» » » ЖҰЛДЫЗДАЙ ЖАРҚ ЕТКЕН ҒҰМЫР

ЖҰЛДЫЗДАЙ ЖАРҚ ЕТКЕН ҒҰМЫР

Қармақшы – әулиелі мекен. Талай өнер дүлділі мен жырау-шайыр, ақын мен еңбек адамдары шыққан құтты өңір. Сондай-ақ, адам жанына арашашы болған ақ халатты абзал жандардың да туған топырағы. Бұл – аты әлемге танылған балалар дәрігері академик Камал Ормантаевтың, республиканың онКология институтын ұзақ жыл басқарған, профессор Жаңалық Әбдірахмановтың кіндік қаны тамған жер. Дәрігер болу – кез келген адамның қолынан келе бермейтін кәсіп. Әйтсе де, осы салада аянбай тер төгіп, оның ыстық-суығын бастан кешкен майталманның бірі – Мұзарап Жәмитұлы
болатын.
1941 жылы Ақжар ауылында дүниеге келген ол осындағы №28 орта мектепте білім алады. Оны 1962 жылы бітіріп, Шымкент қаласындағы тіс дәрігерлік оқу орнына қабылданады. Айтулы оқу орнын 1966 жылы аяқтап, қолына біліктілік дипломын алады. Осы жылы зайыбы Лескүл Тайлыбаевамен бас қосып, отау көтереді. Халықтың батасын алған ерлі-зайыптының бірі – Ақжар ауылдық ауруханасында тіс дәрігері, бірі – акушер болып алғашқы еңбек жолдарын бастайды. Мұнан соң М.Жәмитов ауданда тіс дәрігерінің тапшылығына орай Жосалы кенті орталығына ауыстырылып, өмірінің соңына дейін өңір тұрғындарына қалтқысыз қызмет етті. Саналы ғұмырының 32 жылын тіс дәрігері мамандығына арнаған абзал азамат халықтың шынайы алғысына бөленді. Дәрігерліктен бөлек, ауданның қоғамдық жұмысына араласты. Жас­тар тәрбиесінде де өзінің қолдан келген көмегін аяп қалған жоқ. Тіс дәрігері болып келген жас мамандарға ұстаздық етіп, мамандықтың сыры мен қырын үйретуден шаршамады. Атпал азаматтың сондай шәкіртінің бірі – бүгінде ауданға белгілі кәсіп иесі, амбулаториялық-емханалық қызметі бар аудандық орталық ауруханасының бөлім меңгерушісі Алмасбек Қаржаубаев.
– Мұзарап Жәмитұлы – білікті маман да, жақсы адам да бола білген жан. Ол кісіні өте қадірлеуші едім. Үлкен-кіші демей көмектесуге, қол ұшын беруге даяр тұратын. Білмегенімізді үйретті, тіс дәрігерлік мамандығына өзінің өкшесін басып келе жатқан көптеген жастарды баулыды. Қарамағында жұмыс істейтін қызметкерлерді қанатының астына алып, оларға ағалық қамқорлығын жасады. Көңілде қандай ұлағатты, көргенді, ақ пейіл болса, ұжымда да, отбасында да сондай еді. Ағайдың үйінде болып, Лескүл жеңгейдің талай мәрте қолынан дәм-тұз таттық. Апай да медицина саласының қызметкері болды. Мәпелеп өсірген ұл-қыздары да өнегелі болып ер жетті. Бәрінің де өмірден өз орнын тауып, жоғары білім алуына ықпал етті. М.Жәмитовтерді – дәрігерлер әулеті десек болады. Інісі Бердібек Жәмитов те ауданда дәрігер-инфекционист, кейін келе аудандық туберкулезге қарсы күрес ауруханасының бас дәрігері қызметін атқарды. Өзінің балалары арасында да әке жолын қуып, медицинада жүргендері де бар. Өкініштісі сол, ағамыз өмірден ерте өтті. Оның халқына берері әлі көп болатын, – дейді ол.
Расымен де қазіргі таңда әке өнегесін, ана үлгісін көрген алтын асықтай перзенттер еліміздің даму, өсу-өркендеуіне сүбелі үлестерін қосуда. Баланың тұңғышы Бақыткүл Мұзарапқызы жары Жәнібек Жұмбергеновпен Астана қаласында тұрады. Екеуі де мем­лекеттік қызметтің тізгінін ұстаған өз ісінің шеберлері. Айгүл – аудандық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері. Жолдасы Кеңесбек – белгілі кәсіпкер. Гүлсара – Қызылорда қаласында эпидемиолог-дәрігер болса, оның жұбайы Бақытбек Болатов та – заманға сай кәсібін дөңгелетуде.
– Әкеміз отбасында мейірімді, ұжымда сыйлы, беделді болды. Жалпы адамгершілік мінезге бай-тын. Жұртқа көмектессем, қиналғанды демесем дейтін. Анамды қатты сыйлайтын. Біздер ұлпадай мамық мейіріммен өстік. Екеуінің дауыс көтергенін, ұрысқанын көрмеппіз. Бірін-бірі толықтыратын. Қанша жұмысбасты болса да үйімізден қонақ арылмайтын. Біз де осындай тәрбиеден, ұлағатты жандардан нәр алып, өмірге қанаттандық. Анамыз бүгінде Түркістан қаласында ұлының отбасымен бірге. Жалғас інім де – кәсіппен шұғылданады. Келініміз Ақторғын – Қожахмет Иасауи атындағы университетте есепші. «Орнында бар – оңалар» демекші, Анамыз 4 баладан 9 немере, 4 шөбере сүйіп отырған жайы бар. Үстіміздегі жылы 70 жасқа келді. Десек те, қимастарымыздың жоқтығы жанымызға батады. Биыл әкеміз Мұзарап Жәмитұлының өмірден озғанына 20 жыл, атамыз Жәмит Байменұлының дүние салғанына 15 жыл және бауырымыз Сәкеннен қапыда көз жазып қалғанымызға 9 жыл толыпты. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дегендей, әруақтарға дұға оқып, Құран бағыштау – артында қалған ұрпағының парызы. 31-тамызда «Мәлике ана» мейрамханасында сағат 12.00-де ардақтыларымызды еске алып, ас береміз. Алланың ісіне кім қарсы тұра алған. Асылдарымыздың жатқан жері жайлы, иманы жолдас болсын, – дейді ардақты азаматтың қызы Айгүл Мұзарапқызы.
Халқымыз: «Тау алыстаған сайын биіктейді», – дейді. Өзі ортамызда болмаса да адамгершілік қасиетімен, өлшеусіз еңбегімен елінің елеулісі атанып, дәрігерлік дара жолын сала білген Мұзарап Жәмитұлының жарқын бейнесі туған елінің жүрегінде мәңгі сақталмақ. Рас, адам – ұрпағымен мың жасайды. Қызғалдақтай жайнап өсіп келе жатқан ұрпағы да атасының ісін жалғастырып, әркез оны мақтаныш ететін болады. Біз оған бек сенеміз.
Сәрсенкүл АҚКІСІ,
«Қармақшы таңы».
30 тамыз 2018 ж. 1 657 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№100 (10365)

20 желтоқсан 2024 ж.

№99 (10364)

13 желтоқсан 2024 ж.

№98 (10363)

10 желтоқсан 2024 ж.

Оқиғалар

СӘТІ ТҮСКЕН ЕМ
20 қараша 2024 ж. 1 036

Мәдениет

Әлем таныған Әбдіжәміл

Әлем таныған Әбдіжәміл

18 желтоқсан 2024 ж.
ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

ЕСТІ ӘН ЕСТІП ЖҮРМІЗ БЕ?

17 желтоқсан 2024 ж.
Әжелер салған ән қандай...

Әжелер салған ән қандай...

09 желтоқсан 2024 ж.

Суреттер сөйлейдi

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031