» » Мың естігеннен бір көрген артық

Мың естігеннен бір көрген артық


Біз өткенге құрметпен қарап, тарихи құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтауға міндеттіміз. Себебі, бұл ұлтымыздың өткені мен бүгінін, болашаққа игі мұраттарын сабақтастыратын баға жетпес құнды мұраларымыз осы. Ұрпақ рухани байлық пен ұлттық жәдігерлерді танып-білу арқылы өзіне сабақ алады, өмірлік бағыт-бағдар ұстанып, елінің жарқын игіліктерін таниды. Ал, осындай ұлы қазыналарды жинап, ұқсатып, тарихқа тіл бітіріп, елдік мүддеге айналдыруды жүзеге асыратын музей қызметі қай кезде де өте маңызды.
Музей – тарихи-ғылыми дерек ретінде ескерткіштерді, өнер туындыларын, мәдени құндылықтарды, тағы басқа мұраларды сақтап, жинақтап, ғылыми-танымдық қызмет атқаратын мекеме.
Музей заттық және рухани құндылықтарды танытуда, ғылыми тұрғыда зерттеп, оның нәтижелерін насихаттау мен осы негізде тәлім-тәрбие беруде маңызды рөл атқарады. Музей ғылымның, білімнің, мәдениеттің қалыптасуына септігін тигізетінін ғылыми мекеме ретінде өскелең ұрпақтың тәрбиесіне, тарихи сананың қалаптасуына ықпал етеді.
Ол негізгі бағыты тұрғысынан бірнеше топқа бөлінеді: тарихи музейлер (жалпы тарих, археологиялық, антропологиялық, этнографиялық, нумизматикалық) көркемөнер музейлері (көркемөнер, мүсін, қолөнер, қолданбалы өнер, театр, музыка кино) жаратылыстану музейлері (биологиялық, зоологиялық, геологиялық, минералдық, палеонтологиялық), техникалық музейлер (авиация, автокөлік, кеме жасау, өнеркәсіп, өндіріс өнімдері, т.б.), кешенді музейлер (тарих, шаруашылық, жаратылыстану бағыттарын біріктіріп, жұмыс істейтін кең профильді өлкетану музейлері), мемориалдық музейлер (мемлекетке, өнерге, әдебиетке, ғылымға еңбегі сіңген білгілі адамдардың жеке өнері мен қызметіне арналған музей). Музей ісінің негізгі бағыттары – музей мұраларын (жәдігерлерді) жинау, есепке алу, сақтау, қорларды жүйелеу, жәдігерлерді қайта қалпына келтіру (реставрация), консервациялау, зерттеу нәтижелерін ақпарат жүйелерінде тарату. Музей жұмыстарын ұйымдастыру түрлеріне: көрмелер, экспозициялар ұйымдастыру, тақырыптық дәрістер, ғылыми-практикалық конференциялар өткізу, музейлік басылымдар шығару жатады.
Қазақстанда музей тарихы 1830 жылдан басталады. Орынборда жергілікті халықтың тарихы мен этнографиясын сипаттайтын мұралар негізінде 1831 жылы Неплюев әскери училищесі жанынан губерниялық музей ашылды. Бұл мұралар қазіргі таңда ҚР Орталық Мемлекеттік музейінің негізгі қорын толықтыруда. Бүгінде елімізде музей саны 250-ден асады. 1977 жылы Халықаралық музейлер Кеңесінің 11 конференциясында 18 мамыр – Халықаралық музейлер күні болып белгіленді.
Қармақшы ауданы біле білгенге тарихи жәдігерлерге бай, қасиетті мекен. Ал, осы ауданның сарыны мен қарымын, көне замандағы халықтың тұрмыс-тіршілігін өзіндік мол мұрасымен, әйгілей алатын бірден-бір орын – аудандық тарихи-өлкетану музейі.
Жалпы бұл музей ауданның өткен тарихынан қалған мұраларды сақтап, ел өмірін көрсетуде кеше мен бүгін арасындағы жалғастықтың айқын бедерін танытатын киелі қарашаңырақ болып саналады. Іргетасы 2015 жылы қаланған музейдегі алғашқы экспозиция 2016 жылы желтоқсанда ашылды. Музейдің екі залы бар: үлкен зал – «Өлке тарихы», кіші зал – «Тәуелсіз Қазақстан». Қазір тарихи-өлкетану музейінің 4631 дана экспонаты бар. Оның 3537 негізгі, 1094 көмекші қорға жатады.
Мыңға жуық экспонат экспозициялық залдарда орналасқан. Мұнда сақ өркениеті тақырыбында Шірік-Рабат, Бәбіш Мола, Баланды қалашықтары, Жетіасар мәдениеті тақырыбында Алтынасар, Қосасар, Тікасар, Томпақасар, тағы басқа да асарлар, ортағасырлық ескерткіштер Сырлытам кесенесі, Еламан мұнарасы, Марал ишан, Қалқай ишан, Қорқыт ата кесенесі жайлы мәліметтер берілген. Сонымен бірге, музейдің экспозициялық залдарында Сыр өңірінің алғашқы зерттеушілері – орыс ғалымдары А.Бутаков, С.Неуструев, Г.Никольский, А.Макшеев туралы және ХХ ғасырда Ресейден сауда-саттық арқылы әкелінген тұрмыстық бұйымдарды тамашалауға болады.
Музейдің экспозициялық залында 1983 жылы мамырда Тұрмағамбет Ізтілеуовтың 100 жылдығына арналған салтанатты жиналыстың фото суреттері қамтылған альбомын көруге болады. Осы альбомды сол уақыттағы партия қызметкері, Қармақшы ауданының Құрметті азаматы Тұрсынбек Бекпанов ағамыз дайындап, сақтап 2017 жылы аудандық тарихи-өлкетану музейіне сол кезеңдегі облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен сыйға тапсырған.
1987-1992 жылдары Жосалы механикалық зауытының директоры болған Аппаз Қанатбаев зауыттың көптеген іс қағаздары мен бұрғылау құрал-саймандарын музейге табыстады.
2016 жылы Жосалы кентінің тұрғыны Бостан Жалғасбаев музей қорына өткізген соғыс ардагері Мырзахмет Досқалбаевтың Ұлы Отан соғысында оқ тескен әскери каскасы музей залында орналасқан.
Музейде 1896 жылы жасалып бүгінге дейін сақталған және бірде-бір шеге қағылмаған, яғни шегесіз жасалған кебежені де тамашалауға болады.
Аудандық музей бүгінгі таңда тарихи маңызы зор экспонаттарды молынан жинақтап, оны зерттеп, зерделеп, келешек ұрпақтың еншісіне аманат етіп қалдыру мақсатында бірнеше бағытта жұмыстар жүргізуде. Мұндағы қызмет қор, ғылыми қызметкерлер, экскурсиялық көпшілік және әдістемелік бөлімдерге іріктелген. Аты айтып тұрғандай, әр бөлімнің өзіндік жоспары, көздеген мақсаты бар және сол мақсаттар түптеп келіп ортақ бір мүддеге тоғысады. Мысалы, қор бөлімінде ескі жәдігерлер жинақталып зерделенсе, ғылыми қызметкерлер бөлімінде тарихи-мәдени мұраларды, өлке, өңірімізге қатысты табылып жатқан экспонаттарды жинақтап зерттейді, сол жинақталған жәдігерлерді музейге келген көпшілік назарына ұсынып, таныстырады, ал әдістемелік бөлім іс-шараларды ұйымдастырып, жарнамалық-баспалық жұмыстармен айналысады. Жыл сайын музей қызметкерлері арнайы мереке күндерінде болсын, тарих беттерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған қайраткерлеріміздің мерейтойларында болсын халықпен кездесулер, әдеби кештер, жылжымалы көрмелер, тақырыптық дәрістер өткізіп тұрады. Мұның бәрі аудан халқының, аудан қонақтарының рухани игілігі үшін жасалынып отырған жұмыстар.
Көне әлемнің керемет мекеніне еніп берсеңіз тарлан тарихтың небір таңғажайып болмысына куә боласыз. Өзінің құпияларымен таңғалдыратын, ауданның археологиялық коллекцияларға жататын ежелгі Шірік-Рабат, Жетіасар қалаларынан табылған құмыралар мен тасқа айналған ағаштар, ХІХ-ХХ ғасырлардың еншісіндегі кебеже, ер-тұрман, күміс, асыл тастармен безендірілген зергерлік бұйымдар, Жосалы механикалық зауытынан қалған заттар, қысқасы, бәрі-бәрі небір алмағайып уақыттың сырын шертеді.
Сонымен қатар, музей қызметкерлері Алматы қаласындағы Ә.Марғұлан атындағы археология институтының археологтарымен және Қызылорда қаласы Қорқыт ата атындағы Мемлекеттік университетінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының археологтарымен бірлесіп ауданымызда орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштерінде археологиялық қазба жұмыстарына қатысып, табылған көне жәдігерлерді тарихи-мәдени мұра есебінде сақтау және көпшілікке насихаттау мақсатында музей қорына қабылдап жәдігерлер қатарын толықтырып тұрады.
Әріптестік қатынасты нығайту мақсатында Қызылорда облыстық, Жалағаш аудандық тарихи-өлкетану музейі, Бұқарбай ауылдық музейімен бірлесіп жоғары оқу орындарының студенттері мен мектеп оқушылары арасында экскурсиясы ұйымдастырылып отырылады.
Музейде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласындағы көтерілген мәселелерді жүзеге асыру аясында, Түркістан облысының, оның ішінде Отырар мұралары мен тұлғаларын, көшпелі көрме арқылы халыққа кеңінен насихаттауда Түркістан облысының Отырар аудандық «Руханият – Әбу Нәсір әл-Фараби» музейінің «Отырар тұлғалар мен мұралар ордасы», облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастырумен «Сыр өңірінің тарихи-мәдени мұралары» тақырыбында көшпелі көрмелер ұйымдастырылды.
Қазіргі таңда елімізде болып жатқан жағдайға байланысты музей жұмысы онлайн түрінде өткізуде. Әлеуметтік желілерде музей қызметкерлерінің ұйымдастыруымен тақырыптық экскурсиялар, көрмелер бейнелекциялар жариялануда.
Өткен тарихын білмей, болашағынды болжау қиын. Жалпы, қазақ елі, оның ішінде Сырдың бойы өзінің бай тарихымен, мол мұрасынмен ерекшеленсе, сол тарихты танып-білу біз бен сіздің, келер ұрпақтың, баршамыздың міндетіміз. Ал, сол тарихты оқып – білумен қатар көзбен көру өзгеше әсерлі дүние.

Т.ЛЕДЕНЁВ,
аудандық тарихи-өлкетану музейінің
ғылыми қызметкері
21 шілде 2020 ж. 960 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 998

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031