«Ата кәсіп –алтын мұра»
Қызылордада өткен еңбек сабақтастығы бесінші форумында азаматтық қорғау саласының қызметкері Е.Назарқұловтың әулеті үздік деп танылды

«Қармақшы ауданынан Назарқұловтар әулеті ішкі істер саласы бойынша үздік шықты. Әулеттің саладағы еңбек өтілі – 74 жыл. Әулет үлкені Есет Камаладинұлы ішкі істер органдарының подполковнигі, сала ардагері, еңбек өтілі – 27 жыл»,-деп атап өтті салтанатты іс-шара жүргізушісі. Ақсақал – Қармақшы аудандық Ішкі істер бөлімі ардагерлер кеңесінің төрағасы запастағы полиция подполковнигі Назарқұлов Есет Камаладдинұлы 1975-2002 жылдар аралығында жұмыс істеп, Қармақшы ауданы Ішкі істер бөдімінің Кадр жұмысы бөлімі бастығының орынбасары лауазымымен зейнетке шыққан.
Осы әулеттің кіші ұлы, Қармақшы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы азаматтық қорғау майоры Назарқұлов Еркін Есетұлы 2003 жылдан бері төтенше жағдай саласында қызмет атқарып келеді. Отбасылы, 4 баланың әкесі ретінде балаларына қамқор. Жан-жары Тайшықова Ғазиза №250-мектеп-лицейінің мұғалімі болып еңбек етеді.
Осы әулеттің бір ұлы - Қармақшы ауданы Ішкі істер бөлімінің запастағы полиция майоры Назарқұлов Нұрбол Есетұлы 1994-2016 жылдар аралығында жұмыс істеп, Ішкі істер бөлімінің жедел кезекшісінің бастығы лауазымымен зейнетке шыққан.
Осы әулеттің тағы бір ұлы – Қармақшы ауданы Ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары полиция подполковнигі Назарқұлов Ерлан Есетұлы 1999 жылдан бері абыроймен қызмет атқарып келеді.
Бұл әулеттің қызмет жолында алған марапаттары да жеткілікті. Әулеттің әкесі – Есет Назарқұлов 2001 жылы «Ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері» омырау белгісімен марапатталған. Әулеттің ұлдары қызмет еткен жылдары мақтау қағаздары мен медальдармен марапатталып отырылған. Олардың ішінде отбасының кіші ұлы, біздің әріптесіміз - Қармақшы ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Е.Назарқұлов 2012 жылы «ІІІ дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін»» медалімен, 2015 жылы «Байқоңыр ғарыш айлағына 60 жыл» естелік белгісімен, 2018 жылы «Өртке қарсы қызметіне 100 жыл» естелік медалімен марапатталды.
«Осындай жарасымдылығы жарасқан ұлағатты жанұялар елімізде көп болсын, кейінгі ұрпақ сабақтастығы жалғассын» деген ізгі тілек көкейде тұратыны кәміл. Назарқұловтар отбасысына алдағы уақытта да бақ-береке тілейміз.
Айгүл Нұрманова,
Қызылорда облысы ТЖД бас маманы,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі