» » ЕЛ ҚҰРМЕТТІСІ

ЕЛ ҚҰРМЕТТІСІ

«Болмас адам отызында жаспын дер,
Болар жігіт он бесінде баспын дер.» деп қазақ даналығында айтылғандай, өзінің өнегелі ісімен ағайын-жұртқа қадірлі, би болмаса да, би түсетін үй болған әулеттің басшысы Жанпейістен тараған Жөнейттің үлкен баласы, шаруалар көсемі В.Ленин бастаған Қазан көтерілісінен бірер жыл кейін өмірге келіп, өсе келе елдегі ашаршылық пен қуғын-сүргін, сондай-ақ ел көсемі И.Сталиннің қолшоқпары Голощекиннің қазақ халқына ұйымдастырған кіші Қазан оқиғасын көріп өскен Уәйіс өкіметтің халыққа жасаған қылмыстық ісіне бей-жай қарай алмай өсті. Сол зұлмат жылдарда құрбандыққа шалынған көптеген ұлт арыстарының қатарында өзінің туған әкесі Жөнейт те елдегі шолақ белсенділердің теріс пиғылды іс-әрекетінің кесірінен «халық жауы» атанып, 5 жылға сотталып кете барды.
1941 жылы батыстан Адольф Гитлер бастаған фашистік Германия әскері елге басып кіргенде Жөнейт ақ­сақал өзі сияқты ерлермен бірге Отан қорғауға аттанады. Ол №112 атқыштар дивизиясының құрамында не­міс басқыншыларына қарсы Харьков бағы­тын­да жүріп жатқан ұрысқа қатысады. Ал, 1943 жылы Ресейдің Чертова стансасы маңында неміс басқыншыларына қарсы өткен кезекті ұрыста ерлікпен қаза болып, сол елден мәңгілікке мекен табады.
Жас та болса бойын қайсарлық пен ерлікке деген құштарлық кернеген, Қызылорда қаласындағы мұғалімдер даярлайтын арнаулы оқу орнын тәмамдап, туған елінде ұстаздық етіп жүрген Уәйіс Отанды жаудан қорғауға сұранып, комиссариаттың шешімімен сол кездері Өзбекстанның Самарқанд қаласында май­данға іріктеліп жатқан №103 атқыштар дивиязиясына қарасты №688 атқыштар полкінің құрамына қабылданады.
Сарбаз Самарқандта 1943 жылдың нау­рызына дейін соғыс өнерінің қыр-сырын меңгеріп, соғыс жылдарында Кеңес әскерлерінің жауға қарсы көрсеткен ерліктерін әспеттеген, туған әкесі мәң­гілікке мекен тапқан әйгілі «Харьков қаза­нына» қатысып, ауыр жарақат алады. Жараланып жатқан жерінен Кеңес әскері санитарларының қайсарлығымен ұрыс даласынан алып шығарылып, біршама уақыт Новочеркаск қаласындағы әс­кери госпиталда емделеді. Содан кейін майданға аттанып, Азов теңізі жағалауында жауға қарсы соғыс жүргізіп жатқан №16 арнаулы жарақтандырылған жаяу және теңіз флоты батольонына жіберіліп, қаруластарымен бірге Рос­тов, Батайск және басқа да қалаларды жаудан азат етіп, кейіннен Солтүстік Кавказ майданында тау халқын неміс басқыншыларынан азат етуге атсалысады. Міне, жан беріп, жан алысқан қанды ұрыстардың бірінде, яғни 1942 жылдың қыркүйегінде Сочи қаласы маңында ол екінші рет жараланып, әскери госпитальде бірнеше ай емделіп шығады.
Қайсар жауынгер дәрігерлердің елге қайтасын деген шешіміне келісімін бермей, №32 техникалық барлау бригадасына кіші командир ретінде жіберіледі. Кеңес Одағы коммунистік партиясының І хатшысы Л.Брежневтің Ұлы Отан соғысындағы қанды шайқастар жайында жазған «Кіші жер» шығармасында жерлесіміз Уәйіс Жанпейісов сынды кеудесін оққа тосқан қайсар жауынгерлердің ерлікке толы сұрапыл күндері суреттелген. Міне, сол сұрапыл соғыстың ортасында жүріп, өзі басқарған барлаушылармен бірге Брянск, Калинин, Балтық жағалауы елдерін, Калининград қаласы мен Шығыс Пруссияны жаудан азат етуге қатысады. Ростов, Тихорецк-Ставрополь, Орлов-Курск, Брянск, Оңтүстік Пруссия мен Харьков бағытында өткен қанды ұрыстарды басынан өткереді. Ұлы Жеңісті ол Германияның Кеннинс­берг қаласында қарсы алады.
«Көптен күткен ұлы той» демекші, Ұлы Отан соғысы да аяқталып, майдангерлер елге қайтып жатқанда майдангер Уәйіс Жөнейтұлы шығыстан КСРО мемлекетіне соғыс ашқан жапон милитаристеріне қарсы соғысқа қатысады. Ол қызмет еткен әскери бөлім Блоговещинск қаласы маңында шеп құрып, кейіннен қытайдың Айгун, Харбин, Цицинар қалаларын жапондықтардан азат етеді. 4 жыл неміс фашистері мен жапон милитаристеріне қарсы өткен соғыста жанқиярлық ерлік көрсеткен майдангер 1946 жылдың қарашасында ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденін және сол соғыста көрсеткен ерлігі үшін берілген медалін омырауына тағып, туған елге оралады.
Бұл елде соғыстан кейін халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқан кез болатын.
Майдан даласынан қажып қайтқан майдангер туған жерге табан тірегесін, үйде көп жата алмады. Ол соғысқа дейін жүрек қалауымен қызмет еткен ұстаздық қызметіне оралып, 1951 жылға дейін аудан орталығындағы мек­тепте шәкірт тәрбиелейді. Ал, сол жылы білікті маманның тәжірибесі мен еңбек­қорлығын, талапшылдығын жоғары баға­лаған аудандық партия комитеті оны партия комитетінің насихатшы, содан кейінгі жылдарда өзі қызмет еткен бөлімде басшының орынбасары, бастығы, ау­дан­­дық партия комитетінің хатшысы қызметтеріне тағайындалып, партия сеніп тапсырған міндеттерді абыроймен атқарады.
Ал, 1959 жылы аудан орталығында тұңғыш ашылған №149 кәсіптік-тех­ника­лық училищесіне директорлық қызметке тағайындалған ол аталмыш оқу орнына жан-жақтан білімді де білікті мамандарды тартып, шәкірттердің сапалы білім, саналы тәрбие алуларына аянбай еңбек сіңіреді. Майталман маман білім ордасын 17 жыл үзіксіз басқарып, ауданда түрлі сала мамандарын даярлап, олардың қоғамнан өз орнын табуларына еңбек етті.
Сонымен қатар, ел ағасы Уәйіс Жөнейтұлы партия комитетінің шешімімен 1976-1986 жылдар аралығында Жосалы кенті кеңесінің төрағасы қызметін он жыл атқарып, аудан орталығының көркейіп, гүлденуіне орасан үлес қосты.
«Бейнет түбі-береке» дегендей, со­ғыс және еңбек ардагері Уәйіс Жан­пейі­­­сов Ұлы Отан соғысы жылдарын­дағы ерліктері мен бейбіт өмір кезеңіндегі қажыр­лы еңбегінің жемісі ретінде көп­теген мемлекеттік наградалар мен мадақ­тама­ларға, оның ішінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің, басқа да салалық ведомстволардың құрмет грамоталары мен алғыстарына ие болды.
Өмірлік зайыбы Зайда Әбдіра­мановамен бірге Сағатбек, Әмірбек, Лиза, Клара, Ләззат және Светлана есімді ұл-қыз үкілеп өсірді. Бүгінде осындай атпал азаматтың тәрибесін алған ұрпақтар тәуелсіз еліміз­дің өсіп-өркендеуі жолында еңбек етуде.
Осы ретте, бір айта кетерлік жайт, халқының жанашыры болған атпал азамат Уәйіс Жөнейтұлы ауданда 1950 жылдардың аяғында жұмысын бастаған кәсіптік-техникалық училищені басқарған он жыл аралығында жас мамандарды даярлауда көптеген ілкімді істер атқарғанын тұрғындар жақсы біледі. Міне, осындай жанның есімін ел есінде сақтауда өзі басшылық еткен қазіргі аграр­лы-техникалық колледжге Уәйіс Жанпейсіовтың есімі берілсе деген ұсы­ны­сымыз бар. Әрине, бұл ұсыныс қана. Бірақ, ел мүддесі үшін бар саналы өмірін арнаған ел ағасының осы оқу орнының есімін алу зандылық деп ойлаймыз.
Қуанышбай БЕЙСЕНБАЕВ,
Ұлы Отан соғысының ардагері,
Сәлима ЖҰМАБЕКОВА,
Еңбек Ері, Батыр ана.
Әбдібек БАЙБАРАҚОВ,
еңбек ардагері.
17 тамыз 2018 ж. 1 138 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 020

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031