Мұражайдағы маңызды шара
«Нұр Отан» партиясы Қармақшы аудандық филиалының «Тұрмағамбет» бастауыш партия ұйымында «Ұлы дала қазынасы» партиялық бағыты аясында Жырдың туын тіккен, өнердің қайнар бұлағы №29 Т.Ізтілеуов атындағы қазақ орта мектебі жанынан ашылған «Сыр Елі – Жыр Елі» мұражайы жұмыс жасайды. Ең алғаш 1973 жылы Қазақ КСР-інің методист мұғалім атағын алған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қожабаев Қаражан ағай қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінде «Сыр Елі – Жыр Елі» бұрышын ұйымдастырып, Сыр бойының ақын – жыршылары жайлы мол деректермен толықтырып, 1975 жылы «Сыр Елі – Жыр Елі» мұражайы етіп ашқан. Мұражайда Тұрмағамбет атамыздың парсы тілінен тәржімалаған шығыстың шоқ жұлдызы Әбілқасым Фердоусидің «Шаһнама» кітабы, Тұрмағамбет атаның киген киімдері, шапаны, тақиясы, көзілдірігі, кездігі, қыны, күлсалғышы сынды заттары мұражайдың ең басты мұрағаттары.
Бүгін 29 – мамыр күні Иран Ислам Республикасының Елшілігінің кеңесшісі Масуд Шейх Зейнеддин «Сыр Елі – Жыр Елі» мұражайына келіп, игілікті шараларды көргенін қуанышпен жеткізді. Мұражайдағы Шаһнама кітабын суретке түсіріп, жыраулықтың туын тіккен елдегі Тасберген жырау мектебінің шәкірттері Н.Әділбекова, А.Оңғарқызын тыңдап, бірге суретке түсіп, ұлы өнерге деген сүйіспеншілігін, ризашылығын білдірді. Ең бастысы ұрпақ тәрбиесіне маңызды мағлұматтар, мұрағаттар бар екенін көріп қуанышпен пікір алысты. Кездесу соңында «Тұрмағамбет» бастауыш партия ұйымының төрағасы, ауыл әкімі Б.Байбарақов Тұрмағамбет атамыздың 4 – томдық кітабын сыйға тартты. Сый ретінде алған кітапты Иран еліндегі қазақтарға арналған кітапханаға қоятынын жеткізді. Тұрмағамбет атаның немерелері Н.Тұрмағамбетов пен З.Әбдірауықова, шөбересі Е.Байғұлиев суретке түсіп, ризашылығын білдірді. Рухани жаңғыру бағдарламасы бойынша ауыл мәдениетін көтеруде ұрпақ тәрбиесі үшін маңызды істер атқара беретін боламыз – дейді мектеп директоры Зарипа Тасымова.