» » » ЖЕКЕЖАЙДАҒЫ ЖӘДІГЕР

ЖЕКЕЖАЙДАҒЫ ЖӘДІГЕР

Ішкі істер саласында қызмет етіп, 1994 жылы отставкаға шыққан аға лейтенант Мейрамбек  Ермұратовтың есімі қармақшылықтарға етене таныс.  Неге дейсіз бе? Ол 1976 жылы  аудандық ішкі істер бөлімінде қызмет етіп жүргенде алғаш рет қылмыскермен бетпе-бет кездесіп, кенттегі сауда дүкенін тонаған қаскөйлерді қару қолдану арқылы тұтқындаған. ерлігін облыстық, аудандық газеттер жарыса жазған. Учаскелік полицей қызметін атқарған епті сержант қарақшылардың арам ойының алдын орап, айласын жүзеге асырмайды. Бұдан басқа аудан орталығындағы қойманы тонаушылардың үстінен түсіп мемлекет мүлкіне қол салушыны қызметі кезінде құрықтаған. Қызметіне адал азаматтың біліктілігі арқасында аудан, облыс басшыларынан бірнеше мәрте мақтау алғанын халық біледі.
Спорттың 11 түрінен сынға түсетін көп­сайыс­та аудан абыройын бірнеше рет қорғаған.  2 рет республикалық оқу-жаттығуға қатысып, аға фельдшердің міндетін мінсіз орындапты. Бірақ табандылығы мұнымен шектелмейді. Сегіз қырлы, бір сырлы сала ардагері түрлі жәдігер (коллекция) жияды. Біз жақсыны көрмекке асықтық.Жазда құрылыс жұмысының қызатын кезі. Ағай да ауласынан үй салып, соның қым-қуыт тірлігімен шапқылап жүр. Жаңа үйдіңжобасын сыза бастағанынан бір бөлмесін мұражайға жоспарлапты. Арнайы бөлме болмаған соң сандық түбінде сақталған дүниелерді біртіндеп шығарып, көруге құмартқан ниетімізге балаша қуанды. Көне дәуірдің бұйымы мен өткеннен қалған белгіні жинап, тарихқа өз үлесін қосып жүрген жанның мұндайға қызығушылығы һәм әуестігі бала кезінен бастау алғанға ұқсайды. Коллекция жинауды бай-бағланның ермегі дейтіндер бар. Мұнайшылар отбасының ұрпағы Мейрамбек Әбдібекұлы тұрмыста таршылық көрмегені рас. Бірақ бұл оның бала кездегі сүйікті ісі. Ол медаль мен түрлі таңбаны тірнектеп жинаған. Поштаға қатысы бар белгінің бәрін біледі. Әрбір мүлкі өзіне оттай ыстық.
Жәдігер жинаушы әуесқойдың бірі қағаз ақша жинаумен айналысса, бірі тиын, енді біреуі саптаяқ, пышақ топтастырғанды хоббиі санайды. Әлемде Геннис рекордтар кітабына енген атақты коллекционерлер бар. Бонистер қағаз жүзіндегі ақшаның түр-түрін жақсы меңгерсе, фалеристер медаль мен таңба, нумизматтар тиын жинайды.Республикада ресми түрде Әділет министрлігінен тіркеуден өткен бір  ғана коллекционер бар. Ол Иманғали Тасмағамбетов. Осыдан бірнеше жыл бұрын Францияға барып көрме ұйымдастырған. Аудандағы жәдігертанушы Мейрамбектің ерек­шелігі, бір бағытта емес, түрлі салада тұтынған дүниелерді жинауы. Оның жекежа­йында Сталин­нің 1946 жылғы 9 ақпандағы сайлау алды сөйлеген сөзінің толық мәтіні сақталған  10 бөліктен тұратын («Апрельский завод» белгісімен) грампластинкасы бар. Саяси жасырын ұсталатын дүниені бір кездері ескі мектепті бұзғанда тауып алған. Сатуын өтініп қанша адам келгенімен, бермеген. Құнды заттардың қатарында 1962 жылғы сымтетік, 40 литрлік жезден жасалған самаурын, білтелі шамдар, балалар конькиі мен ролигі, құны 1970 жылдары 480 сом тұратын ағаш радио, «Весна» магнитафоны мен таспалар (кассета), шаш алатын бәкі қайрағымен, аңшы пышағы былғары қаптамасымен, олимпиадалық сувенирлер, электронды есептегіш (калькулятор), темір сызғыш пен қабырға сағаты, күміс қасық пен тамақ ауырғанды тексеретін күміс таяқша т.б бар. Шетелдік тиын, 1993 жылы жарыққа шыққан қағаз тиын-теңге де бар мұнда. Табиғатты қорғау, мерейтойлық, ғарышты игеру, құстар мен балықты, жан-жануарды қорғау, қазақтың белгілі тұлғалары бейнеленген пошта маркасы мен мемлекеттік белгі бір альбом. Құттықтау мен ашық хат, төсбелгі мен медальдың сан түрі, тушь пен қаламұш (перо) та кездеседі. Кеңес милициясының 70 жылдығына арналып «Совет­с­кая милиция» деген атпен санаулы дана энциклопедия шықса, соның бірі жәдігер жинаушыда. Мамандығын сүйіп істеген аға лейненант үшін қымбат кітап осы. Кітап сөресінің бір бөлігі газет қиындысы «Қармақшы таңының» сонау «Қызыл Ту», «Коммунизм шамшырағы» кезіндегі шығарылымы көзге ыстық.
– «Октябряттар» тағатын бес жұлдызды белгіде бейнеленген Ленин суреті алтыннан құйылғанын білмейтінмін. Бір газеттен оқып, тексертіп көрсем расымен алтын болып шықты. Бұл белгіге қарап мектеп қабырғасындағы балалық шақ еріксіз ойға оралады. Осынша заттың ішінде көлемі титімдей болса да маңызы зор саналатыны көп.  Әрқайсысының өз тарихы бар. 40 литрлік самаурын той томалақта таптырмас дүние. Таза металдан жасалған соң судың сапасы бұзылмайды. Бойына бүккен сыры бөлек. Сыйға бергені, сол сияқты сатып алғаным, іздеп жүріп тапқаным бар. Бұлар менің өмірімнің бір бөлшегі, – дейді коллекционер.
Елге белгілі, белгісіз шеберлердің көз ма­йын тауысқан көптеген дүниесін көздің қара­шығындай қаз-қалпында сақтап, өмірінің ар­қауына айналдырған ағаның еңбегіне таң­қал­дық.
Испанияға сапарлап барған қазақтың бір ақыны: «Испанияда әр футбол клубына арналған музей бар. Баланың футболға қызығушылығы осы музейді тамашалаған соң арта түседі ғой» деген. Біздің ұл-қыз күні бойы ұялы телефонға телміргенше өздері қызығатын жәдігерлер жинап үйренсе. Одан олардың танымы кеңейіп, өткенге жанашырлығы арта түсер еді.
М.Әбдібекұлына бір уыс ақшамен келіп, құн­ды затына қолқа салушылар жетерлік. Ескі грампластинканы шетел  автокөлігіне айырбастауға ұсыныс айтқандар болыпты. «Маған ақша маңызды болса бұлардың ешбірі қолда қалмас еді. Сендер де көрмес едіңдер» дейді ол. Құдды шағын мұражайға кіргендей күй-кешіп, ананы бір, мынаны бір қызықтадық. Қазақтың болмысын танытатын дүниелерден өріс кеңейіп, таным толыққандай. Қазіргі жаһандануда жұртты таңқалдыру қиын. Кейіпкердің бақытты жүзіне қарап, сірә бұл азғантай дүниені қанағат тұтып, өткенді құрметтеп, «келешекке не қалдырам» деп, барды бағалай білгеннен болар дедік. Әйтпесе шоқ үтік пен білтелі шамды қолданыстан құртып, қоқысқа тастағалы қашан.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА
29 шілде 2019 ж. 986 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 099

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031