» » » "Киелі мекеннің рухын көтеруде аянбай еңбек етеміз"

"Киелі мекеннің рухын көтеруде аянбай еңбек етеміз"

СЫР ЕЛІ - ӨНЕР ОРДАСЫ ДЕЙТІН БОЛСАҚ, ОНЫҢ ІШІНДЕ 100 ЖЫРАУЫН ЖҮЗІКТЕГЕН БІЗДІҢ АУДАННЫҢ ӨНЕР МЕН МӘДЕНИЕТТЕГІ ОРНЫ ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ БЕЛГІЛІ. СОНАУ ҚОРҚЫТ ЗАМАНЫНАН ТІН ТАРТҚАН ТӨЛ МӘДЕНИЕТІМІЗ БЕН ТАРИХЫМЫЗ ТАЛАЙ БУЫН ӨКІЛІНІҢ ТӘРБИЕСІ МЕН ТӘЛІМІНЕ, ӨМІР СҮРУ ДАҒДЫСЫНА ЫҚПАЛ ЕТКЕНІ СӨЗСІЗ. УАҚЫТ КӨШІ БІР ОРЫНДА ТҰРМАЙДЫ, ІЛГЕРІ ЖЫЛЖИДЫ. ҚОҒАМ МЕН ӘЛЕУМЕТ ТЕ АУЫСАДЫ. АҚИҚАТЫ СОЛ МҰНДА ҒАСЫРДАН-ҒАСЫРҒА САҚТАЛЫП ҚАЛАТЫН РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР МЕН МӘДЕНИЕТТЕР ҒАНА ЖІБІН ҮЗБЕЙ, ХАЛЫҚҚА ҚАЛТҚЫСЫЗ ҚЫЗМЕТІН ЖАЛҒАСТЫРА БЕРЕДІ. МӘДЕНИЕТ - ҚОҒАМДЫ ӨНЕР-БІЛІМГЕ, ЖАСАМПАЗ БОЛАШАҚҚА БАҒЫТТАУШЫ БІРДЕН-БІР МҰРАТЫ АСЫЛ САЛА ДЕСЕК, ӨҢІРДЕГІ ОСЫ САЛАНЫҢ БҮГІНГІ ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІ ҚАНДАЙ? АЛҒА ҚОЙҒАН НЕНДЕЙ МАҚСАТТАРЫ БАР? ОСЫ ЖӘНЕ ТАҒЫ БАСҚА САУАЛДАР БОЙЫНША АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ ДӘУРЕН ЕРЖАНОВПЕН СҰҚБАТТАСЫП СҰРАП БІЛГЕН ЕДІК.
– Дәурен Дауылбайұлы, редакциямызға қош келдіңіз! Өзіңізбен сауалымызды бастамас бұрын алдымен еңбек жолыңызды таныстыра өтсеңіз?
– Мен осы ауылдың төл перзентімін. Жосалы кентінде дүниеге келгенмін. Орталықтағы Ә.Егізбаев атындағы No121 орта мектептің түлегімін. 2007 жылы жоғары оқу орнынан "Тарих, құқық және экономика негіздері пәндерінің мұғалімі" мамандығын алып шықтым. Алғашқы еңбек жолым қарапайым жұмысшылықтан басталды. Одан соң облыстық тарихи-өлкетану музейі Қорқыт ата атындағы филиалының ғылыми қызметкері болып еңбек етсем, 2015-те аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры, 2019-да облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты облыстық тарихи-өлкетану музейінің аудандық тарихи-өлкетану музей филиалының меңгерушісі қызметтерін атқардым. Бүгінде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне басшылық етудемін.
– Еңбек жолыңызға қарағанда бірыңғай мәдениет саласында басшылық қызметте келеді екенсіз. Сіздіңше мәдениет, руханият жаныңызға несімен жақын?
– Мәдениет саласындағы алғашқы еңбек жолым музейдің қызметкері болудан басталған болатын. Әсіресе Қорқыт атамызға қатысты ғылыми зерттеулер, өлкенің бай тарихы мен қазба мұраларына деген қызығушылығым басым болды. Аудан туризм саласын дамытуға өте қолайлы. Сонымен қатар Қорқыт ата мемориалды кешеніне атбасын тірейтін Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген отандастарымызбен және шетелдік қонақтармен тілдесіп, пікір алмасасың. Осының бәрі де менің мәдениет пен руханият саласына жақын болуыма себепкер болған дүниелер.
– Жақсы, рақмет. Енді негізгі сұрағымызға көшсек. Бөлімде қандай жұмыстар атқарылуда? Кадрлық мәселелер жоқ па?
– Жалпы бөлімде Ш.Төлепова атындағы аудандық мәдениет үйі, К.Рүстембеков атындағы аудандық жы раулар үйі, 18 кітапхана және кент, ауылдық округтер әкімі аппаратына қарасты 1 мәдениет үйі мен 13 клуб, барлығы 34 мекеме жұмыс істеуде. Онда 127 шығармашыл маман еңбек етеді. Дарынды жастардың өнерін тану, олардың талантын әрі қарай шыңдап, сүйемелдеуде үйірмелердің септігі зор. Үйірмелер арқылы да көптеген жұмыстар жүзеге асырылып отырылады. Қазіргі кезде ауданның мәдениет ұйымдарында 106 үйірме болса, оның 97-сі аудандық мәдениет үйлері мен клубтарына қарайды. 9-ы аудандық жыраулар үйіне қарасты үйірмелер болып саналады. Үйірменің бүгінгі таңда 1436 мүшесі бар болса, оның 1274-і мәдениет үйлерінің үйірме мүшелері. Сала бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып өтер болсам, аудандық мәдениет үйлері мен клуб кәсіпорындарында осы жылдың 8 айында 948 мәдени іс-шара өтті. Оның ішінде елді мекендерде өткізілген іс-шара саны 499-ды құрап, өткізілген мәдени шараларды 73585 көрермен тамашалаған. Атап айтқанда аудандық мәдениет үйінде 44, Жыраулар үйінде 75, кітапханаларда 330 кездесу, басқосу, дөңгелек үстел отырыстары ұйымдастырылған. Сонымен қатар ауылдық мәдениет және клуб үйлерінде де 499 түрлі шара өткен.
Барлық байлық кітапта" деген дей, тұрғындардың рухани жандүниесін толыстыруда кітапхананың орны ерекше. Әлеуметтік желіні белсенді қолданғанымызбен қолға кітап алып оқудың құндылығын ештеңемен салыстыруға келмейді. Аудан, ауыл тұрғындарының рухани байлығын арттыруда 18 кітапхана қызмет көрсетуде. Олардың 1-еуі орталық кітапхана, 1-еуі балалар, 1 қалалық және 1 кент кітапханасы болып табылады. Ал қалғаны ауылдық жерлерде. Айта кетерлігі, кітапханалардың барлығында заманауи талап-тілектерге сай коворкинг орталықтары жұмыс істейді. Былтыр мәдени салада үлкен игі жаңалықтар орын алып, мерейіміздің тасығаны бар. Республикалық "Рухани қазына – 2021" онлайн фестивалінің қорытындысымен екі бірдей мекемеміз басты жүлдені жеңіп алды. "Үздік ауылдық мәдениет үйі және клубы" номинациясымен С.Бөртебайұлы атындағы Ақжар ауылдық клуб үйі марапатталса, "Үздік аудандық (қалалық маңызы бар мемлекеттік балалар немесе жасөспірімдер кітапханасы" номинациясына аудандық балалар кітапханасы ие болып, қаржылай сыйлықпен және Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрінің дипломымен мадақталған болатын. Бұл да болса саладағы жүйелі жұмыстың және мамандығына берілген сала қызметкерлерінің өлшеусіз еңбегінің жарқын көрінісі десек болғандай.
Сондай-ақ 86 тарихи-мәдени мұра объектісі мемлекет қорғауына алынса, олардың 6-уы республикалық, 42-сі жергілікті маңызы бар объектілер қатарында. 38 нысан тарихи-мәдени мұра объектілерінің алдын ала тізіміне енгізілген. Тарих және мәдениет ескерткіштеріне қорғау тақталарын орнату мен төлқұжаттарын рәсімдеу, қайта жаңғырту жұмыстары бойынша аудан көлеміндегі 74 ескерткішке қорғау тақталары орнатылып, төлқұжаттары рәсімделген. Алдын ала тізіміне енгізілген 12 ескерткіштің қорғау тақтасын дайындап орнату және төлқұжат рәсімдеу ескерткіштерге тиісті мәртебе берілгеннен кейін заң талаптарына сәйкес жүргізілмек.
– Айтпақшы жергілікті маңызы бар Абыла желдиірмені мемлекеттік қорғауға алына ма?
– Иә, оған жергілікті бюджеттен 144,5 мың теңге қаржы бөлініп, құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Ескерткіштердің қорғау, құрылыс салуды реттеу және қорғалатын табиғат ландшафт аймақтары белгіленді. Сонымен қатар аудандағы 22 тарихи және мәдениет ескерткішінің қорғау, құрылыс салуды реттеу, қорғалатын табиғи ландшафт аймақтары шекараларының бекітілуі де – төл мәдениетіміз бен өткен шежірелі тарихымызға деген жанашырлық болса керек. Өңірде археологиялық ескерткіштер саны 43 болса, 42 сәулет және қала құрылысы ескерткіші айналамызға көрік беріп тұр.
– Мәдениет саласының жүргізіп жатқан жұмыстарының бірқатарына БАҚ өкілі ретінде өзіміз де куәміз. Десе де осылардың негізгілерін атап өтсеңіз артық болмас еді?
– Биыл Тұрмағамбет ақынның туғанына 140 жыл толып отырғанынан көпшілік хабардар. Осы тұрғыда шайыр мұраларын насихаттау, дамыту мақсатында аудан әкімдігінің қолдауымен "Тұрмағамбет жырлары – жаңа ғасыр көгінде" атты көр кемсөз оқу шеберлерінің, "Шұғыла шашқан Шаһнама" атты облыстық дастан-қисса жырлаушыларының байқауы өтсе, Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толуына орай "Ұлттың ұлы ұстазы" атты аймақтық ақындар мүшәйрасы ұйымдастырылды. "Домбырасын моншақтаған жыр жауhарлары" атты облыстық қыз-келіншектердің жыр фестивалі, "Қорқыттан қалған қоңыр үн – ҮІІ" атты облыстық балалар шығармашылығы байқаулары өткізіліп, Сыр сүлейлерінің ізбасары ақын Әб- діразақ Мыңжановтың туғанына 100 жыл толуына орай "Жастарға өсиет" атты облыстық жыршы-жыраулар фестивалі жоғары деңгейде аталып өтіп, көрермен қошеметіне бөленген іс- шаралар болды. Мәдени-өнер саламыз рухани түлеу мен қатар, материалдық-техникалық жабдықталу жағынан да дамып келеді десек артық айтқандық болмайды. Бірқатар жаңа нысандар бой көтеріп, елдің игілігіне берілуде. Соның бірі – өткен жылы Қуаңдария ауылдық клуб үйінің құрылысы басталып, тиісті жұмыстары жүргізілуде. Т.Көмекбаев атындағы ауылдық клуб үйін жаңадан салу үшін биылғы жыл аудандық бюджеттен жоба сметалық құжаттарын әзірлеуге қаржы бөлініп конкурсы жарияланды. Тағы бір айта кетеріміз аудандық мәслихаттың сессия отырысында Алдашбай ахун ауылдық клуб үйіне аудандық бюджеттен жоба сметалық құжаттарын әзірлеуге қаржы бөлінгенін де игілікті істің бастамасы деуге болар.
– Бөлімнің басты бағытының бірі – тіл саясаты. Осы төңіректе не айтар едіңіз?
– "Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы" Заңның 21-бап талаптарына сәйкес кәсіпкерлік нысандарға (дүкендер, жарнама агенттігі, мейрамхана, салондар, т.б.) әр тоқсан сайын ақпараттық түсіндірме, насихат жұмыстары жүріп отырады. Мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлерінің тілдерді меңгеру деңгейін арттыруға байланысты қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілдері бойынша оқу курстары бекітіліп, ол жұмыстар жалғасын табуда. Қазақ тіл білімінің негізін салушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай жыл көлемінде және 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні мерекесінде түрлі бағытта іс-шаралар өткізіледі.
– Алда қандай жоспар, мақсаттарыңыз бар?
– Мәдениет саласына қай кезеңде көрсетіліп келе жатқан қолдау аз емес. Ақын-жырау шыққан өлкеміздің даралығын дәріптеуде қазақ өнері мен мәдениетінің, тарихы мен әдебиетінің алтын діңгегі атанған Сыр елінің перзенті, даңқты шайыр Тұрмағамбет Ізтілеуұлының 140 жылдық мерейтойына арналған іс-шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда "Жасымнан назым сөзге шебер едім..." республикалық жыраулар фестивалі, "Аралап жердің жүзін жүрер сөзім" атты республикалық ақындар айтысын өткізу жоспарланып отыр. Жампоз жырау Базар Оңдасұлының туғанына 180 жыл толуына арналған "Жамиғы қазақ бір туған", күміс көмей Көшеней Рүстембековтің есімін жас ұрпақ жадында мәңгі сақтау мақсатында "Қазақтың күміс көмей Көшенейі" атты облыстық жыр фестивалі жыл көлемінде өткізіледі деп отырмыз. – Сұқбатымыздың соңына да таяп қалғандаймыз. Сөзіңізді саладағы қол жеткен табыстарыңызбен қорытсаңыз?
– Қысқа-нұсқа айтар болсам, осы жылдың сегіз айында ғана үйір ме мүшелері 3 халықаралық, 3 республикалық және 17 облыстық байқаудың бас жүлдесі мен жүлделі орындарын қанжығаларына байлады. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, киелі мекеннің мәдениеті мен рухын көтеруге адал еңбек ете беретін боламыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбатты жүргізген Сәрсенкүл АҚКІСІ

12 қыркүйек 2022 ж. 976 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (10360)

30 қараша 2024 ж.

№94 (10359)

26 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 511

Сұхбат

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 584

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031