ДАРА ТҰЛҒА

Қылышбекпен 90-жылдарда Қармақшы­дағы туысқанымдарым Кеңшілік Қыстаубаев және Тұрман Омаров арқылы танысқан едім. Сол кездері Кеңшілік мені Қылышбекпен ға­на емес, ел аузында жүрген қармақшылық рулас ағайындарыммен де таныстырды. Тұрақ, Тұрман Омаровтар, Әбдірей Бөрібаев, Пір­таза Қалиев, Мәжит Аралбаев, Жұмағали Сүйімбаев, Әлмаш, Әлі ақсақалдармен бірнеше рет кездестім, олар Алматыға үйіме іздеп келіп, ағалығын білдіріп кететін-ді. Осылайша ата-бабалар үрдісімен ағайын-туыспен таныс-білістігім басталып еді.

1995 жылдың күзінде Алматыдан "Түркіс­тан" газетінің тапсырмасымен Сыр бойына баспасөзге жазылуды ұйымдастыруға кел­ге­н­­мін. Сапарымды Қармақшыдан бастап, "Жаңа­жолға" келдім. Серіктеріммен ауыл ор­талығындағы қырман толы еңбек адамдары ішінен Қылышбекті тауып алдық. Қырман қы­зылға лық толы. Еңбекшілердің бірі күрішті тазартып жатса, екіншілері көлікке тиеп абыр-сабыр жұмыс қыза түсіпті. Анадай жерден бізді көріп, көзі мен кірпігіне дейін шаң-тозаң боп жүгіріп келген Қылышбек құшақтасып жатыр. "Аға, қош келдіңіздер, қызу еңбекті көріп тұрған шығарсыз? Үйге барайық», – деп жол сілтеп, бізді үйіне бастады. Өз кезегінде біз де ауылдағы қайнаған еңбектің қозғаушы күші атанған дала командирінің көңілін басқаға бұрғымыз келмей, қырман басындағы асханада дайындалған дастарханнан шай ішіп, қауын жеп аттандық. Іс-сапарымыздың мақсатын айтып, жол жүріп кеттік. Бірақ, оның жүзінен үйіне қонақ ете алмағанына қиналғанын бай­қадық. Айтпақшы, Қылышбек сол жылы ұжым есебінен "Түркістан" газетіне 100 еңбеккерді жазды.
2000 жылы қармақшылық ағайындар бір­лесе Төребай би Пішанұлының 150 жылдық мере­йтойын атап өтуді ұйымдастырдық. Баба атынан арнайы қор құрылды. Осындай игі шараға алғашқылардың бірі болып Нұрмұрат Ерманов, Қылышбек Әбішев ақшалай қаржы салды. Олар қаржы беріп қана қоймай, Төребай кесенесін қайта салу, шараны облыстық деңгейде өткізуге белсенді араласты. Шараны ұйымдастыру мақсатындағы бір басқосу барысында ұйымдастырушылар арасынан кикілжің шыға бастағанда Қылышбек ор­нынан тұрып, "Ағайындар істі саудаға салмай, не істейміз, қандай көмек керек, соны айтыңыздар" деп өзінің қоңыр дауысымен әртарапқа тартып бара жатқан уәжсіз сөздерді тоқтатқан еді. Мұнан Қылышбектің сөзінің де, ісінің де ірі екенін байқадым. Қош, сонымен Төребай бидің 150 жылдық мерейтойы облыстық емес, республикалық деңгейде дүркіреп өтті. Оған себепкер тағы да Қылышбек болды. Бұлай деуіме себеп, атпал азамат Өзбекстанның Тамды, Ақтөбенің Ырғыз, Әйтеке би аудандары өкілдерінің қатысуына ықпал жасады.
2003 жылы менің алпыс жылдық мерейлі тойым Қызылорда облысының Тереңөзек, Жалағаш ауданында тойланатын болды. Қар­мақшыға бару ойымда жоқ еді. Сол жыл­дың 21-наурызында Қармақшының бір топ азаматының сөзін арқалап Тұрман інім үйге келді. Мерейлі тойымды Қармақшыда да өткізуге елге шақырды. Әрине, келістім. Сол жылдың 24-наурызында Жосалыға келіп, туысқандықты, қонақты сыйлау сияқты жанды жадыратар жақсы істі көрдім. Әрине, осындай сыйластықтың ортасында Қылышбек пен Тұрман сынды інілерім, Ақбалыш апайым мен Әбдірей ағайым жүрді. Қармақшылықтар менің сол өңірге ешқандай еңбегім сіңбесе де құрметтеп, сыйлады. Оларға шексіз риза­шылығымды білдірдім. Қылышбектің үшінші бір азаматтық бейнесін Сыр сүлейі Дүр Оңғар­дың туғанына 150 жыл толуын атап өтуде бай­қадым.
Жыр жампозы Дүр Оңғарға арнаған «Ата аманаты ұмытылмақ емес» атты мақаласында Қылышбек: «Өткен жылдың маусымында ақынның туған ауылының мәдениет үйінде өткен Дүр Оңғар жылының ашылу салтанатына облыстың белгілі ғалымдары, ақын-жазушылары, қоғам қайраткерлері қатысып, ыстық лебізін білдірді. Жырау-жыршылар, өнерпаздар ақын шығармашылығынан концерт ұйымдастырып, халықты дүр сілкін­дірді», – деп жазған-ды. 2009 жылы Дүр Оңғар жыраудың 150 жылдық тойы жоғары дәрежеде өтуінде игі ісімен ерекшеленген Қылышбек өзі басқаратын «Жаңажол» ЖШС есебінен аталмыш мерейтойға 4 млн. 600 мың теңге қаржы қосты.
Айтпақшы, 2004 жылдың 4-жел­тоқ­санында Қармақшыдан Піртаза Қалиев, Әбдірей Бөрі­баев, Тұрман Омаров, Амангелді Ағытаев, Алма­тыдан Кәми Әбдіхалықов, Алдияр Шырынбаев, Ясин Ұзақов, Ғабит Өміртаев және мен Түркістан қаласында «Әзірет Сұлтан» мавзолейі қабырғасына қазақтың хан-сұлтан­дарымен бірге Қаратамыр Мәмбет есімінің жазылуына орай ұйымдастырылған шараның басы-қасында болып, Құран оқытқан да Қылышбек пен Ясин еді. Сонымен бірге, 2004 жылы жарыққа шыққан «Жаңарған Жаңажол» атты кітаптың алғы сөзін алған Қылышбек Әбішев былайша толғанады: «Әр адам, әр тағдыр – бір кітап. Бір елдің тарихын түгендеп жазып, бір кітапқа сыйдыру өте қиын. Қиын болғанмен «Теңіздің дәмін тамшыдан білуге болады» деген қанатты қағидаға қол қойып отырмыз. Қолдарыңыздағы кітап Жаңажол ауы­лының келешегі мен бүгінін, түгел қам­тымаса да, келер ұрпаққа ой салар, қозғау болар деген оймен жасалған алғашқы қадам деп ұғылса, біз мақсатымызға жеттік деп ойлаймыз».
Міне, бұған дейін Қармақшы ауданының бірнеше шаруашылығында еселі еңбек еткен білікті маманды аудан басшылығы 1994 жылы Дүр Оңғар ауылындағы «Жаңажол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне директор етіп сайлады. Ол ауыл тұрғындарын ұйымдастыра отырып, 1994-1998 жылдарғы алмағайып кезеңде елдің бірлігін сақтап қалды. Талай ұйқысыз күнді өткізді. Ауыл орталығынан «Мәдрайым ишан» мешітін салып, имандылыққа, рухани іске жол салды. Сол бір жылдарда бір ақынның өлеңінде:
Нарықтық жүйе – күрмеулі бұл есеп ірі,
Шарықтап баға, түседі біресе құны.
Жеңіл де емес биліктің тұтқасын ұстау,
Ұға алсақ деймін, ел болып, Қылышеке мұны, – деп Қылышбекке арнау арнаған еді. Осы бір шағын шумақтан майталман маманның 1994-1998 жылдардағы қиын­дық­пен арпалысқан кездері көз алдымызға келеді. Бүгінде Қылыш­бектің өмір жолын саралар болсақ, атпал азаматтың ел алдындағы еңбегі еленіп, әр жылдары «Құрмет», «Парасат», III дәрежелі «Барыс» орденімен, «Еңбек даңқы», тағы басқа да медальдармен марапатталған екен. Үш рет Қызылорда об­лыстық мәслихатының депутаты, Қармақшы ауданының «Құрметті азаматы» атанды. Бірнеше мәрте күріш өндіруде «Облыс чемпионы» атағын жеңіп алды.
2013 жылы менің туғаныма 70 жыл толуына орай Сырдария, Жалағаш, Қармақшы аудандары мен Қызылорда қаласында мере­келік шаралар белгіленген болатын. Бірде Қы­лыш­бек телефон шалып, Дүр Оңғарға ке­ліп, жұртшылықпен кездесуімді өтінді. Бардым, кездесу жақсы өтті. Бұл жайды айтуым «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», – дегендей, оның інілік ізетін, адал қызметін көргендіктен жазып отырмын.
Арды ардақтай білген, нардай көшін өрге сүйреп, ел аманаты жүгін көтере білген Қылышбек Әбішевтің жарқын бейнесі, оның халқына істеген игі ісі ұмытылмақ емес.
Тынышбек ДАЙРАБАЙ.
17 қаңтар 2019 ж. 1 520 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 063

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031