Жазғы демалыстың жайы қалай?
СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ СЫҢҒЫРЛАП, ОҚУШЫЛАР ҮШ АЙ ДЕМАЛЫСҚА ШЫҚТЫ. ЖАЗ – ЖАРҚЫН МЕЗГІЛ. «ЖАЗ ЖАЙНАТЫП, КҮН КҮЛДІРІП, БІЗ ЛАГЕРЬГЕ БАРАМЫЗ» ДЕП ОҚУ ЖЫЛЫ АЯҚТАЛЫСЫМЕН МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ ЖАЗҒЫ ТЫНЫҒУ ЛАГЕРЬЛЕРІНЕ БАРУҒА АСЫҒАДЫ. ЖАЙРАҢДАҒАН ЖАЗДЫҢ ҚУАНЫШ ПЕН ШАТТЫҚҚА ТОЛЫ ҰМЫТЫЛМАС ЕСТЕЛІКТЕРІ ОСЫНДАЙ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС ЛАГЕРІНЕН БАСТАУ АЛАТЫНЫ СӨЗСІЗ.
Жаз келді дегеннен әрбір ата-ана «Баламның жазғы демалысын қалай ұйымдастырсақ екен?», «Уақытын тиімді өткізу үшін қосымша курстар мен үйірмелерге берейік пе, әлде оқу-білімнен жерітіп аламыз ба?» деген сұрақтарға жауап іздейтіні белгілі.
Расында да жазғы каникул балалардың жылдық бос уақытының айтарлықтай бөлігін алады. Сондықтан да баланың демалысын дұрыс ұйымдастыра білу маңызды мəселенің бірі. Мектеп психологтары үш ай уақытты тиімді, қызықты әрі үнемді пайдалану үшін бәрін алдын ала ретімен жазып, жоспарлап алуға кеңес береді. Жоспарда баланың еркіндігіне, қалауына мүмкіндік берген жөн.
– Балалардың жаз мезгілін асыға күтетіні белгілі. Мен маусым айындағы демалысты қызықты, көңілді етіп ұйымдастыруға кеңес беремін. Алғашқы айда баланың ойы да, бойы да жақсы демалу керек. Тіпті бұл айда смартфонын сөндіріп тастаған жөн. Егер мүмкіндік болса, балаларға арналған демалыс орындарына, лагерьге жіберген дұрыс. Ол жерде баланың тамақтануы, ұйқысы, демалуы, ойнайтын және шомылатын уақыты қадағаланады. Өз қатарластарымен баланың демалысы қызықты өтеді. Егер баланы лагерьге жіберудің реті келмесе, жазғы демалыстың бірінші айында табиғат аясында жиі отбасылық демалыс ұйымдастырып, шомылуға ертіп баруға болады. Баламен бірге футбол ойнау, қыдыру, серуендеу, бірге кәуап пісіру – оның қалауын, хоббиін, армандарын, байқамай жүрген қабілетін білуге мүмкіндік береді. Жалпы тек жазғы демалыста ғана емес, басқа айларда сенбі-жексенбі күндері отбасылық демалыс ұйымдастыруға тырысу керек. Бұл отбасындағы балалар мен ересектер арасында түсіністік орнауына септігін тигізеді, әрі көп мәселенің алдын алады, – дейді мектеп психологі.
Ал аудандық білім бөлімі тарапынан аудандық төтенше жағдайлар бөлімімен бірлескен түрде мектептерде қауіпсіздікке, су, өрт жағдайларының алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстары ұдайы жүргізіледі.
– Қазіргі жасөспірімдердің күн тәртібіндегі бірінші мәселесі – олардың қауіпсіз, бақытты өмір сүруі. Осы орайда білім беру мекемелеріндегі ата-аналар жиналысында біздің мамандар қатысып, жазғы демалыстағы баланың қауіпсіздігі түсіндіріліп, ақпараттар берілді. Жазғы тынығу кезінде, демалыс лагерьлерінде оқушының қауіпсіздігі басты назарда болуы керек екені ескертілуде. Сонымен қатар табиғатқа шығу демалыстары, су, өрт, көлік, төтенше жағдайларға байланысты қауіпсіздік шаралары жөнінде жиналыстар ұйымдастырылып, ережелер жадынама ретінде таратылды. Мұның барлығы – бала қауіпсіздігі үшін атқарылған шаралар. Алдағы уақытта да мұндай жұмыстар жалғасын таба бермек. 2021-2022 оқу жылында 1-10 сынып аралығында 14543 оқушының 8743-не жазғы демалыс және еңбекпен қамту жұмыстарын жүзеге асыру жоспарлануда. Сыртқы лагерьге – 417 оқушы, мектеп жанындағы тамақсыз тынығу лагеріне – 8206 оқушы (1-5 сынып) қамтылады. 9-сынып оқушыларынан құралған 1172 оқушы көркейту-көгалдандыру бригадаларында, 10-сынып оқушыларынан құралған 573 бала еңбек бригадасына оқу практика есебінен жұмыс істемек. Мектеп жанынан құрылған аулалық клубтарда – 2289, 641 оқушы дебат үйірмесіне, оқушылар үйінің жанынан құрылған «Жас толқын» аулалық клубқа – 500 оқушы барады. Ата-ана мен кәсіпкерлер демеушілігімен 60 оқушы сыртқы лагерьлерге жіберіледі, – дейді жазғы кезеңде балалар мен жасөспірімдердің демалысын, сауықтырылуын және пайдалы еңбекпен қамтылуын ұйымдастыратын аудандық білім бөлімінің әдіскері А.Тоқшылықова.
Айта кеткен жөн, аудан оқушылары Қызылорда қаласындағы «Аңсар-Кәусар», «Зерентай», Жаңақорған ауданындағы «Талсу», Арал ауданындағы «Қамбаш» лагерьлерінде тынығады.
Демалыстағы бала қауіпсіздігі аудандық білім бөлімі үшін басты орында. Мектеп ұжымы демалыс кезінде де өз оқушыларын назардан тыс қалдырған емес. Олардың қайда өткізетіні сұралып, зерттеледі. Сондықтан ата-ана неғұрлым баласын қауіпсіз орында ұстағаны абзал.
Кейде біз көп нәрсені ұсақ-түйек санаймыз. Ал мән беріп қарасақ, жазғы лагерьлер – тек демалыс орны ғана емес, үлкен тәрбие мен үгіт-насихат құралы. Мәселен, балалар онда демалып қана қоймай, денсаулығын түзейді, қоршаған ортаны танып, достыққа бейімделеді. Туған жердің орман-тауын, өзен-көлін, даласын көріп-білу және оның күллі сұлулығын сезіну әрбір баланың бойында ұлттық сананың қалыптасуына алғышарт болады. Жалпы баланың жазғы каникулын денінің саулығын, білімін, тәрбиесін және шығармашылық талантын дамытумен үйлестіре білуді – демалысты дұрыс ұйымдастыру дейді. Бұл әр ата-ананың өз қолында. Айналып келгенде, балаға бүгінгі жасалатын қамқорлық – елдің ертеңіне салынған инвестиция іспеттес. Ал сіз балаңыздың жазғы демалысын жоспарладыңыз ба?
Ардақ СӘКЕНҚЫЗЫ