Елеулі еңбекке мерейлі марапат
Еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қаламгер қауымның асыға күтетін мерекесі. Айтулы күн биыл да облыс көлемінде аймақ басшысының қатысуымен аталып өтілді. Онда бірқатар сала үздіктері төрден көрініп, марапатқа ие болды. Олардың қатарында ұзақ жыл аудандық «Қармақшы таңы» газетінде қызмет етіп, басшылық жасаған ардагер журналист, халықаралық Жазушылар және Қазақстан Журналистер одағының мүшесi, Қармақшы ауданының құрметті азаматы, ақын Алтай Үсенов те бар. Ол Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
А.Үсенұлы Жосалы кентінде дүниеге келген. Аудан орталығындағы No105 орта мектепті 1972 жылы бітіріп, сол жылы аудандық газетке (ол кезде «Коммунизм шамшырағы» деп аталатын) жұмысқа қабылданады. Редакцияда бiр жыл қызмет iстеп, келесi жылы Алматыдағы Қазақтың әл Фараби атындағы Ұлттық университетiнiң журналистика факультетiне оқуға түседі. Оны сәтті аяқтап, тілшілік тіршілігін жалғастыра береді.
Арманшыл жастың шығармашылыққа қызығушылығы мектеп қабырғасынан басталған. Кітапты көп оқитыны, ізденетіні, оның ішінде поэзияны пір тұтқаны оны қаламгерлік ортаға тарта түсті. Олармен тығыз байланыс орнатты. Күнделікті жұмыспен қатар поэзия әлеміне терең бойлап, өндіріп өлеңдер жазды. Жазған мақалалары мен өлең, дастандары облыстық, республикалық газет, журнал беттерінде жарық көріп жатты. Сондай-ақ жазған жыр шумақтары топтастырылып, атап айтқанда, сексенiншi жылдардың басында «Қарлығаш» (1980 жыл), «Тамшы дауысы» (1982 жыл) атты жыр жинағы және «Бастау» (1976 жыл), «Дария жыры» (1982 жыл), «Жүректегi жауһарлар» (2001 жыл) атты топтама кітаптарда өлеңдері баспаланды. Ал 2017 жылы «Өміршебер» атты жеке кітабын талғамы биік оқырман жылы қабылдап, жоғары бағасын берді. Ақынның өлеңдері қырғыз, татар тілдеріне аударылған.
Саналы өмірін ақпарат саласының дамуы мен өркендеуіне арнаған ағамыз бірқатар байқаудың жеңімпазы әрі марапат иесі. Ол республикалық «Жiгер» фестивалiнiң лауреаты, М.Шолохов атындағы медальдің иегері. Облыс әкiмiнiң 2008 жылғы стипендианты.
Кәсіби салада А.Үсенұлының басқаруымен «Қармақшы таңы» газетi «Президент Жолдауының талабы – бәсекеге қабiлеттi бұқаралық ақпарат құралдарын құру» атты II облыстық медиа форумында «Аудан айнасы» номинациясымен ең үздiк аудандық басылым ретiнде танылған.
Ардақты азамат басылымдағы редакторлық қызметімен қоса ауданның әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық өмірінде де белсенділік танытып, халық қалаулысы атанды. Елдің сеніміне ие болып 1 мәрте аудандық кеңеске, 6 мәрте аудандық мәслихатқа депутат болып сайланды. Оның ұзақ жылдарғы ауданға сіңірген еңбегі ескеріліп Қармақшы ауданының құрметті азаматы атағы берілді. Одан бөлек, «Қызылорда облысына – 70 жыл» мерекелiк, Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығымен «Тәуелсiздiктiң 20 жылдығы» медальдары табыс етілген.
Ол бүгінде жары Баян Табанқызымен 4 перзент өсіріп, олардан немерелер сүйіп отырған бақытты ата мен әже.
Ағамыз зейнет демалысына шықса да, шығармашылық ізденіс үстінде. Осы жылы 70 жасқа толғалы отырған ардагерімізге төл мерекедегі марапатыңыз бен мерейлі жасыңыз құтты болсын, рухани байлығыңыз, қарымды қаламыңызбен елдің құрметіне бөленіп, кемелдене беріңіз демекпіз!
Сәрсенкүл АҚКІСІ