» » » СЫРДЫҢ СЫРБАЗ СҰЛТАНЫ

СЫРДЫҢ СЫРБАЗ СҰЛТАНЫ

Өзгелерден бөлек, бойында ерекше  қабілет-қарымы бар, ішкі жандүниесі бай, ойға-көсем, сөзге-шешен, мәдениет пен өнердің жанашыры болған марқұм  Сұлтан  ағамыз жайлыкезінде  естелік жазамын деп кім ойлаған?!  Сұлтан Сармолдин – қалай айтқанда да қайталанбас тұлға, сирек болмыстың адамы. Ол  өмірге құштар, өнерге іңкәр, ұлт мұрасына адал жан болды. Көзі тірісінде өзінің мағыналы ғұмырын   «Жыраулар отаны» атанған  Қармақшы ауданының   мәдени-рухани  саласының кемелденіп өсуіне бағыттаған көшбасшысы еді. Осындай ерен қабілеті, терең біліктілігі  арқылыол ел  аузында «Сырдың сырбаз Сұлтаны» деген мерейлі атаққа ие болды. Міне, осындай аяулы  ағаның бұл фәниден бақиға озғанына да зымырап жылдар  өте шығыпты.  күні кешегідей сияқты еді.

Сұлтекең туралы қалам тарту – өзімнің де оң бүйірімде жүрген шаруаның бірі еді. Жақында Қармақшыдан  ағамыздың үйіндегі  Күміс жеңгеміз хабарласты. Ол кісінің айтуынша, Қармақшы ауданының Дүр Оңғар ауылындаСұлтекеңді  еске алуға арналған «Сұлтан Сармолдин жүлдесіне «Үздік кітапханашы – 2019»  клуб кәсіпорын  директорларының  облыстық байқауы» өткелі жатыр  екен. Дүр Оңғар – Сұлтекеңнің кіндік қаны тамған ауылы. Атағы алты алашқа әйгілі даңғайыр жырау Дүр Оңғардың есімін жаңғыртуға  Сұлтан Сармолдиннің сіңірген еңбегі орасан. Сұлтан ағаның өзі көзі тірісіндебас  болып, бүкіл елдің қолдауымен кезінде есімі Алашқа әйгілі  Оңғар жыраудың  туғанына 150 жыл толуына орай 2009 жылы Қармақшы ауданы орталығындаДүр Оңғардың  еңселі  ескерткіші бой көтеріп, көп ұзамай  туғанЖаңажол елді мекеніне   жыраудың есімі  берілді. Марқұм  Сұлтекеңнің Сыр өңірінің рухани-мәдени өміріне сіңірген  еңбегі еленіп,  туған топырағы Дүр Оңғар ауылында  аймақтық деңгейде  тағы бірмәдени шара өткелі жатқанын естідік.Күміс жеңгейдің қуанышты хабармен бөлісіп,  хабарласыпжатқанының мәнісі осы екен.
Беу, зымырап өтіп  жатқан жылдар-ай, десеңізші!  Сұлтекең  барда жағамыз жайлау­да жүруші еді-ау, шіркін! Ол кісі  мәдени-рухани саланың нағыз білгірі  әрі шын жанашыры еді. Үнемі ойланып-толғанып жүретін. Сұлтан ағаның ақжарқын бейнесі, ойнақы күлкісі   көз алдымда сайрап тұр. Кейде оның бір нәрсеге шамданып қалғаныңда бет-жүзің бар демей, тік айтып салатын  мінезі де бар еді. Бірақ айтуы да, қайтуы да шапшаң. Елге болсын деп тұратынқасиетіне  тәнті едік. Мәдениет  саласын басқа руды біреулер оп-оңай шаруа көруі мүмкін.  Әр  саланың өз қиындығы мен  өзіндікмәселесі де болады ғой. Көп мәселенің түйіні  солсаланы басқаратын  басшының  іскерлік, қабылетіне де тікелей байланысты. Бұл ретте Сұлтекеңнің орны тым бөлек екен­ін ел де жақсы біледі. Өйткені оның аудан әкіміне, басқа да іс басындағы жауапты азаматтарға  сөзін тыңдата және құптата  білетін ерекше  қасиеті болды.
Сұлтекеңнің өз жұмысыңда   жоғары ұйымдастырушылық  қабілетімен  жиі көрінетіні  баршаға аян. Оны басшылар да жақсы білетін еді. «Сыр елі – жыр елі» дегендей,Қармақшы өңірінде  ән-жыр байқаулары жиі өтіп жататын. Бұл ауданның «Жүз шайырдың Отаны» деген  мерейлі атағы бар. Атақты батыр, билер, жыраулардың мерейтойлары жыл са­йын дүркіреп өтеді. Оның ішінде жырау, шайырлардың тойы  тым өзгеше форматта өтіп, халықты өзіне ерекше баулай түсетін. Бұл орайда  республикалық деңгейде   өткізілгенСыр сүлейлері Тұрмағамбет Ізтілеуов, Дүр Оңғар, Тұрымбет  Салқын­байұлы, Көшеней Рүстембеков, т.б. ақын-жыраулардың  мерейтойының  сән-сал­танаты  тымерекше болғанын жұрт­шылық  әлі күнге  сүйсіне әңгімелейді.
Иә, «Елдің даңқын ер шығарады» дегендей, Сұлтекеңнің негізгі қызметі кезінде рухани сала – мәдениет пен өнер­дің  ортасы  болғандықтан, ол кісі  бар білігі мен күш-жігерін  өзі басқаратын саланың неғұрлым халықтық  сипаталуы­на, талантты жастардың ондажарқырай көрінуіне көңіл бөлуші еді. Сондай-ақ, Сұлтекең мәдени-рухани  саладахалықтық өнердің  кең өріс алуына, жаңашылдықтың етене орнығуына, түрлі мәдени дәстүрлі шаралардың, әсіресе, облыстық, респу­бликалық  ақындар айтыстары мен жыршы-жыраулар  байқауының жоғары деңгейде өтуіне, ең бастысы «Жыраулар отаны» атанған қасиетті Қармақшының атына заты сай болуын  үнемі жіті қадағалап отырушы еді. Жері мен елініңмәртебесін  мейілінше асқақтата түсудің қам-қарекеті онсыз да құс ұйқылы Сәкеңді қатты алаңдатушы еді. Әрине, мұндай жұмыстардың жүйкені тоздырып, шыдымды оздырып та кететін тұсы жиі кездесетін. Бірақ Сұлтекеңнің алымды да, шалымды да кездері  көп, әрі кез келген қиындықтан жол тауып кететін алғыр мінезі бар екенін талай аңдағанбыз. Оның бойындағы адамгершілік қасиет қиындықты жеңіп шығуына үнемі көмекке келіп отырушы еді-ау...
Сұлтекеңнің  кәсіби саладағы фено­мені – нақты іс, жоғары  нәтиже және өнерпаздың бағын ашу еді. Ол ғұмыр бойы  осы дара  қасиетімен бұрынғы өткен Сыр сүлейлерінің адамгершілік сарабдал  жолдарын  маңсұқтұтып,  оларды өнер, жыр, ән-күй арқылы халыққа кеңінен насихаттаудың жолында көптеген маңызды іс-шараға ұйытқы  болған мәдениеттің нағыз жанашыры әрі майталманы атанған тұлға еді. Ол аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі болып көп жыл жемісті қызмет атқарған кезінде білім бұлағы кітапхананың жұмысын заман талабына сайжолға коюға да айрықша назар аударды. Бұл сала қызметкерінің кәсіптік шеберлігі мен  білім деңгейінің жоғары болуына үнемі  қажетті жағдай жасады. Кітапхана мен  оқырманның арасында тығыз байланыс орнатылуын  және   жаңашылдықпен жұмыс  істеуінекөп көңіл бөлетін еді.  Міне, Дүр Оңғар ауылында Сұлтекеңді еске алу мақсатыңда сала қызметкерінің басы  қосылғалыжатқанының өзі – аруаққакөрсетілетін шынайы құрметтің бір белгісі.
Ұйымдастырушылық пен талапшыл­дық  Сұлтекеңнің бойынан  ерекше табылатын жақсы қасиет еді. Орынды пікір, орнықты  ой айту бар да, оны нақты іс жүзіне асыруың тетігін табу тағы  бар ғой. Бұл орайда  қаржыға да келіп тірелетін жағдайлар көп туындаушы еді. Биліктің де бұған ықпал, көмегі қажет. Соның бәріне ерінбей  жүгіретін Сұлтекеңнің  қажыр-қайраты мен бірбеткейлігіне жұрт ерекше таң қалатын. Әрине, үлкен мәдени шараны ұйымдастырып, өткізудегі бар  ауыр салмақайналып келгенде осы салаға бірден-бір жауапты  басшы Сұлтекеңнің  мойнына түсетін-ді. Өзі қағылездеу келген, бірақ өз ісіне мығым   Сұлтекеңнің бар ақыл-ойы мен  күш-жігері  сол белгіленген шараны қалай да жоғары деңгейде өткізуге  сарқа жұмсалушы  еді.Әлі есімде, 70-ші жылдардың орта тұсы. Ол аудандық мәдениет  бөлімініңинспекторы еді. Бұл қызметкеМәдениет үйінің директорлығынанкелді. Бірде  үлкен «Кувань» автобусымен Сұлтан Сармолдин басқарғанарнайы көркемөнерпаздар бригадасыҚарақұм мал жайылымында өтетіншопандар слетіне концерттік бағдарлама, түрлі  ойын-сауық және кино қызметін көрсету үшін жолға шығады. Бригада құрамында байырғы қызыл отаудың елге әйгілі әншілері Қантай Аманова, Әсия Юсупова, әнші-сазгер Базарбай Жүсіпов, автоклуб меңгерушісі болып жаңадан қызметке тұрған жас жырау  Алмас Алматов т.б.  өнерпаздар бар. Сұлтекең сол кезде Алмас­ты  Қызылдың қиясындағы  «Жаңақала» кеңшарынан арнайы осы қызметке шақыртып алды.
Алмас Алматов жұмысқа қабылданған бойдаҚарақұмдағы шопандар тойына баратынарнайы бригаданың құрамына жыр, терме айтып, бағын сынау үшін енген. Бұл да Сұлтекеңнің болашағы бар жас жырауға жасаған ағалық қамқорлығы. Сұлтекең әр нәрсені тереңнен ойлайтын сұңғыланыңөзі  ғой. Қарақұмдағы концерт  үстінде қалың жұрттың назары жас жыраудың дауысына  ауады. Жас өрен  Тұрмағамбет, Кете Жүсіптің өсиет термесін,  Бала жырау Тұрымбеттің «Күмісай» әнін т.б. терме сазын нақышына келтіре орындап, көрермен халықтың  делебесін мүлдем қоздырып жібереді. Мазмұнды да мәнді концерттен кейінСұлтекең Алмас інісін  арнайы  алыстан келген құрметті меймандар мен аудан басшылары  түскен  сегіз қанатты ақбоз үйге  ертіп барады. Тапсырма солай болған. Алқалы топқа осылайша ағасының  көмегімен түскен  Алмас  солақбоз үйде  өнерін одан әрі жалғастырады.  «Әр нәрсеге бірдеңе себепші болады» дегендей, жас жыраудың болашағынан  үлкен үміт күткен  аудандық аупарткомның бірінші хатшысы Елеу Көшербаев пен белгілі фольклортанушы-ғалымМардан Байділдаев Алмасқа сонда жоғары оқу орнына түсіп, оқуға кеңесін беріп, өздерінің  тарапынан да  тиістікөмек беруге даяр екенін білдіреді. Осылайша Алмас Алматов көп  ұзамай-ақ жыраулық  өнерін одан әрі ұштау үшін  жоғары оқу орнының студенті  атанады. Бүгінде оның атақты  жырау әрі ұстаз-профессорға  айналып, өзінің де ізбасарын  тәрбиелеп жүрген  Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері атанғаны белгілі.     Расында да, Сұлтан Сармолдиннің өнер десе ішкен асын жерге қоятын  және де нағыз топ жаратын  өнерпазды бағалап, оны желеп, жебеп жүретін қасиетке ие сұңғыла  адам болғаны еріксіз еске түседі. Ол – халқымыздың ға­сырлар бойы келе жатқан  жыраулық, жыршылық дәстүрін  жаңғырту, оны одан әрі дамыту мақсатыңда   көп еңбек сіңірген тұлғаның бірі. Сондай-ақ, ол кісінің тұсында  аудан көркемөнерпаздарының тұрақты ұжымы, халық аспаптар  оркестрі дүниеге келген  еді. Жырау, жыршылармен жұмыс жасау ісі жандана түседі. Сыр сүлейлерінің тұрақтымектебі қалыптасты.
Неге екенін қайдам, Сұлтекеңді көзі тірісінде бірге жүрген, бірге дәм­дес болған  жора-жолдастары әзілдегені әрі ер­келет­кені болар «Ақ патша» деп атайтын еді. Әдетте үлкен әжелер сүйікті немерелерін жақсы көргендіктен: «Ақ патшам, менің ақ патшам!», – деп  айналып-толғанып отырушы еді ғой. Сұлтекең де халықтың сондай  сүйіктісі болды-ау деп топшылаймын. Әйтпесе, мұндай лебіз әркімге айтыла бермесе керек. Өзім байқағанымдай, марқұм Сұлтекең ағамыз  айтатын сөзін нық әрі  наркескендей тіліп тік айтатын, әдайым шындықты жақтайтынхалықшыл адам болатын. Ел арасындашешуі қиын бір мәселе бола қалса, сол ортада «Сұлтекең біледі» деген сөздің қалыптасқаны да  бар. Бір ғана Қармақшы ауданының мәдениетсаласында  жарты ғасырдан астам  уақыт басшылық қызмет  жасаған өнер жанашыры, мәдениет қайраткері Сұлтан Сармолдиннің  сара да дара жолы жайлы әлі де көп айтуға болады. Оларың бәріәлі уақыттың еншісіндегі шаруа ғой. Сөз соңында Сұлтекеңнің қысқаша өмірдерегіне, жетістігіне де тоқталғым келеді.
Сұлтан Сармолдин өзінің еңбек жолын 1956 жылы Қармақшы аудандық мәдениет бөлімінде  0,5  бірлікпен моторшы болудан бастап, кейін Мәдениет үйінің директоры, аудандық мәдениет бөлімінің инспекторы, кино жүйесінің директоры, аудандық  мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметін абыроймен атқарды. 1996 жылы зейнет демалысына шықты. Бірнеше үкімет  марапаттарының иегері. 1970 жылы КСРО мәдениет қызметкерлерінің  съезіне қатыс­қан. 1973 жылы өзі ұйымдастырған драма үйірмесімен республикалық фес­ти­вальға қатысып, «Халық театры» атағын жеңіп алған. «Сыр ұшқыны» ән-би ансамблінің жетекшісі болған. 1979 жылы Ульяновск қаласында өткен халық университеттерінің Бүкілодақтық байқауының жеңімпазы атанған. Бірнеше рет облыстық, респу­бликалық байқаудың жеңімпазы.
1980 жылдан аудандық киноландыру жүйесінің директоры болып қызмет атқарған кезінде яғни, 1985 жылы киноландыру жүйесі бойыншаұжым респу­бликалық жарыстың ауыспалы «Қызыл Туына» ие болды. 1990 жылы КСРО-да ұйымдастырылған «Аскин» киногерлер ассосациясының бірінші құрылтай съезіне делегат болып қатысты. 1991 жылы Сочи қаласында өткен әлемдік кино саудасына Қазақстанның атынан қатысты.
Сұлтекең жары Күміс екеуі Алмас, Алмагүл, Айдос, Жандос,Ердос атты төрт ұл мен бір қыздытәрбиелеп өсірді. Оның бәрі белгілі мамандық  иелері. Сұлтекең немерелерінің алдын сүйіп, оларға аталық  мейір-махаббатын төгіп кетті. Қазір немеренің саны  12-ге жетті.      Ұрпақ жалғастығы дегеніміз міне, осы. Ұлт өнерінің жанашыры, кезінде Сырдың сырбаз ұлы атанған біртуар тұлға Сұлтан Сармолдинның  сара жолын енді өскелең ұрпағы жалғастыратын болады. «Өмір-өзен» деген осы ғой...  
Ибрагим БЕКМАХАНҰЛЫ
10 шілде 2019 ж. 1 868 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 032

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031