. Атаққа қалай қарайсыз? Абырой дегенді қайтіп түсіндіресіз?
– Абырой атақпен келмейді, атақ абыроймен келуге тиіс. Атағы бардың бәрі абыройлы емес. Дегенмен абырой атақ алумен, биліктегі қызметпен, мансаппен келеді дейтіндер бар. Бірақ олар қателеседі. Абыройды тек қана адал еңбек, ар-ұят алып береді. Атақ, мансап уақытша, абырой мәңгілік. Орден, медаль киімнің жағасында, абырой халықтың берген бағасында.
– Әңгімеңізге қарап отырсам, көп нәрсе айтқыңыз келетін сияқты. Драматургтік, сценаристік жанрларды қозғасақ әңгіме әріге кетеді. Сондықтан оларды кейінге қалдырайық. Санап отырсам алғашқы өлең, балладаларыңыз бен әңгімелеріңіздің жарық көргеніне елу жыл, «Қармақшым менің осындай» толғау-термеңіздің жазылғанының өзіне қырық жыл болыпты. Үстіміздегі жылды шығармашылығыңыздың елу жылдығы деп атауға да болады, тіпті шығармашылық мерейтойыңыз десек те жарасады. Осы орайда елге келіп есепті, авторлық кеш, шығармашылық жүздесу ойыңызда жоқ па?
– Ақын, жазушыларда туған жерге тағзым ету дәстүрі ілгеріден бар. Ер-азамат үшін өзінің туған жерінен артық биік те, жәннат та жоқ. Бұйырса, жерлестеріммен шығармашылық кеште қауышамыз деген сенімдемін.
– Әңгімеңізге рақмет, ақын аға.
Қолыңыздан қаламыңыз түспесін!
Сұхбатты жүргізген Сәрсенкүл РАЙЫМБАЕВА

11 желтоқсан 2025 ж. 59 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№94 (10462)

09 желтоқсан 2025 ж.

№93 (10461)

06 желтоқсан 2025 ж.

№92 (10460)

02 желтоқсан 2025 ж.

Хабарландыру

ХАБАРЛАНДЫРУ!

ХАБАРЛАНДЫРУ!

18 қараша 2025 ж.
Шұғыл хабарландыру!

Шұғыл хабарландыру!

04 қараша 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 2 052
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңарған Жосалы
02 қыркүйек 2025 ж. 720

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031