» » » «Апамның ұршығы әлемге танытты»

«Апамның ұршығы әлемге танытты»

qarmaqshy-tany.kz АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ, ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНА ҚАРАСТЫ ӘЙМЕН АУЫЛЫНДА ОН САУСАҒЫНАН ӨНЕР ТАМҒАН ХАС ШЕБЕР ҚЫРҒАУЫЛ КӘКЕЙҚЫЗЫ ЕСІМДІ ЖАН БАР. ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ КӨШПЕНДІ ӨМІРІНІҢ КУӘГЕРІ – КИІЗ ҮЙДІҢ ЖЕЛБАУ, БАСҚҰР, ШАҢЫРАҚ БАУ МЕН КЕРЕГЕ, УЫҚ БАУЛАРЫН ӨЗ ҚОЛЫМЕН ӨРНЕКТЕЙ ТОҚИДЫ. ОЛ БҮГІНДЕ ҒАСЫРЛАР БОЙЫ САЛТДӘСТҮРІМІЗБЕН БІТЕ ҚАЙНАСЫП, ТАҒЫЛЫМДЫ ТАРИХЫМЫЗДАН СЫР ШЕРТЕТІН ОСЫНДАЙ АСЫЛ МҰРАЛАРДЫ ДӘРІПТЕУДЕ ҚОЛӨНЕРДЕН САБАҚ БЕРЕТІН ЕҢБЕКШІҚАЗАҚ АУДАНЫНА ҚАРАСТЫ РАХАТ АУЫЛЫНАН «КӘКЕЙ» ӨНЕР ОРТАЛЫҒЫН АШЫП, ҰЛТТЫҚ ӨНЕРІМІЗДІҢ ӨРІСІН КЕҢЕЙТІП ОТЫР. ЖУЫРДА АУДАНЫМЫЗДА «АТАДАН ҚАЛҒАН МҰРА» ТАҚЫРЫБЫНДА ӨТКЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОЛӨНЕР ШЕБЕРЛЕРІНІҢ КӨРМЕСІНДЕ ҚЫРҒАУЫЛ АПАЙМЕН ЖҮЗДЕСІП, ТІЛДЕСУДІҢ СӘТІ ТҮСКЕН ЕДІ.
– Бұл өнер сізге қайдан, қалай келді? Әңгімені осыдан бастасақ...
– Қолөнер – өмірдің өзі берген еншім. Анам да, әжем де мұндай шаруаның шебері. Алайда әкем көрші ауылдағы алыс-жақынға аты танымал шеберден сабақ алғанымызды жөн көрді. Әкем жарықтық, Кәкей жастау кезінде атқа жақсы серпін беретін. «Сарыбауыр» деген аты болды. Шапқанда жеткізбейтін, суда да жатырқамай жүзе беретін. Сол атына серік, нағашымыздың берген тай күнінен бірге жүрген қарала аты барды. Осы тұлпарын мініп бізге арнайылап шеберлерді алып келіп, қолөнерге баулыды. Екі ауылдың арасын арқыраған асау өзен бөліп жатады. Әлгі шеберді атқа мінгізіп, шылбырынан жетелеген әкем еш қаймықпастан буырқанған асау өзенді кесіп өтетін. Атты кісінің кеудесіне дейін жететін ағынды өзенде жүзіп келе жатқан жылқының қалқиған құлағы мен көкке көтерген танауы зорға көрінетін. Әкем сол өзеннен күн сайын өтетіндіктен аман-есен жағаға шыққанша жанымызды шүберекке түйіп отыратынбыз. Ал шебер болса үсті-басын құрғатып алған соң бізге қолөнерінің құпиясын ашатын. Өмірін суға қиып жібергендей ме, жоқ әлде бізге деген өнерді бергісі келетіні ме екен жолдың алыстығына да қарамайтын. Бар ойы – Кәкейдің алты қызына өнер үйрету болған ғой, сірә. Осылайша бір үйдің алты қызы сол шебердің шәкірті болдық. Атаанамыз біздің іске икемділігімізге қатты назар аударатын. Осы күнде қандай да бір жетістікке жетіп, көптің алғысына бөленіп, марапат алып жатқанда әкемнің сол шеберді арқыраған асау өзеннен жанкештілікпен алып өтіп келе жатқаны көз алдыма келеді. Өзінің суға ағып кетуіне алаңдамаған қайсар жанның өнері ғана емес, батылдығы да маған өмірлік сабақ болды.
Кішкентай ғана киіз үйде өскенімізбен, өнердің үлкендігін өн бойымызға дарытуға сол ата-анамыз бен шебердің септігі тиді. Күнделікті өрмек тоқу, жіп иіруге балалық шақтан осылай машықтандық. Қыс бойы жіп иіріп, жаз бойы өрмек тоқитынымыз балалық шақтан бастау алды. Апамның ала жібін, ұршығын мен көтеріп жүрсем, ала жіп мені әлемге көтерді.
Қолөнердің ішінде киіз үйді тігіп, оның ішін безендіру анда-санда іс-шараларда кездесіп жатады. Ондайда қарапайым халық мұнда кіріп шыға алмайды. Көбінесе әкім-қаралар, үлкен қонақтар жайғасады да кейін қайтады. Ал киіз үй сол жиын біткен бойда жиналып кетеді. Сондай мезетте киіз үйдің жабдықтарын тігіп беріңізші, таңғыш бау мен есіктің босағасы қалай таңылады, көрсетіңізші дегенде менің «жүрегім қозғалады». Неге біз осынша ұланғайыр жерде тұрып киіз үйдің уығын байлау, керегесін таңу, есіктің сықырлауығына қалай байлануын білмей жатсақ, мен жай ғана киіз үй тігіп жүре бермейін деп осы таңғыш баудан бастап басқұр, шаңырақтың желбауын дайындауға бел будым. Бәлки киіз үйдің ағашын жасау басқа адамның еншісінде болар, бірақ оның әшекейі, тоқыма бұйымы менің мойнымда болсын деген сияқты ой болды.
– Атыңыз – Қырғауыл. Көп кездесе бермейтін есім. Білуімізше, бауырларыңыздың да аты осы құстармен байланысты. Атыңыздың қойылу себебін сұрасақ...
– Әкем өмірге келген кезде екі абысынды-келін бірге босанған екен. Ол Кеңес үкіметінің құрылып жатқан кезі, сол шақта дінге деген көзқарас бөлек болды ғой. Әкемнің өмірге келуі Рамазан айымен тұспа-тұс келіпті. Сонда тарауық намазында тәспиық тартылатын сөздердің жұрнағының ішінен «Кәкей, Шәкей» деп екі балаға ат беріпті. Бұл сөздердің астарында «қауіп-қатерден сақта» деген тәмсіл жатса керек. Анам – Рысалды Ахметқызы. Ата-анамыз тек бізге ғана емес, Баукей деген інісінің балаларына Торғай, Қарлығаш, Сандуғаш деп ат қойды. Екі ұлдың балаларын да құстардың атына қоя берген ғой. Табиғат – ағамның аты, әпкем – Тотықұс, мен – Қырғауыл, ізімнен ерген Бұлбұл, Сұңқар деген бауырларым бар.
Мен Моңғолия жерінде туып-өстім. 1992 жылдың жаз айында Қазақстанға 4 үй болып көшіп келдік. Әке-шешем кішкене ғана малымен жайлауда тұрамыз. Сондағы ауа-райын ұшқан құстан аңғарамыз. Қарлығаштың қанатын жайып төмен ұшқаны жаңбырдың жауатынын байқатса, ал енді іргені тырмалап, ит кішкене үріңкіреп мазасызданса аяқасты күннің суытатынын білдіреді. Әкем «үш күн болды ана сары бас қой аузыменен шөп әкеледі» деп аузына шөп қыстырып келе жатқанынан қыстың қатты болатынын біледі. Содан бастап қысқа қам қылып, жем-шөбін ерте әзірлеп жататын. Осындай дүниеден-ақ бізге жаңбыр жауып, нөсердің болатынын жан-жануарлар мен құстардың үні арқылы жетіп отырған ғой.
Мен туған ауыл таза табиғаттың көрінісі еді. Жайлаудағы балалық шағым дәл қазір көз алдыма кино секілді келіп отыр. Адам табиғатпен біте қайнасып өмір сүреді емес пе?! Есімімнің сыры да осында шығар.
– Шет елдерге де жиі шығып жатасыздар. Олар біздің ұлттық қолөнерді қалай бағалайды?
– Әрине, жоғары бағалайды. Себебі, ою-өрнек олар үшін құнды дүние. Оның құндылығын өзіңіз асырасыз. Олар жай ғана қарайды да қошқары, қойы бар, гүлі, оюы бар деп қалдырмай тарихына терең үңілу қажет. Сол бұйымды сөйлете алу керек. Сіз жарқырап сөйлей бастаған сәтте-ақ шетелдік қонақтар тілшіні өздері ертіп әкеледі. Ұланғайыр жер болғанымен көп дүниелер ұмыт қалып жатады. Оны асырып түсіру үшін көп тіл білемін десек, уақыттан ұтылып қалуымыз мүмкін. Сол себепті кішкентай ғана жұмысты көрсету үшін аз ғана талпыныстың өзі жеткілікті.
Мықты мұғалім тек қалада тұруы керек шығар деп ойлайтынмын. Адам ауылда тұрып та талпынса танымалдыққа ие болып, шетелге де шыға алады екен. Осыған көзім анық жетті. Жер-жерлерге шақырғанда құстай ұшып жеделдетіп жетуге асығамын. Өз үйімдегі шаруаның бәрін жиып-теріп қоямын. Шөлдеп тұрған елдің шөлін басуға ұршық қалай иірілетінін көрсетіп жүретін жайым бар.
– Өзіңіз мектепте ұстазсыз. Бүгінгі бала тәрбиесі туралы не айтасыз?
– Бала тәрбиесіне ата-ана қарамайды, мектептегі ұстазға тапсырады. Біз білім берудің орнына тәрбиеге араласып жатамыз. Осылай бір-бірімізге итереміз. «Ұстаз балаларды ұрыпты» дегенді де естіп қаламыз. Осының бәріне жол беріп отырғанымыз шаңырақтағы ананың тәрбиесіне келіп тіреледі. «Құс ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейміз. Үйдегі ана ине ұстап бірдеңе жасар болса, бала соған назарын салып отырады, санасына сіңіріп алады. Оны бала бір күні тігемін десе, анасының қалай тіккенін есіне түсіріп, соны қайталай бастайды. Оның бірі менің де басымнан өткен. Мен анамнан түрлі-түсті жіп алып тіккім келетін, бірақ аяқтай алмаймын ба деген қорқыныш, үрей болған. Сонда киіз үйдің іргелігін, астына барып жіпті сабақтап тіге беретінмін. Үй ысып кеткенде іргелікті кім ашады дегенде бірінші болып өзім жүгіремін. Өйткені алдымдағы ағам Табиғат не әпкем Тотықұс көрер болса анама жеткізіп, таяқтайтын шығар деп ойлайтынмын. Бірақ олай жасамады. Керісінше қуанды бізден ине-жіп сұрамадың ба деп жанарына жас та алып қалды. Әпкемнің тіккен жібі домаланып қалып, соған анамның қатты ұрысқаны бар. Сірә, әлгі жағдайдан соң қорқып қалсам керек. Бізде мынадай нәрсе бар. Үйде екі адам жанжалдасып қалса, бала оны жүрегіне қатты алып қалады. Сондықтан ұрыс-керісті үйдің ішінде болдырмау керек. Сол бір айғай адамның бетін қайтарып тастауы да мүмкін. Соның салдарынан бала қоғамға қарай жүруден шектеліп қалып жатады.
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Ақнұр САҒЫНТАЙ

20 наурыз 2023 ж. 860 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 021

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031