» » » ҰСТАЗ БОЛУ ҮШІН ҮЛКЕН ЖҮРЕК КЕРЕК

ҰСТАЗ БОЛУ ҮШІН ҮЛКЕН ЖҮРЕК КЕРЕК

Еліміздің еңсесін көтеріп, несібесін еселеп жүргендердің алдыңғы шебінен әрқашанда ұстаздар табылатыны ақиқат. Ұстаз – шәкірт үшін жай ғана ақпарат жеткізуші тұлға емес, ол оның жүрегіне білімге деген ықылас, адамға деген мейірім мен махаббат нұрын себуші, ұлық тұлға. Осы орайда Төретам кентіндегі №85 орта мектептің директоры Жасұлан Тәжібаевпен сұхбаттасып, мәртебелі мамандық иесі болудың қырсырына қанығып, басшылық қызметтің жүгі ауыр екенін ұқтық.
– Жасұлан Жұматайұлы, білім саласында қарапайым мұғалімнен директорлық қызметке дейінгі түрлі қызмет баспалдағынан өттіңіз. Жаңа мектепке басшы ретінде миссияны қалай қойдыңыз, бағдарыңыз қандай?
– Өткен оқу жылы жағымды жаңалығымен басталды. Кәсіби өсу – жасаған жұмысыңның жемісі екендігі мәлім. Қазан айынан бастап Төретам кентінде орналасқан №85 орта мектебіне конкурс негізінде директорлық қызметке тағайындалдым. Бұрынғы атқарған қызметтерімнен де жауапкершілігі жоғары басқару бағытына ауысуға тура келді. Ауқымды мектептің көшбасшысы болу оңай емес, дей тұрғанмен де барынша өзімді басқа қырымнан көрсетуге тырысып келемін. Мектеп басшысы – білім саласында болып жатқан өзгерістерді жүзеге асырудың сәттілігін анықтайтын білім беру саласындағы шешуші тұлға. Педагогикалық менеджмент саласындағы көптеген мамандардың пікірінше, қазіргі заманғы мектеп директоры келесі қасиеттерге ие болу керек дейді. Олар тиімді көшбасшы, құзыреттілік, көпшілдік, педагогикалық ұжымға жағымды ахуал туғызу, шешім қабылдаудағы батылдық, мәселелерді шығармашылықпен шеше білу дағдыларын ескере отырып өз қызметімдегі өзгерістерге бет бұрдым. Әрине қиындығы мен қызығы қатар жүретін педагогика саласында келе жатқаныма 20 жылдай уақыт болыпты. Әр бастамаға басымдық беретін, білім алушылар мен педагогтардың қажеттілігін ескеріп, ата-аналармен бірлесіп үдерісті мақсаттарды жүзеге асыру бағытындағы тың жұмыстар өз нәтижесін берді деген ойдамын.
– Мектептегі жүйелі жұмыстар жайлы сөз қозғасақ.
– Өткен оқу жылында киелі шаңырақ №85 мектептің жетістігіне тоқталар болсам, мектепте 72 педагог жұмыс жасайды. Оның ішінде зерттеуші педагогтар – 14, сарапшы педагогтар – 18, модератор педагогтар – 30. Білім көкжиегінде самғаған 516 білім алушы арасынан аудандық пәндік олимпиадаға 43 оқушымыз қатысып жүлдегер атанса, облыстық кезеңнен 10 оқушымыз жүлдемен оралды. Республикалық олимпиадалардан («Тарих ата», «IQanat», «Мың бала», «Алтын сақа», «Алтын түлек») 138 оқушы жүлдегер атанды. Жылдың қорытындысы бойынша білім сапасы 66%-ды көрсетті. Үздік бағамен 105 оқушы, екпінді бағамен 200 оқушы оқу жылын аяқтады. 11 сынып оқушыларын ҰБТ дайындық жұмыстары жүйелі жүргізілуінің нәтижесінде бітіруші түлектеріміз жоғары нәтиже көрсетті.
– Білім сапасын арттыруда қандай жұмыстар атқарылды?
– Тәрбие саласы бойынша «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы елімізді жаңартатын «Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу» ұстанымына негізделе отырып біршама жұмыс ұйымдастырылды. Әр аптаның дүйсенбісінде тәрбие сағаты, мереке күндері мерекелік іс-шаралар, қыздар, ұлдар ұйымдары, спорттық және шығармашылық үйірмелер, әжелер мен аталар ұйымы, ата-аналарды қолдау орталығы, түрлі бағыттағы орталықтар мектеп білім алушыларының жанжақты даму бағытындағы жұмыстарын тиімді үйлестіре білді. Нәтижесінде оқушыларымыз аудандық байқауларда 230 оқушы, облыстық деңгейдегі байқаулардан 16 оқушы, республикалық деңгейдегі ақындар айтысынан мектебіміздің 11 сынып оқушысы Еркебұлан Нұрланұлы топ жарды. Тәрбие саласын дамытуда тың жұмыстарды үйлестіру мақсатында алдағы оқу жылында біршама жұмыстар жоспарлап отырмыз.
Мектеп бітіруші түлектерге таңдау пәндері бойынша 22 курс өткізілді. Білім алушылардың кәсіби бейініне бағыттау мақсатында 3 апталық, 14 кездесу, 2 дөңгелек үстел, 6 оқу орындарына саяхат ұйымдастырылды. Бағдарлы бағыт бойынша аудандық байқауда 18 оқушымыз жүлдегер атанса, 11 сынып оқушысы Айдар Достыбаев Алматы қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Техникалық зерттеу университетінің «School Codinq Cup 2025» олимпиадасында жеңімпаз атанып, аталған университеттің грантын жеңіп алды. Мектеп ұстаздары мен білім алушыларға арналған «Мектеп. Кәсіп. Болашақ» жобасы аясында «Бастау» кәдесыйлар жасау шеберханасы жолға қойылды. Байқоңыр қаласында орналасқан академик С.Жиенқұлов атындағы Байқоңыр жоғары колледжімен меморандум жұмысы жалғасын тапты.
– Қатал директорсыз ба? Мектеп ұстаздарына қандай талаптар қоясыз?
– Білім жолы қиын да киелі жол. Бұл жолда тынымсыз еңбек, толассыз ізденістен жалықпайтын жандар ғана нәтижелі табысқа жете алады. Сондықтан ең алдымен оқушы алдындағы жауапкершілікті ойлау қажет. «Қандай мектепті бітірген?» деген теріс пікір қалыптаспаса екен деймін. Яғни оқушылардың сауатты да сапалы білім алуы маңызды. Мектеп – келешек ел басқарар, елі мен халқын гүлдендірер, мерейін өсіріп, мәртебесін биіктетер жасампаз жандарды тәрбиелейтін киелі де қасиетті ұя. Осындай қасиетті ұяның артына кір келмесін деймін. Оқушыларым тек үлкен белестерден көрінсе біздің еңбегіміздің ақталғаны. Ол үшін мектеп ұстаздары білімді де білікті болуы керек. Міне, менің негізгі талабым да – осы. Қазіргі білім беру жүйесінде мұғалімнің кәсіби шеберлігі, жаңашылдыққа бейімділігі мен үздіксіз дамуға ұмтылысы басты талаптардың біріне айналды. Оқу-тәрбие процесінің дамып жетілуі мектеп ұстаздарының жанжақтылығы мен заманауи бағыттағы үздіксіз ізденуінің нәтижесі. Әдістемелік бағыт бойынша модератор ұстаздар, сарапшы ұстаздар, зерттеуші ұстаздардан құрылған шығармашылық орталықтар, 10 бірлестік, жас мамандар орталықтары жүйелі жұмыстар атқарды. 13 мектепішілік апталық, 3 семинар, 8 семинар-практикум, 2 аудандық семинар, 1 облыстық, 1 аудандық спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Ғылыми зерттеу бағыты бойынша 34 оқушымыз аудандық зерттеу жұмыстарынан орын алса, 8 оқушымыз облыстық кезеңнен топ жарды. Педагогтардың кәсіби деңгейін дамыту мақсатында 12 мұғалім жүлдегер атанды. Семинарға 24 мұғалім қатысты. 5 мұғалім әдістемелік құрал, 7 мұғалім авторлық бағдарлама құрастырды. 48 мұғалім баспасөз беттеріне өз материалдарын жариялады.
– Қазіргі қоғамдағы кең талқыланып жатқан тақырыптың бірі – мұғалім мәртебесі. Осы орайда ұстазға деген көзқарасты оң ету үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Мұғалімнің мәртебесін көтеру үшін ең алдымен мұғалім мықты маман иесі болу керек. Қазіргі уақытта мұғалімнің мәртебесін көтеру мақсатында жалақыны көбейтті, басқа жұмыстарға жүктеуге шектеулер қойылды. Дегенмен мұғалімнің білімі, ұстанымы мықты болу керек, сол кезде оқушы мен ата-ананың және қоғам алдында мәртебесі жоғары болады демекпін. Ұстаз, ең алдымен өзін-өзі құрметтеуі керек. Мұғалім сыйлы болуы үшін оның тұлғасы шәкірттерге қызықты болуы шарт. Оның білім-білігі, психологиялық келбеті, дағдылары заманға сай болуы қажет. Мойындау керек, бұрынғыдай мұғалімнің айтқанын ұйып тыңдап отыратын оқушылар жоқ қазір. Себебі, заман өзгерген. Бала өзгерген. Бүгінгі бала бұрынғы тәсілді қабылдамайды. Мұғалімдер бала тілін тауып, сол тұрғыда түсіндіре алатындай болуы керек. Сол себепті де ұстаздықты таңдаған жан үлкен жүрекке ие болуы тиіс.
– Ұрпақ тәрбиесі – ұлт мәртебесі екенін алға тартсақ, қазіргі заман ағымының үздіксіз дамуымен бірге адамдардың мінез-құлқы, психологиясы да күн сайын өзгеріп жатыр. Бала тәрбиесіне көбіне кім жауапты болғаны дұрыс? Мектеп мұғаліміне барлық жауапкершілікті артып қойған жоқпыз ба?
– Ең алдымен бала тәрбиесіне жауапты ата-ана. «Тәрбие басы – тал бесік» деп бекер айтпаған. Ал мұғалім балаға рухани азық беретін, бағыт-бағдар беретін, ең жақын адамы болуы тиіс. Мектеп пен ата-ана бірігіп, бала үшін жұмыс жасаса болашағымыз жарқын болары анық. «Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» деген сөз бар. Сондықтан ұлы мамандықтың артында зор жауапкершілік тұрғанын ұмытпағанымыз дұрыс.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ
14 шілде 2025 ж. 64 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№51 (10419)

12 шілде 2025 ж.

№50 (10418)

09 шілде 2025 ж.

№49 (10417)

05 шілде 2025 ж.

Оқиғалар

Әженің ашуы
02 қаңтар 2025 ж. 1 035
Ақсұлу

Ақсұлу

29 желтоқсан 2024 ж.

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031