» » ЖЫЛҚЫ БАПТАУ – ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫНДАҒЫ ҚАСИЕТ

ЖЫЛҚЫ БАПТАУ – ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫНДАҒЫ ҚАСИЕТ

80-жылдары әкемнің «Керқұнан» аты болды. Бәйгеге баптап жүретін. Атқа ағамды шапқызатын. Екі метрлік биік қоршаудан еркін секіріп кететін. Бірде Өзбекстаннан туысымыз келіп, атты сонда алып кетті. Араға екі-үш жыл салып қайта әкеп тастады. «Керқұнан» келді дегенді естіп, біз де жүк көлігіне қарай құрдай жорғаладық. Атты көліктен жетектеп түсіріп жатты. Жерге түскенде білгеніміз, ат артқы аяғын әрең басады. Әкемнен сұрағанда: «Шапқан бала тәжірибесіздеу болған ғой. Бәйгеден соң атты бірден суаруға болмайтын еді. Содан аяғына жем түскен», – деді. Бала болсақ та атқа жанымыз ашып, жылап алдық. Қасқа құнанның суретіне қарап, әлі күнге сағынышымызды басамыз.
Бұл нені білдіреді? Ат спорты еріккеннің ермегі ме? Әлбетте, жоқ. Қазақтың ат десе, делебесі қозатыны, шашасына шаң жуытпас сәйгүлік баптайтыны – жылқы мінезді біздің халыққа тән қасиет. Жылқы баптау – жеңіл іс пе? Оңай болса – өңірде ұлттық ат спортының бағы неге жанбай отыр? Әлде бізде атқа отырар азамат жоқ па? Әлде баптарға жылқы қат па? Аймақтағы ат спортына келер болсақ, Жалағаш, Тереңөзек, Шиеліде жақсы дамыған-мыс. Спорттың бұл түрінде Жаңақорғанның орны бір төбе. Себебі, Қызылорда облысы құрама командасының 90 пайызын жаңақорғандық жігіттер құрайды. Ал, Қармақшыда ат спорты біршама кенжелеп қалған. Десе де, бұл салы суға кетті деген сөз емес. Ұлттық спортты дамытуға Дүр Оңғар ауылының азаматтары сүбелі үлесін қосуда. Оның бірден-бір себебі – ұлттық спорт түрінің елді мекенде көп өтетіні. Әсіресе, жыл басы – Наурыз мерекесінде, мектеп бітірушілердің соңғы қоңырауында, Қарттар мейрамында, сондай-ақ, бітіруші түлектердің 10, 20, 30 жылдық мерейтойларында бәйге ұйымдастырылады. Ауыл адамдарының айтуынша, мұндай қалыптасқан үрдістің ұрпақ тәрбиесінде үлкен мәні бар. Айтулы спортты ауыл тұрғындарының бағалайтыны сондай – қалтасынан ақша шығарып, жүлде тағайындайтынын қалай айтпайық. Ірі көлемде сыйлықтар табыстап жүр.
Ақылбек Тортаев – ауылдағы ат баптағыштың бірі. Биыл облыс көлемінде Ақайда өткен ат бәйгесіндегі құнан бәйгеде оның «Ламбадасы» ІІ орынды жеңіп алып, иесіне жүлде салса, айтулы жарыста Күзембай Бибазаровтың «Тассай» атты тайы І орынды жеңіп алса, «Ақжол» атты тайы кермені екінші болып қиды. Атадан балаға мирас болып келе жатқан игі дәстүрді жалғастырушы Балғабай Сәметов тай, құнан баптаудың шебері десек, Айбол Ыбыраев та жылқыны жанына серік еткен жігіт. Оның «Қазына» атты құнаны Қызылордада өткен аймақтық ат бәйгесінде жүлделі орынды иеленіп, қанжығасын майласа, 25-мамырда – соңғы қоңырау салтанатына орай ұйымдастырылған ат жарысында ауыл азаматы Алмабек Сейітовтің «Қаракер» атты құнаны ІІ орынды меншіктесе, «Құлагер» атты тайы да өз бабында.
Ұлттық спорттың теңге ілу түрі бойынша облыстық Наурыз мерекесінде Ербол Ерлановтың мерейі үстеп түсіп, ІІ орынды жүлделесе, аударыспақтан тақымы мен білек күші басқасынан басым түскен Ербол ауылының абыройын асқақтата білді.
– Өңірде ат спорты аяқтанып келеді. «Ат – ер қанаты». «Жігіттің атқа қонғаны – артына жақсы ат қалдырғаны», – деген атамыз қазақ. Жылқы малы қасиетті. Оны күтіп, баптай білу керек. Ауылда ат спортының өсуіне Алдаберген Сәрсенов, Тиышбек Адамқайыров сықылды ағаларымыз атсалысып жүр. Әлі де бұл бағытта жұмыстар ширатыла түседі деген ниеттеміз. Ат бәйгесі жылдың кез келген уақытында бола бермейді. Ерте көктем мен күз – бәйгенің науқаны. Ауылда ат баптап жатқан тұрғындармен бірге, атқа жақсы шабатын шабандоздар да бар. Аттың жүлделі болуына, топтан қалдырмай, алдындағы қашықтықты ұстап отыруда шабандоздың маңызы зор. Былтыр Ақтөбеде Е.Сексенбаевтың 100 жылдық мерейтойында қызылордалық бәйге аты аламан бәйгеде «Лада-грант» автокөлігін жеңіп алғанын білесіз. Осы атқа біздің ауылдың 11-сынып оқушысы Дархан Қайырбеков шапқан болатын. Дархан ат иесіне аламанның бас бәйгесін жұлып әперді. Шабандоз тәжірибелі болмаса жарыс нөпірінде жеңіске жету екіталай. Шабандозды дайындаған білікті бапкер Айбол Ыбыраев, – дейді ат спортының жетекшісі Досжан Асылбекұлы.
ТҮЙІН
«Көш – жүре түзеледі», – дейді дана халқымыз. Ауданның ат спортында ең бастысы – алға басу бар. Атпен атын шығарып, жылқысымен тіршілігін қамдаған дүроңғарлықтардың ат баптаудағы бастамасы кімге болса да үйренуге тұрарлық. Қазақ жылқыны қашан да ерекше тұтқан. Ер қанаты, досы санаған. Ұлттық спорт түрі – ұлтымыздың мақтанышы. Осы мақтанышымызды қызғыштай қорғай білейік. Мына заманда темір тұлпар мінген жақсы шығар, алайда нағыз тұлпар міну – ұлттық рухымыздың жарқын белгісі.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».
10 шілде 2018 ж. 2 316 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 046

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031