» » » «Ешқашан, ешкімнен қызмет сұрамаппын»

«Ешқашан, ешкімнен қызмет сұрамаппын»

Жақында «Жаңажол» ЖШС директоры Орынбасар Төлеповпен әңгімелескен едік. Онда ол шаруашылықтың кезіктірген қиындықтары, жеткен жетістіктерімен бөлісті. Онымен қоса сәті түскен сұқбатта сырлы әңгіменің куәсі болдық.
– Биыл серіктестік үшін қандай жыл болды?
– «Балапанды күзде санайды» дейді. Нәтижеміз, жетістігіміз ертең күріш жинап болғанда белгілі болады. Қазір жартысынан ауып тұрмыз. Шамамен 65 процент күріш жиналды. Ауыл ішіндегі жақсы жаңалықтарды өздеріңіз білесіздер. Әлеуметтік желілерден көріп отырсыздар. Ауылды асырап отырған тек – күріш. Соның арқасында күн көріп отырмыз. Басқа қосалқы өнімдер бар. Олар әртараптандыру жұмысына байланысты жасалып жатқан жұмыстар. 2017 жылы алма ектік. Бірақ жаздай шыққан алмалар піспей жерге түсіп қалады. Өзінің деңгейіне жетпейді. Оған қолымыздан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Дегенмен нәтиже қанағаттандырмай тұр. Негізі жер құмшауыттау, қорегі жоқ. Ондай жерлер жұмсақ болады, әрі биік болған соң сол жерді таңдағанбыз. Қыстыгүні тамырлары үсіп кетпесін дегенді көздеп едік. 4 гектардай жерге егілген алмалар шығуы шығып тұр. Бірақ жемісіне келген сәтте түсіріп алып отырмыз. Арасында жақсы өнім беріп тұрған күзде пісетін көк алма сорты бар. Сол ғана шыдас беріп тұр. Ауылға кіре берісте оң жақта жер ашылып жатыр. Сол жерге «интенсивный технология» дейді ғой, тамшылатып суару арқылы 10 гектар жерге алма бағын өсіреміз деп жоспарлап отырмыз. Ол бірақ «карликовый» болады, бойы өспейді. Еккеннен соң екінші жыл өнім береді. Қазір жерін әзірлеп жатырмыз.
– Әр саланың өзіндік қиындықтары болады. Ал биылғы науқанда диқан­шылар қандай қиындықтармен бетпе-бет келді?
– Биылғы көрген қиындығымызды айтып жеткізудің өзі қиын. Мамыр айынан бастап ауа-райы қатты ысыды. Күрішке 30-35 градус температура қолайлы. Ал жазда 50 градустан да асып кетті. Бір жағынан су жоқ, бір жағынан күннің ысуы күрішке көп кедергі келтірді. Бірақ шүкір, қазір жақсы өнім түсіп жатыр. Ол да бір Алланың бергені шығар. Судың бойында канал жағалап, үлкен жиналыстар жасадық. Облыстың басшылары келді. Адам ашуланған кезде кейбір сөздерді артық айтып, эмоцияға берілесің ғой. Біріне тіліміз тиіп кеткен болуы керек. Оны айтайын деп айтпайсың. Бүкіл халық сол күрішке қарап отыр. Егер біз бір жыл күріш еге алмай қалсақ, еккенде де жарты күріштің өнімін алып жатсақ, еңсемізді көтере алмаймыз. Ауыл шаруашылығы деген өте қиын сала. Өнімді ала алмай қалсаң, қанша тыраштана бер оның уақыты өтіп кетеді. «Көктемнің бір күні жылға азық» дейді ғой. Бір күнді өткізіп алсаң, бітті, жоқ деп есептеуге болады. Жылда айтамыз, «биылғы жыл қиын болды» деп. Бірақ ол бұрыннан, баяғының басшыларынан бері айтылып келе жатқан нәрсе. Расымен, ол жылғыларға қарағанда биылғы жылдың қиындығы тіпті бөлек болды.  Шүкір, өзіміздің ішкі адамдарды, бригадаларды реттеу арқылы, суды тастаған каналдар, яки керек емес суды қайта айналдырып күрішке пайдаландық.
– Өз кәсібіңіздің шеберісіз, онымен қоса халық пен билік арасындағы кө­пір – депутатсыз. Мұның барлығын қо­са алып жүру қиын ба?
– Мүмкіндігінше үлгереміз. Қазір депутаттардың рейтингі шығарылады. Егер жақсы жұмыс атқарсаң орын бо­йынша тізімде көтеріліп отырасың. Қоғамдық және тағы да басқа жұмыстарға араласуың, не дұрыс қызмет атқармауың осының барлығы таразыланып отырады. Оны өзіміздің облыс емес, басқа аймақ жасайды екен. Жақын аралықта жасалған дерек бойынша, мында 10-шы орында тұрсам, соңғысында 4-ші орынға көтерілген екенмін. Шаруашылықпен қоса, халықтың да мұң-мұқтажын тыңдауға әзірміз. Тарқамаған түйіннің шешілуі үшін де бір орында отырып қалмаймын. Тек шынайы ниетпен, адал жүрекпен жұмысыңды сүйіп жасасаң барлығына да үлгеруге болады.
– Биыл Тәуелсіздікке – 30 жыл. Бейбіт күнді аңсаған аталар аманаты орындалып, оның жолында талай қиын заманды бастан кешті. Бертін келе тәуелсіздік жолында талайы құрбан болды. Ал сіз сол уақыттарды қалай өткердіңіз?
– Жұмыс болған соң түрлі қиындық болады. Ал қазір жұмысың жүргеннен кейін барлығын ұмытасың. Өткенге мойын бұрмау керек. Өйткені сол қиындықтарды жеңіп, тыраштанып, талаптанып жеңіске жетіп, жемісін көріп отырмыз. Мен өзім үш бастықпен жұмыс істедім. Кәрімберді Жаханов, Болатбек Сүлейменов, Қылышбек Әбішевтермен қызметтес болып, тәжірибемді шыңдадым. 1983 жылдары әскерден келген кезім, қоғамдық жұмыстарға қатты араластық. Ауылдағы аз-кем шаруалар шықса қасымыздағы жігіттермен бірігіп қолұшын созатынбыз. Бірақ бір тиын алған жоқпыз. Мектепте 2 жыл жұмыс істедім. Одан шығып трактор айдадым. Институтқа сырттай оқуға түстім. Солай жүргенде бізді партияға шақырды. Өттік. Өз басымда да, бірге қызметтес болғандарымның басында да кезіккен қиындық аз емес. Мамандығым инженер-электрик. Сол салада жұмыс істедім. 2004 жылы бас инженер болып, 2016 жылдан бастап шаруашылық басшысы болдым. Қарап отырсам, ешкімнен ешқашан қызмет сұрамаған екенмін. Ең алғаш мектеп бітірген соң әкем механик, сол кісіге айтып, біреудің бұзылған тракторын маған алып беріңіз, соны мен жөндеп, мінемін деп сұрағаным бар. Ал одан кейінгі қызметтерді өздері беріп отырды. «Тәрбиесіз білім – ұлтқа қауіпті» деген сөз бар. Басшы болу кез келгенді жұмысқа алып, қалай болса солай мән бермей отыра беретін адам емес. Бірінші кезекте тәртіп болуы керек. Мәселен, жұмысқа тұруға ниеттілер келгенде мамандығы бойынша сұрақ қоямын. Жеңіл сауалға жауап бере алмайтыны кезігеді. Ондайда өз саласы бойынша, яки күрішші болса қырман басына, инженер болса техникасына жіберіп отырамыз. Кемі 2 жыл. Сол аралықта ол көреді, тәжірибе жинайды, тәртібі көрінеді. Егер басында қанша миы тасып тұрғанымен, тәртібі дұрыс болмаса сол білімін ол басқа жаққа жұмсауы мүмкін. Қазіргі қоғамда көріп жүрміз ғой. Бұл – жұмыстағы көріне бермейтін қиындықтар. Кезінде ІІІ Интернационалға жұмысқа шақырды. Шақырған жігіт кәріс еді. Сөйтсем ол біраз уақыт қызметке алар адамдарын зерттейтін көрінеді. Бұл Цай Ден Хактың жұмыскеріне берген тәжірибесі ғой, көрдіңіз бе? Сонда әр ауылдағы шаруашылыққа мығым жігіттерді шақырып жүр. Дегенмен мен ауылдан алшақтай алмадым, осында қалдым. Осы жер маған бұйырған шығар.
– Ауыл жастарының болашағын қалай елестетесіз?
– Олардың осыдан 5-6 жыл бұрын, не одан да әрігірек қоғамға қызығушылығы болмады. Біздің кезімізде ащы су ішу деген көп еді ғой. Ал қазіргі жас­тар қайырымдылықпен айналысып, біреуге-біреуі көмек беруі қалыптасып келе жатыр. Мәселен, өзін-өзі асырап отырған жас кәсіпкерлер малын сойып, 10 шақты тұрмысы төмен үйге жіліктеп ет апарып қол ұшын созып жүр. Осыны көріп жүрмін. Баспана алып беру, көмек көрсету секілді қайырымдылық шараларын шаруашылық елдің атынан ұйымдастырып, жасап жүр. Соны олар да көріп, бірге көмекке атсалысуға әзір. Соған қарап артымызда жақсы ұрпақ өсіп келе жатыр деп есептеймін. Жалпы ауылдың еңбеккерлері жартылай әскери. Мәселен бір тапсырма берсең уақытынан бұрын орындалады. Бір ауданға сағат 8-де бару керек десең, олар 7-де барып тұрады. Жұмыс уақытында бір де бір адам ауыл аралап, дүкенге барып жүрмейді. Ал көше тазалығын әр тұрғын күндегі қызметіндей қабылдайды. Мұндай тәртіп бұрыннан қалыптасып келе жатқан үрдіс. Осындай дүниемен жас ұрпаққа тәрбие бере аламыз, осындай дүниені көрген жас буын соны қайталауға асығады. Осы кезге дейін қызмет атқарған әр басшының қалыптастырған өз тәртібі, еңбегі бар. Солардың барлығын бойымызға жиып, жұмысымыздың жемісін көріп жатырмыз.
– Азаматтық ұстанымыңыз қандай?
– «Баласы жаман болса, түйенің үстінен ит қабады» деген бар. Ең бастысы – жақсы ұрпақ тәрбиелеу. Одан соң жақсы жарың болу. Ол қайда жүрсең де үйіңде отырып, түтінін түтететін, балаларыңа мейірім мен тәрбие сіңдіретін ең жақының. Өтірік айтпау. Балаларыма да соны айтамын. Басыңды кесіп алып жатса да өтірік айтпа деп. Өтірік айтқанды менің алдымдағы басшылар да жек көретін. Маған да сол қалыптасқан екен.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Айнұр ӘЛИ
29 қыркүйек 2021 ж. 1 511 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

№97 (10362)

07 желтоқсан 2024 ж.

№96 (10361)

03 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 737

Сұхбат

Мәдениет

Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.
БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

БАБАДАН ҚАЛҒАН ҰЛЫ ӨНЕР

08 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Кешкі бұлттар бейнесі
07 шілде 2024 ж. 3 790

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031