» » » ӨРІСІ КЕҢ ӨНЕРЛІ ОТБАСЫ

ӨРІСІ КЕҢ ӨНЕРЛІ ОТБАСЫ


Айтыста жүрген ауылдың қарадомала­ғы бар. Қара дегеніміз­бен дара бала. Сөз саптауы мен мақамынан қазақылықтың, сыр мен жырдың  исі аңқып тұрады. Республикалық додаларда деле­бемізді қоздырып, құндылығымызды дәріптейтін қар­мақшылық жастан жалғыз сол. Аламанға шыққан сайын тақым қысып, тосылмаса деп тілеп отырамыз.   Жүрсіннің жанында жүріп, Алмас Алматовтың тәлімін алған, Серік Ідірісовтың ізбасары атанған Сырым Әділбеков 23 жаста болса да жігіт ағасындай. Бәлки, бұл  қоғамдық ортаға ерте бейімделіп, сахна мәдениетін терең меңгеріп, жақсылар жанында жиі жүргенінен болар. Ол – жыр демекші, жүз жыраудың Отаны Тұрмағамбеттің тумасы.
Сөзге шешен, ойға жүйрік ұл қандай отбасынан шыққаны кімге де болсын қызық. Тұрмағамбет ауы­­лындағы шаруашылықта озат ме­ханизаторлық еңбек еткен Әділбек аға мен 9 бала дүниеге әкелген батыр ана, аспазшы болып зейнетке шыққан Райхан апа балаларының  дені мұғалімдік мамандықты таң­дап­ты. Смағұл – спорт саласында еңбек етсе, Нәбира – медбике. Жазира мен Қалима білікті ұстаздар. Әділбек күрішші. Сырымның әкесі Смайыл Қисықов пен анасы Гүлжан Байғараева да №29 орта мектептің ұстаздары. Қызылордадағы мемле­кет­тік институтта білім алып жүрген екі жас оқу бітіре сала, отбасын құр­ған.
Тұңғыш немере ата-әженің бауырында өседі. Смайыл мен Гүлжанның тұңғышы Нұрила әжесінің баласы. Бұл отбасындағы 4 бала да өнерден алыс емес.  Қазақылыққа бай болу­ы­ның да түп төркінінде қария қа­зынасы, әже ақылы жатыр. Нұрила – дизайнерлік мамандық алған. Кішкентайынан қолөнермен айналысады. Қазір анасы Гүлжан екеуі құрақ көрпе тігеді. Ауыл тұрғындарынан жиі тапсырыс алады. Бір әулеттің жас келіні, 2 балапанның анасы. Сырым – Астанадағы Өнер акамедиясының түлегі. 6-сыныбынан айтысқа қатыс­ты.  Айтыстағы алғашқы тұсауын кескен де Қармақшының киелі сахнасы, өнердегі жанашыр аға-әпкелері. №250 мектеп-лицейде қазақ тілі мен әдебиетінен дәріс берген Райкүл Қаратаеваның да еңбегі зор. Түрлі топты көріп, суырып салма ақындармен иық тірестіріп жүргенімен, алғашқы баспалдағын ұмытпайды. Сол сабақты ізді жалғап келеді. Нұрпатшайым – «Тасберген жырау» мектебінің түлегі. Жырау Зәуре Кәрібаева жетектеп жүретін.  Қанша байқауға қатысқанына куәміз. Республикалық сайыстарға сан мәрте қатысып, жеңіспен оралғанын газет арқылы сүйіншіледік. Ерекше талантты қыз. Домбыра шерткенде  бәрін аузына қаратады. Қазақтың қасиетті аспабын шебер тартуымен жастарға үлгі. Қазір Петропавл қаласында қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша грант арқылы білім алуда. Небәрі 7-сыныпта оқитын Бекқанаттың болашағынан күтер үміт тіпті көп. Неге десеңіз алдындағы аға-әпкелері қатыспаған сайыс, бармаған байқау жоқ. Жеңіспен оралып, отбасын қуанышқа бөлегенді көріп өскен кенже ұл қалай ұқсап бақпасқа. Өлең жазатыны бар. Мүшәйраларға қатысып жүр. Өткенде облыстық «Рухани жаңғыру» орталығы ұйымдастырған отбасы құндылықтары ұлықталған шарада бас жүлде иеленді. Өзі секілді аудандар мен қаладан қатысқан 30 талантты оқушыдан оза шабуы отбасы жайлы жазған эссесі мен өлеңінің тереңдігінде. Өзін Тұрмағамбеттің ұрпағы, сүлейлердің сарқытымын деп таныстырған жас өнерпазға сүйсіне қарағандар көп. «Жігіттің жақсы болуы – нағашыдан» дейміз. Әділбек атаның немерелеріне өнер нағашыдан дарығандай. Ауданға белгілі, ансамбль құрып, қалықтата ән айтқан Байғараевтар осы өнерлі ұл-қыздың туған нағашылары. «Дом­­быраны қастерлей білмеген қазақтың баласы туған халқының жанын білмейді, ал халықтың жанын түсінбеу деген тамыры шабылған ағашпен тең. Ондай ағаш жапырақ жайып сая да бола алмайды, жеміс те бермейді» – деп Ба­уыржан Момыш­ұлы қазақтың ән, музыка өнерін, олардың адам өмірінен алатын орнын керемет суреттеп берген еді.
Отбасының тірегі Смайыл тарих пәнінен дәріс бергендіктен, балаларына бірінші осы пәнді толық меңгеруді меңзейді. Себебі тарихын, дінін, ділін, дәстүрін білмеген ұрпақ ұлтжанды болмайды. Бала кезінен техника тілін жетік білетін ол көлік жөндейді. Жаз бойы еңбек демалысында туған-туыс пен жора-жолдастың істен шыққан көлігін қайта қалпына келтіріп, мотоциклдерді шашып, жинап бе­ретін көрінеді. Әке көрген оқ жонады. Бұл өз әкесі Әділбектен үйренгені. Ұлдары Сырым мен Бекқанат тек өнер жолына емес, ер азаматтар істер тірлікке бейімделіп келеді. Гүлжан қолы қалт етсе қыздарына іс тігуді үйретеді.Төрт-түлік ұстайды, бау-бақша егеді. Өздері де, баланы да бос отырмауға бағыттайды. Бала бейімін ерте аңғарып, түрлі үйірмеге баулытып, сабағын қатаң қадағалап, жарысқа қатысса жалау боп жандарында жүреді.  Әкелік, аналық сенім мен мейірімді сезінген бала сол сенім үдесінен шығуға үміттенеді. Еңбегін еш кетірмеуге, тәрбиесін жоққа шығармауға тырысады. Бұл шаңырақта нағыз қазақ отбасындағы құндылық, ене мен келін сыйластығы, әкенің қатал ұстанымы жарасым тауып, біріне-бірі үйлесіп, сырт көз сүйсінетіндей дәрежеде.
–  «Тәрбие – тал бесіктен басталады» деген халық даналығына сүйенсек, әке мен ананың берген тәрбиесін ешбір университет бере алмайды. Ата-анам ұстаз болған соң, оларға бір жағынан бала, екінші жағынан шәкірт болдым. Ыстық  ұя­дан түлеп ұшқанша, қанатымды қатайтып, өмірдің мәнін түсіндіріп, адам болып кеткенше бар көмегін аямаған әке-шешеме өмір бойы қарыздармын. Осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерім мен бағындырған белестерім сол кісілердің тәлімді тәрбиесінің арқасы. Ал енді өнер жолына ойламаған жерден топ ете қалдым. Жалпы өлең шығаратынымды өзімнен басқа ешкім білмейтін еді. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде, айтыс, мүшәйраларға қатысу арқылы бойдағы дарын жетіле түсті. Қазіргі таңда Астана қаласына қарасты Ақмола ауданында орналасқан мә­дениет үйінің қызметкерімін. Туған жерге ту тігуге болады, әрине. Бірақ сыртта жүріп шыныққым келеді. Оның үстіне қазір Нұр-Сұлтан қаласы өнердің ошағына айналып жатыр. Үлкен қалада үлкен мақсаттарға қол жеткізсем деген жоспар бар, – дейді Сырым бізбен тілдескенде.
Отбасы тәрбиесіндегі өзіне тән жарасымдылықтың бір ұшы олардың жасы кішісінің үлкеніне «сен» деп сөйлемеуі, алдын кесіп өтпеуі, үлкен тұрып кішінің, әке тұрып ұлдың, шеше тұрып қыздың орынсыз сөйлемеуінде деп есептейді.
– Отбасы болған соң әр түрлі жағдайлар болады, әрине. Өмірде бәрі тамаша емес қой. Туындаған мәселені сабырмен шешуге тырысамыз.  Мұңымыз да, сырымыз да бір болып, осылай тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Балаларыма жақсы тәрбие беріп, аяғынан тұрғызып, ұядан ұшырып, қияға қондыру – әкелік міндетім. Ата-әжелеп мойнымызға асылар 2 немереміз бар. Балаларымыз ел алдында жүр. Ата-ананың бақыты – балаларының амандығы. Соларға демеу болып, бірге жүрсек арман не? Осы күнге дейін «балалардың алдында әлсіз болып кетпеуіміз керек» деген қағидамен өмір сүріп келе жатырмыз, – дейді  білім мен өнерді қос тұлпардың тізгініндей қатар ұстап жүрген ұл мен қыздың әкесі Смайыл.
Жарастық орнаған орта, кіш­кентай Отан. Отбасынан басталған сол Отанның жемісі, болашағы – осындай  саналы ұл мен қыз. Керегеміз кең, шаңырағымыз биік, ұлымыз ұлықты, қызымыз қылықты болып, әр отбасын нұрға бөлей бергей.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА,
«Қармақшы таңы».   
21 мамыр 2019 ж. 2 417 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 085

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031