Отты жылдар жаңғырығы
Жылдар өтеді. ал жылдармен бірге өзенде аққан су сияқты өмір де өтеді. Тек бір өкініштісі адамзат баласы сол қоғамда өмір сүргенімен кейін ол да сол өмір ағысымен о дүниелік болады. Бұл табиғат шешімі. Алайда өзі өмір сүрген қоғамнан лайықты орнын алу үшін әрбір азамат ел-жұртына адал болуды мақсат етеді. Өнегелі өмірімен ел-жұртының ыстық ықыласына бөленіп, қоғамнан лайықты орын алғанның бірі – Үсен Қошалақұлы еді.
18 жасқа толғанда туған ағасы әрі фольклортанушы Әлқуат Қайнарбаевтың ықпалымен аудан жастары арасында алғашқы болып, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық институтының «Физика-математика» факультетіне түсіп, төртінші курста оқып жүргенде Қаз КСР Халық комиссариатының шешімімен Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан қаласындағы мұғалімдер даярлайтын арнаулы техникумға директор қызметіне тағайындалады. Директорлықты атқара жүріп, жоғары оқу орнын тәмамдайды.
Ол 1940 жылы Отан алдындағы әскери міндетін орындауда Кеңес әскері қатарына шақырылады. Арнайы әскери- саяси жетекшілер дайындайтын курсында оқып жүргенде Ұлы Отан соғысы басталып, оның алғашқы күнінен бастап неміс басқыншыларынан туған елді азат етуге қатысады.
Алайда Ү.Қошалақұлы әскери міндетін атқарған бөлім 1942 жылы едәуір күші көп неміс фашистерінің ауыр соққысына төтеп бере алмай, жаралы күйінде бір топ жауынгермен бірге тұтқынға түседі. Сөйтіп талай азапты күнді басынан өткізеді. Күніне 270 грамм қара нан мен сылдыраған қара сорпаны талғажу етіп, өзге тұтқындармен бірге өмірін өткізген азамат қиындыққа еш мойымады. Қайта жерлестерін жеңістің жақын екеніне сендіріп, жігерлендірді. Өмірге деген құлшынысын арттырып, тіпті, түрмеден қашудың жолын іздестіреді.
Бірде түрмедегі тұтқындарды атуға басшылықтан бұйрық түседі. Бұйрық бойынша сапта тұрған әрбір үшінші тұтқын атылу тиіс. Қолына қаруын ұстаған неміс жендеті саптағыларды санап келе жатып, Үсенге жақындап келген соң «Алға шық» деген белгі беріп, автоматымен түртіп қалады. Өлім мен өмір арасында тұрған Үсен алға аттап шыққан соң, манағы неміс оған автоматын кезеп: «Есеп шығару білесің бе?» деп келемеждейді. Немістің сұрағына таң қалған ол «Білемін» деп жауап береді.
Неміс тұтқынды алып шығып, қара жерге есеп амалын жазып, артына тең белгісін қойғанда жерлесіміз ойланбастан оның жауабын жазып береді. Сөйтсе жаңағы немістің өзі де математик екен. Содан осы есептің арқасында Үсен әкеміз ату жазасынан аман қалыпты.
Сол жылдарғы тарихқа үңілер болсақ, тұтқынға түскен кеңестік жауынгерлер арасынан 1943 жылдан бастап Германиядағы барлық концлагерьден 43 соғыс тұтқынын Берлиндегі әскери комендатурасының ратушына жинайды. Сол тұтқындардың арасында математик ұстаз да бар еді. Немістер тұтқындарды екі ай карантиннен өткізіп, әрі қарай біріне офицерлік, ал қалғанына жай солдат шенінде немістерге қызмет етуге қалдырады. Міне, сол қарапайым солдат қатарында абзал аға да бар болатын.
Неміс арасында жүрген Үсен Қошалақұлы жасырын ұйым құрып, Қарес Қанатбаев, Ахмет Әнесханов, Бақыт Абитов, Тоқтанаров және басқа да қазақ тұтқындарымен бірлесе Түркістан Ұлттық комитетін құрады. Осылайша олар өздеріне жүктелген міндеттерді орындауда аянбай жұмыс істейді. Бірақ, араларынан шыққан сатқынның кесірінен жоспар жүзеге аспай комитет белсенділері қайта тұтқынға түседі.
1945 жылы соғыс аяқталып, майдангер Кеңес әскерінің құтқаруымен әскер қатарына қосылады. Осы жылдың қазанында елге оралып, ауылшаруашылығын қайта қалпына келтіруге атсалысады.
Әйтсе де ол аудан орталығындағы №26 орта метепте мұғалім болып қызмет етіп жүргенде 1946 жылы мемлекеттік қауіпсіздік комитеті соғыс жылдарында оның тұтқында болғанын желеу етіп 25 жылға бас бостандығынан айырады.
«Әділдік қашан да халық жағында» деген. 1955 жылы кеңес көсемі Сталин өлген соң КСРО Жоғарғы Кеңесінің өкімімен кешірім алып, елге келеді. Ұлағатты жанның мұнан соңғы еңбек жолы шәкірт тәрбиелеуге арналды.
Айтпақшы туған ағасы Ә.Қайнарбаев досы С.Толыбековпен достық қарым-қатынасын нығайтуда ғалымның қарындасы Мәдинаны інісі Үсенге қосады.
Міне, қазақтың екі ірі тұлғасының өзара достығынан пайда болған шаңырақтан өрбіген ұрпақ бүгінде әке өнегесін жалғастырып, тәуелсіз елдің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда.
Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ