"Біз, отбасында бірінші әкенің биік орнын қалыптастырдық"
Өмірімізде ұлтты адастырмай туралыққа бастар жалғыз жол болса, ол – дәстүр. Себебі дәстүр сан ғасырлық електен өткен бірден-бір құндылық. Арамызда осы құндылықты дәріптеп жүрген ұлтжанды азаматтарымыз аз емес. Олардың қатарында жерлесіміз, "Қазақ аналары – Дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы филиалы бойынша төрайымы, "Алтын алқа" иегері Ләйле Ноғайқызы да бар. Алтын асықтай ұл-қыз өсіріп, отбасы бақыты мен қазақы салт-дәстүрімізді жоғары деңгейде насихаттап жүрген ұлтжанашырымен сұқбаттасудың сәті түскен еді.
– Сізді көпшілік елімізге әйгілі 100 жырау шыққан Тұрмағамбет ауылының тумасы, сондай-ақ Еңбек Ері, Батыр ана, аты аңызға айналған Сәлима апамыз бен Ноғай әкеміздің перзенті екеніңізден хабардар. Дегенмен де, өзіңіз жайлы таныстыра өтсеңіз артық болмайды деген пікірдеміз...
– Мен сол өзіңіз айтып тұрған жыраулар мен шайырлардың Отаны атанған Тұрмағамбет ауылында 1966 жылы дүниеге келгенмін. Есімімді – Ләйле деп, ертегі, жыр-қиссаларды жатқа білетін әкем Ноғай қойған. Ол кісі өте балажан болатын. Әкемнің қойған есімімен тек анамның анасы, нағашы әжем Ақсалы (бала кезімізде "құдағай әже" дейтінбіз) ғана атайтын. 17 жасымда, яғни орта мектепті бітіре сала ҚазМУ-ге, Қазақтың Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түстім. Төртінші курста оқып жүріп, қазақ теледидарында өтетін, жастардың интеллектуалды ойыны “Көкпар” клубының мүшесі бола жүріп, болашақ жұбайым – журналист, жазушы Бейбіт Сапаралымен танысып, тұрмысқа шықтым. Бүгінде жеті баланың ата-анасы, сегіз немеренің ата-әжесіміз. Барлығы Алла Тағаланың берген нығметі! Өмір ағымында Ықылас атындағы ұлттық музыка аспаптары мұражайында және №123 Қожа Ахмет Яссауи атындағы мектеп-гимназиясында қызмет атқардым. Көпбалалы ана, "Алтын алқа" иегері ретінде М.Әуезов атындағы аудандық көпбалалы жанұялар одағының мүшесімін, "Қазақ аналары – Дәстүрге жол" Алматы филиалының төрайымымын.
– Салт-дәстүрді насихаттау идеясы ойыңызға қай кезде келді? Қашаннан бері насихаттап келесіз?
– Қазақ ұлтының ұлт ретіндегі басты ерекшеліктері өте көп. Соның ішінде, ең бастысы – ұлттық кодымыз. Ол дегеніміз – генетикалық тазалық. Ұлттық тіл, діл, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, бұлар қазақ ұлтының қағаз бетіне жазылмаған заңдылығы. Ұлттық код – қазақ халқының ұлттық ерекшелігінің бастауы. Басқа ұлт өкілдері біздің ана тілімізде сөйлеуі, ұлттық киімімізді киюі мүмкін. Бірақ ата-бабадан келетін тектіліктің орнын ештеңе баса алмайды. Ол тек қан арқылы келетін, қан тазалығы арқылы берілетін тектілік. Салт-дәстүр ұстанымы туғанымыздан өмір салтымыз емес пе? Біз отағасы екеуміз шаңырақ көтеріп, отау тіккен жыл, 1986 жыл болатын. Көбісі 19-20 жас пен 24-25 жасты құрайтын жастардың, яғни желтоқсаншылардың арасында үш-төрт күн бойы отағасымда жүрді. Желтоқсан оқиғасы қандай қазақ болмасын түйсігіне тұңғиық ой тастап кеткен еді. Қалай қазақтығымызды сақтап қалсақ болады деп ойландық. Біз отбасымызда ең бірінші әкенің қадірлі, биік орнын қалыптастырдық. Оны ең бірінші өзімнен бастадым. Отағасымды "Сіз" деп сыйлап, атын да атамай, төрден құрметті орнын сайлап қойып, дағдыға айналдырдық. Шүкір, айнала туыс-туған, ағайын-жұрт, балаларымыз осы дағдымызды қабылдады. Отбасы салт-дәстүрі осылай басталды. Тілі шығып келе жатқан балаларымызға "Көке, апа" деп айтуды үйреттік. Дастарқанда үлкендер отырғанда, асқа бата бермей, қолды да, сөзді де бастауға болмайтынын үйрете отырып, үйдегі отбасы тәрбиесін қалыптастырдық, яғни салт-дәстүрді кеше ғана бастаған жоқпыз, өмірбойғы ұстанымымыз дегенді айтқым келеді. Отанды сүюді үйреттік. Алматы қаласында отырып Алла берген жеті баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеу оңай дүние емес. Ол үшін ерлі-зайыпты екі жан үнемі өзара сыйластықта болуы керек. Мен өзім филолог болсам да, ән айтып, жазу жазсам да соның барлығын отбасының тәлім-тәрбиесі, өнегесі жолында тоқтатып қойып, ұл-қызымызды дұрыс тәрбиелеу жолында еңбек еттім. Сол еңбегімнің нәтижесін көрген шақта, үлгі ретінде халыққа шықтым. Әр адам не нәрсені де өзінен бастауы керек екенін көп айтатыным осыдан.
– Адамның тәрбиесі алдымен шыққан отбасына бек көп байланысты келеді. Сіздің өсіп-өнген шаңырақтан, текті әулеттен шыққаныңызды білеміз. Жалпы жанұяда алған тәрбиеңіз жайлы айтып берсеңіз?
– Ата-анамыздан он бір бала дүниеге келдік. Менің ата-анамның ата-бабаларынан келе жатқан тектілік бар. Әкем ерте дүниеден өтсе де, анамыз жалғыз өзі он баланы өсіріп, тәрбиелеп, оқытып, үйлендіріп, ұзатып, үйлі қып, немере-шөбере сүйген жан. Аузынан Алланы тастаған жоқ. Ұл-қызды тәрбиелей жүріп, анамыз Батыр ана, қайраткер, еңбектің ері, халықтың қалаулысы, яғни қоғамның да белсенді мүшесі болды. Анамнан көрген тәрбием өте көп. Әуелі Алла, ақылды болсам – анамнан, жақсы болсам – анамнан, тәрбиелі болсам – анамнан.
– Өзіңіз басқарып отырған қоғамдық бірлестіктің атқаратын жұмысы қандай?
– "Қазақ аналары – Дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігі – қазақтың ұлтжанашыры – Айнұр Жүгінісованың заңды жобасы. Құрамында алты мыңға жуық мүшесі бар. Мақсаты – қазақтың салт-дәстүрімен, әдет-ғұрпы, мәдениеті, ділі, ана тілі, басқа да ұлттық құндылықтармен әйел-аналарды тәрбиелеп, ұлттық киім, ақ кимешек-жаулықты насихаттап, шаңырақтағы береке-бірлікті ынтымақтандырып, ер-азаматтарды сыйлап, яғни отбасындағы отағасының қадірлі орнын айқындап, ұл-қыз тәрбиесін дұрыс жолға қою. Болашақ ұрпақты білімді, ибалы, инабатты етіп тәрбиелеу, ұлттық асыл мұраны жандандырып, ұрпаққа аманаттау. Еліміздегі ең үлкен мегополис – Алматыда "Қазақ аналары – Дәстүрге жол" республикалық қоғамдық бірлестігінің филиалын өткен жылы жоба авторы – Айнұр Жүгінісова салтанатты түрде ашты. Филиал ел ішінде қоғамдық қызметін атқара бастады. Қазақтың барлық жастағы аналарын салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ана тілі, ұлттық киім, ақ кимешек, яғни ұлттық құндылықтарды насихаттау, дәріптеу, қастерлеу және болашақ ұрпақты тәрбиелеу мақсаты болған бірлестіктің аз уақыт ішінде атқарғаны бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арқылы көпшілікке аян. Алғашқы "Дәстүрге жол" жиынынан бастап, Наурыз мерекесі қарсаңында өткен "Қош келдің, әз-Наурыз!" атты іс-шарасы, биылғы Балалар жылына орай өткізілген "Ұлттық тәрбие бастауы – салт-дәстүр!" атты жиындарының тәлім-тәрбиесі, тағылымы мол. Алматы филиалы жанынан Байсерке, Көлді, Қарой, Шиен ауылдарынан бөлімшелер ашылды. Жақында ғана "Аналар сырласу, пікірлесу клубы" ашылып, ақ кимешекті аналарымыз алғашқы "Қазақтың бата беру салт-дәстүрі" тақырыбында пікір алысты. Салт-дәстүр тақырыптарын талқылау, түсіндіру себебімен көптеген аналар – апа, жеңге, жас келін, қыздар ұлтымыздың түп негізіне оралып жатыр. Міне, Алматы облысы бойынша төрайым ретінде атқарған істерім.
– Өз тарапыңыздан қазіргі қоғамдағы қыз-келіншектер мен аналардың бейнесіне қандай баға берер едіңіз?
– Заманға сай болайық деп бәріміз ойлаймыз. Бірақ қазақ менталитеті бөлек қой. Жас шағыңда жарайды, жасың келген шақта ұрпаққа, яғни қыз-келіншекке үлгі болып басыңды, қол-аяғыңды жауып жүргенге не жетсін. Шашы дудырап, үстіне жеңі қысқа, тізеден келетін көйлек, шалбар киіп жүрген жасы үлкен апаларды көргенде ішім ашиды. Енді ешқашан жас болмайтынын, өзін-өзі алдап жүргенін түсінбей ме екен деп. Өздері ойланып, өздерінің түйсігіне түспесе, ешкімге айтқаныңды тыңдата да орындата алмайсың. Қазіргі әйелдердің көп ауруы – бастарын жалаңаштап, омырауын ашып жүргеннен. Оны мен емес, медицина да дәлелдеп жатыр.
– Мектептегі оқушы қыздардың орамал тағуына қатысты әлемжеліде пікір білдірдіңіз. Десе де осы турасында ойыңызды тағы бір тарқатып кетсеңіз?
– Иә, мектепте қызбала орамал таққаны дұрыс па, бұрыс па? – деген пікірталас қоғамда жүріп жатқаны рас. Қазақ қыз балаға жас шамасына қарай басына бас киім кигізіп отырған, тұлымшағы желбіреген сәби кезінен басына моншақ, тиын таққан әдемі топы тақиялар кигізіп, бойжете келе кәмшат бөрік, үкілі тақия кигізген, қалыңдық боп сәукеле киген қыз, келін боп босаға аттағаннан-ақ жаулығын басынан тастамаған. Заманға сай қазіргі кезде өз ұлтымыздың киімдерін өмірге оралтуымыз керек. Күнделікті киім ретінде қолданысқа енгізіп, пайдалануымыз керек. Ұлттық салт-дәстүр, медицина жағынан болса да, барлық адамның басы жабылып жүруі керек. Қазақ халқының жас ерекшелігіне қарай ер адам бас киімдерінің жыл маусымына сәйкес сан түрі бар. Ал әйел адамдардың басына киетін бас киімдері мүлдем көп. Мектепке енгізу керек нәрсе болса, осы ұлттық бас киімдерді енгізуіміз керек. Тақия, топы өте ыңғайлы бас киім. Түсі мектеп формасына келетін, қазақы жеңіл қамзол мен тақияны ұл-қыз балаға мектеп формасы етіп пайдалансақ, керемет шешім болар еді. Ұл балаға көк түсті, қыз балаларға қызылкүрең түсті мектептің формасы бас киімімен ұлттық киімі болса деген ұсынысым бар.
– Неге басқа басқа емес, кимешекті насихаттауды қолға алдыңыздар?
– Ақ кимешегіміз киелі ғой, қазақ анасы қай заманда болса да ақ орамалын, ақ кимешегін басынан шешпеген. Үйден шыққан адамға: "Жанымды шүберекке түйіп, жолыңды тілеп отырамын!" дегендегі шүберегі – ақ жаулығы емес пе?! Ақын Қадір Мырзаәлі ағамыздың өлеңі бар ғой:
"Сенің жаның жүрегімде ораулы,
Менің жаным жаулығыңа түюлі" деп келетін. Сол жаулық, ақ кимешек қазіргі қазақ аналарының басынан көрінбей бара жатыр. Ақ жаулықты әжелеріміздің баталары қабыл еді, жалаңбас аналардың тілегі қабыл болар ма екен?! Ақ жаулық Алланың бір үкімі емес пе, әйел адамдарға берілген. Сол себептен ақ кимешекті өзім киіп үлгі болып, сосын барып аналарға насихаттап жүрмін. Ақ жаулықты, ақ кимешекті аналар, Отанымыз, отбасымыз, ұрпағымыз үшін тілектеріміз қабыл болсыншы. "Киелі кимешек" кітабының авторы Ғалия Қайдауылқызы: "Ақ кимешек қартайтпайды, марқайтады!". “Бас кимешекті таңдамайды, кимешек басты таңдайды. Иілгенге киіледі!" деп тамаша айтыпты кимешек туралы.
– Сіздің ойыңызша, қоғам қай кезде орамалдан ажырай бастады?
– Қазақ халқының көрмегені жоқ қой, небір зұлматтарды бастан кешті. Кешегі Кеңес үкіметінің әсерінен ұлттық болмысымыздан көп ажырадық. Қызмет істейтін, комсомол, партия қатарындағы әйел-адам желеңдетіп ақ орамал, кимешек кигені ерсі саналып, бастан шешіле бастады.
– Кейбір өңірлерде орамал тартудың өзі мұң болып жатқанда, кимешек киюге бейілді бола қояр ма екен, қалай ойлайсыз?
– Ақ орамал мен кимешек бір дүние ғой. Мен қайта айтар едім, қазір заманауи тігілген кимешектерді кию оңайырақ деп.
– Отбасында келін тәрбиесіне қаншалықты мән бересіз?
– Екі қызымыз тұрмысқа ерте шықты да, отбасымыздың тұңғышы, ұлымыз Шоқан 2014 жылы үйленді. Баламызға: "Өзіміз сияқты көпбалалы, ата-ананы құрметтейтін отбасынан шыққан қызды жар ретінде таңда!" деп үнемі айтатынмын. Келініміз Ханзия шаңырағымызға келін боп түскенде, құда-құдағиымызға: "Сіздердің тәрбиелеп өсірген қыздарыңызды, Әулеттің менен кейін ұрпағын көбейтіп, жалғастырушысы, тәрбиелеушісі ретінде қабылдаймын, киелі келін сөзіне сай болады деп ойлаймын" деп айтқанмын. Жаратқанға сансыз шүкір, үш немереміз бар, келініміз кеше түскендей сызылып сәлемін салады, қабақ шытып, айналасына дауысын көтеріп сөйлегенін көрген жоқпын. Ене ретінде тәрбиелеймін, бірақ ұрысып, айқайлап көрген жоқпын. Ана ретінде ақыл айтып, көмегімді аямаймын.
– Туған жерге қаншалықты атбасын жиі бұрып жүрсіз?
– Шындығын айтсам, ауылға, елге тек анам үшін баратынымды енді сезіп жүрмін. Ауылды сағынамын. Бауырлардың да орны бөлек қой. Бұрын жылына екі-үш рет барсам да, тек анамның жағдайын жасауға баратынмын. Киімі, төсек-орны таза болса да қайтадан жуып, жинап, әйтеуір қасынан шықпайтынмын. "Ләйліжан, орамал-киімдерімді сен жусаң жұп-жұмсақ болады, осы!" дейтін жарықтық қуанып. Анама жалғыз бармаймын ғой, отағасым, балаларымызбен барсам да төрге шығып қонақ болмай, анамның алдындағы балалық борышымды өтеуге тырысатынмын. Құрдастарым, ауылдастарым бұл сөзімді растар, себебі, ауылға барғанда анамнан басқа ешкімді іздегенім жоқ. Дүниеден өткеніне екі жыл өтсе де жүрегім сыздап сағынамын, бірақ "Анамның жағдайын жасай алмадым-ау!" деген өкінішім жоқ. Анам: "Бейбітжан екеуіңнің шаңырақтарың Алла Тағаланың нұры құйылған үй ғой. Балаларыңның рақатын көріңдер!" деп, тек ақ батасын беріп кетті. Айтқан дұғасы қабыл, аузы дуалы, қасиетті кісі еді, анашым. Рухы шат болсын. Өткенде Қызылордада "Қазақ аналары – Дәстүрге жол" филиалы ашылғанда қатысып, әрі қарай бір күнге ауылға барып қайттым. Анашым әулие ғой: "Әй, сендер мен кетсем ауылға келмейтін шығарсыңдар" дейтін. Соған бола ауылдан, бауырдан бізді алыстамасын деп ауылға барып, ақ күмбезді үйінде жатыр-ау. Қазір қандай асығыс болсақ та анамызға, қырық бес жыл бұрын қайтыс болған әкемізге, әжемізге, сәби кезінде шетінеген Алғабек бауырымыздың басына барып Құран бағыштамай қайтпаймыз. Мен анам мен енемді қатар қадірлеген жанмын. Енемнің де ақ батасын алып: "Сені туған ата-анаңа мың алғыс!" деген ақ баталы сөзді естігеніме қуанамын.
– Алда қандай жоспар?
– Бұйырса, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ақ кимешекті бүкіл Қазақ еліне, оның ішінде өзімнің туған Қармақшы өңіріне де кеңінен насихаттау жоспарда бар. Себебі ана тілімізді қадірлеу, қастерлеу, туған жерімізді аялау, Отанымызды сүю, оған аянбай қызмет ету – басты мақсатымыз болып қала бермек.
– Сүбелі әңгімеңізге рақмет. Бастаған істеріңіз баянды болғай!
Сұқбатты жүргізген
Сәрсенкүл АҚКІСІ