» » » СҮЛЕЙЛЕРДІҢ ЖАЛҒАСЫ ЕДІ

СҮЛЕЙЛЕРДІҢ ЖАЛҒАСЫ ЕДІ

Өлең-жырдың ордасы атанған Қармақшы ауданында туып-өскен Запа Дәулетбаевтың өмірден өткеніне біраз жыл болды. Жылдың төрт мезгілі ретімен келіп, кетіп жатады. Өмірден жай адам өтсе оның есімі ұзақ сақталмауы да мүмкін. Ал, ақын өмірде жоқ болса да оның өлең-жырлары жұртшылық жадында қалып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасары хақ.
ХІХ ғасырда Сыр сүлейлерінің даңқы бүкіл қазақ даласына жетіп, «Сырдың ақын-жырау­ларын айтсаңызшы» дейтін жылы сөзге ие болды. Сыр сүлейлерінің басында Балқы Базар, Дүр Оңғар, тағы басқа бір-бірімен үзеңгі қағысып өскен дүрлер шоғыры өте көп болған. Сол бір сүлейлердің ІІ тобы Тұрымбет, Рүстембек, Мұзарап, Наурызбай, Молдахмет, Үбісұлтан Аяпов, Шаймерден Шегебаевтардың сарқытын ішіп, соңына еріп жыр тыңдаған талапты жастардың бірі-Запа Дәулетбаев болды.
З.Дәулетбаев – 1929 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданындағы бұрынғы №10 ауыл, «Қалыңбас» колхозындағы Ақтайлақ деген мекенде қазіргі Тұрмағамбет ақын ауылында Дәулетбай Қауыновтың (1896-1977 ж.) отбасында туып, осындағы орта мектепті бітірген. Ең алдымен туған ауылында колхозшы, 1952-1957 жылдар аралығында «Ақжар» МТС-те тракторшы, кейіннен «Ленин» атындағы совхозда жұмысшы болады. Жасынан-ақ ауыз әдебиетін құмарта тыңдайтын Закеңді ауылдағы мәдениет саласы тартып тұратын. Ауыл басшыларының ұсынысымен төрт колхоздан біріккен «Ленин» атындағы совхоздың клуб меңгерушісі, кадр бөлімінің басқарушысы болып жарты ғасырға жуық туған жерде туын тігіп, ауыл мәдениетін көтеруде, кадрларды тәрбиелеуде ынта-жігерін арнады. Содан да болар Тұрмағамбет ауылының біраз жастары «біздер Запа ағайдың алдынан шықтық қой» деп отырады.
Закең кезінде асқан жыраулықпен танылған Көшеней Рүстембекұлының жыраулық өнерге алғаш қадам басқанына тілек айтқан ағаларының бірі болды. ХХ ғасырдың 50-60 жылдарында басталған жазуға, бал дәурен балалық шақтағы өнерге құмарлығы жанына маза берген емес. Ауылындағы белгілі ақын-жыраулардан үйрене жүріп, өзі де шағын мақалалар мен шумақтар жазған-ды. Келе-келе қаламы қарыштап, кө­лемді мақалалары мен өлеңдері облыстық, респуб­ликалық басылымдарда жарияланып тұр­ды. Сондай-ақ, З.Дәулетбаев тарихи жырларға ден қойып, Қармақшы, Қорқыт өңірлеріндегі билер мен батырлар жайлы толғау, дастандармен қатар Тұрмағамбет Ізтілеуовке, Сүлеймен Есқараевқа, Роза Бағлановаға, Көшеней Рүстембекұлына ар­наған арнаулары, аңыз ізімен жазылған «Жеті асар», Сыр сүлейлері туралы толғаулары ерекше оқылады. Оның кейбір толғауларын жыраулар айтып жүр.
Елді отырықшылдыққа бастаған Қара Кете Есетбай би, елін жаудан қорғап өткен Қара Қисық батырлардың өмір жолдарын оқырмандар З.Дәулетбаев жазбаларынан оқи алады.
Запа Дәулетбаев елдің бірлігін сақтауда, ағайын арасындағы реніш, өкпе-назды шешуге араласты. Тәуелсіздіктен қуат алған ақын, шежіреші, құймақұлақ қария З.Дәулетбаев өлке тарихын зерделеушілердің бірі болған-ды.
Ол бірнеше рет ауылдық кеңестерге депутат болып сайланған. 1970 жылы мерекелік медалімен, Қызылорда облыстық кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды және 1987 жылы «Еңбек ардагері» медалінің иегері атанды. Сондай-ақ, Сыр елінің бас газеті «Сыр бойы» (бұрынғы «Ленин жолы») газетінің тұрақты авторы еді.
Бірде Закең науқастанып Алматыда ауруханада түскенде туған інісі Көшербаймен бірге көңілін сұрап барғанымызда, қуана отырып жастықтың астынан дәптерін інісіне ұсынып жатты. Ауырып жатса да өлең деген қымбат баласын аманаттап Көшерге ұсынған-ды. Ол да іле-шала Закең өлеңінің кітапша болып шығуына көмектесуімді сұрады. Сол жылы «Жеті асар жырлары» атты жинағын шығардық. Кейін бір кездескенімде: Тағы да жинап жүрген өлеңдерім бар, – деген-ді. Оны көп ұзатпай (2000 ж.) «Жағасы – жыр, сұлу Сыр» атты жинағы шыққанда тағы бір қуанышына ортақтасқан едім.
Запа Дәулетбаевқа бір досы былайша өлең арнаған:
...Өмірді өнер тұтып, өлеңдеткен,
Құлағын өнерінің елеңдеткен.
Осындай ортамызда бір адам бар,
Жалауын отты жырдың желеңдеткен.
Зәкең осы бір өнер Сыр сүлейлерінің ұстазы Ешнияз сал мен нағашысы Наурызбай ақыннан қонған деп отыратын. Адамдарға баға бергенде қызметіне қарап емес, халқына жасаған ісіне қарап баға берілуі керек десек, Запаң бұл тұрғыда жұртшылықтың құрметіне бөленген жандардың бірі болды.
«Жыр жұлдыз» атты өлеңін Көшеней Рүстембек­ұлына арнаған өлеңінде:
...Ағып түсті жыр жұлдызы зу етіп,
Қазақ жырын көтерген жан ту етіп.
Амал нешік, тағдыр жазса дәп солай,
Көкке ұшырды жыр астауын бу етіп, – деп жырлаған-ды.
Жалпы Запа ағамен 1991 жылы Тұрмағамбет ауылындағы туған жиенім Әбен Тоғызбаевтың үйінде танысқан едім. Осы күні ата-тек шежіре, ақын-жыраулар жайлы біраз пікір алыстым. Міне, содан бастап ол кісімен өмірден өткенше араласып тұрдық.
Таланттар мен талай тарландар өскен, әулие-әмбиелердің ошағы – Қармақшы топырағының зерделі де зиялы азаматы З.Дәулетбаевтың әде­биет пен өнерге, мәдениетке қосқан үлесі мол болды. Асылдардың көзін көрген, ізіне ерген, алтын­ның сынығындай ағамыздың жарқын бейнесі, артында қалған шығармалары әсте ұмытылмақ емес. Запекең Сыр бойында туып-өсіп, жамбасы Алматыдағы «Кеңсайдағы» қорымға тиді.
Запекең бұл күнде тірі болса – 90 жылдығына орай толымды шығармасын кітап етіп шығарып, мерейлі мерекесінің ортасында болар еді. Дегенмен, артындағы елі, оның еңбегін бағалап, түрлі шараларды ұйымдастыруды жоспарлапты. Бұл да ақынға деген құрмет болмақ.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ.
04 наурыз 2019 ж. 1 553 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 009

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031