Әсет Омаров: "Биыл да мол өнім алуға бекініп отырмыз"
Әсет ОМАРОВ,
аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Ауыл шаруашылығы – мемлекет үшін маңызды сала. Аудан еңбеккерлері бұл саланың көкжиегін кеңейтуде кенде қалмақ емес. Осыбір мезгілде диқаншылар жер жыртып, егін салуға асығады. Бүгінде олар алғашқы дәнін жерге тастап та үлгерді. Жалпы аудандағы ауыл шаруашылығы саласы қандай жұмыстар атқарды, алдағы жоспары қандай болмақ? Осы және өзге де сұрақтарға жауап алу мақсатында ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әсет Омаровпен әңгімелескен едік.
– 2020 жылы аудан облыс көлемінде озат аудан атанды. Ауыл шаруашылығы саласында бірқатар жұмыс атқарылғанын білеміз. Ал биылғы жұмыстың жайы қалай?
– Иә, ауыл шаруашылығы – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі, ауыл тұрғындарын еңбекпен қамту саласы ғана емес, бұл – ұлттық дәстүрімізді, өмір сүру салтымыз бен мәдениетімізді сақтап қалудың бірден-бір көзі.
Былтыр ауданымыз егіншілік саласы бойынша "Озат аудан – 2020" номинациясын иеленді. Диқандар қауымы 22 912 гектар жерге егін екті. Оның ішінде негізгісі, күріш 13 496 гектарды құрады. Оның әр гектарынан 65,2 центнерден алынып, 88 900 тонна өнім жиналған болатын. Сонымен бірге ауданда алғаш рет "Жаңажол" ЖШС 100 гектарға күріштің жаңа сорты "Сыр сұлуын" егіп әр гектардан 71 центнерден өнім алып, 710 тонна күріш қамбаға құйылған еді. Аудан әкімі Мұса Оспанұлының қолдауымен биыл да жақсы бастамалар қолға алынуда. Мәселен, ауылдық округтердің жанынан агроаймақтар құру, әртараптандыру дақылдарын өсіру секілді істер бірізге түсіп келеді. Қазіргі таңда 23 агроаймақ құру жоспарланды. Оған 546,5 гектар картоп, көкөніс, бақша дақылдары өсірілетін болады. Сонымен қатар биылғы І тоқсанның қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласы бойынша құны 1 180,3 млн теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 103,2 процентке орындалды.
– Былтыр су тапшылығы мәселесі болды. Соған қарамастан диқандар еселі еңбек етті. Биыл да осы мәселе қайталанбай ма?
– Су тапшылығы қиыншылығы жыл сайын орын алып келеді. Биыл да диқандар қауымына су тапшылығы сезілетін болады. Былтыр егіс жұмыстарына 530 млн м3 суармалы су лимиті пайдаланылса, осы жылға бөлінген лимит 504 млн м3 қана болып отыр. Сондықтан суды көп қажет ететін күріш дақылының егіс көлемін азайтып, орнына суды аз тұтынатын әртараптандыру дақылдарының егіс көлемін арттырып отырмыз. Жалпы су тапшылығына байланысты аудан әкімдігімен әзірленген іс-шараларымыз бар, оған қазіргі таңда дайындық жүргізілуде.
– Ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортқа шығару жағы қалай?
– Аудан бойынша күріш өсіретін шаруашылықтардің ішінде 2020 жылы аудан экспортын жаңалаған "Ақтөбе и К" ЖШС Ресей мемлекетіне 204 тонна күріш жармасын, Тәжікстан мемлекетіне 467 тонна ақ күріш өнімін экспорттады. Биыл да шет мемлекетке өнімдер экспортталатын болады.
– Елдегі пандемия жағдайы ауыл шаруашылығына қалай әсер етті? Пандемия жағдайында мемлекет тарапынан қандай қолдау болды? Шаруашылықтарда сақтық ережелері қалай сақталуда?
– Әрине, пандемия салдары шаруашылықтағы еңбеккерлерге де өз қиындығын тигізді. Дегенмен көктемгі және күзгі дала жұмыстары кезінде шаруаларға барынша көмек көрсетілді. Шаруашылықтың көліктерін «Сергек» базасына онлайн тіркеп, қойылған блок-бекеттерден кедергісіз жүріп-тұруы қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта да ауыл шаруашылығы құрылымдары санитарлық талаптарды сақтай отырып, көктемгі дала жұмыстарымен айналысуда.
– Ауданда жәрмеңке қалай жүргізілуде?
– Қармақшы – аграрлы аудан. Сол себепті жәрмеңкелер жиі өткізіліп тұрады. Айталық, былтыр Нұр-Сұлтан қаласында – 1, Қызылорда қаласында – 6, Жосалы кентінде – 4, Төретам кентінде – 3, жалпы 14 ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілді.
Биыл жыл басынан бері Жосалы кентінде – 4, Қызылорда қаласында – 2, Төретам кентінде – 2, жалпы саны – 8. Аудан шаруашылықтары мен жеке кәсіпкерлерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі жыл бойы жалғасатын болады.
– Алдағы жоспар қандай? Астық жинау бойынша қандай болжам бар?
– Биыл күріш дақылын 13591 гектарға орналастыруды жоспарладық. Бұдан бөлек майлы дақылдар (мақсары) 1126 гектар (былтыр 355 га), жаздық бидай 1407 гектар (былтыр 529 га), арпа 220 гектар (былтыр 150 га), жүгері 80 гектар, күнбағыс 10 гектар, мал азықтық дақылдар 7785 гектар (былтыр 6779 га), картоп, көкөніс, бақша дақылдары 1574 га (былтыр 1271 га) алаңға орналастырылады деген нақты жоспарымыз бар. Өткен жылмен салыстырғанда күріш дақылының көлемі азайып, басқа дақылдардың көлемін 2 есеге арттырып отырмыз. Тұқым, тыңайтқыш, техника секілді барлық ресурстар жеткілікті, енді ауа-райы қолайлы болса жақсы өнім жинаймыз деген ойдамыз.
– Егін жұмысына дайындық қалай жүруде? Шаруашылықта техника жеткілікті ме?
– Қазіргі таңда канал тазарту, жер тегістеу, тұқым тазалау жұмыстары жүргізілуде. Көктемгі дала жұмыстарына қатысатын 166 трактор, 44 соқа, 24 тұқым сепкіш, 62 автомашина және 94 трактор тіркемесі толықтай жөндеуден өткізілген. Сәтін салса, оңтайлы мерзімінде дән сеуіп, бұйырған несібемізді жинауға дайынбыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Ақнұр САҒЫНТАЙ