Атсейіс

Бала жасымнан атқа шауып, ат қосып, елге мәлім атсейіс­термен көп сапарлас болдым. Біздің елдің халыққа мәлім, көзім көрген атсейістері: Қартаңбай, Сәт, Мырқы, Әйтпенбет, Қожаберген, Әли, Әбдіқадір, Балшын, Шерғазы, Бөршек, Әділ­бек деген кісілер, аламаннан ат оздырған, ізіне еріп тәлім-тәрбиесін алған ұстаздарымыз болды. Әр бірінің, ат жаратуы әр түрлі. Мінездері тіптен қызық. «Бұл кісілер туралы жазу керек еді», - деп, ұзақ уақыт ойымда жүретін. Сәті енді түскен се­­кілді. Күні бүгінге дейін қолымыздан жүйрік аттың шылбырын үзбей, жетектеп жүргеніміз де сол шалдардан көрген із, ба­ла­лықтан қалған әуестік.
Бала кезім. Жаздың айы, 6 класта оқимын. Мектептен үйге келгенім сол еді, ізімше есік алдынан аттың дүбірі мен бірге: «Осы үйде қожаның баласы бар ма? Шықсын!», - деген қатқыл үн шықты. Бірден таныдым. Қартаңбай сейістің дауысы. Атақты «Кертөбел» аттың егесі. Қолымдағы сөмкемді қоя сала сыртқа атып шығып:
- Ассалаумағалейкум! - деп, сә­лем бердім. Айтқанымдай жүйрік «Кер­төбелмен» келіп тұр екен. Сәлем алу­дың орнына, мінер жақ үзеңгіден аяғын шығарып «Мін артыма!», - деп екі бүк­теген қамшысымен аттың сауырын нұсқады. Аяғындағы былғары етіктің қонышынан тартып үзеңгіге аяғымды ілдіргенім сол еді, еңкейіп білегімнен ұстап атып жібергенде артына қарғып міндім. «Жануар, «Кертөбелге» де, тақымым тиді-ау!», - деп қуанып кеттім. Апам далаға шыға түсе, дәлізде кідіріп қалды.
Себебі, Қартекең ат жаратса ауыл-үйдің әйелдерінің көзіне түскендері боқтық естіп, алдынан өткендерін қамшымен талай сабаған. Ат кездіріп келе жатқанда байқамай алдынан өтіп кеткен Іргекүл апамызды аттың омырауымен қағып, өріп салған. Бұл кісінің тыйым-тәртібі бойынша «Бәйге атының алдынан әйел өтсе, аттың бағы қайтады, жолы болмайды». Қартекеңнің атшабар баласы Әбентай (жиені) бұл кісінің басқа жерлердегі ат қоса барғандағы әңгімелерін айтқанда бәріміз қыран-топан күлетінбіз. Әйелдер жағы «Жынды шал», - деп сыртынан тілінің ұшымен ғана ат қойған. Ұзын бойлы, ат жақты, шүңгіл көз, қыр мұрынды, қарасұр өңді, сұйықтау сақал-мұртын ұзыншалап қой­ған, өз айтқаны болмаса көнбейтін тентек адам. Басындағы тақияның сырты­нан қара далбайының бауын желкесіне қайырып байлап, көнетоз қара шибарқыт шекпені мен ақ жейдесінің етегі «Кертөбел» аттың бөкен желіс жүрісінен желпілдеп, онсызда қосүрей шалдың қолтығына су бүркіп, дем беріп келе жатқандай жел кернеп, гу-гу етеді. Өзім болсам:
- Алдағы бәйгеге Кертөбелге шапсам! - деп қиялдап келемін. Ол кісі тынымсыз сөйлеп келе жатыр. Желге қарсы бірін естіп-бірін естімеймін. Қамшысын иығынан асырып тартып жібергенде жауырыныма сарт ете түсті. Шошып кеттім:
- Әй, қожа! Тыңдап келе жатсың ба? - деп дауысы саңқ ете қалды.
- Я-я! - деп, белінен ұстап жабыса түстім. Айтуы: «Әйтпенбеттің (күйеу баласы) кіші баласы (Әбентай) адам болмайды, - деп арасында боқтығы бар, балағаты бар сыпыртып келе жатыр: - айтқанын істемейді, атқа қарамайды, көмектеспейді, атқа шаппаймын деді.
- Енді сен шабасың!», - дегенде, бағанағы қамшы тиген түйткілден көңлімде ештеңе қалмай:
- Шабамын! - деп айқайлап жібердім. «Құдай берді!», - дедім ішімнен. Бұл маңайда одан озатын ат әзір аз. Дарияның жағасындағы үйіне жетіп, ат қораның алдынан түстік. Ақсақал аттан түсіп қада ағашқа байлап, қораға беттеді. Аттың суына тиетін мезгіл болды. Жабулап дайындайтын шығармыз деп:
- Әке, Кертөбелді ішке кіргізейін бе? - дегенім, сол еді:
- Ойбай, бері кел! - деген, айқайы шықты шалдың. Одан әрі:
- Әне, бұлар Кертөбел болмаса мінбейді, Басқа ат мінсеңдер к...е ши­қан шыға ма?! Өй, әкеңнің аузын - дер - деп, жалпылама жіберді. Қожа да, қара да, ат та, арба да кетті. Не жазып қ­ал­ғанымды білмей аң-таңмын. Жүгіріп қораға кірдім. Қораның ішінде жабулы, ашағына қаңтарылып бір ат тұр. Жал-құйрығы қобыраңқы қарасұрға тән мал екен. Қаңтаруын алып отқа қойып жатып:
- Міне, осы атқа шабасың! - деп нығарлады сейісім. Кеуілім су сепкендей басылды. Одан әрі:
- Аттың артынан жүрме! Кеше ғана үйірден ұсталды. Желігі басылмай тұрған мал. Жазым қылады. Қорықпа. Мал қорыққаныңды біліп тұрады. Әкеңнің аузын .... - дер! Екі айғырды бірдей бәйгеге қосып, он байталға мені салайын деп жүрген шығар осылар?! Қазір ол атты ана моланың ойындағы қорада қамаулы тұрған үйірге қосамын. Оған барып келем дегенше ана үйіп қойған боғын далаға шығарып, шөбін жеп болғасын анау дорбадағы жемін ілесің! Осында бол. Оқу дегенді қой! Олар тек ақша шашып, арақ ішуді үйреніп келеді. Алақандай ауыл, ұят жоқ, әжет жоқ!? Қай күні Алматыда оқыды деп жүрген пәленкестің баласы мас болып келе жатыр екен, атпенен тап бергенімде, бойы серең-серең етіп қорадан секіріп қашып қолыма түспей кетті, аттың баурына алып өрейін деп едім! - деп сөйлей жүріп кер аттың ер- тоқымын алып, беліне бір тоқымды тартып жетпістегі шал, балаша қарғып мініп кете барды.
- Ух! - деп дем алдым-ау.
- Қайдан ғана түстім бұл шалдың қолына? - деп, пұшайман болып жүрмін. Жедел аттың тезегін шығарып, қораны тазалап болып, ат әзір шөбін жеп болғанша, үйінің қасында көрші тұратын Әбентайға жүгіріп келдім. Ол өзімнен бір жасы үлкен, атқа шауып ысылған, Қар­текеңмен ат жаратып, әуселесін көрген, тәжірибесі мол шабандоз болатын.
Ол да мені көріп:
- Е-е, шалдың қолына сен түскен екенсің ғой!? - деп күліп жатыр.
- Әбентай мынау қандай ат? Сен неге шаппайсың? - деп сұрақты жаудыра жөнелдім.
- Ол ат, мал емес – бәле. Басы қатты. Ұрыншақ, шаппайтын ат. Қой десем, қоймайды мына шал. Мен бірден айттым:
- Кертөбел болмаса оған шаппаймын! - деп.
- Ал, сен – шап! Қартаңбай қаныңды ішеді, бала! Әлі талай боқтығын естисің. Егер бұл ат бәйгеден келмесе қамшы жейтінің анық!? - деп, ойынды-шынды ес­кертіп жатыр. Бәрі түсінікті болды. Қайтадан жүгіріп қораға келдім. Ат шөбін жеп болып аңырап тұр екен. Жем салған дорбаны алғанымда, оқыранып жер тарпып мазасы кетті. Дорбаны басына ілемін дегенше қағып жіберіп, бір қысым жібітілген арпа жерге төгілді. Қорен мал екен, жемді алдыңғы аяғымен тепкілеп, қағып жеп жатыр. Сол кезде қораның сыртынан шалдың да дауысы шықты:
- Әй қожа бала! Атқа жем ілдің бе? - деп саңқ ете қалды.
- Ілдім әке. Қораны тазалап қойдым...
Қораға кіріп тап-тұйнақтай жинап қойғанымды көріп:
- Онда, кәзір Мұқтар (жалғыз ұлы) машинасымен екі бау құрақ қамыс әкеледі, соны көлеңкеге жәйіп, дегдіт. Болмаса арасы қызып кетеді. Шаң-топырақ тиген жерлерін сумен шайып жуып жібер. Жылқы малы кірпияз болады. Шөптің арасы қызса жемей қалады. Мына сақтың үстіне көлеңкеге жай. Үстінен ит, мысық жүрмесін. Көрінсе ұрып өлтір, әкеңнің аузын дерді!... Мына Әйтпенбеттің тазылары кіреді. Ақырға, шөпке сиеді. Біздің екі ит өлері бар қораға кірмейді. Олар оқиғаны көрген... Қорадан кірген-шыққанда есікті жауып жүр. Ат қораның іші үйіңнен таза болсын. Түсіндің бе?! - деп, маған еңкейіп сұсты көзімен тесіле қарады. Мұндай адамды бірінші көруім. Жай айтса да күнде үйде орындайтын жұмысым. Көшенің арғы бетіндегі адамға айтқандай айқай-шу. Тәуекел шыдау керек. «Қожаның баласы уәдесіне тұрмай қашып кетті!» - десе, әкеміздің тергеуіне түсеміз. Бұл адам бірден әкемізге барып айтады. Әбентайдың айтқаны шынға айналатын түрі бар.
- Я, түсіндім, әке.
- Онда, аттың дорбасын ал! Жылдам аттың дорбасын алып, бағандағы шегеге ілемін дегенімде:
- Дорбаны бері әкел! - деп зірк ете қалды. Жылдам қолына бердім. Сары березенттен жиек салып тіккен, аттың қылынан жіңішкелеп ескен бауы бар дорбаны қолына ұстап, іші-сыртына алма-кезек қарап, қайтадан ішіне үңілді. Сосын ежірейіп маған қарады. «Бағанағы төгілген бір уыс арпаны біліп қалды-ау», - деп, шошып кеттім. Дорбаны бетіме тақап:
- Ішінде не бар? деп сұрады. Олай-бұлай қарап:
- Ештеңе көрінбейді, жемді толық жеген, - дедім. Сол-ақ екен, айқай қайта бас­талды:
- Әне, бұларға ештеңе көрінбейді. Бұлардан адам болып... Осылай атты қы­рады ғой бұлар... а..аа - деп, көзі аларып маған:
- Сал қолыңды дорбаға! - деп айқайлады. Жылдам қолымды салдым.
- Қолыма қоймалжың су аралас ығал тиді, басқа ештеңе көрмей тұрмын - дедім, сескеніп.
- Әне, сол құртады атты! Ат жем жегенде дорба құрғақ болуы керек. Таңдайында сүлік бар. Аттың сілекейі дорбаға ағып тұр... Талай малды қырды ғой. Міне, шауып, тұра шауып. Малдың кепиетіне ұшырағыр әкеңнің... «Өлсе мейлі байдікі, Тұрмайды менің қаяма» деп совхоздың малы. Әй-әй обал-ай! «Не нәрсені қор қылса, пенде соған зар болады». Кешегі ашаршылықта малдың құмалағына зар болып қалдық. Адам біткен құмырсқадай қырылды ғой... Оны қайдан білсін?! Өзінен-өзі сөйлеп жүр. Бұл адамға дүниенің бәрі теріс, тек өзінікі оң секілді:
- Неғып тұрсың? Үйде кемпірден қара тұз бен шелекке су құйып әкел! -деп бұйырды. Тұра шаптым. Жеделдетіп үйге кірсем жүзінен мейрімі төгілген аппақ, егде тартқан, еңкіштеу жұқалтаң, әйел кісі қарсы жолықты.
- Сәлем бердік, апа! - дегенім сол:
- Саламат бол, Алмасжан! - демесі бар ма. Дауысы да, ілтипаты да жаныма майдай жағып кетті. Қораның ішіндегі әңгімесі құрысын. Жүзінен мейірімі төгілген апайдың киім киісі де қалалық әйелдерге келеме қалай?!
- Айналайын, келгелі үйге кірген жоқсың. Мына сусынды ішіп ал, – деп сапар кесеге толтырып айран берді. Сонда білдім, өзімнің шөлдегенімді. Сусын балдай екен. Сіміріп салдым. Маңдайымнан тер бұрқ ете қалды. Сол кезде қорадан айқай шықты. Аузымды жеңіммен сүртіп, артымнан жау келгендей:
- Апа, тұз керек? - дедім аптығып.
- Әне, ас қазанда қауақта тұр,- деп жатыр ол кісіде жылдам. Қауаққа қосып, қасынан шелекті алып жүгіріп қораға жетемін дегенше «әкеңнің аузын ....» неше біреуі кетіп жатыр.
- Кешігіп қалдым-ау, осы жолы оңдырмайтын шығар - деп, ентелеп келсем, шал ортадағы бағанға атты байлап, басымен алысып жатыр. Соны боқтап жатыр екен.
- Әке, әкелдім,-дедім. Аттың тілін ортасынан байлап алып, сыртына шығарып жағына қайырып қойып тұрып:
- Шелектің түбіне төрт елі су қалдырып қалғанын төк. Тұздан екі уыс сал да, таза шүберек пен былғап араластыр.
Шалттатып бәрін істеп болдым.
- Енді шелекті маған әкел. Қасымда көтеріп тұр.
Айтқанын қалт жібермей жасап жатырмын. Басын байлап, аяғы шідерлеп тастаған аттың екі көзі аларып жағын қайзап тұр. Шелектегі шүберекті тұзға былғап аттың көмекейін сүрте бастады.
- Әй, қожа. Міне көрдің бе?
Сүлік деген мынау болады деп аттың тілінің қапталынан жұп-жуан, қара-қошқыл бөлек етті көрсетті.
- Көмекейінде біреуі тұр. Әкеңнің аузын қазір құртайын! Сол кездерде аттың тілін бойлап қап-қара қан саулап кетті. Онсыз да атты аяп тұрғанда, мынаны көргесін:
- Әке, қан саулап ағып жатыр. Тілін жіберіңіз! – деп дауыстап жібердім.
- Қағынбайды! Жаңағы сүлік қой тұзды суға құсып жатқан. Қанға тойып тұрғанда алынбайды. Сосын жұлып тастаймын – деп, жұмысын жалғастыра берді. Әлден соң қарысқа жақын, қап-қара екі сүлікті жұлып алып тастады.
- Әне, анау аттың не жанын қояды? Аттың парылдап, қырылдап шабатыны сол. Ол, кеңсірігіне де түседі. Көмекейіне тақалып тұрғаны тұншықтырып өлтіреді. Сүлік бұлақтың тұщы суында болады. Тұрып қалған көлдің суында болады,-деп сөйлеп жүріп атты босатып, орнына апарып ашағын ағытып, ерттей бастады. Ері, шағын атшабар қанбас ер екен. Аттың мойынсасын кигізіп, желдікшесінің сыртынан киізден басқан оюлы бастырық жабуын жауып далаға шықтық. Әрі қарай сейісім:
- Ал, қожа бала. Бүгін атты «қазан суыту» жасаймыз. Одан соң үш күн қатарынан «таң асырып» қайырамыз. Содан соң «суына тиеміз». Он-он бес күннен кейін «ащшы терін» аламыз. Апта салып «тұщшы терін» аламыз. Аттың бабына қарай бір «ықтырма терін» аламыз. Бұның бәріне бір ай уақыт керек... Мектептің деректіріңе айтамын. Садықбек пе? Ол өзімнің інім. Олардың тұқымын үкімет құртып жіберді ғой. Белгілі әулет еді.
- Қой, айналайын, - деп аттың әңгімесін қайта жалғады:
- Бұл мал үйірден ұсталған айғыр. Бұрын қосылмаған, тың ат. Бірақ мініске жуас, әбден аққаптал болған мал. «Қазан суытудың» мәнісі: атты аяң жүрісімен «Меңейге» дейін жүргізіп қайтасың. Шаппа, шоқытпа, табандатпа, желме, былаң құйрық жүріспен отыр. Тепсінбе, қамшылама, тізгінін қағып қана отыр. Бұл ат жүріске жеңіл, жеңгем сүйер тезап мал. Ұрындырма, жылқы көрсетпе, үркітпе. Тек жолмен барып, жолмен қайтасың. Мәшиненің шаңына қалма, жел бетті алып жүріп отыр. Мен де есекпен үлкен төбеге дейін еріп барамын. Сол жерде күтіп тұрамын. Мына қамшыны бүлдіргенін тарылтып, қолыңа киіп ал. Жолда түсіп қалмасын. Далаға шығып әбден дайындалып ал. Мен атты суара беремін. Қалғанын келгесін айтамын.
- Маңа нәлеттерге – осыларды үйреніп қалыңдар десем, біреуі мәшине айдаймын, біреуі матасекіл деп оттайды. Бір «болты» ұшып кетсе қатыны мен екеуі арқалай ма, оны?! Ой, әкеңнің аузын... ,-деп маған қарап мақұлдатып қояды.
- Ал, кәне қожа, «Алла, пешенелеріңді ашсын!» - деп батасын беріп, қолтығымнан демеп, атқа мінгізді. Таралғысын қысқартып, аяғымды шағындап әбден тексеріп болып:
- Ал енді жүре бер. Алдыңнан қатын-қалаш өткізбе! - деп өзі ешегіне қарай беттеді. Атқа «шу!» - деп тізгін қаққаным сол еді, қорада не бәлені көріп, желігіп тұрған ат тез қозғалып, басын сүзе тартып, желе жөнелді. Шалдың жан дауысы шықты:
- Ойбай тоқта! Тоқта! Тоқтат! - деп көк есегімен қапталдай шауып жаныма жетіп келді. Сол кезде зорға дегенде желіккен аттың басын игеріп тоқтаттым-ау. Басы қатты екен. Өзіне ерген екі иті де, ешектің алдына түспейді. Бәрі де Қартекеңнің ымына үйренген. Көнбей жатқан Қаракер ат екеуміз ғана.
- Артымнан жүр! – деп айқайлап, ешегімен алдыма түсті. Көсеміміз – көк ешек пен Қартекең. Қал­ға­нымыз ізіне ердікуаңның суына бөреннен сал­ған жіңішке көпірдің, шұрық-тесік саңы­лауынан ешегі қалт-құлт етіп жүрмей кібіртіктеп тұрғанда қасынан өте шықтым. Сейісім:
- Әй, қожа бала! Шаппа, желме – деп қала барды... Айдау жолға түскеннен соң Қаракер басын екшеп, бір шекелеп аяғын көсем басып, былаң құйрық жүрісіне түсті. Екі құлағын қайшылап, қабырғасын кере, қоңыраулата кісінегенде алыстағы үйірін шақырғандай, қайырымын келтіріп дыбысы да айбарлы шықты. Жүрісі же­ңіл, үсті жайлы, адамды соқпайды екен. Атқа кеулім толып, алдағы бәйгенің жайын ойлап қойдым. Аттың құлағының түбі жіпсіп, адымын кең тастап, сулығын қағып жүрісін жаздырып әсемдей бастады. Тізгінін сүйеп ұстап, еркіне салып келе жатырмын. Жануар құлағын қайшылап, үйірін іздеп елеңдеп келеді. Даланы күмбірлете тағы кісінеді...
Шалдың межелеп берген жері – «Меңейдің үйтамы». Шөмекей Торыбай аталығынан Меңей батырдың жерлен­ген жері. Қам кесектен күмбездеп соғылған үлкен кесене. Үйтам деп аталады. Қасын­дағы қазан шұңқыр ойда біздің бақшалық бар. Ауылдың Әйт­пенбет, Шәмшат, Мұстафа деген кісілері біздің әкеміз Нұрмақан қожаны ортасына алып қос болып, егін еккен жері. Бұл жолды бес саусағымдай білемін. Сейістің айтқан жеріне келіп, табан жердің алаңқай тұсынан атты қазулы жолдан шығарып, кең айналдырып шеңберлеп бұрдым. Басын қайтарғанда ат та аяғын топтап, елеңдеп шабысқа дайындалғандай ширығып кетті. Мінер жағына сулығын баса тартып, қайта шеңбер жасай айналдырып, желігін басып аяңдап қайта жолға түстім. Бұл жерден ауыл тоғыз шақырым. Бару-қайтуы сейістің айтымына келеді. Аттың омырау мен мойнынан шыққан тер мойынсаның сыртына шықты. Күннің ыстығы әлі қайта қоймаған. Бұл кезде күн төбеден ауып, екіндіге барып қалды. Қаракер ат пен салдыртып қайту жолға түстім. Атқа мінген адамның желі болады, алдымдағы қарсы қабақ, үлкен төбені көріп «ешкім көріп тұрған жоқ, аттың аяқ алысын көріп, төгілдіріп жіберіп алсам қайтеді» деген балаң ой келді. Саңқ етіп, Қартекеңнің дауысы құлағыма келгендей, ол ойымнан тез қайттым. «Жарайды, бұл кісіден ат жаратудың қыр-сырын үйреніп, өзім ат қосамын. Тәуекел неде болса шыдау керек. болды!», – деп өзіме уәде бердім. Табан жолдағы бос жердің топырағын тұяғымен кертіп турап, екшеп басып, еңсесін тіктеп Қаракер жолдың апшысын қуырып келе жатыр. Ат терінің иісі қолқаны қауып алдымнан соққан желмен жұпардай шашылып келеді. Ауылға жетер тұстағы үлкен төбеге шыға келгенімде алдағы биік төбенің басындағы Қартаңбай сейісті көрдім. Қолын маңдайына күнқағар қылып үңіле қарап тұр екен. Ешегі қасында жайылып жүр. Екі ит атқа қарай жүгіре түсіп, Қартекеңнің әмірлі дауысынан жалт беріп кейін қайтты. Ой, Алла-ай! Ит пен құстың барлығы айтқанын істейді. Тек біз Қаракер атпен екеуміз айтқанына түсінбей «асау соқыр» айқайдың астында жүрген. Жақындағанда атты жолдан шығарып, қамшылар жағына қарай сулыққа сүйеп жеңіл бұрдым. Жанына жақын келгенде:
- Тоқтата ғой - тоқтата ғой! - деп өбектей сөйлеп аттың алдынан шықты. Аттың шылауынан ұстап, омырауына қолын салып:
-Ойпырмай, ойпырмай - жақсы терлеген екен! Шаппай, желмей жақсы келіпсің айналайын! - деп киіз жабуын көтеріп аттың сауырына қолын тығып көріп, қолтығына қолын салып:
- Ат ұрынбай келді. Айналайын, қожеке, Құдай маған сені жеткерген шығар! Қалай айттым, солай жасапсың. Атаңа нәлеттер, басқалар өтірік айтып келеді ғой. Сөйтіп атты бұзады. Содан еңбегің еш кетеді. Айналайын, жақсы-жақсы! Сенен атсейіс шығады екен, қожеке!? Енді атты ыққа қарай кездіріп, желге қайтар. Бие сауым кездіресің. Сосын қораға кел. Мен енді жем-шөбін дайындай берейін - деп ешегіне беттеді.
Атсейістен мұншама мақтау естимін деп ойламап едім, кеулім көтеріліп кетті. Күн ұясына қонып, құрсауланған тұста атпенен қораның алдына келіп тоқтадым. Бұл кезде ат та терін толық үгіп болған еді. Қорадан жедел шыққан Қартекең құрметті қонақ күткендей шынтағымнан сүйеп түсіріп алды. Боғауызын ұмытып қалғандай, аузында тек «айналайын». Бұл кісінің айқайы мен боқтығының зілі жоқ екенін түсіндім. Атты далаға байлап, ер-тоқымын алып, жабуы мен ашағына қаңтарып тастады. Сосын маған қарап:
- Енді осылай тұрады. Түннің жарымына дейін. Сосын жемін беріп, отқа қойылады. Мұны «қазан суыту» дейміз. Бір малды сойып асып-түсіретіндей мезгілде суытылады деген қазақтың уақытқа өлшемі ғой. Енді бірыңғай көк құраққа байлап ішіндегі қу тезегін аламыз. Әбден сылқылдақ қарын болғанша. Құрақты қауылдырықтап береміз. Бәйге атында «қу тезек» деген бәле бар. Ол атты өлтіреді. Одан атты аман алып қалу жолдары бар. Бұл кісінің әңгімелері құлағыма құйылып бара жатыр. Жүзіне қайта қарағанымда басқа шалды көргендей әсерде болдым:
- Ал, айналайын! Біздің кемпір ас-ауқат дайындап қойды. Жуынып-шәйі­ніп дастарханға жүр. Құдай берді, сен қожаны маған! - деп үйге бастады. Да­ла­дағы сәкінің үстіне дастарқан жайып, самаурынды екі иінінен демалдырып қойыпты. Өзімді қошеметтеп төрге отырғызды. Апай шұңғыл табақпен май салып қазан жаппай әкеліп ортаға қойып жатып:
- Айналайын, Алмасжан, бағана апаң (біздің анамыз) келіп кетті. Кешіккенге аттан құлап қалды ма деп дәті шыдамай жүргені ғой. Жаңа бала жүгіртіп жібердім. Аман-есен келді деп. Енді асықпай шәй-суланып ал, - деп жатыр. Оған Қартекең:
- Ой, Құдай-ай! Ортан қолдай жігіт. Аттан құлайтын ба еді? Қатын деген не болса соны айтасыңдар-ау!? - дегенде, ішімнен өзім де «ортан қолдай жігіт» де­геніне елігіп, атсейіс жағында отырдым.
Алмас Алматов.

(жалғасы бар)

15 ақпан 2019 ж. 1 206 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 063

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031