» » » Берік БӘЙДІЛДӘ: "Мақсат – жастарды жұмыспен қамту"

Берік БӘЙДІЛДӘ: "Мақсат – жастарды жұмыспен қамту"


Берік БӘЙДІЛДӘ, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры:

Жастар дегенде, ойымызға алдымен жалындаған, белсенді жас оралады. Оларды бірінші орынға қойып, болашақтың тұтқасын ұстатпақ ниеттеміз. Алайда, қазіргі қоғамда бабалар аманатын орындар жастарымыз бар ма? Біз сенім артып отырған жас бәсекеге қабілетті азамат ретінде қалыптасып келе ме? Осы және өзге де сауалымызбен аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Берік Бәйділдәмен сұқбаттасқан болатынбыз.

– Жаңа қызметке тағайындалғаныңызға көп болған жоқ. Әңгіменің тінін алдымен өзіңіз жайында бастасақ.
– 1987 жылы Жосалы кентінде дүниеге келдім. 2009 жылы Ақмешіт колледжінде «экономист» мамандығын тәмамдадым. Одан соң білімімді шыңдамақ ниетте Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетіне «Дәстүрлі жыр» мамандығы бойынша оқуға түстім. Қара шаңырақты бітірген соң ауылға оралып, оқушылар үйінде «Халық әні» үйірмесінің жетекшісі болып қызмет жолымды бастадым. Аудандық мәдениет үйінде мәдени демалыс кешенінің көркемдік жетекшісі болып жұмыс істедім. Биыл тамыз айында осы қызметке тағайындалып, жастармен байланысымызды жалғап, түрлі шараға етене атсалысудамыз.
– Алғаш қызметке тағайындалғанда әр басшының алға қойған мақсаты, алдағы уақытта атқарар жоспары болады. Ал сіз қандай идеямен қадам бастыңыз?
– Біздегі бірінші мақсат – жұмыссыз жүрген жастарды жұмыспен қамту. Аудан жастарының басын біріктіріп, «бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» етіп ауызбіршілікке тарту. Пробация есебінде тұрған жастарды ел қатарына қосу. Өнерлі болса, шығармашылығын дамыту. Жігерлі болса, кәсіпке баулу. Көзге көрінбей жүрген белсенді жастар көп. Соларды жалпақ жұртқа насихаттау, таныту. Бастысы – елге қызмет ету. Ғани Мұратбаев 23 жасында дүниеден ерте озды. Бірақ сол қысқа ғұмырда ол қаншама жастың басын қосты. Оның қасында біз орда бұзар 30- дан астық. Сол Ғаниды үлгі тұтып, қоғамның қозғаушы күшін бірлікте ұстауымыз маңызды. Өзіме мотивация ретінде бүгін Қазалы қаласына барып, Ғанидың музейінде болып қайттым.
– Жастар үйіне бас сұға қалсақ, қызып жатқан жұмысты байқаймыз. Жалпы жастар ресурстық орталығында осы кезге дейін атқарған жұмыстар легі қандай?
– Қазіргі таңда пробация есебінде тұрған жастарды қолға алдық. Тізімде 13 адам бар еді. Қуанышымызға орай, оның 1-еуі тізімнен шықты. Олардың біршамасын кәсіпке баулыдық. Бірі – кәсіпкерлігін шыңдау, тәжірибе алу мақсатында арнайы курстан өтіп сертификатын қолға алды. Ал екеуі тұрақты және уақытша жұмысқа орналасты. Одан соң еріктілер жылына байланысты орталық жанынан «Демеу» еріктілер тобы құрылды. Мақсат – елге қайырымдылық көмек беру. Биыл арнайы жастар мәслихатын құрмақпыз. Аудан белсенділерінің, өнерлі жастардың басын біріктіріп жатырмыз. Статистикаға сүйенсек, ажырасу деңгейі соңғы жылдары күрт көбейген. Осы жағдайды болдырмас үшін, титтей де болса үміт беру үшін жас отбасылармен кездесу өткізіп жатырмыз. Оған ауданның бас имамы, теолог, психологтар қатысып, еркін сырласу, пікір айту секілді жақсы шаралар ұйымдастырылуда. Биыл талапты жасымыз облыстық жас кәсіпкерлер байқауының ІІ орын иегері атанды.
– Жастар арасында топтық төбелестің бары белгілі. Жасыратыны жоқ, ол айтылып та, қозғалып та, өзекті болып көтеріліп те жүр. Айтыңызшы, мұндай жастармен қалай байланыс орнатасыздар?
– Орталық құқықбұзушылық пен топтық төбелестің алдын алу мақсатында полиция бөлімінің өкілдерімен кездесіп отырады. Әзірленген жоспарға сәйкес аудандық полиция бөлімімен бірігіп түнгі рейд жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Одан соң қазіргі пандемияға байланысты кездесулер аз өтті. Бірақ осы топтық төбелеске байланысты арнайы бейнеролик түсіріп, әлеуметтік желілерде тараттық. Аудан ардагерлері, көше комитеттері, психологтармен бірлесе жұмыс атқарып жатырмыз.
Өзіңізді толғандырып жүрген өзекті мәселе деп нені айтар едіңіз?
– Қазір бәленің бәрі ғаламтордан басталып жатыр. Оның ішінде Facebook әлеуметтік желісінде ештеңенің байыбына бармай, үйде отырып алып, ойына келгенін айтатындар көбейген. Солардың арасында бос сенделген жастар да бар. Көп жас «Дайын асқа тік қасық» болғысы келеді. Жұмыс ұсынсаң, мұрнын шүйіреді. Бос жатқаннан екі қолға бір күрек тауып, еңбегіңнің жемісін көрген жақсы емес пе? Не көп? Мүмкіндік көп. Біздегі мақсаттың тағы бірі – жастарды кәсіпке тартып, ауданда өндірісті дамыту.
– Сізді орталықтың басшысы ретінде танимыз. Сегіз қырлы, бір сырлы өнер иесі ретінде білеміз. Ал бала Беріктің балалық шағы қалай өтті?
– Бала кезімізден өнерге қанық өстік. Бәйділдаевтар отбасы сол өнерімен көпшілікке танылды. Әлі де осы бойға дарыған өнерді хоббиым ретінде қатар алып жүрмін. Бір қызығы, әкем мен анамның айтуы бойынша 3 жасымда домбыра тарта бастаппын. 7 сыныпта өзіме арнайы домбыра сатып алып берді. Солай бала күнінен домбыраны серік еткен Берік шығармашылығын шыңдап, үлкен жетістіктерге қол жеткізді.
– Сөз соңында не айтар едіңіз?
– Алдымен аман-есен індеттен құтылып, ел бір-бірімен қайта араласса екен деймін. Ауданның кәсібі өрге домалап, өрісі кеңейе берсін деген тілегім бар. Аллаға шүкір, Қармақшының жастары белсенді. Сол жастар бір үйдің баласындай, ауызбіршілігі мол болып, еріктілер жылында қайырымды істерге атсалыса берсе.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Айнұр ӘЛИ
03 қараша 2020 ж. 929 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 066

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031