ҚАЙСАР АРУ
Елімізде ішкі істер, оның ішінде өртке қарсы қызмет саласында абыройлы қызмет істеп жүрген нәзікжандылар аз емес. Солардың қатарында 2003 жылдан бері Қармақшы аудандық №5 өртке қарсы қызмет бөлімінде ер-азаматтармен бірге осы саланың қыр-сырын меңгеріп, аудан тұрғындарының тыныштығын күзетуде мінсіз қызмет етіп жүрген Гүлнұр Мирханқызы бар.
Гүлнұр Жосалы кенті тумасы. Ол №250 мектеп-лицейдің түлегі. 1998 жылы аталмыш орта білім беру мекемесін тәмамдап, жүрек қалауымен Алматы қаласындағы құрылыс және бағалау академиясында 4 жыл жоғары білім алып шыққан соң туған жерге оралып, аудандық №5 өртке қарсы қызмет бөліміне радио-телефоншы болып орналасады. Содан бері 16 жыл өтіпті.
– Бұл қызметке алғаш келген күнім әлі есімде. Бөлім бастығы Жеткерген Әжмағамбетовтың кабинетінің есігін жүрексіне ашқанымда, бөлме ішінде телефон арқылы әлдекіммен сөйлесіп отырған басшы басын изей «кіре бер» деген ишара білдірді. Сәлден соң Жеткерген ағай телефон тұтқасын қойып, жөн сұрасқан соң, алдына қойған құжаттарымды тексеріп жұмысқа кірісе беруімді өтінді. 16 жылдан бері өзімнің отбасымдай ыстық болып кеткен ұжымыммен қоян-қолтық еңбек етіп келемін. Сәуле Әбдібаева, Жеңіскүл Әбдиева сынды ұстаздарымнан өзім атқаратын қызметімнің қыр-сырын меңгеріп, алған тәлімімді қызметтес сіңлілерім Жансая Қалижанқызы, Қарлығаш Бақытбекқызы және Аида Аяғановаларға үйретудемін, – дейді Гүлнұр Мирханқызы.
Иә, жас та болса өз ісінің білгірі, ұжым құрметтісі атанған Гүлнұр Мирханқызы бірнеше рет салалық басшылықтың, оның ішінде ҚР Ішкі істер министрлігінің алғысымен, сонымен бірге ҚР Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін мерекелік медальдармен марапатталды. Ал, аудандық, облыстық салалық басшылықтан алған марапаты қаншама.