» » » Тимур ЛЕДЕНЁВ: «Тәуелсіздіктің құрдасы болғаныма қуанамын»

Тимур ЛЕДЕНЁВ: «Тәуелсіздіктің құрдасы болғаныма қуанамын»


Тимур ЛЕДЕНЁВ, аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі:  

– Жаңа қызметіңіз құтты болсын! Музей – тарихи құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтайтын киелі орын. Әңгімені музейдегі жәді­гер­лердің салмағы мен маңызы, мақ­сат-міндетінен бастасаңыз…
– Рақмет! Иә, музей ғылым-білімнің, мәдениеттің қалыптасуына ықпал ететін мекеме. Еліміз Тәуелсіздігін алып, дербес мемлекет болғалы Отанымыздың тарихы жаңа тұрғыда зерттеліп, оған тиісті оң бағасын беру жүзеге асты. Біздің өлкемізде 2015 жылы аудан әкімдігінің қаулысына сәйкес аудандық тарихи-өлкетану музейі құрылған болатын. Музей қызметінің мәні – өлкенің тарихи мәдени мұрасын көпшілікке таныту. Музей жәдігерлері мен коллекцияларын сақтау, зерделеу, халыққа көрсету, мәдени, білім беру және ғылыми-зерттеу функцияларын жүзеге асыру болып табылады. Қазіргі таңда музейде тұрақты 2 экспозициялық зал жұмыс істейді. Түрлі мазмұндағы коллекциялар көрерменге өлкеміздің ежелгі, ортағасыр, жаңа және қазіргі заман тарихы мен мәдени мұрасы жайлы толыққанды мағлұмат алуға мүмкіндік береді. Ауданның тарихы, археологиясы, этнографиясы, табиғаты бо­йынша музей жинақтамасы бүгінде 6000-нан астам жәдігерді құрайды. Үздіктері экспозициялық залда көрерменге ұсынылады. Музей жәдігерлерінің ішіндегі ең құнды, маңызды жинақтары ол – археология классификациясына біріктірілген, керамикалық қыш құмыралар. Қордағы қыш бұйымдар көне дәуірдегі шеберлердің ыдыс формаларының бірнеше түрін жасау технологиясын жете меңгергендігін көрсетеді. Қорымыздағы осындай халқымыздың рухани байлығы, көне құнды жәдігерлерімізді зерттеп-зерделеп халық игілігіне ұсынып, ғылыми айналымға ендіру музей ісінің негізгі жұмысының бірі. Музейдегі жәдігерлер­дің салмағы мен маңыздылығы – көне тарихи құндылығында.
– Қазірде барлығы заман талабына сай жасақталып келеді. Бұл дүниені, әлбетте, қолдаймыз. Музей ісінде осындай жаңашылдық бар ма? Болса олардың артықшылығы жайында айта кетсеңіз.
– Ол рас, қазір бәрі заман талабына сай бейімделуде. Атап айтар болсақ, музейдің техникалық ресурстары заманауи талапқа сай кезең-кезеңімен жабдықталып келеді. ЮНЕСКО-ның бастамашылық етуімен қор коллекцияларын электронды каталогтау мен паспорттау бойынша «Музеолог» бағдарламасы енгізілген болатын. «Музеолог» Орталық Азия елдерінің музей ісі тәжірибесіндегі тың бастама болды. Аталған бағдарлама арқылы интернет жүйесін пайдаланушы кез келген ғалым мен музей қызметкерлері және көпшілік қауым басқа да аймақ музейлерінің қорындағы бірегей экспонаттармен таныса алады. Айта кетерлік тағы бір жайт – музей саласында цифр­лы технологияны дамыту мақсатында экспозициядағы экспонаттарға «QR»-код орнату жұмыстары жүргізіледі. Музейге келушілер қолындағы смартфон арқылы экскурсоводтардың көмегінсіз-ақ қойылған жәдігерлерге қатысты ақпаратпен «QR»-код арқылы толық таныса алады. Осы және өзге де жаңа бастамалар, жаңа дамыған технологияны пайдалану, цифрландыру біздің аудандық тарихи-өлкетану музейінде де жалғасын табады деп сенемін.
– Сіздің ойыңызша, мінезді тәрбие тудыра ма, әлде жағдай ма? Жалпы, өзіңіз қандай бала болдыңыз? Нені армандадыңыз?
– Әр адамның өзіне ғана тән мінезі болады. Ол мінез адамға табиғаттан беріледі. «Тәрбие – тал бесіктен» деп бекер айтпаса керек. Сол себепті де ұядағы тәрбие мінездің қалыптасуына көп әсерін тигізеді деп ойлаймын. Дегенмен қазіргі қоғамдағы болып жатқан жайттың біразы сол тәрбие тудырған көркем мінезге кері әсерін тигізіп те жатады. Өзіме бала күнімнен бастап ата-анамнан алған тәрбием өмірлік азық болғандай. Отбасында төрт бала тәрбиелендік. Ата-анамыз барлық күш-жігерін бізге жұмсап, мейірім, махаббатына бөлеп өсірді. Анамыздың арқасында елдің елеулі азаматы болып жүрміз. Бала күнімнен сабырлы, салмақты болып өстім. Жасөспірім шақта арман көп болғанымен, ес білгелі елімізге адал қызмет етуді мақсат тұттым. Мен үшін Тәуелсіздіктің құрдасы болып туғанымның өзі зор қуаныш. Тәуелсіз мемлекетімізбен бірге жасап, еліміздің ертеңі, келешегіміздің кемелденуі жолында аянбай еңбек етуге бармын.
– Музейге өз еркімен жәдігер әкеп беретіндер бар ма? Көбіне қандай заттарды әкеледі?
– Әрине, өте көп. Жалпы музей ісінің негізгі міндеті де сол, яғни өңіріміздегі жергілікті тұрғындардың қолында сақталған құнды, мәдени мұрамыз көне жәдігерлерді жинақтау. Осы орайда музейдің жылдық жоспарына сәйкес әр жыл көлемінде 250 дана экспонат жинақталу керек. Ауданның елді мекендерінен, кент орталығында тұратындардан экспонат сатып алу немесе сыйға алу арқылы музей қорын толықтырамыз. Көп жағдайда тұрғындар ата-аналары тұтынған тұрмыстық бұйымдарды өз еркімен музейге сыйға береді. Әсіресе, этнографиялық, ата-әжелеріміздің күнделікті тұрмыста қолданған заттар, кеуде белгілері, сурет, құжаттар, нумизматика классификациясына біріктірілетін экспонаттарды көптеп тапсырады. Ата-бабасының көзіндей болған бұл жауһар жәдігерлерді сақтау – біздің негізгі міндетіміз.
– Елдегі археологиялық зерттеу­лер экспедициясы туралы әртүрлі көзқарас айтылып келеді. Жалпы, еліміздегі археологиялық қазба жұмыстарына сіз қандай баға берер едіңіз?
– Иә, қазіргі археология туралы сан алуан пікірлер бар екені рас. Архео­логия ғылымы басқа гуманитарлық ғылымдармен салыстырғанда, біраз ілгері дамыған. Дегенмен ғылым одан әрі даму үшін басқа да ғылым салалары қатар дамуы керек. Кеңестік дәуір уақытында Қазақстан археологиясы үлкен жұмыс істеді. Білікті археолог ғалымдардан құралған экспедицияларының ке­шен­ді зерттеуі нәтижесінде Есік қор­ғанынан табылған Алтын адам, Отырар қалашығының орны, Тамғалы петроглифтері, Беғазы-Дәндібай мәде­ниеті, өзіміздің аудан аумағында ор­наласқан Жетіасар мәдениетінің ескерткіштері, Шірік-Рабат қалашығы, тағы басқасы тек Қазақстанның ғана емес әлемдік деңгейдегі аса құнды археологиялық мұраларының қатарына енді. Ғалымдардың еліміздің барлық аймақтарында жүргізген көпжылдық зерттеуі Қазақстанның ежелгі және ортағасырлық тарихын суреттейтін бай және бірегей материалдарды жинауға мүмкіндік берді. Атап айтар болсақ өзіміздің жергілікті жерде орналасқан ежелгі Бәбіш мола қалашығы мен ортағасырлық Сортөбе қалашығында жыл сайын қазба жұмыстар жүргізіліп келеді. Қазба барысында көне қала орнынан сол заманда өмір сүрген халықтардың мәдениеті туралы тарихи негіздер анықталуда. Бұл дегеніміз – ар­хеологияның арқасында өлкеміздің төл тарихы туралы тың деректерді келешек ұр­паққа ашып айтуға үлкен мүмкіндіктер тудыруда.
– Бүгінгі қоғамда көңіл қошыңыз толмайтын жағдай бар ма?
– Балақайлардың смартфонға тәуел­ділігі. Балалардың ерте бастан шамадан тыс ұялы телефонға телміріп қал­ғандарына іштей қынжыламын. Бұл қазір қоғамдағы бір індетке айналып бара жатқандай. Олар ұялы телефонда өз өмірлеріне қажетті дүниені көрсе бір сәрі еді, өкінішке орай сол көріп жатқандары ой-өрістерінің дамуына кері әсерін тигізіп, денсаулықтарына да зиян келтіріп жатқаны айтпаса да түсінікті шығар...
– Қазіргі таңда музейге келу­шілердің қатары қандай? Қы­зы­ғу­шы­лық танытатындар көбейіп келе ме?
– Аудан тарихына қызығушылық артып келеді. Жылдан-жылға музейге келушілер саны да көбейді. Жұмыс жоспарымызға сәйкес жыл көлемінде атқарылатын іс-шаралар, көрмелер мен мектеп оқушыларына арнайы оқылатын тақырыптық дәрістерден бөлек экскурсияға келуші жасөспірім балалар, егде жастағылар мен аудан қонақтары қатары жыл сайын артуда. Мәселен, өткен жылдың тоқсандық салыстырмалы көрсеткішіне қарағанда ағымдағы жыл ішінде 1 тоқсан бойынша келушілер саны 2198 адамды құрады.
– Жыл сайын мамыр айында өтетін музей күніне орай "Музей түні" іс-шарасы өтетін. Оған тұрғындар да көп­теп келіп, белсенділік танытатынын біле­міз. Осы секілді музей жұмысына қа­тысты тың бастама көтеру ойда бар ма?
– Жыл сайын аудандық тарихи-өлкетану музейі 18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай «Музей түнін» ұйым­дастырады. Бұл мейрам 1978 жылдан бері 150-ден астам мемлекетте мерекеленеді. Бүгінгі таңда республикамыздың барлық өңіріндегі музейлерде «Ашық есік» күнін өткізумен қатар «Музей түнін» ұйымдастыру қолға алына бастады. Аудандық тарихи-өлкетану музейінде де бірнеше жылдан бері дәстүрге айналған «Музей түні» іс-шарасы жылда жалғасын табады. Бұл күні музей қызметкерлері келушілерді қабылдап, экскурсия жүргізеді. «Ұлттық дәстүр» тақырыбында келушілер арасында ұлттық ойындар ойнатылып, ұлттық тағамдардан тарту, ұлттық тұрмысқа қатысты музей экспонаттарынан көрме жасақталады. «Музейге саяхат» ретінде келушілер арасында өлке тарихына қатысты интеллектуалдық ойын, викториналар ұйымдастырылады. «Музейге сый» акциясы өткізіліп, музей қорына жәдігерлер қабылданады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғандай, туған өлкеміздің тарихын кеңінен таныту мақсатында музейлерде өз қызметін жаңа талаптар тұрғысынан атқаратын болады. Осы секілді іс-шаралар, музей ісіне қатысты тың бастамалар алдағы уақытта да жүйелі жалғасын табады.
– Жалпы сынды қалай қабыл­дайсыз?
– Егер сын дұрыс айтылса, оны көтеру парызымыз. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» дейді дана халқымыз. Айнаға қарап сыртқы келбетіңді түзесең, сынға қарап ішкі дүниеңді дұрыстайсың. Қателіктердің қайталанбауы үшін сын айтылу керек. Қателік кез келген адамда болады. Сол себепті әрбір айтылған сынға жақсы көзқарас қалыптастыра аламын деп ойлаймын. Біз мейлі басшы болсақ та, қосшы болсақ та ең азы отағасы ретінде әрдайым дұрыс көзқараста, тура ниетте болуымыз қажет. Сонда ғана өмірде табысқа жетіп, айналамыздағы адамдарға жағымды боламыз.
– Ар алдындағы адалдық дегенді қалай түсінесіз?
– Ар алдындағы адалдық өз қадір-қасиетіңе, ізгі іс-әрекетіңе байланысты. Жасаған әрбір ісіңе есеп беру арқылы адал жолды таңдағаның немесе теріс жолмен жүргенің байқалады. Қандай жұмыс бастасам да, не қайсыбір адамға көмек қолын созсам да адал жолмен жүргенді жөн көремін. Адалдық – адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Адам бағасының бір өлшемі іспетті. “Адалдық” деген сөз шыншылдық, айнымастық, шын берілгендік сияқты игі қасиеттерді еске салады. Сондықтан қазір өзімнің жұмысыма қатысты айтар болсам, музей қорында сақтаулы тұрған тарихи жәдігердің әбсанасына аса мән беріп, нақты тарихын ғылыми зерттеп ашып жазу деп ойлаймын. Егер ол жәдігердің тарихына терең үңілмей сипаттамасын шала жазсақ, ертеңгі күні төл тарихымыздың бір бөлігі бұрмаланған болар еді. Сондықтан бұндай дүниелерге немқұрайлы қарауға менің арымның адалдығы жібермейді.
– Музей жұмысына қатысты қандай жаңалық күтеміз? Алда қандай жоспарлар бар?
– Музей қызметінің тікелей мін­деттерінің бірі – қолөнер туындыларын қолдау болып табылады. Осы орайда республикаға танымал Қазақстан Су­ретшілер одағының мүшелері Рахым Шегебаев, Баймағамбет Есіркепов, Алтынбек Әшімов, Ясби Ағытаев деген өзіміздің өлкемізден шыққан суретші кісілер және тағы да басқа суретшілер қатары көп. Айтайын дегенім, осы кісілердің сурет өнері туындыларын көпшілікке насихаттап, ауданда сурет өнерін дамыту мақсатында музейден арнайы галерея залын ашсақ деген жос­парымыз бар. Ішкі туризмді дамыту мақсатында жасалып жатқан республика көлеміндегі көптеген іс-шаралардың аясында өлкемізде орналасқан көне тарихи мәдени ескерткіштерімізге (Шірік-Рабат, Бәбіш мола, Сортөбе қалашығы, Марал ишан, Қалқай ишан кесенесі) секілді киелі жерлерге жүйелі түрде маршруттық жос­пар жасап, жастарды апарып, көзбе-көз көрсетіп, тарихын кеңінен ашып айтып, құндылықтарымызды жастарға қызықтыра отырып түсіндірсек деген жоспарлар бар.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан Ақнұр САҒЫНТАЙ
03 сәуір 2021 ж. 953 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031