» » » КӘСІПТІҢ КӨЗІН ТАПҚАН ОЗАДЫ

КӘСІПТІҢ КӨЗІН ТАПҚАН ОЗАДЫ

Білетінім болмаса бетпе-бет жүздесіп көрмеппін. Сырттай таланты мен талабына рас, сүйсінем. Тыңдарманды тамсанта отырып өзіне тартар қабілеті қарамасыңа қоймайды.  Көп алдына шығып тосылмай сөйлеу – дайындық пен дарындықты қажет етсе, онда екеуі де бар. Шығармашылық адамын көріп, аз-кем әңгімелессем арқаланып кетемін. Көптен ойда болғанмен кездесудің сәті түспеді. Кеше жүзі жадырап кабинетіме кіріп келгенде қуанғаннан құшақтап алыппын. Жатырқап, жатсынуды білмейтін арумен қатар құрбыдай әңгімеміз жарасып-ақ кетті. Аузынан шыққан екі сөздің бірі адамға ынта мен жігер сыйлайды. Бұл – «Гүлмарал» той ұйымдастыру орталығының жетекшісі Ақмарал Болатбекқызы Өксікбаева еді. 
Той десе барымызды шашатын, ән-жырмен шымылдықты ашатын біз – көптен күткен қуанышты өзгеден ерек етіп өткізгіміз келеді. Ондайда кімнің көмегіне жүгініп, қызметін пайланамын деп әуре сарсаңға түспесеңіз болады. Себебі ауданымыздың өзінде бір емес, бірнеше той ұйымдастыру орталығы бар. Бірі әнмен әуелеп, бимен жадыратса, бірі мазмұнды қойылымдарымен қуанышты әрлей түседі.
Қазір талғамы биік той иелерінің сұранасы «Гүлмаралға» көбірек түсетін тәрізді. Оған қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ақмарал Болатбекқызының сөз саптауы мен салт-дәстүрді жақсы білуі себеп. Мұндай өнер орталығын ашуды жезтаңдай жеңгесі Гүлжан Шайхысламқызы жоспарлаған. Бала кезінен «Әнші балапан», «Айгөлек» байқауына қатысып, бағы жанып жүретін ерке сіңлісін өнерге баулыған да сол.
2015 жылы жеңге мен қайынсіңілі «Арсен» той орталығын ашып, жұмысты бастап кеткен. Алғашқыда жалға киім алып, тойға шығады. Ортаға бейімделіп, біраз жаттығып қалған тұста Гүлжан қызмет бабымен қалаға ауысқан. Үлкен ізденіс, дайындықпен ашылған орталықтың жұмысын аяқсыз қалдырмай Ақмарал өзі жалғастыруға жұмыс істейді. Жанына биші қыздар алып, оларға гүл деген теңеу берген. Өзінің маралын қосып топтың атын «Гүлмарал» деп атайды.

Міне сол күннен бері «Гүлмарал» ел аузында. Қанша қыз ұзатып, келін түсірмеді дейсіз. Ырымшыл халықпыз ғой. Қыз баланы күйеуге шығып, бала сүйген, бақытты отбасынан шыққан адамның ұзатқанын  қалаймыз. Ақмарал – иманды қыз, ибалы келін. Ата-енесі мен жолдасы Қайраттың разылығын алу басты ұстанымы. Үш балапаны Мансұр, Аян, Расулдың анасы. №250 мектеп-лицейдің технолог маманы Болатбек Өксікбаевтың  6 баласының ортаншысы. Әкеге тартып өскен қыз. Анасы Күлпан аспазшы болғандықтан қыздарын ас үйге ерте баулыған. Үй шаруасы мен тағам жасауда ана атына кір келтірмейді. Үлгі тұтары, сырын бөлесетін психологы әкесі. Өлең жазатыны бар. Мектеп қабырғасында жүргенде өлең-мақалалары біздің газетімізде сан мәрте жарық көрген. Жақында ұйымдастырушылық қабілеті бар жасты «Іскер әйелдер» қауымдастығының «Жастар қанаты» төрайымы етіп сайлапты. Бұл қауымдастық көпбалалы, жұмыссыз аналарды қолдау мақсатында құрылған. Бәріне уақыт табатын белсенді жанның қоғамдық жұмысты да жүйелі жүргізетініне сенім артылғаны сөзсіз. Сценарий жазғанда енесі Ғалиямен көбірек ақылдасады. Келіні қайынененің топырағынан жаралған деп дөп басып айтуға негіз бар. Екеуі де позитив. «Болмайды», «мүмкін емес» деген ұғым жоқ оларда. Тек алға ұмтылады.
– Топта тұрақты 4 қызым бар. Той иесінің сұранысына қарай 6-8 қызбен де шығамыз кейде. Тізгін өзімде. Барлығы қазақы салт-дәстүрмен орындалады. Зейнеп Ахметованы көп оқимын. Дәстүр жайлы мағлұматты сол кісіден аламын. Қыздар бірнеше ұлттың биін билейді. Костьюмдерді Шымкент, Қызылорда қаласынан өз қаражатыма тіктіремін. Ешқандай несие алған жоқпын. Жалғыз адамнан көп болып еткен еңбек қайырымды болады. Аймереке, Гауһар, Фариза, Құндыз, Гүлнұр, Гауһар есімді сұлу қыздарымды мақтан етемін. Жастар прогресс қой. Солардың пікірлері мен ойларына сүйенемін. Ұсыныстарын жүзеге асыруға тырысып бағам. Ұзатылар қызбен алдын ала кездесіп, тойында қандай ерекшелік қалайтынын сұраймын. Келісіп пішкен тон келте болмайды. Сонда ол бағдарлама өзімнің де, той иесінің де көңілінен шығады.  Той иесі «қызым саған ұқсасын»  деп сенім артқанда жүрегім езіліп кете жаздайды. Шын жүрегіммен бақытты болса екен, тезірек сәби сүйсін деп Алладан тілеп тұрамын, – дейді ол.
– Осы топқа келгелі көп өзгердім. Ақмарал Болатқызы өте мейірімді, қамқор жан. Ата-анам осы кісінің қанатының астында жүргеніме қуанбаса, ренжімейді. Тек аудан көлемінде де емес басқа аймаққа да шығып жүрміз. Сонда қарнымыздың ашпауын, тоңып қалмауымызды қадағалап, қамқор болады. Еңбегімізге қарай нәпақамызды да ренжітпей береді. Біздің қатарымызға қосылғысы келетін өнерпаздар көп, – дейді 4 жыл бойы бірге қызмет етіп келе жатқан музыкант Гауһар Төле­баева.
Қазақта ең бір кәделі тойлардың бірі – қыз ұзату. Бүгінгі тірлікте сырттан енген кейбір құндылықтарға жатсынбай қарайтын болдық. Еліктейтініміз соншалық кейбір оғаш көрінетін жайттарды ата-баба салтындай қабылдаймыз. Жақында қыз ұзату тойына бардық. Ата-анасына сөз бергеннен кейін күйеуге қол ұстату шарасы қыздың әкесіне тапсырылғанын көрдік. Мұндайда ырым бар ма деп ойланып қалдым. Содан соң әдемі қыздар уыс-уыс тірі гүл шашты. Бұл Батыстың сериалдарын көріп өскен жастар үшін дұрыс салт болып көрінері анық. Қыз ұзатудың дәстүрінде әкесі кетіп бара жатқан қызды өз қолымен алып барып күйеуге ұстатпақ түгілі, еркелеп өскен қызы қияға кетіп бара жатқанда жұрт көзінше егілуден ұялып, атқа мініп, ауылдан аулаққа кеткен. Гүл жайында кезінде этнограф, зерттеуші ғалым Жағда Бабалықұлы: «...Қазақтың әрі-бері тарихында көкті жұлғанды кім көрді? Және сол жұлып-жұлмаланған «тірі организмді» ұзатылып бара жатқан қыздың аяғының астына төсеу деген не сұмдық?... Гүлді шашқанды қою керек. Қазақта «көктей солған» деген сөз тіркесі бар. Ырым жаман ғой», – деген еді. Алайда, бұл үрдіс әлі күнге дейін жалғасуда. Ақмарал осындай "жаңашылдықты" жасаймын деп ұлтымыздың ұлылығынан айырылып қалмауға тырысады.
Үкілі сәукелесі, етек-жеңі бүрмеленіп, кеңінен пішілген көйлегі, белін қынай буынған қызыл түсті камзолы ажарын аша түсетін Марал қыздың мақсаты көп.  Үлкен той орталығын ашсам деген ойы бар. Қашан дакүліп жүретін жүзіне мұң түспей, сол арманына тезірек жетсе екен. Қазақ қызы деген ғажап атқа лайық осындай бұрымды сұлуларымыз көп болғай.
Гүлжанат ДҮЗЕНОВА,
«Қармақшы таңы».
06 мамыр 2019 ж. 2 536 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№101 (10366)

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

Хабарландыру

Байқау

Байқау

24 желтоқсан 2024 ж.
Хабарландыру

Хабарландыру

18 қараша 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 085

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031