Әмбеге аян жырдың елі екені, Тұрмағамбет – тау тұлғалар мекені
Қолыма қалам алып өз туған ауылымның тарих қойнауындағы өзіндік орны бар, бақытты ұрпақ өсіріп, берекелі дәстүрімен өсіп-өркендеп келе жатқан, жыраулықтың туын қадаған, қасиет дарып, кие қонған Тұрмағамбет ауылы жайлы толғансам перзенттік жүрегімде қуанышым тасып, мақтаныш сезіміне бөленемін. Өйткені менің ауылым – қарға адым жері тарихқа толы, Сыр сүлейлері, найзалы батырлары, еліне еселеп, моншақтап тер тамызған еңбеккерлері, жалын жүректі жастары із қалдырған қасиетті мекен Тұрмағамбет ауылы деп аталады.
Жүрек тербер жыраулық өнері мен тарихы терең туған ауылымның 60 жылдық мерейтойымен қатар жыр дүлдүлі Жиенбай жыраудың 155 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Замана саңлағы даңқты жыраулық өнерге баласы Рүстембекті 12 жасында топқа қосса, қасиетті өнер атадан-балаға беріліп Рүстембек атамыздан Көшеней, Бидас ағаларымыз, Арнұр ініміз әке аманатымен жыраулықтың туын биікке көтерді. Бүгінде Тұрмағамбетте №29 мектеп жанынан ашылған Жиенбай, Тасберген жыраулық мектептері қасиетті өнерді бойтұмардай сақтап келеді. Осындай жырмен тербелген елдің қатпарлы тарихына үңілер болсақ, 1928 жылы ірі байлар конфескеленіп, олардың жиналған малы негізінде осы аймақта 5 серіктестік құрылды. Олар «Талап», «Алға», «Екпін», «Ұмтыл», «Жұлдыз» деп аталды. Оларды Өмірзақ Елібаев, Тілеу Жұбаев, Қалдыбай Тұрмаханов, Мәдір Дайрабаевтар басқарды. Әр серіктестікте 100 қаралы үй, 60-70 га егіс көлемінен болды.
1930 жылы қазан айында №10, 11, 12, 13 ауылдық Кеңес қарамағындағы серіктестіктер іріленіп, Ленин атындағы ұжшар болып құрылды. Ұжшардың ең алғашқы төрағасы Үбісұлтан Аяпов болса, партия ұйымының хатшысы Молдабек Қалдыбеков, кейін Бержікей Ешов, Жарылқасын Тайбосыновтар төрағалық етті. Осы жылдары ұжшарда шамамен 6 мың қой, 2 мың түйе, 400 жылқы, 300-дей сиыр болған.
1933 жылғы ашаршылықтан кейін ТОЗ құрылды. Бұл ру-тайпадан 30-40 үйден жасақталған еді. Олар «Қалыңбас», «Қабанбай», «Өндіріс», «Ленин», «Шеңгелді» деп аталып, оларды Баймырза Қауынов, Құрманбай Жүсіпов, Ізбай Орысбаев, Мәдір Дайрабаев, Тілеу Ерекешовтер басқарды. «Өндіріс» ұжшары Монғолиядан 20 түйе алдырса, 1936 жылы «Қалыңбас» ұжшары «Полуторка» машинасын алды. 1937-1938 жылдары ұжшарлар іріленіп, «Ленин», «Қалыңбас» бірігіп, «Ленин» ұжшары болды. Оның төрағасы Ақбала Күнтуарова, «Өндіріс», «Сайарық» қосылып, «Өндіріс» ұжшарының, төрағасы болып Нұржан Құтышев, «Ақжар», «Шеңгелді» қосылып, «Ақжар» ұжшарының төрағасы Тілеу Ерекешов болды. Бержікей Ешов өз ағайыны қолынан қайтыс болған соң «Томарбөгет» ұжшары өз алдына ауылдық кеңес ұжымы болып қала берді.
«Ақжар» ұжшары бойынша 1938 жылы Тілеу Ерекешов, 1939 жылы Шәрибек Іздібаев, 1942 жылы Райымқұл Жайсаңбаев, 1943 жылы Жылқыбай Өтегенов, 1945 жылы Аманжол Досмаханов, «Ленин» ұжшары бойынша 1938 жылы Ақбала Күнтуарова, 1939-1941 жылы Ыбырай Өтегенов, 1941 жылы Қожахмет Пірманов, 1942 жылы Қожахмет Шәдиев, 1943-1948 жылдары Шәрибек Іздібаев, 1948-1949 жылдары Зинабіл Кенжебаев, 1949-1950 жылдары Тәйімбет Көмекбаев, «Томарбөгет» бойынша 1937-1938 жылдары Омар Қойшыбаев, 1938 жылы Берман Бисенбаев, 1939 жылы Қасым Аңдашев, 1941 жылы Әбілда Таңсықбаев, 1942-1943 жылдары Жұмагүл Әділова, 1944 жылы Әбілда Таңсықбаев, 1945-1946 жылдары Рәзия Кетебаева, 1946 жылы Жалғасбай Құланбаевтар төрағалық етті. 1950 жылы бес майда ұжшар іріленді. Олар «Ленин», «Ақжар», «Өндіріс», «Томарбөгет», «Каганович» қосылып, «Ленин» ұжшары болды. Оның төрағасы Омар Қошыманов болса, «Карл Маркс», «Көктөбе», «Микоян», «Ворошилов», «Түпбөгет» ұжшары қосылып, «Карл Маркс» ұжшары болды. 1957 жылы наурызда «Ленин» мен «Карл Маркс» ұжшары 10 ұжшардың ізінен іріленіп, «Ленин» қаракөл қой кеңшары болды. 1950-1957 жылға дейін ұжшар төрағасы болып Омар Қошманов, партия ұйымы хатшысы болып Әнтай Құланбаев, ауылдық кеңес төрағасы болып Дәме Жұбаева, кейін Ысқақ Дәлібеков, Әбілда Таңсықбаевтар сайланды.
1957 жылы мамырда 10 ұжшардың ізімен іріленген «Ленин» және «Карл-Маркс» ұжшарлары бірігіп, «Ленин» атындағы «Қаракөл» қой кеңшары болып құрылғанда, оның №1 бұйрығына алғашқы кеңшар директоры Әлімбет Ардабаев қол қойды. Кеңшардың алғашқы партия хатшысы Қаратай Қуаңбаев, ауылдық кеңесінің төрағасы Әбубәкір Салықбаев болды.
Алғашқы құрылған жылы кеңшарда 1564 гектар егін, 27628 қой, 440 жылқы, 1245 сиыр, 555 түйе, 14 трактор, 18 автомашина, 700-ден астам жұмысшы, 300-дің үстінде жеке қожалық болды. Ленин кеңшары негізінде 1964 жылы «Жаңақала» (қазіргі Т.Көмекбаев ауылы), 1980 жылы Майлыөзек (қазіргі Алдашбай ахун ауылы) бөлініп шығып, жеке шаруашылық ретінде жұмыс істеуде. 1995 жылы наурызда жекешелендіруге байланысты Ленин кеңшары таратылып, «Ленин» жауапкершілігі шектеулі серіктестікке өтсе, 1996 жылы облыс әкімінің шешімімен осы серіктестік негізінде «Тұрмағамбет» өндірістік кооперативі 1997 жылы ақпанда Тұрмағамбет толық серіктестігі болып қайта құрылды. 1997 жылы бірінші сайланған аудандық мәслихатының XVI сессиясы мен аудан әкімінің біріккен 1997 жылғы 23 желтоқсандағы №578 шешімімен Ленин кеңшарының атауы Тұрмағамбет ауылы болып өзгертілді. Осы сессияның №579 шешімімен «Ленин» ауылдық округі атауы «Дауылкөл» ауылдық округі болып өзгерді.
«Ленин» ауылдық округі кезінде 1955-1961 жылдары «Ленин» ауылдық кеңесінің хатшысы қызметін Мәлік Сарөзенов, 1967 жылы «Дауылкөл» ауылдық кеңесінің төрағалық қызметін Сәлима Жұмабекова атқарған. «Дауылкөл» ауылдық кеңесі төрағасының қызметін 1997-1986 жылдар аралығында Шайхыслам Жалғасбаев, 1986-1991 жылдар аралығында Жұмағали Қасымов, 1991-1995 жылдары Болатбек Жайсаңбаев, 1995-2002 жылдар аралығында Мұратбек Құланбаев, 2002-2012 жылдар аралығында Әнуарбек Мұханбетқалиев, 2012-2017 жылдары Нұрбол Тоғызбаев, 2017 жылдан бастап Бақытбек Байбарақов ауыл әкімі қызметін атқаруда.
Ауылдық округте 365 отбасы бар, 2015 халық есепте тұрады.
Зада Мәдіров, Бижан Қожабаев, Сәлима Жұмабекова, Ізімкүл Бисенова, Ахун Кадиров, Пәуен Досболатова, Сәуле Ұзақбаева сынды тыл ардагері ел құрметіне бөленген. Сондай-ақ 1957-1958 жылдары Әлімбет Ардабаев, 1958-1960 жылдары Смайыл Ысқақов, 1960-1963 жылдары Мусабек Алдамжаров, 1963-1966 жылдары Смайыл Байболатов, 1966-1973 жылдары Ертуған Байсалбаев, 1973-1977 жылдары Аяған Сералиев, 1977-1987 жылдары Жанділда Бердімұратов, 1987-1996 жылдары Кажденбек Қалдашбаев, 1996-2001 жылдары Болатбек Жайсаңбаев, 2001-2008 жылдары Мұратбек Құланбаев басшылық етсе, 2008 жылдан қазірге дейін Нұржан Пірмантаев басқарады.
Ел қашан да туған жері үшін маңдай терін төккен майталман еңбеккерлерін мақтан етеді.
Сәлима Жұмабекова, Әділбек Хайруллаев, Әбен Тоғызбаев, Берман Бисенбаев, Сайлау Жанбаев, Шаймерден Шегебаев сынды еңбек ерлері елге үлгі. Ерлік пен еңбектің куәсі болған Зада Мәдіров, Байдан Тұрғанов, Жаңбырбай Дәуітов, Әшімбек Қамбаров, Қаппар Тасымов, Спандияр Сексенов, Бижан Қожабаев, Тоғанас Сарыбаев, Оңалбай Пірімжаров, Мінуар Алдашбаевтар ауылдың батагөй алтын қазынасы. Халықты имандылыққа, береке-бірлікке шақырып отыратын Алдашбай ахун ұрпағы Мінуар Алдашбаев «Алдашбай ахун» мешітінің имамы. Қазақта «Би бол, би болмасаң би түсетін үй бол» деген сөз бар. Шайырлар топырағында Бекет би, Аман би Өтемісұлы, Құлжан би Базарұлы, Бегім би Сарыбасұлы, Көшер би Таңатарұлы сияқты билер көрегендігімен, дуалы сөзімен елдің берекесін сақтаған.
Мұнан бөлек дүрлер ауылы Шаман Ақмырзаұлы, Көмекбай Қоңқаұлы, Сағымбай (Сарт) Ұшқанұлы, Байлақ Қасайұлы, Кәңгіреш Қайғыұлы, Балжан Байжігітұлы, Қазанбай Шәуліұлы, Шынжырбай Сартайұлы және тағы басқа да балуанымен аты шыққан өлке.
Қасиет қонған киелі мекенді зобалаң жылдарының дүлей дауылы шарпымай кетпеді. Қаншама аталарымыз ел басқарып еңсе көтергенде «Халық жауы» атанып қапысыз жалаға ілінді. Тәжікстан Республикалық Әскери Комиссары болған Дүйсен Тәжібаев, республиканың І прокуроры болған Сүлеймен Есқараев, Гурьев облысы, Қызылқоға ауданы партия комитетінің І хатшысы Уатай Бәйменов қызыл қырғынның құрығына ілінді. Сондай-ақ Мәдір Дайрабаев, Тілеу Ерекешов, Өмірбай Қаражанов, Нұржан Құтышевтар Сібірде көз жұмса, Қожамжар Жүсіпов, Әбзәли Егізбаев, Тілеу Жұбаев, Үбісұлтан Аяпов тағдырлы жылдардың тақсіретін тартты. Ұжымдастыру кезеңінде айрықша еңбек еткен Ақбала Күнтуарованы жазықсыз халық жауы деп түрмеге қамап, түрлі азаптаудың кесірінен Қызылорда түрмесінде көз жұмды. Мырзатай Байсақалов, Тебеген Қожаназаров, Әбзәли Егізбаев, Бұхарбай Есбаев, Бисары Кентібаев, Байділда Найзабаев, Назар Тұрабаев, Нұртай Бисембаевтар жазықсыз жазалауды басынан кешірді.
Тың игеруде егіншілік кәсіптің дамуына бетбұрыс жасалды. Осы кезеңде алғашқы Стахановшылар шықты. Олардың қатарынан Пірман Қожахметов, Тұңғышбай Түймебаев, Боранбай Жақыпбаев, Әбдіғали Қарақұлов, Бекмахан Бектасов, Төлес Жүргенбаев, Білман Қарамендиев, Ілиас Әбішев, Күшікбай Бохаев, Иманғали Нұрпейісов, Өтеғұл Кеңпейілов, Дәмелі Қожағұлова, Злиха Жүсіповалар жарыс жеңімпазы атанды. Ел басқару ісіне белсене қатысқан Берман Бисенбаевтың ерекше еңбегін атап өткен ләзім. Ол Қарақалпақ еліне барып, туған еліміздің шекарасын айқындап беруге атсалысқан.
1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда Ленин, Оян, Кагановичтен, Томарбөгеттен 814 адам майданға аттанса, оның 505-і адам хабар-ошарсыз кеткен. Соғыстағы жанқияр ерлігі үшін Тәйімбет Көмекбаев Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Сонымен бірге соғыс даласындағы ерен ерлігі үшін Әнтай Құланбаев, Зайыр Рахатов «Қызыл жұлдыз» орденімен наградталды. Төребек Мұхтаров І дәрежелі «Отан соғысы», Қылышбек Байжанов ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталған. Зор табысы үшін күрішші Бодық Шәдиев, «Құрмет белгісі», Қойшы Зәріп Байболатов «Еңбек Қызыл Ту» орденіне ие болды. Соғыстан елге аман келген азаматтар білек сыбанып еңбек майданына кірісті. Тылда еңбек еткен Берман Бисенбаев, Дәме Жұбаева, Несіпбай Баймұратов, Нұрпейіс Тәңірбаев, Тілеу Жұбаев, Шынжырбай Сариев, Злиха Жүсіпова, тыл ардагері Айтжан Назаров жылы киім мен қаражат жіберген.
Бұл – ақ күріштің анасы, Еңбек Ері, Батыр ана Сәлима Жұмабекованың елі. Бүгінде халықтың анасы болған Сәлима апай ұрпақтың батагөйі.
Бұл өлкеде алғашқы металлургтің бірі, қоғам қайраткері Далабай Ешпанов дүниеге келген. Ол қазақтың даңқын биікке көтерген талантты тұлғасы. Қарақалпақстанның Халық жазушысы Жұбатқан Мұратбаев та Тұрмағамбет ауылының перзенті. Еңбектегі қол жеткен табысы үшін Берман Бисенбаев пен Әбен Тоғызбаев «Ленин» орденінің иегері болса, Байдан Тұрғанов «Құрмет белгісі» және «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған.
Механизатор Тұрарбек Досжанов «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Қазан революциясы» орденімен, сондай-ақ Мырзағали Махамбетовтің еңбегі «Құрмет белгісі», «Еңбек Қзыл Ту» орденімен бағаланды. Кезінде айтулы ауылдан бірқатар зергер, ұста шыққан.
Жанділда Мұратов әшекей бұйымдар жасап, ел мақтаны болса, баласы Якия әке жолын жалғастырушы. Әби Шораев қақпаншылығымен көпке танылса, ұрпағы Шакарман, Қаржаубай Әбиевтер ұсталықты кәсіп етуде. Бодық Ізбенбетов, Жәрімбет Арыстанов ұсталығы ұрпаққа аңыз. Торта Ибрашев, Қалмахан Жанділдаев, Жаппар Тасымовтардың ұсталық шеберлігі халықты тәнті еткен. «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер», – деген халық даналығында. Салт-дәстүрімізді, әдеп-ғұрпымызды насихаттауда аналарымыз Әліш Жүргенова, Жазық Жүсіпова, Ибагүл Қауынова, Зылиха Баймырзаеваның өз қолымен жасаған киіз үйі республикалық салтанаттарға тігілген. Осындай өнерді жастарға Күлпаштай Қартаңбаева анамыз үйретіп жүр.
Мал шаруашылығында еңбек еткен Тәңірберген Төлеуов, Кәрібай Дүрманов, Спандияр Сексенов, Тоғанас Сарыбаев, Жанұзақ Бекмаханов, Өмірзақ Бекмаханов, Мүптай Мырзатаевтардың алар орны ерекше. Сонымен бірге сауыншылар Жанай Әзірбекова, Серіккүл Байжанова, Күлай Бегалиева, Күріш Төлеуова, Илия Сәтенова, Науат Ешниязоваларды ұрпақ мақтан тұтады.
Тұрмағамбет – жүз шайыр сап түзеген жыраулар ордасы. Толыбай Қожабайұлы, Ешнияз Жөнелдікұлы, Жүсіп Ешниязов, Жиенбай Дүзбенбетұлы, Тасберген Құламанұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Омар Шораяқов, Шегебай Бектасұлы және басқалар жыраулығымен танылса, олардың соңынан Әлішер Мырзағалиев, Нұрпатшайым Әділбекова, Арай Оңғарқызы, Шұғыла Мархабатова, Қамарсұлу Ғаниқызы, Динара Жаңбырбаева сынды жас өскіндер домбыра ұстап, ұрпақ сабақтастығын жалғап келеді. Зерделі сөздің зергері, сөз шебері Үбісұлтан Аяпов, Әлиакпар Жұматаев, Запа Дәулетбаев, Үрліхан Өндібаевалар жас ақындарға үлгі-өнеге.
Осындай қазыналы мекенде 90 жылдық тарихы бар білімнің алтын қазынасы аталған №29 Т.Ізтілеуов атындағы қазақ орта мектебі балаларды біліммен сусындатуда. Мектеп мұражайын ең алғаш рет Қазақ КСР еңбек сіңірген әдіскер мұғалім Қаражан Қожабаев қалыптастырса, мұнан соң мектеп директоры Дариха Әмзебекова бір бөлмені мұражай етіп ашты. Онда қоғам қайраткері, мектеп түлектері Далабай Ешпанов, Жұбатқан Мұратбаев, Раушанбек Әбсаттаров, Көшербай Дәулетбаев, Жетпіс Ахметов, Тұрсынбек Бекпанов, Асанхан Серімбетов, Нұртілеу Салықов, Өмірбек Үмбетов, Қуаныш Төлебаев, Дариха Әмзебекова, Бағбан Тәйімбетов, Ерлан Бисенбаев, Сәтбай Рахатов, Жанар Исаева, Жанат Исаева, Гүлшара Ердесова, Фатима Дәулетова, Бекзат Пірмантаева жайлы арнайы дерек жинақталған. Сол сияқты білім ордасының мектеп басшылары Тілеген Әбдікешов, Фатима Қосымбетова, Тұрсын Мешітбаев, Садықбек Залиев, Әбіқай Қазыбеков, Зиналабдин Бегимов, Әліп Жүсіпбеков, Мәжит Әбдәзиев, Қоңырбай Мүсіркегенов, Шәкизада Шоқбаров, Асанхан Серімбетов, Амандық Алтынбасов, Дариха Әмзебековалардың суреті ілінген.
Дәріс берген мұғалімдер Мәлік Абауов, Үмбіш Абауова, Күләнда Қанағатова, Майтан Маханбетова, Несібелі Серкешбаева, Әліп Жүсіпов, Рабат Жұбанышбекова, Сәду Тілеуов, Сәруар Баймырзаев, Есбол Құлбарақов, Шайхыслам Жалғасбаев, Қаражан Қожабаев, Смайыл Жалғасбаев, Жұпар Махмутова, Қатира Еламанова, Жайшылық Исаев, Тұрсынкүл Кірқабақова, Тұрсынкүл Керуенбаева, Аманжол Исаев, Асанхан Серімбетов ағайларымыз бен апайларымыздың өнегелі өмір жолын үлгі етіп келеміз.
Ауыл мәдениетін өркендетуде Қуандық Бүрлібаев атындағы ауылдық мәдениет үйі жұмыс істейді. Кешегі кеңестік уақытта Оңғарбай Жанділдаевтің еңбегін халық әлі күнге дейін сүйсініп айтады. Жыраулық дәстүрдің кең қанат жаюына Тасберген, Жиенбай жырау мектептерінің үлесі ерекше. Онда Зәуре Кәрібаева, Дінислам Тоқсанбаевтың қолтаңбасы бар десек, жас шәкірт Арай Оңғарқызы Елбасы қолынан домбыра алды. Шұғыла Мархабатова, Аруна Нұрлан халықаралық байқаудың жүлдегері. Дәстүрлі мектепті Алмат Азаматов жалғастыруда.
Бақ қонған киелі мекенді өркендетуге басшылық жасап отырған «Тұрмағамбет» ЖШС директоры Нұржан Пірмантаевтың еңбегі ұшан-теңіз. Ауыл орталығынан ашылған монша, «Сәлима ана» балабақшасы, сүт өңдеу зауыты бой көтеріп, елдің ризашылығына бөленуде.
Тарихи терең, сырлары мол хатталған,
Жырлары әсем, өнеге болып жатталған.
Жыр тұнған мекен, сыр тұнған мекен, ауылым,
Перзентіңмін өзіңмен ғана мақтанған.
Текті елден әлі талай тегеурінді ұрпақ өседі. Осындай киелі, қазыналы ел ауылымыды мақтан етемін. Сыр сүлейлерінің жыр күмбезі атанған ауылды жарқырата түсу – бүгінгі және келер ұрпақтың еншісінде. 60 жылдық тарихы бар қасиетті туған өлкенің түтіні түзу шығып, берекесі тасысын. Тойы қазыналы болсын!
Зарипа ТАСЫМОВА