» » Ағалар салған сара жол

Ағалар салған сара жол

   "Қарты бар үйдің – қазынасы бар" демекші, біле-білгенге ардагерлер – қамқоршымыз әрі қолдаушымыз. Тәуелсіздіктің баянды, болашақтың жарқын болуы үшін аға буын өкілдеріне жүктелер міндет көп. Осы парызды терең түсініп, ағалық жолды адал ұстанатын жанның да қатары аз емес. Әрбір облыста, ауданда, ауылда ардагерлер кеңесінің ұйымы құрылған. Біздің ауданда да еңбек ардагері Қаршыға Есдәулетов төрағалық ететін ардагерлер кеңесі бар. Онда талай сыннан сүрінбей өткен тұлға өскелең ұрпақ үшін еңбек етуде. Қоғам болған соң, түрлі мәселе болады. Ардагерлер келеңсіз жағдайдың оң шешім табуына елеулі үлес қосып, ел арасында бірлікті насихаттауда.
   Жақында облыстық ардагерлер кеңесінің көшпелі алқа мәжілісі өтті. Оған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Әбішұлы, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының кеңесшісі Рахым Әбілханұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің пленум мүшесі Дайрабай Ысқақовтар арнайы келді. Алқа отырысынан бұрын келген қонақтармен бірге аудан әкімінің орынбасары Жарқын Тұрмаханұлы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетовтер бірнеше мекемедегі бастауыш ардагерлер ұйымының жұмысымен танысты.
   «Барлық байлықтың бастауы – білім» демекші, алғашқы қадам құтты білім ордасы – Ш.Уәлиханов атындағы №26 орта мектептен басталды. Мектепке енген сәттен бастап мектеп ұжымының ән салып, думандата күтіп алуынан – үлкенге деген құрметтің ерекшелігі сезілді. Мектеп басшысы Болат Жұмабаев жұмыс барысымен таныстыра отырып, ардагерлер ұйымының бөлмесіне бастады. Балтабек Шүлтіков бастаған мектеп ардагерлер ұйымының мүшелері оқушылардың ыстық сәлемдемесімен қарсы алып, әрі қарай ұйымның тыныс-тіршілігінен хабардар етті. Аудандағы «Әжелер ансамблі» тұңғыш рет осында құрылғанын да зор мақтанышпен атап өтті. Бөлмеге кіргеннен-ақ жүйелі жұмыс жүргізілетіні көрініп тұр. Жыл сайын толықтырылып отыратын құжаттар сөреде ретімен орналасқан. Ардагерін ардақтаған ұжым осындай болса керек-ті. Қонақтар ұйым жұмысына «үлгі аларлық тұстарыңыз көп екен» деп ризашылығын білдірді. Әндетіп қарсы алған олар дәл осы көңіл-күйде шығарып салды. Бұл – қазақтың қанға сіңген қонақжайлылығының бір көрінісі.
Одан кейін алқалы топ аудандық денсаулық сақтау саласының бастауыш ардагерлер ұйымына қарай емханаға бет алды. Осы салада ұзақ жыл еңбек еткен Вьетнам соғысының ардагері Иса Бисенов өздерінің жұмыс барысы және еңбегі сіңген елеулі ардагерлер жайында тұшымды ақпарат берді.
   – Біздің мекемеде бастауыш ардагерлер ұйымының жұмысы өз дәрежесінде жүргізіледі. Бізде арнайы қор құрылған. Оған мекеме қызметкерлері бір күндік жалақысын өз еркімен аударады. Жинақталған қаржы емді қажет еткен мұқтаждарға көмек ретінде бөлініп беріледі. Бұл өте үлгі боларлық іс. Осылайша көптеген жан дертіне шипа табуда. Көпшіліктің алғысын арқалап жүрген Иса ағамыз өте белсенді. Ағалық ақылын аямайтын, ізгілік жолын ұстанатын кісіден үйренеріміз көп, ¬– дейді амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері, аудандық мәслихат депутаты Бақытжан Сағилатұлы.
    Білікті басшының пікірін тыңдаған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қорға ерекше тоқталды. Сондай-ақ мұның барлық ардагерлер ұйымына жақсы тәжірибе екенін жеткізді.
   Одан кейін ішкі істер саласындағы мекемеге ат басын тіреген қонақтарды аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Дархан Әбдібеков, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Қанат Ерманов күтіп алды. Ішкі істер саласының бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Есет Назарқұлов алдағы жоспарымен бөлісті. Осы ретте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы полиция бөлімінің халықпен тығыз байланыста екенін атады. Оған дәлел – аудан әкімдігі, ардагерлер кеңесі мен полиция бөлімінің бірігіп жұмыс жүргізуінің арқасында жасөспірімдер арасындағы аймақтық топқа бөліну мен құқық бұзушылықтың саны азайғанын алға тартты.
   Сонымен қатар, қонақтар аудандық ардагерлер үйінде аз-кем аялдады. Өткен жылғы атқарылған жұмыстарды тиянақтап, сарасынан өткізді. Серік Әбішұлы «Татуласу орталығының» жұмысына ерекше тоқталып, оң бағасын берді.
    Ал аудан әкімдігінде өткізілген көшпелі алқа отырысына арнайы келгендерден бөлек, аудан әкімі Мұса Қалдарбеков, аудандық мәслихат хатшысы Марат Наятұлы, кент, ауылдық округтердегі бастауыш ардагерлер ұйымының төрағалары, мекеме басшылары қатысты. Алғашқы сөзді өңір басшысы алып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы ақпарат беріп, алдағы жоспармен бөлісті. Ағалар салған сара жолмен жүрсек, адаспасымыз мәлім.
   Күн тәртібіне сай келесі мәселе бойынша Қаршыға Есдәулетов аудандық ардагерлер кеңесінің өткен жылы атқарған есебін хабарлады. Аталған кеңеске 18 арыз-шағым түссе, соның 9-ы шипажайға демалуға қатысты. Отырыста бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағалары Жаңажол ауылдық округінен Бақытбек Тәуекелов, Төретам кентінен Смағұл Аралбаев, Қуаңдария ауылдық округінен Ешмағамбет Дүйсенбаевтар сөз сөйлеп, ұсыныстарын жеткізді. Атап айтсақ, облыс бойынша ардагер кеңесінің жұмысы жолға қойылған 3 аудан болса, соның бірі – осы киелі Қармақшы мекені. Алқа отырысында сөз алған аудандық мәслихат хатшысы Марат Ерманов:
   – Үлкендікке дұрыс жету бүгінде сын. Сіздер салған жолды ұстанып, үлкенге – жақсы іні, кішіге – дұрыс аға болу – біздің парызымыз. Ауданда әйелдер кеңесінің жұмысы жолға қойылса, ақсақалдар пайымды бата берсе, қоғамдық ортада сөз мәдениеті қатаң сақталса нұр үстіне нұр болар еді, – дейді ол.
     Алқа отырысын аудан әкімі Мұса Оспанұлы қорытындылады.
– Еліміздің қалай қалыптасып, қалай дамығанының куәгері – аға буын өкілі. Сол себептен олардың ақыл-кеңестері мен ағалық қолдауы ауадай қажет. Даналық пен өмірлік тәжірибе көптеген мәселені шешуге септеседі, – дейді аудан басшысы.

Ардақ СҮЛЕЙМЕНОВА







18 ақпан 2020 ж. 1 452 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 036

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031