» » » КӨНЕ СӨЗДІҢ күмбіріндей ЕДІ

КӨНЕ СӨЗДІҢ күмбіріндей ЕДІ


Соңғы жылдарда Елбасы Н.Назарбаевтың тікелей бастамасымен Қазақ руханиятына кең жол ашатын құжаттар қабылдағаны белгілі. "Мәдени мұра", "Рухани жаңғыру" және 2018 жылғы "Ұлы даланың - жеті қыры" бағдарламалары мен мақаласы елді рухтАНдырып, осы жолда жүргендерді қанаттандырып жіберді.


"Сырдың елі - жырдың елі", - деп бекер айтылмаған. Әсіресе, Қармақшы жері өлең, жырға тұнған аймақ. Осы өңірде туып өскен Нариман Майқанұлының аңыз-әңгімелер, өлең жырға әуес болмауы ретсіз болар еді.
Нариман Майқанов 1920 жылы Қармақшы ауданының №5 ауылы Бозарқаш ауылдық кеңесінде шаруа отбасында өмірге келеді. Әкесі – Майхан Бөлегенов, анасы – Әлипа Майхановалар өте қарапайым еңбек адамдары еді. Колхоз шаруашылығы мен басқа да жұмыстар атқарған.
Ауыл мектебінен бастауыш білім алған Нариман Майқанов 1938-1939 жылдарда Қызылорда қаласындағы фельдшерлік мектепте оқыған. Мектептің аты фельдшерлік деп аталса да, онда дәрігерлік сабақтар жүрмеген.
Ол бітірген мамандығы бойынша еңбек жолын мұғалімдіктен бастайды. №1 ауылдағы "Бержікей", соғыс алдында "Томарбөгет" бастауыш мектебінде сабақ беріп, біраз уақыт шәкірт тәрбиелеген.
Мектептерде ұстаз бола жүріп, ел ішіндегі аңыз-әңгімелерді, ақын-жыраулардың шығар­маларын жинай бастайды. Атақты ақындар: Кете Жүсіптің "Шаһизада", т.б. шығармаларын және Таубайұлы Жүсіптің бірсыпыра дастандары мен оның өмір жолын зерттеп Қазақ тіл білімі институтының қорына өткізген.
1940 жылдың қазан айынан 1945 жылдың 18 қаңтар аралығында соғысқа қатысып, жауынгерлік ерлік көрсетеді. Ол 1941 жылдың 22 маусымға дейінгі аралықта Эстония, Литва жерінде әскери дайындықтан өтеді. Отан соғысын алғашқылардың бірі болып Балтық жағалауында қарсы алады. Қазақ халқына тән ержүректілігімен қасындағыларды тәнті етіпті.
Бір үлкен шайқас үстінде қоршауда қалып, түрмеге қамалады. Шығыс Пруссияның Тельзит лагерінде оралдық жігіт Ораз Бегалиевпен бірге тұтқындық дәмін татады. Талайлардың тұз-дәмі осы жерде таусылып жатады. Бүйтіп ит өліммен жүргенше қашып кетейік, – деп екеуі жоспар құрады. Олар 1943 жылдың мамырында лагерьден есебін тауып қашып шығып, орманнан-орманды қуалап, нудағы Поляк партизандарына қосылады. Риш басқарған партизан отрядында қолына автоматын қайта алып, кеткен кегін алады. Талай рет өліммен бетпе-бет кездескен кездері де аз болмапты. Ұлы жеңісте жақындатқан ұрыстарға "Заблото" қыстағы үшін болған кескілескен соғысқа қатысқан қазақ жігіті асқан ерлігімен көзге түседі. 1944 жылдың сәуір айында немістер поляк партизандар отрядын құртып жіберу операциясына кіріседі. Осы тұста Совет партизандар құрамасы Карпат тауынан алып өтіп, оларды құтқарады.
Нариман Майқанов 1944 жылы "Ерлігі үшін" медальмен наградталып, өздері С.Киров атындағы партизан құрамына қабылданып, мұнда да ерекше көзге түскен. Бұл партизан отрядын атақты партизан, есімі аңызға айналған Леонид Железнев басқарыпты. 1944 жылдың 7 тамыз күні Бірінші Украин майданының әскери құрамына қосылып, кеңес әскерінің қайтадан жауынгері болады. Чехословакияны азат ету кезінде Нариман Майқанов ауыр жараланып, ұзақ емделіп, елге оралады.
Соғыстан оралысымен Жұбанова Әсиямен бас қосып үйлі-баранды болады. Қармақшы ауданының "Бидайкөл" колхозында, Жалағаш ау­данының қазіргі Мәдениет ауылында есеп қызметкері болып қызмет атқарады.
Бір кездері неміс лагерінде тұтқында болғаны алдынан шығып, талай рет тексерулер мен жауап беруден көз ашпады. Ақыры іздене жүріп, партизан отрядында болғандағы екі суреттің арқасында Украина және КСРО одағының партия тарихы институтының 1958 жылғы берген анықтамасы арқылы қудалаудан басы босайды.
Ол 1946 жылдың 22 сәуірінде және 1985 жылдан 11 наурызындағы КСРО указымен "Ұлы Отан соғысының" І дәрежелі орденімен сондай-ақ жеңістің 45 жылдығы қарсанында құрмет грамотасымен, мерекелік медальдармен марапатталған.
Нарекең 1955 жылы оқу комитетінің курсын бітіреді. 1964 жылы оқу комбинатын бітіргеннен кейін Қармақшыдағы автобаза мекемесінде бухгалтер, бас бухгалтер болып қызмет атқарады. Сондай-ақ, ол 1965 жылы Қазалы ауылшаруашылығы техникумының "Ауыл шаруашылығы өнімдерін жоспарлау және есептеу" мамандығы бойынша бітірген. Бірнеше рет республикалық курстарда білімін жетілдірген. Сол жылдардан бастап үзіліссіз Қармақшы автобазасында 1980 жылы еңбек демалысына шыққанша абыройлы еңбек етті. Ұжымнан оның жоғары ұйымдарынан бірнеше рет мақтау қағаздарын алған.
Әдебиетті жанындай сүйіп өскен Нариман ағаның үйінде М.Өтемісовтың кітаптары, "Мұңлық-Зарлық", "Қозы көрпеш - Баян сұлу", "Алпамыс батыр", "Қобыланды", "Қыз Жібек", "Рүстем" дастан-жырлары кітап сөрелерін ажарландырып тұратын.
Нариман Майқановтың басқа жұрттан ерекшелігі досқа деген адалдығы, жанашыр болуы дер едім. Оралдағы жауынгер досын іздеп, сұрау салып жүріп, мекен-жайын тауып хабарласып, барып, туысқандай болып кетті. Сондай-ақ өзі майданда болған жерлерге барып, қанды көйлек достарымен кездесіп, жүздесіп қайтқандығы да ағамыздың арлы, адамгершілігі мол болғанын көрсетеді. Басқа да майдангерлерден бір ерекшелігі осы болса керек. Екінші бір ерекшелігі аңыз-әңгімелерді көкірегіне тоқып алу, оны жас ұрпақтарға жеткізумен және ауласына жеміс-жидек егумен де ерекшеленген кісі болды. Оның ауласы құдды бір бау-бақша саябағы сияқты. Өріктің бірнеше түрі, шие, алма, жиде, тұт ағашы, жүзім т.б. жеміс ағаштары өсіп тұр. Бұрындары Қызылорда облысында алма, жүзім өспейді деген пікірді еңбегімен жоққа шығарғандардың бірі.
Өз бабасы болып табылатын Мәмбет аталықтың шежіресін жазып, ол туралы естігендерін айтып отыратын нағыз құйма-құлақ қария болды. Мен ол кісімен науқас тұсында кездесіп, көп сөйлесе алмадым. Оның көкірегінде көп дүние кетті-ау деп ойлаймын.
Нариман ағай мен Әсия жеңгеден: Ажар, Мырзакүл, Гүлбарам, Сахи, Ләйла, Лиза, Роза, Жанар, Ғалымжан атты ұл-қыздарын жетілдіріп, оқуға түсіріп, азамат етіп шығарды. Бүгінде олар Қызылорда, Шымкент, Жезқазған қалаларында тұрып жатыр. Қарашаңырақта Сахи ініміз әке ісін жалғастыруда. Ол болмаса да, би түсетін үйдің иесі, киелі шаңырақтың егесі.
Көкірегі көне жырға, сырға толы ағамыз 2001 жылы өмірден өтті. Қан майданға қатысып, неміс тұтқынында болып, партизан-жауынгер Нариман Майқановтың алдағы жылы жасы 100-ге толмақ. Осыны Қармақшының халқы, ел басқарған азаматтар ескерер деп ойлаймын.


Тынышбек Дайрабай,
зерттеуші, этнограф, жазушы,
"Құрмет" орденінің иегері,
Алматы қаласы.
07 ақпан 2019 ж. 1 086 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 063

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031