Қаршыға ЕСДӘУЛЕТОВ: «Көптеген игі істің басы-қасында қариялар жүр»
Қазақ қашанда ақсақалды, қарияны көптi көрген ел сыйлысы, қазынасы деп қадiрлеген. Қандай да бiр дау-дамай туса, ақыл-кеңес керек болса, қарияларға жүгiнген. Олардың шешiмiне тоқтаған. Бүгінде бұл үрдіс өз ағынымен жалғасып келеді. Аудан орталығында Ардагерлер үйі бар. Ұйым кешегі қиын-қыстау кезеңде өзін-өзі сақтап қалған, заман өзгергенімен өзінің мәнін өзгертпеген жалғыз қоғамдық ұйым десек, артық болмас. Осы орайда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетовпен сұқбаттасудың сәті түскен еді.
– Өскелең ұрпақ үлкенге қарап бой түзейді. Қоғамда орын алған түрлі жайтқа да баға беріп, ақыл айтып, жол сілтер өзіңізсіздер. Ақсақалдарды қоғамның барометрі десек, қазір сіздердің пікірлеріңіз қоғамға қаншалықты әсер етуде?
– Қай кезде болмасын қазекем біздің келешегіміз, болашағымыз жастар деп тәрбиесіне аса назар аударып, көңіл бөлген. Елдің аманатын арқалаған жас өркенді тәрбиелеудің жолы мен амалы сан тарау. Солардың ішінде шешуші рөл атқаратын тәлімі мен тәрбиенің бір түрі – жастарды патриотизмге тәрбиелеу. Бұл ретте біздер, аудандық ардагерлер кеңесі қалыс қалмай, қоғамда орын алып жатқан түрлі жайтқа бей-жай қарамай, барынша атсалысып келеміз. Аудандық ардагерлер ғимаратынан «Татуластыру» орталығы ашылды. Сотсыз татуласу орталығының мақсаты – халықтың санасын өзгертіп, қоғамдағы даукестіктің деңгейін төмендету, дауларды келісім арқылы тиімді шешу. Ауданда мұндай бастаманы жүзеге асырудың маңызы зор. Елбасының «Қазақстан – 2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауында айтылғандай, қоғамдағы жанжалды жағдайды төмендету, дауларды азайту, бітімгершілік және дауларды шешудің басқа да баламалы тәсілдерін енгізу мақсатында дауды соттан тыс реттеу институттарын дамыту шеңберінде жүзеге асып келеді. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, ұлттық рухани құндылықтарын сақтай білген билер кеңесі де құрылды. Бұл ретте бірнеше жұмысымыз өз нәтижесін беруде.
– Өзекті мәселелер аттап басқан сайын кезігеді. Мәселен, әкесі баласымен, келіні енесімен соттасатын деңгейге жеттік. Сіз қалай ойлайсыз, мұның себебі неде?
– Мұның барлығы ақпараттық жүйенің жылдам дамығанынан ба деп ойлаймын кейде. Біреуге-біреу артық сөз айтса, біреудібіреу нұқып қалса болды, қолындағы смартфонына түсіріп алады да, бүкіл елге жаяды. Оның ішінде соңғы кездері құдажекжат, ене мен келін арасындағы жаға жыртысу желдей есті. Тәрбие, ұят қайда? Бұл ақпараттық жүйенің өз пайдасымен қатар, зияны да бар. Бірақ біз соның ішінде пайдасын ғана алуымыз қажет. Бұл біздің жастармен кездесуімізде көп қозғалатын мәселе. Татуластыру орталығында көбіне себеп, сырттағы адамдардың ықпалы екені айтылып жатады. Яғни, жас отбасы болса екеуара мәселе шеше алмай үлкендердің көмегіне жүгінуге мәжбүр. Бұл дегеніміз – құда-құдағиды араластыру, үлкендердің кикілжіңге жағаласуы, одан әрі соттасу басталып кетеді. Әрине, мұндай жағдайды сотқа дейін шешуге тырысамыз, бұл бағыттағы жұмысымыз нәтижесіз емес.
– Жасыратыны жоқ, көше вандалдары мен «районның» жігіттері деген статус әлі де бар. Мұндай санаттағы жастармен қалай байланыс орнатасыздар?
– Жалпы бұл топтық төбелес ел назарына жиі ілігіп, ауданды шулатып тұрады. Сол баяғы бітпейтін жыр. Бұл ретте аудан әкімдігінің жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы бізде жиі-жиі өткізіліп тұрады. Оған қоғам белсенділері, құқық қорғау саласының өкілдері, ардагерлер алқасы қатысады. Аудандық полиция бөлімі, аудан әкімшілігі және ардагерлер мен сала мамандары атаулы қылмысты болдырмау үшін қоғам болып бірлесіп жұмыс істеудеміз.
– Айтыңызшы, қазіргі жастардың бойындағы шынайы патриоттық, Отансүйгіштік сезімді қалай оятуға болады?
– Адам баласының Отанына деген сүйіспеншілігі ұшқан ұядан. Ол ең бірінші ата-анасы мен бауырларын қадірлей білсе, Отан ұлы ұғым екенін түсінеді. Атабабамыздың осы ұлылықты қорғау жолында талай қан төгіп, арпалысумен өткенін, ерліктің арқасында жеткен кең байтақ жер қашанда біз үшін қымбат қазына екенін ұмытпауымыз қажет. Қазақ «Керуен басы білікті болса, көлік азбайды, қолбасшы білікті болса, сарбаз тозбайды» дейді. Осы сөзде үлкен мән жатыр. Қазіргі кең байтақ жерімізде бейбіт өмір сүріп жатқанымызды бағалауымыз керек, оны осы күйінше келер ұрпаққа табыстауымыз қажет. Қазіргі жастардың біліміне ешкімнің таласы жоқ. Ел басқарып, билік тұтқасын ұстап отырған жастарымыз да жетерлік. Әрине, мақтанамыз. Тұтқаны ұстап отырған жастар білімді болса, халықтың жағдайы ешқашан жаман болмайды. Керісінше қоғамымыз өсіп, өркендеп дамиды. Әрбір қазақ азаматы өзінің еліне деген сүйіспеншілігін, ұлтжандылық қасиетін сөзімен емес, ісімен дәлелдеуі тиіс. Әрбір жасқа үйде, түзде, жұмыста, қызметте жалпы жиында болсын «бұл сенің далаң, сенің шөбің, сенің жусаның, сенің тауларың» деп тәрбиелеумен қатар, алдыңғы қатарлы ел болуына күш жұмсау керегін және туған жерін қорғау үлкен абырой екенін үнемі айтып отыруымыз қажет. Патриот, Отан қорғаушы жастарды тәрбиелегенде Отанды тек қарумен ғана емес, ақылмен де қорғау керегін насихаттауға тиіспіз. Отан қорғау жолында құрбан болған батыр, ержүрек ағаларымызды, аталарымызды, бабаларымыздың ерлігін үлгі ете отырып, мемлекетіміздің дамуы мен өсіп-өркендеуі жолында еңбек еткен азаматтардың да еңбегін ардақтауымыз керек.
– Жасында бейнет, қартайғанда зейнет бергенін Тәңірден тілеген халықпыз ғой. Сол ата-баба ұрпағы ретінде қазіргі ардагерлеріміз өз атына лайық па?
– Бәрі бірдей емес. Әрине, мойындау керек. Біз алдыңғы толқын ағалар адалдық пен тазалықты, туралықты өскелең ұрпаққа үлгі етуіміз керек қой. Кей ақсақалдарымыз шөлмек ұстап, қызық қуып жүр. Одан қалды екіжүзділік пен жалпақшешейлік танытатын кісілер де бар. Соларды көріп ойға қаламын. Олардан келер ұрпақ қандай тәрбие алады, солай жүргеннен не ұтады? Кейде қынжыламын. Дей тұрғанмен, таяқтың екі ұшы болатынын ескерсек, бүгінде елге ақылын, қажет кезде тоқтау айтатын қариялар да жоқ емес. Оларды тек көре білу керек. Көптеген игі істердің басы-қасында қариялар жүр. Қария болмаса, тіпті кез келген іс-шара жетім көрінеді. «Қарты бар үйдің – қазынасы бар» деп өскен қазақпыз. Қоғамдағы тыныштық, ынтымақбірлік, тұрақтылық, алдымен Президенттің сындарлы саясатының арқасы болса, екіншіден, халықтың осы саясатты қолдауы деп білемін. Ал, халықты ынтымаққа шақыруда ардагерлердің атқарып отырған тірлігі орасан.
– Әлемді дендеген дерт екі өкпені қысқаны рас. Осындайда демеу болып, көптеген жан қайырымды істің жүгін арқалады. Сол мезетте аудан ардагерлері де қайырымдылықтан тыс қалмай, өмір мен өлімнің ортасында алысқандарға үміт сыйлап еді.
– Қазақта айтады ғой "Жұмыла көтерген жүк жеңіл" деп. Осы бір қиынқыстау күндер елімізге қара бұлт болып түнермесе екен деймін. Төтенше жағдай кезінде аудандық ардагерлер кеңесі де тыс қалмай қолымыздан келгенше қол ұшын создық. Оның ішінде аудандық емханаға 3 жасанды тыныстандыру аппаратын алып бердік. Бұған дейін де ардагерлер қауымы қолымыздан келгенше қайырымдылық жасап келеміз.
– Қоғам белсендісі ретінде өзіңізді мазалайтын дүниелер бар ма?
– Біз зиялы қауым өкілі ретінде кез келген мәселеге бей-жай қарай алмаймыз. Тәуелсіз Қазақстан күні бүгінге дейін қандай жетістікке жетсе, онда ол бірінші кезекте бірліктің арқасы. Сондықтан ел ішін ала тайдай бүлдіріп, іштей іріткісі келетіндердің әрекетіне дер кезінде тосқауыл қойылуы тиіс. Біздің мақсатымыз – елді ізгілікке шақыру, ынтымаққа ұйыту. Түрлі тақырыптағы жиын мен кездесулерге қатысамыз. Әрбірден соң мұндай кездесулерді өзіміз де ұйымдастырып жүрміз. Ауылдық жерлерді аралап, сол мекеннің ақсақалдарымен жиын өткізіп тұрамыз. Сол кезде көкейде жүрген қандай мәселе бар, соны ортаға салып, шешілуі жолында аянып қалмаймыз. Жақында ғана адам баласы жат ағымның жетегінде кетпесін деп діни өкілдермен, сала мамандарымен бірлесіп жұмыс істеп, барлық ауылды аралап шықтық.
– Сөз соңында не айтқыңыз келеді?
– «Отан – отбасынан басталады» деген сөз жиі айтылады. Отбасындағы тәрбие мәселесіне келгенде құрғақ сөзден гөрі, нақты іспен айналысатын сәт келген секілді. Осыған сәйкес биыл біз жоспарлы іс-шараларды қолға алып отырмыз. Нәтижесі алдағы уақыттың еншісінде. Сөз соңында айтарым, сүйекке сіңіп бара жатқан жағымпаздықтан арылсақ екен деймін. Сол кезде ғана түтініміз түзу шығар еді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан Айнұр ӘЛИ
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (суреттер)
Сұқбаттасқан Айнұр ӘЛИ
Қазбек ТАЙБАҒАРОВ (суреттер)