Қырымбек Көшербаев: "Елбасының командасында жұмыс істеуден артық бақыт бар ма?"
Тәуелсіз еліміздің негізін қалаған Елбасының командасында жұмыс істеуден артық бақыт бар ма? Мемлекет басшысы бағалап, жауапты тапсырмалар беріп жатыр. Осыдан артық бақыт бар ма? Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Брифинг барысында журналистердің бірі облыс әкіміне «Мемлекеттік қызметтен шаршаған жоқсыз ба? Себебі, біраз облыста әкім болдыңыз» деп сауал жолдады.
«Туған жеріңе қызмет ету, тәуелсіз елдің негізін қалаған Елбасының командасында жұмыс істеуден артық бақыт бар ма? Қытайда «ұлы өзгерістер дәуірінде дүниеге кел» деген сөз бар. Бірақ керісінше ұлы өзгерістер заманында тұрып жатқаныңа сенуің керек. Алдыңғы қатарлы азаматтардың қатарында жүруге тырысу керек. Бұл – бақыт қой. Осыны Елбасы бағалап, өзінің командасына қосты, жауапты тапсырмалар беріп жатыр. Осыдан артық бақыт бар ма?», - деді Қырымбек Көшербаев.
Кейін облыс әкімі жауабын былайша толықтырды.
«Менің атам Көшербай Ұлы Отан соғысы кезінде ерен еңбегі үшін Аралдың Социалистік еңбек ері атанған. Ал әкем Елеу Қызылорда облысындағы 5 ауданды басқарған. Ол – бірнеше еңбек ордендерінің иегері. Елге, отанға қызмет ету – біздің әулетіміздің дәстүрі. Ұрпақты да солай тәрбиелеу керек. Шенеунік болу міндет емес. Қай жерде жүрсе де, еліне адал болу керек», - деп түйіндеді сөзін ол.