» » Астықты алқаптағы алғашқы орақ

Астықты алқаптағы алғашқы орақ

ІІІ Интернационал ауылындағы «Достық Жер МК» серіктестігінің №5 егіс бригадасының басында сыр диқандары бас қосты. «Дала күні – 2019» семинарына аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Әділ Қошалақов бастаған зиялы қауым өкілдері биылғы егістің жай-күйіне қанықты. Егінге түскен алғашқы орақтың лентасы қиылып, ауыл ақсақалдары диқан қауымына ақ батасын берді.
Аудан бойынша биыл 24 мың гектарға жуық жерге дән себілді. Оның ішінде күріш көлемі – 14 633, жаздық бидай – 595, арпа – 125, соя – 40, мал азықтық дақыл – 6831, картоп, көкөніс, бақша дақылы – 1187 гектарға егілді.
– Көне техникалардың орнын жаңа заманауи түрлері басып жатыр. Оның үстіне егін жинаудағы жұмыс сапасына да зор әсерін тигізеді. Сақадай-сай отырмыз. Бастысы ала жаздай тер төккен еңбектің жемісін ұқыпты жинап алу, – деді аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ә.Қошалақов.
Бақша өнімдерінен ұйымдастырылған көрмеде қауын-қарбыз, күріштің серіктестікте егілген сорттарымен шаруашылық төрағасы Мұрат Абайұлы таныстырды. Мұнда күріш пен мақсары, арпа мен бидайдың да түр-түрі қойылған.
– Биыл егістікке 2392 гектар күріш, 336 жаздық бидай өзге дақылды қосқанда барлығы 3964 гектар жерге өнім егілді. Шаруашылық бойынша әлеуметтік салаға барлығы 151 млн теңге қаржы бөлінді. Қазіргі таңда жаңа жатка, комбайн секілді техникалар астықты жинап алуға тас түйін дайын, – деді «Достық Жер МК» серіктестігінің басшысы.
«Әйгерім» күріш сорты оңтүстік аудандарда егілуде. Оның сапалық құрылымы әлі де зерттелу үстінде. 2020-2021 жылдары тұтас облысты қамтиды. Ғалымдардың айтуынша, пісу мерзімі өзгелерден ұзағырақ. Дәні сопақша келген. Сапалы сорт 70 процент таза өнім береді. Бұл – шаруаларға қолайлы.
– Бидай мен арпаның сортына сұраныс зор. Ал мақсары сортының ішінде алқызыл түрі бізге қай жағынан болсын қолайлы. Жоңышқаның жайқалып өсуіне септігін тигізетіндей бойы биік, малдан қорғайтындай тікенекті, ал оның арғы жағында нарықтағы бағасы қалтаға қонымды. Бұл қайсыбір шаруашылыққа болмасын қолайлылығы дәлелденген, – деді Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми зерттеу институты директорының міндетін атқарушы Әсет Тоқтамысов.
Сондай-ақ биыл 40 гектарға соя дақылы тәжірибе ретінде егілген-ді. «Тұрмағамбет» ЖШС Алматы қаласынан сояның ерте пісетін «Жансая» сортының 2 тонна І репродукциялы тұқымын алдырған. Бүгінде ол 20 гектар жерге аталған ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесіп өсірілуде.
– «Жаңажол» ЖШС 20 гектарға ерте егу арқылы жоғары өнім жинау технологиясын қолданып, соя өсіруге тәжірибе жасауда. Күріш шығымы бойынша 76,9 процент жақсы, 20,9 процент орта, 2,2 процент қанағаттанарлық болып бағаланса, 4027 гектарға гүлдеу, 8450 гектар сүтті және 2156 гектар балауызды пісу кезеңінде. Егіске 10,4 мың тонна минералдық тыңайтқыш жұмсалып, 12 мың гектар алқап үстеп қоректендірілді, – деді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сабытбек Жолмаханов.
Биыл егіс даласына 347 гектар мақсары егілсе, ескі жоңышқа – 4553, жаңа жоңышқа – 2262 гектарға себілді. Мұндай жақсы жаңалықтың куәсі болған еңбеккерлер «Балапанды күзде санайды».
– Еңбектің нанын жейтін кез келді. Тек білек сыбана кіріссек болғаны. Астымызда су жаңа техника, жалақымыз уақытылы, енді жауынға қалмай біріге қимылдап егінді аман-есен жинап алу қалды. Ойдағы межеден шығуға барлық мүмкіндік жасалған, – деді механизаторлар.
Сондай-ақ шарада егін жағдайы сөз болды. Биыл су тапшылығы мен ауа райының қолайсыздығынан сүрінбей өт­кен диқандардың еңбегі ерен. Ауыл шаруашылығы саласындағы күрмеуі қиын түйткілдердің тарқағанын аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Ә.Қошалақов сөз етті.
– «Су тапшылығы» дегенді осы кезге дейін айтып келеміз. Себебі аудан шетте орналасқан. Су соңынан келеді. Әрине, қатты алаңдауға болмас. Дегенмен бұл жолда диқан қауымы да аз бейнет көрген жоқ, – деді ол.
Бұл ретте аудан жұртшылығы мем­лекеттік қолдаудың игілігін көруде. Биыл аудан бойынша шаруалар көктемгі дала жұмысын өз мерзімінде аяқтап, бірқатар шаруашылыққа үлгі болды. Аймақ бойынша «Үздік серіктестік» номинациясын қанжығасына байлағаны бар.
Сондай-ақ, заманауи су үнемдеу технологияларын қолдану да негізгі бағыттың бірі.
– Көктемгі судың ылғалдылығын сақтай отырып, мал азықтық дақылдарды егуге болады. Олар суды көп қажет етпейді. Осы әдісті де қолға алу керек. Бұл ретте мал шаруашылығын дамытуға септігін тигізеді. Елбасының алдағы 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын арттыру тапсырмасын орындау үшін егін шаруашылығында суды аз қажет ететін, экономикалық жағынан тиімділігі жоғары, сыртқы нарықта сұранысы мол дақылдарды және цифрлық агротехнологияларды енгізу қазіргі жағдайда өте маңызды, – деген Әділ Қошалақов мал шаруашылығын дамыту да күн тәртібінде екенін жеткізді.
Жиынға қатысқан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сейілбек Нұрымбетов, ауыл шаруашылығы саласының қыз­меткерлері, зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ, өз жетістігімен бөліскендер қатарында «Жаңажол» ЖШС директоры Орынбасар Төлепов, «Ақтөбе и К» ЖШС директоры Нұрлан Іздібаев пен «Тұрмағамбет» ЖШС директоры Нұржан Пірмантаев та болды. Жиын соңында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Әділ Қошалақов дала еңбеккерлеріне сәттілік тіледі.
Түйін
ІІІ Интернационал ауылы - ертегі әлеміндей. Гүлденуінің сыры - бірлікте. Соның арқасында ауыл халқы елдің өрістеуіне өз үлесін қосып, жемісін бірге көруде. Әне, іске кіріскен комбайн күннің тас төбеге шыққанына қарамастан сабағы күнмен шағылысқан Сыр маржанын оруда. Иә, маңдайы күнге күйіп, табаны жерге тілінген еңбек адамының жемісті еңбегі көп-ау, көр...

Айнұр Әли

06 қыркүйек 2019 ж. 1 250 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031