» » » Нұрлытаң САЙМАҒАНБЕТОВ: «Ауылымнан асқан ыстық жер жоқ»

Нұрлытаң САЙМАҒАНБЕТОВ: «Ауылымнан асқан ыстық жер жоқ»


Нұрлытаң САЙМАҒАНБЕТОВ,
Республикалық «Қазақстанның еріктілерінің лигасы» қоғамдық қорының облыстық филиал жетекшісі:

Жастар дегенде ойға еріксіз жалындаған жас оралады. Олар бәсекеге қабілетті, қоғамдық жұмысқа белсене араласады. Дегенмен барлығы дерлік солай ма? Әрине, жұмыссыздықтың жайын күйттеп, масылдықтан арылмағандарын да ескеруіміз қажет. Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін оларға не кедергі? Жігерін қайрау үшін не істемек керек? Осы және өзге де сауалымыз бойынша туған жердің перзенті, белсенді жас, Республикалық «Қазақстанның еріктілерінің лигасы» қоғамдық қорының облыстық филиал жетекшісі Нұрлытаң Кәдірбекұлымен сұқбаттасқан болатынбыз.

– Бүгінде жастар жайында түрлі нақыл сөзді алға тартып, жастар қауымын бірінші орынға қойып, болашақтың тұтқасын ұстатпақпыз. Бірақ біз сенім артып отырған қазіргі жас бәсекеге қабілетті ме?
– Алдымен туған жерімнен іздеп тауып, хабарласып жатқандарыңызға қуаныштымын. Иә, жалпы мемлекет көлемінде қазіргі күні жастар қауымына деген қолдау айрықша екені даусыз. «Болашақ» бағдарламасы, «Дипломмен ауылға», «Серпін» жобалары, оқу орындарындағы мемлекеттік және әлеуметтік гранттар осының бірден-бір дәлелі. Жастар және одан кейінгі еріктілер жылының жариялануы да жастарға үлкен қолдау мен мүмкіндік бергені аян. Одан қалды, әр аймақта Жастар саясаты мәселелері басқармасы, әр қала мен ауданда Жастар ресурстық орталықтары жұмыс істейді. Олардың негізгі нысаны – 29 жасқа дейінгі буынның дұрыс қалыптасуы мен мемлекеттік қолдауларды сезінуіне жәрдемдесу. Бірақ қанша қолдау болғанымен барлығы әр жанның өз ниеті мен ынтасына байланысты. Егер жастарымыз оқиын, жақсы жолмен жүрейін деп мақсат қойса қай жерді болмасын тесіп шығары хақ. Қырық жылдық тәжірбием болмаса да жастар саясаты саласында жүрген соң өз ойымды қоса кетейін. Бүгінгі оқушылар мен студенттер қауымы «әй, жүр» деп бұйырғанға емес, қызықтыра отырып жанына тартқан жанның артынан ереді. Әр жастың мінезі сан алуан. Біріне айтқан сөзің екіншісіне өтпейді. Барлығы бір-бір үйдің тентегі болғанымен, тілін таба білсең саналы да білімді, алғыр да зерек әрі өнерлі.
– Қазіргі қоғам масылдықты көтермейді. Әлем қарыштап дамудың үстіне дамуда. Тиісінше біз де ілесіп келеміз. Дегенмен әлі күнге дейін ата-анасының мойнына мініп, табылған жұмысқа мұрнын шүйіретіндер қатары көбеймесе, азаймай тұр. Әсілінде сұрай қалсаң, қос дипломым бар, бірақ «нәрмәлні» жұмыс жоқ дейді. Мүмкін оларға мотивация жеткіліксіз шығар?
– Айтып отырғаныңыз Сырдың емес, әлемнің мәселесі десек те болады. Әрине тек жастар қатары емес, жұмыс істемек түгілі әйелінің тапқанын ішіп, одан қалды көше бойын кезіп, түнімен бала-шағасын қуалап жүретіндерді көз көріп өсті. Жаратқан сыйлаған денсаулықтың бар кезінде маңдай термен нан тапқанға не жетсін? Жұмыстың түрі мен табысының мөлшеріне мән бермей ниеттеніп, «берекесін берсін» деп кіріссе барлығы ретімен болады. Оқуды кеше ғана бітірген жаспыз ғой, пәлен-түген деп біреуге ақыл айта алмаймын. «Дайын асқа тік қасық» болған бизнес алпауыттарын емес, өз күшімен биікті бағындырған әлемдік деңгейдегі жандардың өмірінен мысал келтіріп, жиі жиі кездесулер өткізіп тұрса, мүмкін ол да артықтық етпес. Сонда бізден де Билл Гейтс пен Илон Масктар шығарына сенімдімін.
– Жасырып қайтеміз, қазіргі қоғамда бұзақылық, көше вандалдары мен «районның» жігіттері деген статус әлі бар. Әрине мұнымен күрес толастаған емес. Мұндайда белсенді жастардың пікір-пайымы маңызды. Тосқауыл болу үшін не істемек керек?
– Көше жігіттері болған, қазір де бар, бола да береді. Себебі әр жанның бағыты бөлек. Бірі – білімге, бірі – өнерге, енді бірі – спортқа бейім. Әрі мінез де сан алуан. Біздің ерікті жастарымыздың қатарында көше тентектері мен жас спортшылар бар. Тек өнер бағытындағы жастармен байланысып, ол жандарды ысырып тастай алмаймыз. Олар да біздің бауырымыз, қоғамның мүшесі. Өз бейіміне қарай іс-шаралар ұйымдастырып, жұмыс берілсе олар да бір сәт басқа дүниені ұмытып, қолына гитарасын алып, түрлі іс-шараның ортасында жүреді. Бастысы қызығушылығына қарай бірлесе жұмыс істеу қажет. Мүмкіндігі келіп тұрғанда көшенің жолы қате екенін, қазір білімді жастар кезеңі екенін айтып отыру да маңызды. Ал бізде керісінше, қызығушылығына қарай айналысу емес, жазалау механизмі күштірек. Ол баланы одан әрі тентектікке итермелеп, өшіктіреді деп ойлаймын.
– Бәріміз бала болдық, ісіміз де шала болды. «Жұрттың баласы» бізден озып кетпесін деп артықты тыртық қылған кездер қандай еді?! Ал Сіздің балалық шағыңыз қалай өтті?
– Балалық шақ – ең қызық кезең еді ғой. Ол күндері тезірек ерте есейсем дейтін едік. Қазір керісінше, бейқам балалық шаққа қайта барғымыз-ақ келеді. Есейген сайын сағыныш арта түседі екен. Менің балғын балалық күндерім Қуаңдария ауылында өтті. Мал бақтық, отын жарып, су тасып, қора тазалап ауыл жұмысында шыңдалып өстік. Газ жоқ, суды сырттан тасимыз. Үйде қаншама сиыр бар, олардың жем-шөбі мен күнделікті тазалығы таза ауадағы қайнап жатқан еңбек еді ғой, шіркін. Анамыз ағам екеумізді қатардан қалдырмай осы күнге жеткізді. Артықты тыртық қылған күндерге қарағанда ұстаздарымның алдында көп қырсықтық көрсеткен күндерім болған еді. Жастық, балалық, еркелік қой. Қазір сол кезеңдер еске түссе ұяламын. Ұстаздарымыз тұлға болып қалыптасуымызға зор еңбек сіңірді. Олар әркез жүрегімде.
– Кімнің де болса өзекті өртейтін өткінші, санасында сайраған сан сауалы болады. Ал белсенді ретінде өзіңізді мазалайтын дүниелер бар ма?
– Арасында елдің әлеуметтік мәселесін билік өкілдеріне әлеуметтік желі арқылы жариялап, жеткізгеніміз болмаса, «қоғам белсендісі» деген статусқа жеткен жоқпыз. Ел болғасын мәселе де болады. Ол заңдылық. Қазіргі күні өзім тұратын Қызылорда қаласы, Белкөл кентінің мәселесін жиі көтеріп, кент әкімімен бірлесе жұмыс жүргізудеміз.
– Қоғам арасында «еріктілер жылы еріккендер жылы болып кетпесе екен» деген ой қозғалып еді. Дегенмен пандемия басталған тұста бір жеңген қол, бір жағадан бас шығара білдік. Бірге күрестік. Ал өзіңіз жетекшілік ететін қордан әңгіменің тінін тарқатсаңыз.
– Пандемия кезеңінде атқарушы билік өкілдері, түрлі мекеме, кәсіпкерлер мен еріктілердің бірлесе атқарған жұмысы асауға тұсау бола білді. Біздің де жастар босқа жатпады. «Қазақстанның Еріктілерінің Лигасы» қоғамдық қоры – респубилкалық жастар бірлестігі. Алматы қаласынан бастау алған ұйым волонтерлік жолды насихаттап, жастар саясатын жүзеге асыруда. Шілде айында ұйымның Қызылорда бойынша жетекшілігіне ұсыныс түсіп, маусым айында жұмысымызды бастап кеттік. Бүгінде қатарымызда мектеп оқушылары, колледж жастары, институт пен университет студенттері, жас мамандардан құралған 100-ге жуық жан бар. Қайырымдылық, спорттық жарыс, түрлі өнер байқауын қолға алып, жұмыс жүргізудеміз. Оқу орындарымен арнайы меморандумға отырып, бірлесе жұмыстар атқарудамыз. Мақсат – жастардың бос уақытын тиімді өткізуге үлес қосып, өнерін одан әрі шыңдауға қолдан келгенше жәрдемдесу. Ал жастар ұйымының арнайы өкілдіктері республиканың барлық облысы мен мегаполиесінде орналасқан.
– Әңгіме арасында өзіңіз ауылды сағынышпен еске алып, «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деп едіңіз. Туған жерге ат басын тіреп тұрасыз ба?
– 2018 жылдың қысында жастығымның куәсі болған ауылымыздан көштік. Әрине, оңай емес, бірақ тіршіліктің ағымы соған алып келді. Бұл ауылды ұмыттық, тастап кеттік деген сөз емес. Қай кезде де туған жерімізді сағынып, әр жаңалығына елеңдеп отырамыз. Тума-туыстар, ағайын-бауырлар, асыр сала ойнаған белдер мен көлдер қалды ғой осында. Әр тасы, талы ыстық, қастерлі. Оқуға түскен кезеңдегі сағыныштан көшкеннен кейінгі сағынышың мүлдем бөлек екен. Себебі баратын өз үйің енді ол жақта емес. Шыны керек, қу тіршіліктің қамымен жиі баруға мүмкіндік бола бермейді. Құрдастарымыздың тойы мен жиындарда барып қайтқанымыз болмаса, ол жағынан ұяттымын. Бірақ, менің жүрегімде қайда жүрсем де өзімнің шағын ғана ауылымнан асқан ыстық жер жоқ екені анық. Құдай бұйыртып, болашақта мүмкіндік болса, ауылға жәрдемдесіп, жастарымызды қолдауға күш салғым келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Айнұр ӘЛИ


23 ақпан 2021 ж. 861 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 061

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031