«ЕШҚАШАН ШАРШАДЫМ ДЕГЕН ЕМЕСПІН»
Биыл еліміздің Тәуелсіздік алғанына 35 жыл толып отыр. Оның даму жолында нәзікжандылардың да қосқан үлесі аз емес. 8-наурыз – Аналар мерекесі қарсаңында аудандық тұтыну кооперативінің директоры, ардақты ана, асыл жар, аймаққа белгілі кәсіпкер, «Кеңес Одағы сауда саласының үздігі» Үрзада Бекмұрзаевамен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Үрзада Үсенқызы, мерекеңіз құтты болсын! Кәсіпкерлік саласымен ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына еңбегі сіңген бірегей жансыз. Алдымен өзіңізбен жақынырақ таныса отырсақ. Қай жердің тумасысыз, өскен ортаңыз жайында әңгімемізді сабақтасақ.
– Мен, Жамбыл облысының Жуалы ауданына қарасты қазіргі Бауыржан Момышұлы атындағы ауылда дүниеге келгенмін. Атаанам қарапайым шаруа адамы болды. 7 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсіріп, қатарға қосты. Отбасында екінші қыз бала болып өстім. Әкем екінші топ мүгедегі, соғыс ардагері болатын. Әке-шешеден алған тәліміміз өмірімізге азық болды. Адалдықты, адамгершілікті, еңбеккерлікті бойымызға сіңірді.
– Қасиетті Қармақшыға келін боп түсіп, ақ босаға аттадыңыз. Болашақ жарыңызбен қалай таныстыңыздар?
– 1966 жылы орта мектепті бітіріп, қатарластарым секілді мен де оқу іздеп, білім қудым. Сөйтіп, Шымкент қаласындағы кооператив техникумына қабылданып, ойдағыдай бітіріп шықтым. Сол бітірген 1969 жылы ағаңның ауылы – Ақжарға келін болып түстім. Жолдасым Әбдірахман Құлдүйсенов зооветеринар институтының соңғы курс студенті болса, мен жолдамамен барғанмын. Ол тәжірибеден өтіп жүр екен. Оқуын келесі жылы аяқтап, дипломын алды. Мамандығы – мал дәрігері. Осылай Алла тағдырымызды тоғыстырып, шаңырақ көтердік. 1970 жылы аудан орталығы – Жосалы кентіне екеуміз де жұмысқа орналастық. Ол ветеринарлық емдеу мекемесіне мамандығымен орналасса, мен сауда саласы – аудандық тұтыну одағында қатардағы есепшіліктен еңбек жолымды бастадым.
Кентте Нұралым деген кісінің үйінде пәтерде тұрдық. Ол кісіні әлі күнге дейін ұмытқан емеспіз. Бізге қарап, «жақсы балалар екенсіңдер, сендерді баламдай көремін» деп 4 жыл бойы бізден бір тиын пәтерпұл алмай, тегін тұрғызды.
– Ендігі әңгімемізді сіздің еңбек жолыңызға қарай ойыстырсақ. Қалай басталды, үлкен мекеменің басшылық қызметіне қалай келдіңіз. Бұған дейін ер-азамат басқарған мекемеге басшылық еткен алғашқы әйелсіз?
– Үнемі сұхбаттарымда айтып жүремін. Мені жұмысқа қабылдаған аудандық тұтыну одағының бастығы Нұржігіт Нақыпов ағамыз еді. Негізі бұл мекемеге бухгалтер қабылдамайды екен. Әр бөлім басшысы мамандарын өздері зерделеп барып алса керек. Сонда Алғашбай Әлипов деген бас есепші ағай «Мына бала, алыстан келген екен ауылымызға, әзірге штат жоқ. Бала күтімімен отырғандардың орнына қабылдайық. Егер қате жіберсе, өз мойныма аламын» деп маған қамқорлық танытты. Ол кезде әркім қабылдаған адамына жауапкершілік алады. Осылайша, бастықтан кешірім өтініп, мені жұмысқа қабылдады. Мұнан соң басқарманың аға есепшісі, 1975 жылы аудандық тұтыну одағы бас есепшісінің қаржы жөніндегі орынбасары қызметтерін атқардым. Барлық қаржыға қатысты жұмысты 8 жыл абыроймен істеп, құрылыс саласын да қамтып отырдым. Ал 1983 жылы бас есепші болып тағайындалдым. Расымен де, ол кезге дейін бірде-бір әйел бас есепші болмаған. Облыстан әйел-адам бұл жұмысты алып кете ала ма екен, деген де ойлар болыпты. Намысқа тырысып, жұмысымды көрсеттім. Соның нәтижесінде Қызылорда облысының аудандары бойынша 1985 жылы мен ғана облыстық тұтыну одағының съезінде делегат болып қатысып, Мәскеуден алған тәжірибемді бөлісіп, сөз сөйледім. Онда еліміз бойынша сауда-саттықпен айналысып, халыққа қызмет көрсететін мекеме тұтыну одағы болатын. 500-дей адам қатысқан съезде мандат комиссиясының мүшесі болдым. Жақсы сөйлеп шықтым. Есебін көрсеттім, мысалы, бір дүкенді аласың, оның кірісі мен шығынын есептеп, сауда өзін ақтай ма деген тұрғыда ұсынысымды жеткіздім. Бір қызығы, сол уақыттағы одақ халқының алдында айтқан ұсынысым – қазіргі кәсіпкерлікпен дөп келеді. Солай жұмыс жасадым. Бас есепшілікті ұсынғанда, «бітіргенім техникум, біліктілігім сай келмейтін шығар» деп айтқанымда, басшылық «жоқ, сенің 8 жылғы тәжірибең бар, сай келеді» деді. Алдындағы қызметім де оңай болған жоқ, отағасым, балаларым бар, оларға да көңіл бөлуім керек. Үйде жұмсап отырған балам мектеп бітіріп, оқуға кеткелі жатыр. Кішкентайынан көмекшіміз болды. Әбекең екеуміз ешқашан ұрсысып не келіспеушілікте болған емеспіз. Екеуміз де жұмысбастымыз. Бірақ менің ұстанған ұстанымым – түсте үйге келіп, от жағып кетуім керек. Шайды үлгерсем іштім, үлгере алмасам үлгермегенім. Балаларымның үйге барғанын қадағалап, солай тәрбиеледім. Кейде күні-түні жұмыс істейтін кездер болады. Екі күннің бірінде қазанға ет асып кетемін, балама қаратып. Өйткені тамақ істеп отыратын уақытым жоқ. Етті салсаң, жаймен пісіп жатады. Түсте келгенде, дайындай қоямын. Ешқашан шаршадым деген адам емеспін. Ұйықтамасам да үйдің бар шаруасын түнімен істеп қоямын. Балаларым өзімнің ойымнан шықты. Өз бетінше сабағын жақсы оқыды, өз бетінше жоғары оқу орнына түсті, жұмысқа орналасты. Ризамын.
– Еңбек жолыңыз әрі қарай қалай жалғасты?
– Бас есепшілікке келдім. Институтқа түсу керек болды. 1984 жылы Қарағанды кооператив институтына түстім. Жұмыспен бірге оқуды алып жүру – қиын болды. 12 бақылау, курс жұмысын алдын ала жазып жіберу керексің. Сессияға барғанда емтиханға өтіп тұруың қажет. Одан басқа кіргізбейді. 1989 жылы жоғары оқуды 5 жыл оқып бітірдім. Балам сол жылы мектеп бітіріп аттестатын алса, мен 40 жасымда диплом алдым. 400 студент бітірсек, соның ішінде 30-ы үздікке бітірдік. 1996 жылы тәуелсіздік басталып, дүниенің бәрі өзгеріп шыға келді. Дүкендерде зат жоқ. Облыстық мекеменің бастығы облыстық тұтыну кооперативі ардагерлер кеңесінің төрағасы болған Нұржігіт ағамыздан «сіздерде ер адам көрінбейді, әйелдерден басшылыққа лайықты кім бар?» деп сұрағанда, «мен өзім кішкентайынан тәрбиелеген қызым бар, содан басқа адам көріп тұрған жоқпын, сол еге болып қалады, сенім артсаң болады» деп кеңес беріпті. Мен ағаға «Мынадай жағдайда қалай болады екен, бәрі тарап кеткен. Тауарды қайдан аламын? Үйде көмек беретін балам да оқуда» деп уәжімді айтып едім, ол кісі «сен не де болса келіс, қолыңнан келеді» деп жолдасым екеумізді бірге шақырып алып айтты. Сөйтіп, облыстың шешімімен екі кандидатура сайлауға түсетін болдық. Сол сайлаудан басым дауыс жинап, кооператив басшылығына келдім. Көптің алдында тұрып, «мекеме қандай қалыпта болды, солай ұстауға, осы адамдарды жұмыссыз қалдырмауға, айлығын тауып беруге тіршілік істеймін, маған міндеттелген соң» деп сөз сөйлеп, жауапкершілігіме алдым.
Негізі есепші – мекеменің соты да, прокуроры да. 57 жыл бір салада қызмет етіп келемін. Ешкімге қиянатым болған емес. Қаттылығымның арқасында абыройсыздықтан аулақ болдық.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындаақ кәсіптесіз. Сол уақытқа оралайықшы?
– Иә, дым жоқ. Тіпті сататын бір қап ұн табу қиын. Көмір де жоқ. Содан бармаған есігім, ізденбеген жерім қалмады. Павлодарға дейін бардым, таныс жағаладым. Ең бірінші әрекетім – Павлодарда інімдей болған кентаулық жігіт бар еді, соны тауып алып қарызға 3 вагон ұн әкелдім ауданға. Халыққа не керектінің барлығын тасыдым. Ауылдарды да қамтамасыз еттім. Қарызға беремін, себебі зейнетақыдан төлейтін көбісі. Одан бөлек, құрылыс жұмыстарына заттарын әкеліп бердім. Тұрмағамбет, Т.Көмекбаев, Қуаңдария ауылдарындағы үйлерді салуға көмектестім десем, артық емес. Оны да бөліп төлеуге қарызға беретінмін. Ол да болса көмек деп есептеймін. Өзімнің ұжымымдағыларға көмірді тегін беретінмін. Олардың отбасындағы жағдайларын да қадағалап отырамын. Жағдайы келмесе, балаларын оқытуға көмек бердім. Бірнеше үй салынды. Тіпті 71 вагонға дейін көмір тасыған кездер болды. Қыруар шаруа жүріп жатады, тексерулер де жағадан алады кейде. Қиын болды, әрине. Бірақ адал еңбекпен еңсере білдік. Отбасымда жолдасым әркез қолдаушым болды. Келелі жұмыстардың нәтижесінде 2009 жылы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық «Парыз» конкурсының жеңімпазы болып, «Әлеуметтік жауапты кәсіпорын» деген номинацияға ие болдық. 300 үміткер қатысып, одан 27 кәсіпкер іріктеліп, оның ішінде 3 әйел Президенттің қолынан кубок алдық. Бұл марапат менің ғана емес, бүтін ұжымның ауызбірлігінің арқасы. Бір адамның қолынан ештеңе келмейді. Осы жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының «Адал кәсіпкерлігі үшін» медалімен марапатталдым. Ел ала дорбасын асынып, барар жері болмағанда, халыққа деп, қазіргі «Нұржігіт» сауда дүкенін қайта жаңартып, сөрелер қойып, жылумен қамтып, орын ашып бердім. 2001 жылы Тәуелсіздіктің 10 жылдығында «Ең үздік салық төлеуші» номинациясына ие болсам, 2005 жылы Алматыда өткен «Қанатты әйел» республикалық іскер әйелдер форумына қатыстым. Сайлауға да қатысты алған марапаттар бар. Ең бір күрделі уақытта «Айгерім» сауда орталығы салынды.
– Кәсіппен айналысқан адамда қабілет, мінез болу керек пе?
– Кәсіппен айналысқан адамда қабілет болу керек. Елмен сөйлесе білу және өтірік айтпау керек. Арада келісімдер болады. Етжақындарыңа қалай қарайсың, оған да солай қарау қажет. Ең әуелі халықпен жұмыс істей білуің маңызды. Затты алу үшін де қабілет керек, сенімге кіру адалдығыңды таразылайды. Павлодарлық кәсіпкердің туғанындай болып кеттім. Уәде еткен қаржысын уақытында жіберетінмін. Содан соң әбден нарықты зерттеп алу қажет. Сосын барып іс бастаса, құба-құп.
Өмірде қанағат тұтқан жанмын, бір қалыппен келемін. Отбасында балаларым үмітімді ақтады, жолдасым да жақсы адам болып кездесті. Қызметімде халықтан алғыс алдым, әрбір адам қызметінде қанағат етсе екен деймін.
– Қазіргі ұжымыңыз жайында айтсаңыз?
– Ұжымда 30-дай адам жұмыс істейді. Дені өзіммен бірге біраз жылдан бері бірге келе жатқандар. Бұлар – қанағат тұтқан адамдар. Кооператив бірінші кезектегі тауарларды ұстап тұрмыз. Кірпіш, ракуш кесегі, көмір, бөрен, ағаш-тасты алдымен мен бастағанмын. Бүгінде ұн, жем сатып отырмыз. Мешіт салуға бастамашы болдық. «Ғибрат» ас үйін салдық. Ең бастысы – қанағат.
– Тәуелсіздіктің 35 жылында қол жеткен табысым деп нені атай аласыз?
– Қол жеткен табысым – ұжымның басын бұзбай, ретімен зейнетке шығарып келемін. Маған аманат етілген ғимараттарды ұстап қалдым, жөндеу жүргіздім, 6 жас отбасына баспана салып берілді. Әлі күнге дейін Нұржігіт ағаның тапсырған ғимараттарын сатпай, сақтап келемін. Тұрмағамбет, Қуаңдария, Т.Көмекбаев ауылдарындағы дүкендерді қайта салып шықтық. Спортшы балаларға күрес залын тегін пайдалануға бердім. Кентте қонақүй болмағанда, қонақүй салдық. Соның ішінде Халық қаһарманы Роза апайымызды күткенімізді мақтанышпен айта аламын. Ендігісі – мекеме жұмысын осы күйде алып кетсе екен деген арман менде. Заңгер және бухгалтер-аудитор секілді екі жоғары оқу орнын бітірген қызым – Жұлдызды Астанадан көшіріп әкеліп, кооператив басшылығына баулып жатқан жайым бар.
– Дәстүрлі сұрақ – отбасыңыз жайлы айтып берсеңіз?
– Жарыммен бірге тату-тәтті ғұмырда 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірдік. Екеуінің екіекіден дипломы бар. Ұлым Әбдіжәмил жоғары қызметтерде істейді. Мамандығы – заңгер. 15 жыл Жамбыл облысында сот әкімшісінің төрағасы болды. Қазір «Самұрық – Қазынада» істейді. Менің марқаятыным – ұлымда 2 ұл, 2 қыз, қызымда 5 бала бар. Ұлымның тұңғышы Айгерім КИМЭП бітірген, біздің бауырымызда өскен. Немеренің бәрі жақсы оқиды. Одан кейінгі Тоғжан Назарбаев зияткерлік мектебін қызыл аттестатқа бітіріп, соның университетін грантпен тәмамдап шықты. Қазір грантпен магистратурада оқып жүр. Ұлымыз Әділет М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің II курс студенті. Жұлдызымның үлкені Дінмұхаммед әскери академияны бітірген. Екіншісі Әмина жоғары оқу орнын қызылға аяқтап, қызмет етуде. Бисұлтан Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сыныбында оқыса, қалғаны кішкентай. Мұны бізге берген Алланың сыйы деп қабылдаймыз. Әлі жұмыс істеп жатырмын. Дегенмен, кейде жас келгесін демалғың да келеді.
– Жас отбасыларға қандай кеңес айтасыз?
– Неге қабілетің келіп тұр, соны жасау керек. Бір демде болып кетпейді. Біртіндеп болады. Қажымай, талмай, шаршамай жұмыс жасау керек. Отбасылы болғасын ауызбіршілікте болып ерлі-зайыпты бірге жасаса, алынбайтын қамал болмайды. Келешекте ұрпағын жақсы тәрбиелеу үшін алдымен атаана өздері тәрбиелі болуға тиісті. Жастарға қанағат, имандылық керек.
– Кәсіп бастағылары келетіндерге айтарыңыз бар ма?
– Қазір жеңілдетілген несиелер көп. Неге қабілетің басым, соны жаса. Әркімде әртүрлі қабілет. Біреулер нан пісіріп сатып жатыр, біреулер мал ұстап, оның да нәпақасын табуда. Шағын көлемде болса да, ауданнан май зауыты ашылса екен деймін. Қазір ауылдарда ірі қара малын ұстаушылар жетерлік. Түйелер де сыртқа шыққанда байқаймыз, келе-келе жайылып жүреді. Түйе сүтін ашытып, шыны құтыға немесе арнайы пакеттерге құйып, неге саудаға шығармасқа?! Әрі ұзаққа сақталады. Табиғи өнімге ешқашан сұраныс азамайды. Жазда бағасы арзандау болар, есесіне қыста қымбат болады.
– Аналарымызға мерекелік лебізіңіз болса, мархабат?
– Ең бірінші тілейтінім – елімізде тыныштық болсын. Аналардың деніне саулық берсін. Отбасылары бақ-берекелі, амандықта болсын. Өсіріп жатқан ұлдары – ұлықты, қыздары – қылықты болсын. Ұрпағымызды жақсы тәрбиелесек, әйел-аналарға содан артық бақыт жоқ. Сондықтан балаларымызды дұрыстап тәрбиелесек, болашағымыз зор болады. Әрбір ата-ана ең алдымен баласының тәрбиесіне мән беріп, жақсы тәрбиелесе, өзі де келешек қартайғанда бақытты содан табады. Ана бақыты – баласымен. Басқасы бола береді, зейнетке шығасың, балаң жақсы тәрбиесімен ата-анасына қамқор болса – бақыт деген сол. Мен балаларыммен бақыттымын. Бейбітшілік заманда өмір сүре берейік!
– Сүбелі сұхбат үшін рақмет!
Сұхбатты жүргізген Сәрсенкүл ЖАУДАТБЕКҚЫЗЫ
















