» » Сауда саласындағы сындарлы еңбек

Сауда саласындағы сындарлы еңбек

Егемендік алған алғашқы жылдар. Елдің қалай бұрыларын білмей, тоқыраған кез. Жаңа формацияға ауысқан қоғамда ештеңе де қалыптасып үлгермеді. Осы кезеңде кооперативтің де жағдайы мүшкіл еді. «Универмаг», «Қармақшы» мейрамханасы, «Сырдария» дүкені секілді нысанның бәрі қаңырап бос қалды. Тозығы жеткен. Тіпті аудан халқы нан таппай қиналды. Себебі кооперативке қарасты наубайхананың тоқтап тұрғанына екі ай болған-ды.

Осындай ұн мен қанттың қат кезінде келген кедергіге төтеп беріп, сүрінсе қайта тұрған Үрзада Бекмұрзаева ғимараттарды қайта іске қосты. Қалай деймісіз? Онда тәуелсіздік жылдарындағы өрбіген тіршіліктің тынымсыз тірлігі жайында толғанайық.
Жетпістің желкенін керген қармақшылық Үрзада Бекмұрзаева Жамбыл облысының, Жуалы ауданы, қазіргі Б.Момышұлы ауылында дүниеге келген. Бала күнінен қиындықтарға бетпе-бет келген ол бойдағы дертті жеңе білді. Мектепті алғыр, зеректігінің арқасында 11 жылдықты бітіріп, Шымкент кооператив техникумының есігін ашты. 1968 жылы қара шаңырақты үздік бітірген ол жолдама арқылы Жуалы ауданының Казанка ауылындағы Селолық тұтыну кооперативіне есепші болып жұмысқа тұрады. Мұнда ол аз уақыт ішінде мол тәжірибе жинайды. Осылайша шыңдалу мектебінің кірпіші осында қаланған еді. Араға бір жыл салып, өндірістік тәжірибе кезінде Қармақшының тумасы Әбдірахман деген жігітпен қол ұстасады. Аудан халқы сыйлаған «Құлдүйсен сопы» аталған әкенің Ақжар ауылындағы шаңырағына қадам басады. Солай ол Сырдың келіні атанады. Арада жыл өткенде аудан орталығына қоныс аударған жас отбасы көптеген қиындыққа тап болады. Тұрмыстың тауқыметі әсіресе 20-дағы Үрзадаға ауыр тиді. Мұнда жақыны жоқ, ешкімді танымайды. Қолдап, дем беріп, қолтықтан сүйейтіні болмады. Көп ұзамай жары мал дәрігері болып жұмысқа орналасады. Одан соң өзі де Қармақшы селолық тұтыну одағының басқармасына аға есепші болып қабылданады. Жас та болса еңбекқор, жұмысына адал жан күн болсын, түн болсын аянбай қызмет етті. Осы жұмыс орнында жеті жыл аға есепші болып нәтижелі еңбек еткен оны 1977 жылы бас есепшінің қаржы жөніндегі орынбасары қызметіне көтерілді. Ал 1983 жылы қажырлы еңбегін лайық көрген кооператив басшылығы оны бас есепші етті.
1996 жыл. Қармақшы селолық тұтыну одағына жаңа төраға сайланатын болды. Осы одақтың тұңғыш басшысы болған, сол уақыттағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұржігіт Нақыпов басшылыққа Үрзаданың кандидатурасын балама түрде ұсынады. Ал бұл мезетте басшылыққа қояр ер адам жоқ-тын. Сол үшін оған сенім артылды. Алайда кооперативтің жағдайы ауыр еді. Қаржылық жағдайы да ақсаған. Н.Нақыпов салып кеткен бірнеше ғимарат бос тұрды. Неден бастарын да білмеді. Халық екі ай бойы жұмысын тоқтатқан наубайханаға қапалы. Ұн да, қант та тапшы. Ендігі жағдай не болмақ? Үрзада Үсенқызы алдымен Қарағандыдан өз қалтасынан ақша төлеп, көмір әкелді. Көмір табылса «Жығылғанға жұдырық» болып ұн болмады. Оның бармаған жері қалмаған еді. Бірінде ұн жоқ болса, ол табылғанымен мұның қолындағы аз ақшаға бергісі келмейтін. Болмаған соң Жамбылдағы ұн өндіретін зауыты бар інісіне хабарласады. Сөйтіп қарызға бір вагон ұн алады. Бірақ оны күткен тағы бір кедергі бар еді. Бос тұрған ғимараттарды кәдеге жаратайын десе, құжаттарын заңдастыру қажет-ақ. Солай істегісі келсе, сол ғимараттың жерлерін қайта сатып алу керек. Содан не керек, өзінің жекеменшік үйін кепілдікке қойып 50 процент өсімақымен несие алады. Жерді заңдастырады. Ғимараттардың құжатын реттейді. Мекемені қайта тіркеуден өткізеді. Осылайша, миллиондаған қаржы жұмсалып, бос тұрған ғимараттар іске қосыла бастайды. Өндірістің жаңа түрлері қолға алынып, жұмыс орындары ашылады.
Бүгінде нарық қажет еткен «Қармақшы Тұтыну кооперативі» ЖШСна айналған мекеме егемендік алған жылдары Үрзада Бекмұрзаеваның еселі еңбегінің нәтижесінде елге танылды. Саналы ғұмырын сауда саласына арнаған ол қиындыққа төтеп беріп, маңдай терімен мекеменің деңгейін алпауыт кооперативтерге иық тірестірді. Қазір кәсіпорын дәуір көшінен қалмай, заман талабына сай ауқымын кеңейткен. Алдымен мекемеге қарасты ғимараттың барлығы күрделі жөндеуден өтті. Жаңадан тасымалдауға арналған көліктер келді. Шаңырақ көтеріп жатқан жас отбасы үшін қымбат көлік те алдырылды. Тауар сақтайтын қоймалардың саны артты. Аудан орталығындағы наубайхананы заманауи қалыпта іргетасын қайта қалады. Нан өнімін сататын 4 дүкен ашылды. «Әйгерім» екі қабатты сауда орталығы салынды. «Ет өнімдері», «Мойдодыр» секілді халыққа қажетті дүкендер бой көтерді. Кафе, шайхана ашылды. Солай аз уақыттың ішінде 3600 шаршы метрге ұлғайтып, 16 сауда дүкені іске қосылды. Әрине, мұның басы-қасында іскер басшы Үрзада Бекмұрзаева тұрған еді.
– Адам алдына мақсат қойған сайын, оны орындау жолында аянып қалмауы керек. Бастысы – жаныңмен сүйген жұмысыңа адал болу. Халық үшін қызмет етсең маңдай тердің ащысы да білінбейді. Қиындықтар көп болғанымен пенде сынаққа төзе білуі керек. Сабырлы, мықты, өзіңе сенімді болғанда ғана бейнетіңнің жемісің көресің, – дейді кейіпкеріміздің өзі.
Иә, Үрзада Үсенқызының есімі елге тек білікті кәсіпкер ғана емес, қайырымдылыққа жаны құмар жомарт жан ретінде де таныс. Тәуелсіздіктің қиын да сындарлы кезеңінде аянып қалмаған, жас болып, бас болып кәсіпкерлікті сақтап қалған Үрзада Бекмұрзаева көптің құрметіне лайық. Жетістікке қанат қағып, еңбегі де еленіп жүр. Биыл оның кооперативте табан аудармай еңбек еткеніне – 50, ал төрайым болғанына – 24 жылдың жүзі толыпты. Ол тек табысты кәсіпкер ғана емес, отбасында адал жар, аяулы ана, асыл әже. Аймаққа аты мәлім қоғам қайраткері, ауданның құрметті азаматы, отбасының ұйытқысы, жұбайы Әбдірахман Құлдүйсенов ағамызбен бірге ұлын – ұяға, қызын – қияға қондырған олар бүгінде немерелерінің қызығына бөленген берекелі отбасының тұғырлы тұлғалары.

Айнұр ӘЛИ


19 қыркүйек 2020 ж. 476 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 039

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031