БАЛА ҚОҒАМНЫҢ ОРТАҚ БАЙЛЫҒЫ

– Әрине насихат жұмыстары міндетті түрде жүргізіледі. Жылдағы үрдіспен биыл да жүргізілді. Балалардың жазғы демалысын қауіпсіз өткізуге байланысты көптеген іс-шара өткізілді. Себебі, бала қауіпсіздігі – қашан да басты назарымызда тұратын мәселе. Тоқтаусыз жүріп отырады десек болады.
Сала бойынша ауданда ҚР Оқу-ағарту министрлігімен бекітілген «2024-2027 жылдардағы жазғы демалыс кезінде балалардың сауықтыруын, демалысын, бос уақытын өткізуге бағытталған іс-шаралар» жоспарын басшылыққа алып, кешенді жоспар жасалынған. Соған сай жұмыстар атқарылуда. Атап айтсақ, оқушылардың жазғы демалысын және бос уақытын, жазғы лагерь жұмысын тиімді ұйымдастыруға әдістемелік көмек беру, күндізгі тынығу лагеріне тиісті санитариялық-эпидемиологиялық талаптармен таныстыру, құқықбұзушылық пен төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында «Көңілді жаз – 2025» тақырыбында кең көлемде семинар ұйымдастырылды. Оған аудан прокурорының орынбасары З.Гичиев, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары А.Әбжаппарова, төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Ө.Сақтабаев, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры О.Ешжанов, аудандық емхананың инфекционист-дәрігері Ұ.Абдулхамитов, сондай-ақ орта мектептерден әлеуметтік педагогтар, медбикелер, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысып, онда оқушылардың жазғы демалысы мен бос уақытын, жазғы лагерь жұмысын тиімді ұйымдастыру барысы жан-жақты талқыланды.
– Маусымда мектеп оқушыларының демалысы қалай ұйымдастырылмақшы?
– 2025 оқу жылында 1-10 сынып аралығында 14179 оқушыны 100 пайыз жазғы демалыс және еңбекпен қамту жұмыстары жүзеге асырылуда. Оның ішінде 451 оқушы Жаңақорған ауданындағы «Облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығына» жіберу жоспарланған. Тарқатып айтқанда, 2287 оқушы еңбекпен – көркейту-көгалдандыру бригадаларында 9 сынып оқушыларынан 1368, еңбек бригадаларында – мектептің жөндеу, көгалдандыру жұмыстарына 10 сынып оқушыларынан 919 бала қамтылады деп отырмыз. Еңбек тынығу лагерін ұйымдастыру бағытында №199 мектеп жеке шаруашылық серіктестігімен келісімшартқа отырып, оқушылар тәулігіне 2 сағат жұмыс істегені үшін (сағатына 500 теңге) еңбекақысын алуға келісілген. Мектеп жанынан құрылған тынығу лагеріне 1077 оқушы тамақпен, 4639 оқушы тамақсыз лагерьге қамтылмақшы. Мектеп жанынан киіз үй тігіліп, этноауыл ұйымдастырылуда. Бұдан бөлек, мектеп жанынан құрылған спорттық лагерьге 3524 оқушы қамтылады деп күтілсе, оларға дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері жетекшілік етіп, балаларды саламатты өмір сүру қағидаларына баулуда спорттық ойындар, баскетбол, волейбол, теннис, футбол секілді басқа да спорт түрлерінен сайыстар өткізіледі. 982 оқушы дебат үйірмесіне қатыстырылып, онда ұстаздар, аудандық қоғамдық даму бөлімінің мамандары, жастар қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып, интеллектуалдық ісшаралар өткізу жоспарланған. Аудандағы қасиетті мекен – Қорқыт ата атындағы мемориалды кешеніне, әлемнің жер кіндігі саналатын – Байқоңыр ғарыш айлағына, «Ғарышкер» музейіне, «Руханият» орталығына саяхаттауға да оқушыларды қамтамасыз ету назарымызда. Сондай-ақ демеушілік есебінен 117 оқушы жазғы тынығу лагерьлерінде демалады.
– Байқоңыр қаласы, Төретам кенті мен Ақай ауылы бойынша не айтар едіңіз?
– Байқоңыр аумағы бойынша да жоспар жасалған. Нақты айтқанда, 1-10 сынып аралығындағы 7335 оқушының барлығы да сауықтыру демалысымен және еңбекпен қамтылады. Оның ішінде 220 оқушы сыртқы лагерьге, 470 оқушы мектеп жанындағы тамақпен қамтамасыз етілетін лагерьмен, 2702 оқушы тамақсыз лагерьмен, 734 оқушы көркейту-көгалдандыру бригадасына, 486 оқушы еңбек бригадасына, 1901 оқушы спорттық лагерьмен, 522 оқушы дебаттық лагерьмен, 462 оқушы тарихи орындарға экскурсиямен және демеушілікпен 58 оқушы тынығу лагерімен қамтылатын болады.
– Қазір маусым айының ортасынан астық, балалардың алды лагерьлерде демалып та келген болар?
– Қазіргі таңда 291 оқушы Жаңақорған ауданында облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында 1-11 маусым аралығында демалды. №107 мектептің 10 оқушысы «Жаңажол» ЖШС директоры, облыстық мәслихат депутаты Орынбасар Төлеповтің демеушілігімен, 10 оқушы ата-аналардың демеушілігімен демалуда. Көкшетаудағы «Парус» лагеріне 5-14 маусым аралығында 10 оқушы ата-ана қолдауымен демалса, 14-24 маусым аралығында 160 оқушы және демеушілікпен 40 оқушы Жаңақорғандағы облыстық олимпиадалар және қосымша білім беру орталығында демалысын өткізеді.
Осы жылдың 30 мамырында «Жас толқын» аулалық клубы ашылып, өз жұмысын бастады. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай С.Есқараев атындағы №27 орта мектепте мектеп жанындағы «Балдырған» күндізгі тынығу лагерінің ашылу салтанаты өткізілді. Оған аудандық мәслихат төрағасы Ә.Қошалақов, аудан прокурорының көмекшісі Ә.Сәду, аудандық ата-аналар комитетінің төрағасы М.Әлиев, аудандық білім бөлімінің қызметкерлері қатысты. Онда аудандық мәслихат төрағасы Ә.Үсенұлы сөз сөйлеп, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады. Олардың жазғы тынығу демалысын сәтті өткізулеріне тілектестік білдірді. Оқушылар аға буынға арнап әсем ән шырқаса, мың бұралған биші қыздардың өнері тамашаланды.
– Баланың өмір қауіпсіздігі бәрінен маңызды дейміз ғой. Ойнайтын орны, ішетін асы, тағы басқасы.
– Жосалы кенті орталығындағы мектептерде «Аманат» партиясы аудандық филиалының, прокуратура, білім бөлімі, Жастар денсаулық, Отбасын қолдау орталықтарының, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшылары мен өкілдері мектеп жанындағы лагерьлерде болып, жай-күйімен танысты. Оның ішінде балалардың денсаулық қауіпсіздігі әлбетте басты орында. «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» акциясы және 4 маусым – ҚР Рәміздері күні аясындағы атқарылған жұмыстарға да назар аудартты.
Балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін сақтау, оларды сауықтыру мен демалысын тиімді үйлестіру аудандық білім бөлімінің тұрақты бақылауында. Аудан прокуратурасы уәкілетті органдармен бірлесіп, мектеп жанындағы күндізгі тынығу лагерінің ашылуына қатысып, профилактикалық аралау іс-шаралары ұйымдастырылуда. Бұл жұмыстарда балалардың тамақтану, медициналық көмек алу, санитарлықгигиеналық талаптарға сәйкестігі және қауіпсіздік шаралары тексеріліп отырылады. Іс-шараның негізгі мақсаты – балалардың жазғы демалыс кезінде толыққанды демалуына, денсаулығын нығайтуға және қауіпсіз жағдай жасалуына бақылауды қамтамасыз ету.
– Ата-аналарға айтар қандай да бір тілегіңіз бар ма?
– Жаз маусымы балалардың ойынға беріліп, көңілді өткізетін уақыты. Жаңа оқу жылына жақсы көңіл-күймен кірісу де психологиялық, ой-сана жағынан аса пайдалы. Десе де, бала уақытының денін отбасында өткізетін болғандықтан, оған қашан да бақылау керек. Беймезгіл уақытта көшеде жүруге, су айдындарына үлкендерсіз баруға болмайтынын құлақтарына жиі салып отырса деген тілегім бар. Бала – баршамыздың ортақ қазынамыз, байлығымыз. Тіршілікте оның амандығынан асқан дүние жоқ. Оқушыларымызға айтарымыз – көп кітап оқып, отбасына көмектескені абзал. Пайдалы іспен шұғылдану да жазғы демалыстың ажарын кіргізеді.
– Әңгімеңізге рақмет, балаларға жаз есте қаларлықтай көңілді демалыс болсын!
Сұхбаттасқан Сәрсенкүл АҚКІСІ